Жаңалықтар жаңғырығыТаным

«Қайсар Арена» стадионында Open Air форматында іс-шара өтті

ҚЫЗЫЛОРДА. 13 наурыз. Бүгін «Қайсар Прена» стадионында жаңа Конституцияны қолдауға арналған Open Air форматында іс-шара өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Алқалы жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Amanat» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Ергешбаев, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы, жалпыұлттық коалиция мүшесі Ақерке Искандерова қатысты.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындаудағы Конституциялық реформаның маңызына тоқталды.

 

«Президентіміз «Халық Конституциясының жобасы ортақ Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын келешегіне берік әрі мызғымас іргетас болады» деп атап өтті. Жаңа Ата Заңымыз тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымызды сақтайды. Азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді». – деді өзінің сөзінде Нұрлыбек Машбекұлы.

Ол жаңа Конституцияның қабылдануы әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта мемлекеттігімізді нығайтатын маңызды қадам болып табылатынын айтты. «Тәуелсіздігіміздің басты нышаны болатын жаңа құжатта Ұлы даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы сақталған. Негізгі идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілген, біртұтас Қазақстан халқының барлық мақсат-мүддесі қамтылған. Сындарлы сәтте ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ. Баршаңызды Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс беруге шақырамын! Еліміз аман, халқымыз тыныш, тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жиында Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов, Нартай Сәрсенғалиев, Мақсат Толықбай, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, Қорқыт ата университетінің ректоры Наурызбай Байқадамов, «Анаға тағзым» орталығының директоры Алтынай Молжанова, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов сөз сөйледі.

Сахна төрінде Мәдина Сәдуақасова, Қайрат Нұртас, Мирас Жүгінісов секілді эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

«Қайсар Аренаға» жиналған жұртшылық тек қана концерт тамашалаған жоқ, сонымен бірге елдің ертеңі туралы ой бөлісті. Өз таңдауын жасаудың, ел болашағына үлес қосудың маңызын ұғынды.

Референдум – демократиялық қоғамның ең басты тетіктерінің бірі. Сондықтан шешім халық таңдауына сүйеніп қабылданады. Бүгінгі кеш жауапкершілікті сезінетін белсенді жастардың, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың басын қосқан ерекше кездесу болды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button