Кең ауқымды соғыстың 500-ші күнінде Отан қорғаған 298 ер Батыр атанды
ЛЬВОВ. 9 шілде. Украина жеріне РФ-ның басқыншы армиясы басып кіргелі бері өткен 500 күннің мұғдарында 50 мыңға жуық украин жауынгері мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл туралы «Украинская правда» дерегіне ден қойған rast.kz хабарлайды.
Украина президенті Володимир Зеленьский кеше кешке Львовта сөйлеген сөзінде осыны айтты.
Украин жерінде соғыс басталғанына тура 500 күн толды. Президент өзінің Түркияға жасаған сапарынан кейін Львов қаласына келіп қонды. Бұл сапар үшін Чехия президентінің ұшағын пайдаланған Зеленьский Анадолы жерінен Мариупольді қорғауға қатысқан «Азов» жасағының бес командирін өзімен бірге ала келді. Кезінде оларға өз өмірлерін сақтап қалулары үшін оккупанттар тұтқынына берілу қажеттігін тапсырған президенттің өзі болатын. Кейін, 2022 жылғы 21 қыркүйекте Түркияның ара ағайындық етуімен оларды соғыс аяқталғанша түрік президентінің бақылауына жібере тұру жөнінде келісім жасалды. Сол жолы Ресейдің 55 әскери қызметкері мен Украина азаматы, Путиннің «құдасы», РФ шпионы, миллиардер Виктор Медведчукті украинның 215 жауынгеріне ауыстырып алынғанда, бұлардың арасында «Азовтың» бес командирі де болды.
«Ресейдің басып кіруімен кең ауқымды соғыс басталғаннан бері 50 мыңға жуық украин жауынгері мемлекеттік марапаттармен наградталды, олардың арасында 298 отан қорғаушы Украина батыры атағына ие болды», – делінген хабарламада.
«Кең ауқымды соғыстың 500 күні. Осы уақыттың ішінде біздің әлденеше мыңдаған адамдарымыз мемлекетіміздің бостандығы жолындағы украин халқының күші, даңқы мен батырлығын көрсетті. 50 мыңға жуық адам мемлекеттік наградалармен атап өтілді, 298 украин ұлдары мен қыздары ең жоғары марапат – Украина батыры атағын алды. Мен олардың бәрін мақтан тұтамын, олардың әрбіріне алғысым шексіз. Біз өз ерлерімізді есте сақтаймыз», – деді Володимир Зеленьский.
Президент өзінің сөзінде Украинаның 270-тен аса Батырының аты-жөндерін жеке-жеке атап өтті. Сонымен бірге, ол осындай жоғары атақ алған бірнеше қаһарманның есімін әзірге атауға болмайтынын ескертті.
«Біз қазір олардың бәрінің бірдей аттарын атай алмаймыз. Бірқатар қаһармандар жайлы тек соғысты жеңіспен аяқтағаннан кейін ғана айта аламыз. Бірақ Украина олардың бәріне әр кез ризашылық білдіреді», – деді Зеленьский.
Президент Украина батыры атағын қаза тапқаннан кейін алған ерлерге ерекше тоқталып өтті.
Кездесуге «Азов» батырлары да қатысты. Олардың арасында топ командирі Денис Прокопенко сөз алып, өздерінің Отан қорғауды жалғастыру үшін елге оралғандарын айтты.
Мемлекет басшысы осында жауынгер офицер Олександр Павленконы Ұлттық гвардияның қолбасшысы етіп тағайынлады.