
Биыл қазақтың маңдайалды ұлдарының бірі, ұлтының алдындағы перзенттік парызын адал атқарған, ел мен жердің тұтастығын сақтауда басын бәйгеге тіккен ірі тұлға Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің (1915 ж. 20 наурыз -1986 ж. 18 қараша) туғанына 111 жыл толып отыр.
Жұмабек Тәшеневтің есімі ел арасында ерекше құрметпен аталады. Бұл көрнекті тұлғаның халықтың ыстық жүрегінде ерекше жағдайда сақталып қалғанын білдірсе керек. Мұндай биік бедел, асқақ абыройға талғампаз ел көңілінің, талайлы тарихтың сүзгісінен өткендер ғана ие болады…
Басқасын айтпағанда, КСРО тізгінін Н.С.Хрущев ұстаған 1953-1964 жылдар аралығында қазақ даласын бөлшектеу саясаты құйтырқылықпен жүргізілді. Әсіресе, Н.Хрущевтің республикамыздың астықты бес облысын солтүстіктегі көршіміздің иелігіне өткізу бастамасы ұлтымыздың ұнжырғасын түсіріп, басшылық қызметте жүрген өрелі азаматтарды шын састырған еді. Дәлірегі, бұған қарсылық көрсету республика басшылығында жүрген қазақ азаматтарына үлкен сынақ болды. Дәл осы кезеңде ұлтымыздың мүддесі үшін көкейіндегісін айтып, азаматтық танытып, бас көтере тіл қатқан қазақ азаматтарының ішіндегі ең шоқтығы биігі, бірегейі Жұмабек Тәшенев болды. Ол нақтылай айтқанда Хрущевтің солақай саясатына, әпербақан іс-әрекетіне лайықты тосқауыл қоя білді. Мұны ерен еңбек, ұмытылмас ерлік деп білеміз. Ж.Тәшеневтің жеке басының қамынан ұлт мүддесін жоғары қойып, азулыдан қаймықпай, қазақтың есесін жібермей, ел мен жерді қорғап қалуы оның аңыз адамға айналуына жол ашты.
…Жұмабек Ахметұлы 1960 жылдың 20 қаңтарында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Осы қарсаңда Н.Хрущев жаңадан құрылғалы жатқан, орталығы Целиноград қаласы болып белгіленіп, атқарушы билігі нақтыланып, ұйымдастыру жұмыстары қызу жүргізіле бастаған, бірақ ресми түрде жариялана қоймаған Тың өлкесіне Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты ендіріп, одан әрі өлкені РКФСР-дың құрамына беру мәселесін қозғайды. Көпке белгілі естеліктерде айтылып жүргендей, Н.Хрущев бұл бастамасын алдымен әлгі бес облыс басшыларына, республиканың бірқатар жауапты тұлғаларына мақұлдатып алып, соңында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Ж.Тәшеневті келістіруді көздейді. Содан, Н.Хрущев Ж.Тәшеневке республика аумағының кеңдігі экономиканың өрістеуіне кедергі болып отырғанын айта келіп, бес облысты РКФСР құрамына өткізу қажеттігін, бұған республика, облыстар басшыларының келісіп отырғанын алға тартады. Н.Хрущев енді Ж.Тәшеневтің пікірін білгісі келетінін айтады. Сол кезде Ж.Тәшенев КСРО, ұлт республикаларының Ата заңдарын бетке ұстап «Никита Сергеевич, мен бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, тіпті күн тәртібіне қойылуының өзіне қарсымын», дейді. Мұндайды күтпеген Хрущев беті қызарып, көзі аларып, тұтығып, жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалады. Біраздан кейін Хрущев: «Сонымен бұл әңгіме аяқталсын», дейді. КСРО-ның, ұлт республикаларының конституцияларын мойындағысы келмеген Н.Хрущевтің өктемдігіне осы тайталаста лайықты жауап берген Ж.Тәшенев ыза кернеп, тіпті, БҰҰ сияқты халықаралық заңды мекемелерге шағым түсіретінін ескертеді. Ж.Тәшеневтің бұл қарсылығын қызбалықтан, қызуқандылықтан туындаған жоқ. Бұл оның іштей толғанып, ой елегінен өткізіп барып жасаған қадамы екенін мынa жағдайлардан аңғарамыз.
Ж.Тәшенев бес облысты РКФСР құрамына өткізу мәселесі жоғары жақта сөз болып жатқанынан хабардар болады да, жай-күйдің анық-қанығына жету үшін 1960 жылдың күзінде Целиноградқа жедел ұшып келеді. Мұнда ол Тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.И.Соколовқа жолығып, келер жылға арналған бюджеттiң жоспарын неге кешіктіріп өткізбей жатқанын сұрайды.
Т.Соколов келер жылға арналған бюджеттің жоспары Қазақ КСР-i Үкіметіне емес, РКФСР Үкіметіне жолданады депті. Сонда Жұмабек Ахметұлы: «Тың өлкесі РКФСР құрамына өтпейді», дейді. Демек, Тәшенев Хрущев тарапынан қозғалар мәселеге алдын ала өз жауабын нақтылап, дайындалып барған.
Республика басшылығын Тың өлкесінің тізгінін ұстаудан шеттетіп, жай ғана уәкіл ғана ету көзделген бұл кезде Ж.Тәшенев Орталық жіберген өкілдердің кеудемсоқ әрекеттеріне жол бермеді. Негізінде, Ж.Тәшенев үй ішінен тігілген үйдей болған Тың өлкесінің құрылуына, оның тікелей Мәскеуге бағынатынына жан-тәнімен қарсы болған. Өйткені, оны құрудағы мақсаттың астарында астықты өңірлерді басқару ісін жетілдіру емес, бес облысты бір әкімшіліктік орталыққа топтап, сосын оны солтүстіктегі көршімізге түгел беру мүддесі жатқанын анық білген.
Жалпы, Тәшенев Хрущевке бес облысты Ресейге бермеу мәселесіне қатысты ғана емес, Тың өлкесін құрудың тиімсіздігін, оған артылмақ жүктемені орындау мүмкін еместігін айтып та қарсы шыққан. Тәшеневтің бұл қарсылығының дұрыстығын небәрі 2-3 жылдың өзінде-ақ республика, одақ басшыларына өмірдің өзі түсіндіріп берді. Бұған бір миллиард түгілі, 540 миллион пұт беруге Тың өлкесінің шамасы зорға жеткендігін айтсақ та жетіп жатыр. Құрылғаны 1960 жылдың 26 желтоқсанында ресми түрде жарияланған Тың өлкесі өзінің тиімсіздігін көрсетіп, көп өтпей таратылды.
Д.Қонаевтың «Ақиқаттан атауға болмайды» атты естелік-эссесіне қарағанда, 1960 жылдың желтоқсан айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясындағы түскі үзіліс кезінде Орталық Комитет Президиумының мүшелері түгел жиналған ас үстінде Н.Хрущев Ж.Тәшеневке ерекше ықылас танытып, бәйек болып, асты-үстіне түскені, бірақ айналасы бірер сағатта КСРО бірінші хатшысы күрт өзгеріп Қазақстан Министрлер Кеңесінің төрағасын қызметінен босату туралы пәрмен бергені анық жазылған.
«Тәшеневті Республика Министрлер Кеңесінің төрағалығынан босатыңыз, – деді. Бұл мен күтпеген шешім еді. Никита Сергеевичке таңдана қарадым…». /Д.А.Қонаев, «Ақиқаттан аттауға болмайды». Естелік-эссе. Алматы. «Санат». 1994 жыл. 210-211-беттер/.
Хрущевтің Тәшеневке асты-үстіне түсіп бәйек болуының мәні еліміздің терістіктегі бес облысын Ресейге қосуға көндіру ме, әлде басқа ма, бұл жағы Д.Қонаевтың естелігінде нақты көрсетілмеген. Десек те, осы естелікте жазылғандай, алдында ғана Тәшеневке «мынадан алыңыз, дәмдісі осы болар» деп ас ұсынып бәйек болған Хрущевтің нілдей бұзылып қазақ Премьерін қызметтен босатуға дейін баруының себебі үлкен екені түсінікті. Демек, Ж.Тәшенев КСРО басшысының көрсеткен ілтипатынан басын ала қашып, туған жерді саудаға салмай, бірінші хатшының дегеніне көнбей, атамекеніміздің тұтастығына тұтқа бола білді. Н.Хрущев Ж.Тәшеневтің қарсылығынан кейін Тың өлкесін Ресейге беру мәселесін қайта қозғамады. Нақтылай айтқанда, 1960 жылдың 26 желтоқсанында өткен КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясында Тың өлкесінің құрылғаны ресми түрде жарияланғанымен оны Ресей иелегіне беру мәселесі қаралмады. Бұл қазақ халқының үлкен жеңісі еді.
«Тың өлке билеушілері Т.Соколов, В.Машкевич тікелей Мәскеуге, не РКФСР-ға бағынуды арман етіп, СОКП Орталық Комитетіне бірнеше рет мәселе қойды. Ал Н.Хрущев те Тың өлкесін Ресейге бағындырудың амалын іздеп, саяси бюроға қайта-қайта ұсыныс жасады. Республика басшылары бәрі дерлік Тың өлкесін РКФСР-ға беруге де, орталыққа тура бағындыруға да қарсы болмады. Тек баяғы заманда Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары, Наурызбай сияқты батыр бабаларымыз қан төгіп, сыртқы жаулармен соғысып, аман сақтап қалған қазақ халқының атамекенін Ресейге беріп жіберуге қарсы болған жалғыз адам Жұмабек Тәшенев. Қазақ халқының ерте заманнан бері қоныстанған тамаша шұрайлы жерін оның бір қатерден сақтап қалғанының куәсі болғанбыз», деп жазған-ды кезінде атақты партизан, мемлекет қайраткері, ғалым, белгілі жазушы Әди Шәріпов.
Хрущевтің тапсырмасы берілген сәттен кейін арада он екі күн өте, яғни 1961 жылдың 6 қаңтарында Ж.Тәшенев қызметінен босатылды. Әрине, лауазымнан шеттету үшін сценарий бойынша «тырнақ астынан кір ізделіп», кемшіліктер көрсетілуі керек. Содан, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің тікелей Тәшеневтің жұмысына қатысты кемшіліктерін іздеу науқаны басталып, оған бірқатар адамдар «аянбай тер төгеді». Мақсаттары – Тәшенев республика Министрлер Кеңесін басқара алмады деп дәлелдеп шығу. Әрине, кемшілік табу, сынау-мінеу оңай. Табылған кем-кетістіктер шын мәніндегі кемшіліктер ме, әлде қолдан ұйымдастырылған «кемшіліктер» ме? Тәшенев Министрлер Кеңесін басқарған бір жылдың көлеміндегі туындаған кемшіліктер оның алдындағы жылдардың «жемісі» емес пе? Негізінен, Ж.Тәшеневтің «кемшіліктері» ұлтшылдығы, Хрущевтің айтқанына көнбеуі, туған жердің тұтастығын сақтап қалуы, Соколов, Козлов, Яковлевтердің аяғын бастырмауы, қазақ зиялыларына оң көзқарасы, Мағжан Жұмабаевтың зайыбын пәтермен қамтамасыз ету үшін берген нұсқауы, Алматы ортасында «Қазақ ауылын» ұйымдастыруы, тағы басқалар еді.
Жұмабек Ахметұлынан құтылу үшін қиыннан қиыстырып ойлап табылған айла-шарғы Хрущевтің кек алуының түрі болатын. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген экономист, профессор Ғарай Сағымбаевтың мына сөздеріне мән беретін болсақ, Жұмабек Ахметұлы басшылықта болған 6 жылда электроэнергия қуатын өндіру – 2 есе, мұнай өндіру – 1,6 есе, көмір қазу – 2 есе, цемент шығару –15 есе, мақтадан мата тоқу – 5 есе, тоқыма сырт киім шығару – 3 есе, минералды тыңайтқыштар өндіру – 2 есе, аяқ киім тігу – 4 есе, ет өндіру – 2 есе, қант өндіру – 1, 5 есе, мал майын шығару – 1, 4 есе, өсімдік майын шығару 2 есе өскен. Ал егістік жер көлемі 6 миллионнан 22 миллион гектарғa, ipi қара мал басы 5, 5 миллион, қой мен ешкі 28,5 миллион басқа дейін өскен. Тәшенев басқарған кезде ауыл шаруашылығы құлдырады деуге болмас. «…Осыдан кейін Ж.Тәшенев Министрлер Кеңесінің Төрағасы міндетін атқара алмады деудің ешқандай қисыны жоқ сөз екені түсінікті». / «Түркістан», №42 (173), 14-21 қазан, 1997 жыл/.
Соңғы кездері Жұмабек Ахметұлының еліне сіңірген еңбегіне күмәнмен қарауға шақыратын материалдар кездесіп қалып жүр. Бұл жарияланымдарда тұлғаның халқы үшін жасаған, ел аузында құрметпен аталатын қызметіне қатысты деректер архивтік құжаттарда жоқтығы, сондықтан қолдан батыр жасаудың қажеті шамалы екендігі көлденең тартылады. Дұрыс-ақ делік. Бірақ жақсы мен жайсаңға, ірі тұлғаларға, батырларға кенде емес қазақ халқының перзенттері: оның ішіндегі біздің кейіпкеріміз туралы таусыла, тамсана, ерекше ілтипат көрсете естеліктер жазған зиялы қауым өкілдері, түрлі салада қызмет еткен белгілі қайраткерлер (Ә.Шәріпов, Х.Арыстанбеков, М.Елеусізов, С.Кенжебаев, С.Қирабаев, С.Нұрмағамбетов, Ғ.Сағымбаев, С.Адамбеков, А.Кәкен, А.Рамазанов, Ә.Жылқышиев, Е.Тұрысов, Н.Сүлейменов, К.Сыздықұлы, Е.Әшенов, Ж.Тұяқбаев, А.Тасымбеков, т.б.) «қолдан қаһарман жасау үшін» басқа емес дәл осы Тәшеневті неліктен ерекшелеп таңдап алғанын бір сәт ой елегінен өткізгеніміз дұрыс болар, бәлкім. Осы орайда кәсіби тарихшы ғалымдар Сейітқали Дүйсен мен Қанат Еңсеновтің авторлығымен, Мемлекет тарих иснтитутының қолдауымен, танымал ғалымдардың мақұлдауымен 2012 жылы «Жұмабек Тәшенев» атты кітаптың жарық көруін ерекше атап өткіміз келеді. Бұл ғылыми басылымда Ж.Тәшенев туралы естеліктер талданып, архив құжаттары ғылыми айналымға тартылған. Ол кісінің өмір жолы, қызметіне қатысты Алматы, Петропавл, Ақтөбе, Шымкент және тағы басқа да қалалардан табылған архивтік құжаттар ғылыми жүйеленіп берілген. Бұл халқымыздың Ж.Тәшеневті одан әрі тани түсуіне, болашақ зерттеушілердің бағдар алуына таптырмас деректер көзі екені сөзсіз. Осы еңбекте Ж.Тәшеневтің халқына жасаған қызметі және қайраткерлігі архивтік құжаттармен біршама дәлелденгенін де айтқымыз келеді.
Иә, тарихты түзудің, оны келешекке жеткізудің түрлі жолдары бар. Әрине, олардың ішіндегі ең маңыздысы архивтік құжаттар. Бұған дау жоқ. Десек те, халқымыздың ұзын-сонар тарихын түгелдеуде тек бүгінге там-тұмдап жеткен архивтік құжаттарға ғана сүйенуіміз керек деп, басқа тиімді тәсілдерге орнымен жүгінбесек бай тарихымызды ел игілігіне, ұрпақ санасын өсіруге қолдануда ұтылып қалмаймыз ба?.. Оның үстіне, соңғы екі ғасырда архивінің құжаттарын қалыптастырушы қайнар көз, қаттаушы орындары өзге өктем күштің құзырында болған, өзі де «шөміштен қағылып» күн кешкен, «сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» заманда халқымызға, оның тұлғаларына қатысты жинақталған құжаттық деректердің шынайы бола бермейтінін де ескергеніміз жөн-ау. Бәсі төмен, еркінен айырылған бағынушы жөніндегі архивтік құжаттар кейде ақиқатты «айтып» бере алмайды. Тар қапаста мылтықтың ұңғысының аузында, өктем күштің қысымымен не алдану, арбалу, сөзге еру кесірінен (белгілі бір кезеңдерде) түзілген көптеген архивтік құжаттарға дәл біз – аз теперіш көрмеген қазақ халқы күмәнмен, бәлкім терең зердемен қарағаны жөн болар.
Жұмабек Тәшеневтің ел жадына жатталып қалған өрелі істері архивтік құжаттарда жеткілікті деңгейде сақталмаған болар, бірақ ол туралы көрнекті тұлғалардың естеліктеріне, халықтың ыстық ықыласына құрметпен қарауымыз керек. Бұл өсер елдің баласына тән іс. Халық дана, ол қаламаса, жаратпаса қанша жерден насихаттасаң да, ешкімді ұлт жадына батыр ретінде сіңіре алмайсың. Ал Тәшенев арнайы насихатсыз-ақ, біз оқып жүрген естеліктер жарияланбай тұрып-ақ ерлігімен ел аузына ілігіп, өрлігімен жұртының жадына жатталып қалған бірегей тұлға.
Қазақстан құрамындағы Бостандық ауданының Өзбекстанға берілуіне қатысты қаулыға Қазақ КСР-і ОК хатшысы Л.Брежнев, Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаев және Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ж.Тәшеневтің қол қойғаны айтылады. Дәл осы дерек Ж.Тәшеневтің қайраткерлік іс-қимылына күмәнмен қарауда алға кесе көлденең тартылады. Осы арада аталған үшеудің әлгі қаулыға еріксіз қол қойғанын архивтік құжаттар растайтынын баса айтқымыз келеді.
1955 жылдың 19 сәуірінде Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы болып сайланған Ж.Тәшенев бұл жаңа қызметке кірісе бастаған қарсаңда Өзбекстан үкіметінің қолқалауы негізінде КОКП Орталық Комитетінен Шымкент облысының Бостандық ауданын Өзбекстанға беру жөнінде ұсыныс енгізіңдер деген нұсқау түседі. Бұл нұсқауға қарсылық білдіру мақсатында Ж.Тәшеневтің төрағалық етуімен арнаулы комиссия құрылады. Оның құрамына М.Бейсебаев, С.Дәуленов, Х.Арыстанбеков, А.Морозов, В.Тогосов, В.Шереметьевтер кіреді.
«Комиссия жергілікті жағдайды жете зерттеп: «Бостандық ауданының жері мал өсіруге мәні бар екендігін, құрылыс материалдарын өндіруге, су-энергетикалық, қорларының молдығын, қорғасын, көмір және машина жасайтын өндірістердің жұмыскерлері дем алатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы екендігін ескеріп, бұл ауданды Өзбекстанға беруді өте тиімсіз санады. Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданын беру жөніндегі Өзбек КСР-і үкіметінің сұрауын комиссия негізсіз деп есептейді», делінген хат Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Л. Брежневке жіберілді. /1 маусым 1955 жыл, 125 а іс, ОП. 22, фонд 1137. 107-109-6./.
Содан Қазақстан Орталық партия комитеті мынадай қаулы алады: «Бостандық ауданының жерінің мәнін жоғары бағалай келіп, Орталық партия комитетінің бюросы Ж.Тәшенев басқарған арнайы комиссияның қорытындысымен келісті». Дәлірегі, Л.Брежнев те, Д.Қонаев та комиссия жұмысына қолдау білдіреді. Осылайша Бостандық ауданын Өзбекстанға бермеу жөнінде қаулы қабылданады. Өкінішке қарай, «1955 жылдың 12 қарашасында Қазақстан басшыларының қарсылығына қарамастан Н.Хрущев қол қойған КОКП Орталық Комитеті Президиумының қаулысы бойынша КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Ворошилов қол қойған жарлықпен Қазақстанның Бостандық ауданы Өзбекстанға берілді». /Сағындық Кенжебаев, «Бәрі құрбан атамекен жолында», «Егемен Қазақстан». 8 сəyip. 1995 жыл/.
Арнайы құрылған комиссияның төрағасы Ж.Тәшенев болғандықтан, бұл мәселе Қазақстан жағының пайдасын көздегенімен, жоғары билік жергілікті басшыларды көзге ілмеді. Л.Брежнев, Д.Қонаев, Ж.Тәшенев КОКП Орталық Комитетінің шешіміне көнуге мәжбүр болды. Комиссия құрамындағы А.Морозов Қазақ КСР Орталық Комитеті құрған комиссияның Бостандық ауданын Өзбек КСР құрамына беру туралы КСРО Үкіметінің өтінішін негізсіз деп санағанына келіспейтінін айтып хат жолдайды. Хат соңына «Согласно с пунктом 1, 2 и 4, что касается Бостандыкского района, считаю целесообразным еще раз обсудить этот вопрос и правильно было бы решить о передачи его в состав Узбекской ССР», деп жазады. А.Морозов секілді Мәскеудің Қазақстандағы «көздері» комиссияның тас-түйін, оңды шешіміне селкеу түсіріп, жоғары жақтың көңілінен шығу үшін солқылдақтық жасайды. Комиссия мүшелерінің бір пікірде болмай, осындай хат жазылуы КОКП Орталық Комитетін желіктіре түскен деп ойлаймыз.
Негізінде, республика басшылары Бостандық ауданының Өзбекстанға өтіп кетуіне табандап қарсылық көрсеткен. Басқасын айтпағанда, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары М.Бейсебаевтың «Бұл ауданды Өзбекстанға беруге болмайды» деген мазмұндағы қол қойған хаты осы күні мұрағаттан табылған (ҚР ОММ. 1137 – қ., 22-т., 125-А-іс, 6-п.). Бостандық ауданын Өзбекстанға беруге қарсылық көрсетілген бұдан басқа да хаттар мұрағатта сақтаулы. Айта кетейік, Өзбекстанға Бостандық ауданын бермеу жөнінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары М.Бейсебаевтың 1955 жылы 29 желтоқсанда жасаған мәлімдемесі бар. Онда Бостандық ауданын Өзбекстанға беруге болмайтынына қатысты себептер аталған. Мұның барлығы Қазақ КСР-і басшыларының Бостандық ауданын көрші республикаға бермеудің барлық амалын жасағанын айқын аңғартады. Олай болса, Л.Брежнев, Д.Қонаев және Ж.Тәшеневті аталған мәселеде жазғыруға болмайтындай. Өйткені, Бостандық ауданын Өзбекстанға беру туралы КОКП Орталық Комитеті Президиумының қаулысы мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы К.Ворошилов қол қойған жарлықтың қасында республика басшылары қол қойған қаулы қауқарсыз, қосымша ілеспе құжат ғана еді.
Жұмабек Ахметұлы туралы әңгіме ел ішінде көптеп кездеседі. Белгілі тұлғалар тарапынан ол кісі туралы естеліктер көп жазылды. Бұлардың бір сыпырасында Ж.Тәшеневтің Солтүстік Қазақстан облысының басшылығында жүріп, тылдағы жұмысты асқан қабілеттілікпен ұйымдастырғаны, Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда халық шаруашылығының өркендеуіне, елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан ілгерілеуіне үлкен ықпал еткені қозғалған. Тағы бір естеліктерде қазақ кадрларын қызмет бойынша көтерудегі, қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы еңбегі ілтипатпен еске алынса, келесі бірінде халқымыздың рухани-мәдени өміріне қатысты батыл іс-қимылдары сөз болған. Мәселен, жазушы Садықбек Адамбековтің «Қайта соққан боран» атты замандастары жайлы жазған естелігінде 1958 жылы 28 шілдеде Орталық Комитеттің мәжіліс залында «Қазақ әдебиеті» газетінің мәселесі майшаммен қаралып, оны жабу қаупі туғанда Ж.Тәшенев батыл араласып, қарсы жақты тойтарып тастағаны жөнінде жеткілікті баяндалған.
Жұмабек Ахметұлының қазақ үшін жасаған көңіл қуантарлық еңбектерінің ішіндегі Алматы қаласындағы үлкен даңғылға Абайдың есімін бергізіп, данышпанның Республика сарайының алдында тұрған ескерткішінің мүсінделуін өзі қадағалап, тікелей басшылық жасағаны, Б.Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын алып беруге риясыз көңілмен ниеттеніп, нақты әрекеттерге барғаны, 1958 жылдың желтоқсан айында Мәскеу төрінде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігін өткізудегі ұйымдастыру қабілеті, соның нәтижесінде бес бірдей өнерпазымыз КСРО Халық әртісі атағын алуына жасаған ықпалы естеліктер әлемінде таңбаланып, халық жадында сақталып қалды.
Хрущевпен болған келіспеушіліктен кейін Ж.Тәшеневті Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне төмендетілді. Ж.Тәшеневті Шымкенттің қарапайым халқы құрметпен қарсы алды. Осы орайда Жұмабек атамыз туралы естеліктердің бірсыпырасы оңтүстіктің азаматтары жазғанын айта кетелік.
Ғабит Мүсірепов іс-сапармен Шымкентке келгенде профессор Керімбек Сыздықұлы серік болып, ол кісіні ертіп жүреді. Сол кезде Ғабит Мүсіреповтің Жұмабек Тәшеневке қарап айтқан сөзіне профессор К.Сыздықұлы куә болыпты. Ғ. Мүсірепов: «Біз ЦК емеспіз, біреуді бір орыннан алып, бір орынға қоя алмаймыз. Жазушы деген халық кісіге өз жүрегінен орын береді. Әр уақытта менің жүрегімнің төрінен орын алатын менің ер інім, еркек інім Жұмабектің мынау елге келген қадамы сіздерге құтты болсын деп тілек айтпақпын», деген еді». / К.Сыздықұлы. «Қазақстан әйелдері», №10. 1997 жыл/.
Ғ.Мүсіреповтің Ж.Тәшеневке арнап айтқан бұл сөзін бүкіл қазақ халқының жүрегін жарып шыққан ыстық лебіз деп санасақ артық кетпеспіз. Осы өңірден шыққан басқа да қаламгерлердің жазбаларында облыстың дамуына қосқан үлесі, қарапайым халықпен етене жүріп еңбек еткені, адамгершілік қасиеттері көрсетілген.
Дербес зейнеткер, журналист Ердесбек Әшеневтің естелігінде Жұмабек Ахметұлының Түркістан қаласына, ондағы Қ.А.Яссауи кесенесіне ерекше көзқараста болғаны, кесене алдындағы тас моншаны қалыпқа келтіріп, іске жаратқан жазылған. Атеистік тәрбие өрістеп тұрғанда Қ.А.Яссауи кесенесіне, Түркістанның басқа да тіршілігіне жанашырлықпен қарауы Жұмабек Ахметұлының рухани құндылыққа жат агрессияның әсерін бойына дарытпай, Алланың сүйген құлдары бола білген айтулы бабаларымызды, олар қасиетті жер деп таныған Түркістанды қадірлей білуі оның бойында имандылықтың мол, Жаратушыға деген сенімінің берік болғанын көрсетсе керек.
Ж.Тәшенев тура 60 жасқа толған күні Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. Республика, облыс басшылары бір ауыз жылы сөз айтуға жарамайды. 60 жас ақыл-ес кемеріне толып, елге қызмет ететін шақ емес пе еді?
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Жұмабек ағамыз қарап жатпады. Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығын, ондағы ғылыми қызметкерлер ұжымын басқарды. Облыстық «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында еңбек етті. 1962 жылы Мәскеуде экономика саласы бойынша кандидаттық диссертация қорғады.
«Жұмекең өмір, уақыт, адам туралы шертетін әңгімелер кезінде өзі жөнінде сөз қозғауды, істеген қызметін, жұртқа жасаған жақсылығын айтып, желпіне мақтану дегенді білмейтін. Ол жайында біреулер тарапынан сөз қозғала қалса: «Тарих деген шежіре, уақыт деген алып бар, – деп сөзге араласатын ол кісі, – сол алып уақыт әркімді өз орынына қояды. Кімнің кім екені сонда айқындалады. Әңгіме осымен бітетін». /Нәмет Сүлейменов. «Шындық пен сұмдық». «Қасиет» баспасы. /
1986 жылдың 18 қарашасында, дүрбелеңді желтоқсан оқиғасына бір ай қалғанда, 71-ге қарағанда бақилыққа аттанды… Өзі айтқандай, бүгінде алып уақыт бәрін өз орнына қойды. Соның жарқын дәлелі – Ж.Тәшеневтің халық санасында берік сақталған жарқын бейнесі, ерлігі, мызғымас тұлғасы. Тарихта кімдер қалмаған, ал халық жүрегінде қалу екінің бірінің маңдайына бұйырмаған. Ж.А.Тәшенев болса, халық жүрегінде!
Бәрін айт та бірін айт, ұлт бақыты – тәуелсіз ел болу, бұрын батыр бабаларымыздың, одан кейін Алаштың арысы Әлімхан Ермеков сынды ерлердің қайраткерлігімен қорғалып келген ел мен жердің тұтас сақталуы, Астананың солтүстікте бой көтеріп, сән түзеуі, Қазақстан-Ресей шекарасының бейбіт реттелуі жолында атқарылған барлық жасампаз еңбектің бел ортасында Ж.Тәшеневтің қосқан теңдессіз үлесі жарқырап көрініп тұр. Мұны қазақ баласы аман тұрғанда ешкім көлегейлей алмайды.
Жолдыбай БАЗАР,
жазушы-журналист
АСТАНА





