Украина президенті Түркиядан тұтқындағы «Азов» жауынгерлерін алып қайтты
КИЕВ. 8 шілде. Украина президенті Володимир Зеленьскийдің Түркияға сапары ойламаған жерден Ресей тұтқынында болған «Азов» жауынгерлерін алып қайтумен аяқталды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған дейін Ресеймен жүргізілген тұтқындар алмасу жөніндегі келісім бойынша украинның «Азов» жасағының бес командирі ұрыс қимылдары аяқталғанға дейін Түркияда Ердоғанның жеке өзінің бақылауынада болуы тиіс еді. Алайда Зеленьскийдің Анадолы жеріне сапарынан кейін олардың бәрі де Украинаға оралды. Осылайша топ командирі Денис Прокопенко, оның орынбасары Святослав Паламар, сондай-ақ Олег Хоменко, Сергей Волынский және Денис Шлега елге қайтты.
«Азов» командирлерінің Түркияда бола тұруы жөніндегі келісім 2022 жылғы 21 қыркүйекте Ресейдің 55 әскери қызметкері мен Украина азаматы, Путиннің «құдасы», РФ шпионы, миллиардер Виктор Медведчукті украинның 215 жауынгеріне ауыстырып алу үдерісі кезінде жасалған болатын.
«Украинаның «Азов» жауынгерлеріне Түркиядан қайтарылуы бұған дейін жасалған келісім шарттарын бұзу болып табылады», – деді РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүгін «РИА Новости» агенттігіне берген сұхбатында. Оның айтуынша, шартты түрік тарапы да, Киев жағы да бұзып отыр. «Топ командирлерін босатып алу жоспары бар екені жайында ешкім Ресейге алдын-ала ескерткен жоқ», – деді ол.