Таным

«Мен ұрпағыммен бақытты адаммын»

Анонс: «Дидарғайып» журналының келесі нөмірдегі кейіпкері – Жақсылық Жалғасбаев

Журналдың кезекті нөмірінде сұхбат беруші 86 жастағы Жақсылық Жалғасбаев ақсақал – бүкіл саналы өмірін ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетуге арнаған нағыз майталман маман. Қармақшы ауданының аумағында көптеген қызмет атқарған ол кейін ұзақ жылдар «Жосалы» совхозын басқарып, айтулы жетістіктерге жеткен. Қазір де ат үстінен түсіп отырған жоқ: өзі тұратын ауылда көптен бері шаруа қожалығын басқарып келеді.

Көргені көп қарияның түйгені де мол, кейінгілерге айтар өнегелі өсиеті мен ізгілікті істері де жеткілікті. Сондықтан журнал ұжымы оны кең отырып, келелі кеңес жүргізуге шақырған еді.

Таяу аралықта журналдың бұл нөмірі сауда орындарына шығарылады. Оған қызығушылық білдірген оқырман басылымды Қызылорда қаласындағы «Алибек-Пресс» дүкенінен алуына болады.

Біз енді анонс ретінде сұхбаттың әр жерінен алынған аздаған фрагментті жариялап отырмыз.

Жақсылық аға, біз сізді журналымыздың кезекті кейіпкері ретінде бекер таңдап алып отырған жоқпыз. Бұған дейін сіздің тұлғаңызды біршама зерттеп көрдік. Сонда сізді жақсы білетін, сырттай танитын көптеген танымал тұлғалар өзіңіз туралы өте жақсы пікір білдірді. Бұл да адамға Алланың бір берген нығметі шығар.

– Рахмет, айналайын. Бұл айтып жатқаныңның бәрі, әрине, менің көңілімді көтеріп, жанымды жадыратады. Ашығын айтсам, сенің менімен кездесіп, жаңадан шығып жатқан журналыңа бір кейіпкер еткің келгені бір жағы қуандырса, бір жағы қатты толқытты. Кеше осыны ойлап, түнімен ұйықтамай шықтым. Сонда бүкіл өмірім, жүріп өткен жолдар легі көз алдыма таспадай болып тізіліп келіп жатты. Бұл мен үшін жасым ұлғайған шағында келген кезекті сынақ сияқты болып көрінді.

– Аға, мұның бәрі сіздің адалдығыңызды, таза адам екеніңізді көрсетеді.

– Бұл сөзіңе де мың алғыс. Мен осының алдында балалардың әкеліп беруімен «Дидарғайыптың» бұған дейін жарық көрген үш нөмірін оқыдым. Бәрі ұнады. Бәрінде де ел-халыққа танымал тұлғалар сұхбат беріпті. Ал мен ауылдың, совхоздың деңгейінде жұмыс істеген адам едім. Сондықтан «Мұным қалай болар екен?» деп толқығаным рас. Тек өзің келіп, сөйлескеннен кейін ғана көңілім орнына түсті.

– Сіз айтып отырған кейіпкерлер арасындағы Нәжімәдин Мұсабаев өзіңіз туралы өте жақсы месел айтты.

– Солай ма? Менің ол кісімен ешқашан тікелей байланысым болған жоқ. Бірақ оны қазақтың біртуар азаматтарының бірі ретінде сырттай қатты құрметтеймін. Қанша дегенмен, облыс деңгейінде басшылық қызмет атқарған азамат қой, жан-жағына қарап жүрген шығар.

– Ал біз сізді баяғы «қызыл директорлар» деген белгілі тұлғалар қатарында сұхбатқа шақырып отырмыз. Кім не десе, о десін, сол кезде елді, қоғамды сүйрелеп алып шыққан сол басшылар еді…

– Айтып отырғаның дұрыс, қарағым. Елді сол бір қиын-қыстау кездерде тұйықтан алып шығуда ауыл шаруашылығы құрылымдары жетекшілерінің еңбектері зор болды. Оның бәрін бастан өткердік. Бірақ өзім ашығын айтайын, еш уақытта мансап қуған емеспін. Ешқашан кезекті қызмет өсуі барысында тамыр-таныстық пен қолдаушы азаматтарды пайдаланып көрген жоқпын. Бәрі өзінің орнымен болып жатты. Алайда, осы жерде менің қызмет сатысымен өсіп, жоғары көтерілуіме қазақтың тұлғалы азаматтарының бірі Елеу Көшербаевтың тікелей қатысы болғанын айтып өтпесем, өзімнің арымның, ол кісінің әруағы алдында кінәлі болып шығар едім. Менің қызмет жолымен өсу сатыларым тікелей осы кісіге қатысты болды. Мен бұл тұрғыда Елекеңе өмір бойы қарыздармын.

– Адамның жақсылығын білген деген де өте жақсы нәрсе. Мен сізге бір нәрсе айтайын, сол елдің елеулісі болған Елекең институттан бірге оқыған өмірлік серігі Дәмеш апай қайтыс болғасын бір жылдан кейін өзі де бақилыққа аттанып кетті.

– Інім-ай, бүкіл жан-дүниемді қозғап кеттің ғой. Негізі, Дәмеш апай өте бір ақылман кісі еді. Елекеңнің ел ағасы болуына оның да қосқан үлесі зор екенін бәріміз де сеземіз. Апай өте-мөте ойлы, ұстамды, тұжырымды адам-тын. Аға да оны қатты жақсы көрсе керек, жан жары арғы дүниеге аттанып кеткенсін, арада бір жыл өте өзі де сол жаққа жол тартып кетті. Шамасы, қос аққудай қатар өмір сүрген ағайға апайдың қазасы қатты батып кеткен сияқты. Бұл бір кейінгіге үлгі болып жүретіндей қосақты өмір болды. Өкініштісі, екеуі де жастары алпыстан аса бере өмірден өтті. Міне, жазушылардың үлкен туындыларына арқау болатын желісінің бірі осы шығар.

– Өте жақсы айттыңыз. Бұл жағдайдан біздің де хабарымыз бар. Тіпті Елекеңмен, Дәмеш апаймен бірге оқыған курстастарына дейін білеміз. Бұл – шынында әдеби туындыларға арқау болатындай нағыз ғибратты желі. Ал сіз өзіңізді сексен деген жасқа қандай баға берер едіңіз?  

– Айтатыны жоқ, бұл екі кісі де бір-біріне сай қосылған, бірін-бірі толықтырып тұрған толымды тұлғалар еді. Олармен кезінде Нұрділда Уәлиев, Шәкірат Дәрмағамбетов сияқты облысқа белгілі азаматтардың бірге оқығандарын да білемін. Серік, мен саған тағы мынаны айтайын: менің байқауымша, бұл кісілердің балалары – Айтбай да, Қырымбек те, Болат та, Жомарт та, – аналарын қатты құрметтейді екен. Мен осыған шексіз ризамын. Оның үстіне, жаңа айтқанымдай, Дәмеш апай өте пайымды, көкірегі ояу, көреген, ақылды кісі еді. Менің тағы бір таң қалатыным, сол жылдары, кеңес кезеңінде ел басқарған аудандық партия комитеті бірінші хатшыларының барлығының дерлік әйелдері сондай ақылман кісілер болды. Кімнің жұбайы ақылсыздау болса, сол қызмет сатысының биік белесінде көп тұрақтап қала алған жоқ. Бұл да бір тағдырдың сынағы шығар.

Жас жайына келсек, мен еш уақытта алдыма ұзақ жасайын деп мақсат қойып көрген емеспін. Қазақ «Тоқсан көрем деген жасым ба еді, быламық ішем деген асым ба еді» дейді. Осынша жасқа келген де бар, келмеген де бар. Бұл бір Алланың берген сыйы шығар. Тегінде, біздің тұқымда бұлай ұзақ жасайтын кісілер сирек болған. Есесіне, менің нағашыларымның көпшілігі жастары тоқсаннан асып, жүзге жақындап барып, бақилық болған кісілер еді, шамасы, мен сол анамның әулетіне көбірек тартып кетсем керек. Ал сексеннің қандай екеніне келсек, мен оның жетпіс жастан аса көп артықшылығын көріп тұрғаным жоқ. Бірақ алпыстан айтарлықтай айырымы бары сезіледі. Оны мойындау керек. Қанша жерден қылыштай қылпылдап тұрсаң да, сексен жасыңда баяғыда артта қалған алпыстағы кезіңдей бола алмайсың.

Серік шырағым, мәселе тіпті адамның нақты жасында ғана емес. Дана халқымызда бұрыннан келе жатқан «Ораздының баласы он бесінде баспын дейді, Шеразының баласы жиырма бесінде жаспын дейді» деген де сөз бар ғой. Барлық жай жасқа келіп тіреліп тұрған жоқ. Осы күні, алпыс пен жетпісті қоя қояйық, сексеннен асып тоқсанға таяған қариялардың арасында да бағзы бір кездеріндегідей коньякты сораптап ішіп жүретін кісілер бар. Солар тағы ағайын ғана емес, бір қауым елдің жиын-тойларында дүйім елге бата береді. Міне, Аллам осындай таңқымалардан сақтасын. Ең бастысы, адам өз өмір жолымен лайықты қартая білуі керек.

Ұлы Абай «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп күңіренген кезде жасы қырықтан енді асып бара жатыр екен. Негізі, қазақтың данышпан қариялары сол байырғы өмір өрісінде қалып кеткен бе деп те ойлаймын кейде. Олай дейтінім, біздің бала күнімізде қырықтағы көкелеріміз өте бір үлкен жастағы кісілер сияқты болып көрінуші еді. Бұған басты себеп, әкелеріміз бен ағаларымыз өздерін сол кездің өзінде өздерін бір елдің аға тұтар, әке санар дәрежесіндей ұстайтын. Біздің әкелеріміздің тұстастары жастарына жетпей ақсақалдықтың, сопылықтың жолына түсті. Қазіргілер туралы мұны айта алмайсың. Осы мені көп ойландырады. Жасы жетпістен асып кеткендер арасында ақсақалдықтың, үлкендіктің жолын ұстану орнына, кім көрінгенмен жаға ұстасып, көрінген жерде кез келген басшымен шапылдасып жүрген кісілер бар. Бұлай болмайды. Үлкен адам үлкендігін істеуі керек. Мен соларға қарап, қатты таң қаламын әрі аяймын. Біле білгенге сексен деген өте үлкен жас. Әзірге өзімнің сергек екендігіме, әлі де жұмыстан қалмағыныма шүкіршілік етемін.

– Осы өмірден түйгеніңіз не?

– Оны бірер ауыз сөзбен түйіндеп айту қиын. Дегенмен, шынымен нақты айту керек болса, айтайын: адам адал өмір сүрсе, қашанда Алланың қамқорлығында жүреді. Менің соған көзім жетті. Өзін өзі сыйлайтын, өзін қастерлейтін адам баласы үшін адал өмір сүргеннен артық мәртебе жоқ. Әділдік пен тазалық осы адалдықтан шығады. Адалдың қашанда жүзі жарқын, маңдайы ашық.

– Сіз екі дүниенің тұтқасын ұстаған, яғни екі қоғамда да белгілі бір қауымды басқарған адамсыз. Сол екі формацияның қайсысы сізге жақын?

– Маған қазір мынау артық еді, мынау кем еді деп айтып жатудың қажеті жоқ. Ол менің қолым да, жолым да емес. Себебі, екі қоғамның да артығы мен кемшілігін көріп болдық. Әрине, егемендік деген жақсы. Тәуелсіз ел болғанға ештеңе жетпейді. Бірақ әділдік тұрғысынан келгенде, кешегі кеңес кезеңіндегідей қара қылды қақ жарып шығатындай адалдық қазір жоқ. Қазір басқа құндылықтар мен қасиеттер ойнап кетеді. Ал біз сол жұрттың бәрі жамандап жатқан заманда ешкімге ешқашан бір тиын пара беріп көрмеген ұрпақ едік. Сол бүгінде түбірімен бұзылды. Қазаннан қақпақ кеткен заман болды. Бұған кім кінәлі? Халық емес, әрине. Осыларды салыстырып келгенде, кейде менің жүрегім қан жылайды. Басқасын айтпай-ақ қояйық, қазақтың туған елінде тілінің теңдік алмаған тәуелсіздігінің кімге керегі бар?

Мен өз басым кеңестік жүйені бас салып ғайбаттай алмаймын. Оған моральдық құқым да жоқ. Олай дейтінім, кешегі өткен кеңестік жүйе мені өсірді, тәрбиеледі, оқытты, адам етіп қалыптастырды. Менің бүгінгі күнге дәл осы қалпымда жетуіме сол қоғамның тәртібі мен тәрбиесі өте зор болды. Сондықтан ол туралы бөтен сөз айтуға менің аузым да бармайды, арым да жібермейді. Кейін біз өмір жолында есейіп, азамат ретінде қалыптасып болған кезеңде егемендікке қол жеткізіп, нарықтық экономикаға тап келдік. Әрине, әдепкі кезде нарықтық жүйе бізге айтарлықтай қиын тиді. Ауыр соқты. Себебі, экономиканың бір формациясынан екінші формациясына өту деген тарихтың қай тұсында оңай бола салған жоқ. Мұны бастау алар шағы қашанда іркіліспен, құлдыраумен, құлазумен, күйреумен, кемшіліктермен, қателіктермен жүріп келіп, байырқалы қоғамға алып барады. Бұл орайда да мен «пәлендей бір қолайсыз қоғамға кезіктім» деп айта алмаймын. Өйткені, қазір адам бұрынғы кездегідей бір шеңбердің ішіне қамалмайды, олардың бәріне не істеймін десе де еркіндік, қалау, таңдау берілген. Бұл, әлбетте, үлкен артықшылық, зор мүмкіндік.

Осы тұрғыда бір мысал келтірейін. Мен ұзақ жылдарға созылған совхоз директоры қызметінен кеткеннен кейін өзімнің жеке шаруашылығымды құрып, жиырма жылдан астам уақыт еңбекпен етене араластым. Жасыратыны жоқ, ол заманда «совхоз директоры» деген аудан деңгейіндегі ең бір беделді лауазым түрлерінің бірі, өндіріс командирлерінің ішіндегі ең үлкені болатын. Бір елге бір өзің бөлек жауап бересің. Сондықтан ауыл-елдің ішіндегі сондай бір құрметті де құдыретті қызметтің бірі-тұғын. Мен «Жосалы» совхозын 15 жыл басқарғаннан кейін өз еркіммен басшылықтан қойып, қатардағы еңбеккер ретінде қолыма кетпен алып, өз тіршілігімді бастап кеттім. Наурызда далаға кеткеннен маусымда бір-ақ оралдым. Осылай ауданда шаруа қожалығын құрған алғашқылардың бірі болдым. Сол кезде жеке меншік тірлік, нарықтық экономика жайлы енді ғана айтылып жатқан. Көп адам оның не екенін білмейді. Бірақ мен тәуекел еттім. Келешек әр отбасын, әр әулетті осы жеке меншік тірліктің асырайтынына сендім. Рас, қауіп те аз болған жоқ. «Жеке тірлікке кетіп, балаларыма нан тауып бере алмай қалмаймын ба?» деген сұрақ қайта-қайта мазалап тұрушы еді. Әйткенмен, «Шешінген судан тайынбас» деген, мен өзім ғана үшін емес, бүкіл елге жұмбақ көрінетін жаңа бір тірліктің тініне дес бердім. Атам қазақ егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысқан, ал қиын-қыстау кезде жазылатын қалам, істелінетін инженерлік жұмыстар табылмай жатса, жер бар, ол адамды аштан өлтірмейді, тырмалап жүріп, нәпахаңды табуға болады деген қағидаға сүйеніп, осы шаруаға біржола ден қойдым. Содан бастап осы кезге дейін жиырма жылға жуық уақыт бойы шаруа қожалығымды басқарып келемін. Әрине, жасым қазір 86-ға келгесін, бұрынғыдай бола бермейді ғой, өзімнің баяғы күш-қуатымның кеткенін өзім де байқаймын, бірақ сонда да алған бетімнен қайтпай, тынымсыз тіршілік етіп жүрмін. Ақиқаты керек, опырып жұмыс істеп жатқан жоқпын. Алайда, жер қопарып, тас қырнап жатпасам да, бір жарым сағат тоқтамастан, жұмыс істеп, он бес минут дем алып алам да, қайтадан қолыма қайлам мен кетпен-күрегімді ұстаймын. Бұл тірлігім өзіме ұнайды. Бәлкім, өмірімді ұзартып, жылдан жылға жалғастырып келе жатқан да осы бейнетім шығар. Жасыратыны жоқ, осы шаруам арқылы өзімнің отбасымды асырап, ештеңеден тарықтырмай, кем қылмай отырған жайым бар. Ешкімге ешқашан қол жайып бармаймын.

– Жақсы. Сонымен, белді бекем буып, шаруа қожалығына кірісіп кеттіңіз. Оның тіршілігі қазір қалай болып жатыр?

– Шүкір Аллаға, жаман емес. Сенімен мені қазір жолықтырып отырған да сол шаруаның жақсы болғанынан шығар. Басында біраз толқығанымды бағана айттым. Бірақ артынан ой келді, біз де біраз жас жасадық, өмірден біршама ой түйдік, одан керегімізді алдық, енді сол өмірлік тәжірибелеріміз кейінгі жастарға үлгі, өнеге болып жатса, одан неге бас тартамыз деген ой келді. Осы жасымызға дейін ешкімнің ала жібін аттап көрген жоқ едік, өмір бойы өзіміздің табан ақы, маңдай терімізбен адал тіршілік етіп келеміз. Заманы келіп тұрғанда біздің де жақсылық көрген адамдарымыз бар еді, олар туралы да айтатын жасқа жетіппіз.

Мен 2000 жылы жеке шаруашылыққа бас қойған кезде балалардың бәрі жас болатын. Ұлдардың ересегі Жомарттың өзі жаңа-жаңа қалыптасып келе жатқан. Менің жалпы сегіз балам бар. Олардың екеуі ғана орта арнаулы білім алса, қалған алтауы жоғары білімді маман болып шықты. Шүкір. Бұрынғы кеңес кезеңінде «балаларды қайткенде де оқыту керек» деген қағида бар-тын. Сол үрдіс әлі қалған жоқ. Бұған деген көзқарас кеміген жоқ. Қазақ тапқан-таянғанын балаға беруден жаңылған емес. Қайта қазір өршіп кеткен сияқты. Олай дейтінім, бұрын ата-ана оқуға, білім алуға бейім балаларды ғана оқытуға тырысушы еді, бүгінде оған да қарамайтын болды, ешкім баласын қатардағы қарапайым жұмысшы еткісі келмейді. Біздің трагедиямыз да осында, інім. Бәріміз түгел атқа қонсақ дейміз. Сонда жердегі жұмысты кім атқарады, деген тұрғыда ойланғымыз келмейді.

Мен бір нәрсе айтайын, осы жеке меншік тірлікке баруым тек отбасымның, нақтысы әйелімнің қолдауы арқасында мүмкін болды. Әйтпесе, оған барғандарды қорқыту, үркіту секілді нәрселер болмай қалған жоқ. Тіпті мемлекеттің өзі кәсіпкерлерді біраз үркітті. Мен мұны сол кездері билік басындағылар тарапынан «ойбай, өзіңді өзің асырай алмасаң, түбі құрисың» деген мазмұндағы әңгімелердің жиі айтылғанына байланысты айтып отырмын. Біз соның бәрін естідік. Бірақ енді шегінетін жер жоқ еді. Шүкір, басында біраз қиындық көрсек те, ақыры жаман болған жоқ. Ешкімге қол жайып бармадық. Ешкімнен бір тиын сұрамадық. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болды. Соның арқасында кемпіріміз екеуміз балаларды жетілдірдік. Сол кезде маған үлкен қолдау көрсеткен, әлі де қолдап келе жатқан, менің әрбір тірлігімде өзінің үлесі бар әйеліме аса разымын. Егер сол кездері «Қой, мұның не?» деген бір ауыз сөз айтса, менің алған бетімнен тайқып шығуым да мүмкін еді…

Аллаға мың да бір шүкір, міне, жиырма жылдан бері қожалықты дөңгелентіп келемін. Қожалықтың еншісінде 450 гектар жер бар. Бұған қоса, 70 қаралы сиыр өсіріп отырмыз. Қойдың да біраз басы құралды. Оларға арналған типтік негізге жақындайтын жақсы қора-қопсы салып алғам. Осы малдарды асырау үшін 40 гектар жерге жоңышқа ектім. Осы алқаптағы жоңышқа малдарыма молынан жетіп жатыр. Жылына төрт орым жасаймын. Жоңышқаны жыл аралатып жаңалап та тұрамын. Ол қазіргі нарық заманында бір жағы – ақшаның көзі. Оның бір бауы қыстыгүндері 450 теңге тұрады. Біз жыл сайын 5-6 мың бау жоңышқа жинап аламыз. Егер оны сатар болсақ, 2-3 миллион теңге тауып тұруға болар еді. Биыл әлі оның шөмелесін бұза қойған жоқпыз. Өйткені, қыс жылы болып тұр, мал өз аяғымен жайылып келіп жатыр. Ал көктемге қарай жаңағы жоңышқаның бағасы ұшады. Демек, бұл жағынан шаруамыз жаман емес.

Мұның үстіне, әр жылы 20-30 гектар алапқа көкөніс-бақша дақылдарын егемін. Соның ішінде помидор мен қиярға айрықша мән беремін. Бірақ оның бәрін бір өзім егіп қоя салмаймын, туған-туыстарыма, балаларыма жер беремін. Мысалы, біз екеуміз үйінде кездесіп отырған мына Жомарттың бір баласы жылда барып, сонда егін салады. Байқоңыр қаласында тұратын Нұрлан деген балам бар, авиация институтын бітірген, сол жұмыстан қысқарып қалғасын, менің жеріме егін еге бастады. Туған күйеу балам бар, маған келіп, бақша дақылдарын егетін. Қасымда ағамның бір баласы жүр. Былтыр әкесі қайтыс болып кетті. Демек, менің жанымда өзімнің жақын жұрағаттарым нәпақа тауып келеді. Бұған да шүкіршілік. Мен олардың бәріне ақылшы-кеңесші болып та жүрмін. Былтыр, мысалы, бәріміз жабылып, 22 гектар жерге бақша дақылдарын ектік. Бәріміз де одан жақсы өнім алдық. Алла жазса, биыл да көктем шыға, сол тіршілігімізді жалғастыратын шығармыз деп отырмын.

– Сонда осының бәрін қалай үйлестіріп жүрсіз, аға?

– Інім-ай, әңгімені дұрыс қозғап отырсың. Расында 86 деген жас та оңай емес қой. Кейде өзім де осы күні «Апырма-ай, биыл қалай болар екен?» деп те ойланып қоям. Бірақ тірліксіз қарап отыра алмайтыным тағы аян. Бәріне тәуба! Шынына келгенде, аштан өліп, көштен қалып бара жатқан жоқпын. Бәрі, негізі, осы балаларым, ұл-қыздарым, немерелерім үшін жасалып жатыр. Әйтпесе, кемпір екеуміздің зейнетақымыз 300 мың теңге болады, бұл ауылдық жерде тұратын екеумізге былай да былай жетеді. Бұдан бөлек, мектепте жұмыс істейтін қолдағы келінім Гүлнұр 150-200 мың теңге шамасында жалақы алады, ауылдық әкімшілікте бас маман болып істейтін ұлым Владимирдің айлығы тағы бар, бәрін қосқанда, 600 мың теңгеден олай да бұлай асып түсетін табыс кіреді үйге. Бірақ сонда да қарап отыра алмаймын. Бұл жұмыс бір жағы менің өмірімнің стимулы сияқты. Сосын, әрине, әр үйдің табыс көлемі көбейген сайын шығысы да арта түсетіні бар ғой. Балалар ғана емес, солардың соңын ала немерелер де өсіп келеді. Бұларға да жағдай жасау керек. Қазір кемпіріміз екеуміз шөбере сүйіп отырмыз. Енді шөпшек сүйіп қаламыз ба деген үмітіміз бар. Менің мақсатым – осы ұрпақтарымның қай-қайсы да өзім тірі тұрғанда ешбір таршылық көрмесе екен деймін.

Бұл жерде мен барлық балаларымды айтып үлгермеспін, бірақ өзімнің қолымдағы ұлым Владимир мен келінім Гүлнұрдан туған 4 немерем бар екеніне тоқталайын. Олардың үшеуі қыз бала, біреуі – ұл. Қыздардың біреуі мектепті алтын медальмен бітірді, тағы біреуі ҰБТ-да 103, келесісі 96 балл алып, үшеуі де оқуға грантпен түсті. Олардың да біреуі қазір Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы медициналық академияның соңғы курсында оқиды. Екінші қызым оқуын бітіріп келіп, Қызылордада жұмыс істеді. Қалада шығатын «Халық» газетінде тілші болды. Құралай Жақсылықова деген. Менің атымда. Қазір екі баласымен үйде отыр. Тәуекел. Тағы бір балам Алматыдағы өзім сырттай оқып бітірген Ауыл шаруашылығы институтынан топырақ танушы деген мамандық алып шықты. Сонымен, екі баламыз – Әсел мен Ұлмекен осы күндері Алматыда оқиды. Жалғыз ұл немерем – Мұхтар да оқып жатыр.

Ұлым Владимирдің ел-халық алдындағы беделі жаман емес. Қазақтың кенже ұлды кішкентайынан өздеріне бейімдейтін менталитетін өзің де білесің. Біз солай кемпірім екеуміз оны жасынан өзімізге қарай тарта бердік. Мен баламның мұғалім болғанын қаладым. Себебі, ол елге өте керекті мамандық, қайда барып тұрса да, орын табылады. Біздің сол бастауымызбен ол Қызылорда пединститутының тарих факультетін бітіріп шықты. Кейін ауылдың әкімшілігіне ауысты. Ал педагог білімі бар келінім Гүлнұр әу бастан мектепте жұмыс істеп келеді. Шүкір, ондағы атақ-абыройы жаман емес. Текті жердің қызы. Әлімнің ішіндегі төртқарасы. Баяғы Жалаңтөс баһадүрдің, Әйтеке бидің, Жанқожа батырдың ұрпағы. Алған атақтары жетерлік. Әл-Фараби атындағы медальді алған. Былтыр, 2019 жылы ауданда «Креативті ұстаз» деген атаққа жетіпті. Соның бәрі еңбек емес пе!

– Сізге «Өміріңізге ризасыз ба?» деген де сұрақ қойғалы отыр едім, бірақ мына сөздеріңізге қарап, оған жауап алып та қойған сияқтымын…

– Әрине, ризамын. Өміріме шүкіршілік етемін. Неге разы болмасқа! Алға қойған негізгі мақсаттарымның бәрі орындалды, өзімізден туған балалардың бәрі өмірден өз орындарын тапты, немерелерім азамат атанып, ат жалын тартып мініп жатыр, біреуі бізді ешқашан жаман атқа қалдырған жоқ. Немереміздің саны 25-ке жетті, шөбере де сүйіп отырмыз. Бақыт деген осы емес пе! Құдайға тәубә, енді шөпшекті де көріп қалатын шығармыз. Алпыс жылдан астам уақыт отасқан кемпірім қасымда. Бұдан артық не керек! Тек соңғы күндері аздап сырқаттанып қалып, біраз шошытты. Қазір, шүкір, жақсы. Қалаға да соның жайымен келгенбіз.

– Аға, онда мынадай сұрақ қояйын: Адам жасы ұлғайған сайын өзінің бұл өмірдегі бастау алар шағын, балалық кезін, ата-анасын жиі ойлайды екен. Мұндай сезім сіздің де басыңызда бар ма?

– Әрине, бар. Өткенін, балалық шағын ойламайтын, әке-шешесін еске алмайтын адам бола ма, сірә?! Мен де солай ата-анамды жиі есіме алып тұрамын. Баяғыдан. Кейде ойша олармен сырласатын, сөйлесетін кездерім де болады. Дұрыс айтып отырсың, адам жасы ұлғайған сайын қиялшыл келеді екен.

Мен өзі Кіші жүздің ішіндегі Жетіру тармағынан боламын. Соның ішінде керейтпін, керейттің ішінде андағұлмын. Бізді «Бидастың бес баласының бірі» дейді. Негізі, керейттер түгелге жуық Жалағаш ауданының жерінде ғой. Олар төрт ауылды құрап отыр. Ал біздің ата-бабаларымыз кешегі кеңес өкіметі келіп, жерді бөлгенде, Қармақшы ауданының аумағында қалып қойыпты. Сөйтіп, алпыс үйлі керейт Сталин атындағы колхозды діңін құрап қала берген. Мен осы ауылда 1934 жылдың жазында дүниеге келіппін. Ол кезде туу туралы куәлік алу деген жоқ. Құжатты біз мектепке барар кезде бір-ақ алдық. Сол кезде менің туған күнім «1 шілде» деп көрсетіліпті. Бұған анамның ауылдық кеңес хатшысына «Ашаршылықтан кейінгі бірінші тоқшылық жылының пісіншілігі басталғанда тудым» деп берген бір ауыз анықтама сөзі себеп болыпты. Сөйтіп, 1934 жылдың 1 шілдесі деп жаза салады. Бірақ шілде емес, тамызда туған болуым да мүмкін. Себебі, нағыз пісіншілік шілде емес, тамызда басталады ғой. Алла жазса, алдағы шілдеде 86-ға толамын.

– Менің пайымдауымша, осы әскерден кейін сіздің өміріңізді 180 градусқа өзгертіп жіберген бұрылысты кезең болған сияқты…

– Нені меңзеп тұрғаныңызды түсініп отырмын. Ол рас. Қазақ мұны «жазмыш» дейді. Адам әу басында іңгәлап дүниеге келгенде, оның келешектегі тағдыры, жүріп өтетін әмма жолдары түгел маңдайына жазылып тұрады. Ешкім одан аттап өте алмайды. Менің өмірлік қосағым Любовь – менің сондай тағдырым. Оны Алланың өзі қош көріп, маған әкеліп қосқан. Бірақ онымен қосылғаннан кейін өмір жолым 180 градусқа бұрылып сала берді деп әсте айта алмаймын. Онда анау айтқандай бұрылыс болған жоқ. Бәрі өзінің ретімен жүріп жатты. Болса, сол Любамның дәйім қолдауы мен жанашырлығы арқасында қоғамда түрлі қызметтер атқарған шығармын. Любам менің бетіме жел болып тиген жоқ. Соның нәтижесі шығар, қайда жүрсем де, өзіме тапсырылған жұмысты барынша беріліп істедім.

Екеуміздің сүйіспеншілігім менің әскерге кетпей тұрған кезімде басталды. Мен үш жыл армияда жүргенде, екеуміз үзбей хат жазысып тұрдық. Қызылорда медицина техникумын бітіріп алған ол өз мамандығы бойынша фельдшер болып жұмыс істеп, мені үш жыл бойы күтті. Мен қазір де мұның не екенін түсіндіріп бере алмаймын, 1957 жылдың желтоқсан айында әскер қатарынан босап келгесін, өз үйіме бармай, бірден Қызылордада тұратын Любаны үйіне барыппын. Мені оның ата-анасы өте жақсы қарсы алды. Сен өзің де білетін шығарсың, ертеректе Шиелі аудандық партия комитетінде екінші хатшы болып істеген Николай Ким деген кісі болды. Сол Любаның әкесінің туған інісі екен. Сол кезде облыстық партия комитетінде қызмет етті. Өте көрікті, байсалды, салмақты, мәдениетті кісі еді. Түрінде Любаға ұқсастық та бар. Болашақ ата-енем мені сол Николай Михайловичке таныстырды. Ол менің күйеу бала ретіндегі кандидатурамды толық қолдады. Сөйтіп, біз Люба екеуміз оның ата-анасының қолында бірге тұра бастадық. Осыдан «әке-шешемнен сөз естимін, олар мені жаңа қосылған әйелімнен ажыратып алады» деген үреймен туған үйіме бармай, осында қала бердім. Олар мына жағдайды, әрине, естіді. Бірақ маған қатынай қойған жоқ. Ағам Шәмшат болса: «Ауылға келмесін, келсе, атамын» деп, қатынаған жұрттан сәлем айтып жіберіпті.

Содан Қызылордада қала бердім. Мұндағы жұмысымды шофер болудан бастадым. Қалада жайылымды суландырумен шұғылданатын «Бурводстрой» деген трест бар екен, соған әуелі жүргізуші болып жұмысқа кірдім. Кейін КШК-25 деген агрегатқа мастер болып ауыстым. Тресті Есқанатов деген кісі басқаратын, ал бас инженері Тоқсейітов деген азамат еді. Мен өзіме мастерлік тапсырылғаннан кейін үй бетін көрмей, дала кезіп кеттім. Сөйтіп жүріп, облыс аумағындағы жайылымдар танабынан біраз құдықтар қазғыздым. Осылайша менің тікелей жұмыс жасауыммен Сырдария ауданының «Амангелді», «Тартоғай» деген ауылдары маңайында, Қармақшы ауданының «Шағат», «Қожық», «Сарапан», «Уәлі», «Ханқазған», «Талас», «Шүлтік» деген жерлерінде, Жалағаш ауданының Қызылқұм беткейіндегі учаскелерде көптеген тас құдықтар пайда болды.

Арада бір жыл өткесін, 1959 жылы дүниеге Зина атты тұңғыш перзентіміз келді. Оның жасы бірге толғаннан кейін, 1960 жылы ауылдан жылы хабар жетті. «Кешірдім. Енді елге қайтсын» депті Шәмшат ағам. Мұны естігесін, қуанышымыз қойнымызға сыймай, Люба екеуміз қызымызды алып, елге тарттық.

Адам деген кейде қызық болады екен-ау, інім. Мен Қызылорданы тастап, туған ауылыма келген кезімде, алғашқы жылдары өмірлік жарды басқа ұлттан таңдағаным үшін жұрт алдында біраз қысылып, ыңғайсызданып жүрдім. Қазір ойлап тұрсам, бұлай оқыс қипақтайтын ретім жоқ екен ғой. Ол мені сүйді, мен де оны қатты жақсы көрдім. Екеуміз бір-бірімізге лайықты болып, жарасымды жұп құрдық. Ал елге келгесін, бірден өзімді жұмысқа арнадым.

– Аға, «туған ауылыма келгеннен кейін біразға дейін өмірлік жарды басқа ұлттан таңдағаныма жұрт алдында біраз қысылып жүрдім» деген сөзіңізге қайта оралайық. Соған әлі ыңғайсызданасыз ба?

Е, жоға! Мен олай деп айту үшін нағыз құдайынан безген адам болуым керек шығар! Ол өзімнің де әлі бала, жас, шикі, ұшпа, өмірді көрмеген кезімде бастан кешкен аз уақыттық ұяңдық қалпымдағы түйсігім ғой. Мен Любадан алтын асықтай 4 ұл, 4 қыз сүйі отырып, мұндай ойға қалай бара аламын? Ол туралы ойлаудың өзі күпірлік қой, інім-ау! Аллаға шүкір, балаларымның бәрі жақсы, мейірбанды, тәрбиелі болып өсті. Соның бәрі – аналарының арқасы. Біз жұмыс істеп жүргенде, үй бетін көрмей, көбіне түзде жүретінбіз. Балалар ұйықтап жатқанда келеміз, содан тағы жұмысқа ұйықтап жатқандарында кетеміз. Үйге келгенде де, бірдеңені қырып тастағандай болып шаршап кіреміз. Сондықтан балалар тәрбиесімен аналары айналысты. Балаларымның бәрі аналары деген тақ тұрады. Ертелі бері өзің де байқаған боларсың, осы үйдегі үлкен ұлым Жомарт та, оның келіншегі Ләззат келінім де, немеремнің жұбайы – кіші келінім де аяулы аналарының асты-үстіне түсіп, өбектеп отыр. Мен бұлардың бәрінің шешелерін жандары қалмай жақсы көретіндеріне қатты ризамын. Ал қыздарым аналарына тіпті ерекше өліп-өшеді. Бақыт деген осы емес пе, шырағым-ау!

Енді жаңағы әңгімеге қайта келсек, мен ауылға келгеннен кейін ұзамай-ақ әлгінде айтылған үргедек көңіл күйден ажырадым. Қайта осында жарамды, жақсы жар тапқаныма мақтанатын болдым. Мен бағаналы бері «Ақжар», «Ақтөбе», «Жосалы» совхоздарында гидротехник, өндіріс бригадирі, парторг, совхоз директоры болып қызмет істеп, аталған ауылдар мен шаруашылықтардың өсіп-өркендеуіне өз үлесімді қосқанымды, бастық болып, атқа мінгенімді айтып жатырмын. Бұл елді мекендер халықтары алдында әжептәуір беделім де бар қазір. Бірақ тап сол ауылдардағы Любаның беделі менікінен әлдеқайда асып түседі. Ондағы жұрттың бәрі менің кемпірімді қатты құрметтейді. Өйткені, ол кезінде фельдшер ретінде осы ауылдардың жұртына қалтқысыз қызмет еткен, қаншама баланың кіндік шешесі атанып, өмірге алып келген, қаншама адамның сырқаттан сауығып кетуіне үлес қосқан. Айтатыны жоқ, Люба бұл елге барын салып қызмет етті. Білікті, жан-жақты, тәжірибелі маман болды. Оның қойған диагноздары ылғи дәл келетін. Мұның үстіне, бала жасынан қазақшаға ағып тұр. Ел де жақсы адамды біліп, бағалайды ғой қашанда.

Мен бұған мынаны қосайын. Хәкім Абай айтады, «Махаббатсыз – дүние бос, Хайуанға оны қосыңдар. Қызықтан өзге қалсаң бос, Қатының, балаң, досың бар» дейді. Бұдан артық не деуге болады! Ет пен сүйектен жаралған кез келген адамда «махаббат» деп аталатын керемет сүйіспеншілік болады. Ол мен де бар. Егер ондай отты сезім болмаса, әскер қатарында үш жыл қызмет етіп қайтып келе жатып, әке-шешемнен бұрын сүйген қызыма барар ма едім? Әрине, жастық албырттық та бар. Сол лапылдаған сезіммен мен де сүйікті жарыма барып жолыққан шығармын. Бірақ сол бойда үйленіп, қалып қоямын деген ой да, жоспар да менде болған жоқ. Айналып келгенде, бәрі осылай болып шықты. Тағы бір нәрсе айтайын, адам қартайған сайын өзінің өмірлік қосағын бұрынғыдан бетер жақсы көре түседі екен. Енді қалай жақсы көрмейсің, бүкіл алып-ұшқан жастық шағын, қайнаған өмір кезеңдерін саған арнаса, сенен бала туып, соларды адам етіп тәрбиелеуге арнаса, сенің жұртыңа барша ғұмырын арнаса, сенің туған-туыстарың мен қонақтарыңды күтуге барын салса, әрбірден соң сенің жақындарыңды өз туыстарынан да жақсы көріп кетіп, өзіңмен жан жүйесі түгел бірігіп кетіп жатса. Әрине, бізден туған ұрпақтардың өзіміз үшін жөні бөлек. Бірақ мынау жалған дүниеде қазір бәрібір маған осы бала күнімнен, жастық шағымнан қосылған, бар өмірін маған арнап келе жатқан Любамнан артық адам жоқ. Бұл – құдай алдында да ашып айтатын шындық. Әркімді өз отбасымен, өз бала-шағасымен, өз жарымен жарылқасын құдай.

Осы күні мен балаларыма да айтып қоямын, «құдай қосқан қосақтарыңмен жарасып тұрыңдар, бір-біріңнің бағаларыңды біліңдер, бір-біріңді сүйіңдер» деп. Ұлдарыма да, қыздарыма да осыны айтамын. Сонда ғана отбасында туып-өскен балалар бақытты болады, шат өмір сүреді.

Сұхбаттасқан Серік ПІРНАЗАР

 

Сұхбаттың толық нұсқасын «Дидарғайып» журналының 2020 жылғы №1 нөмірінен оқи аласыздар.

Тағы көрсету

6 пікір

  1. Қатты тебіреніп оқыдым. Оқып отырып, əсіресе, атайдың құдай қосқан қосағы туралы айтқан сөздеріне келгенде, көз жасыма ие бола алмай қалдым. Əркімге осындай бақытты өмірді жазсын. Респект. Тамаша! Жасай беріңіздер, қариялар!

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button