
Жарасқан… Жырдың жүйрігі. Сырдың саңлағы. Сөздің сүлейі. Алаштың ардақтысы. Аралдың ақберені. «Жердің беті нөсермен шайылғасын, Өлең басып қалыпты қайың басын» (Б.Абызов) деп, ақбас Алатаудың баурайында әндетіп жүрген жылдарымызда журфак пен филфактың студенттері атын ауыздан тастамайтын ең сүйікті бес-алты ақын болды. Соның бірі менің Жарасқан ағам еді. Өлеңдерін бала біткен жатқа оқиды. Қазіргі тілмен айтқанда, нағыз хит ақын. Шынында да, хит ақыны, ит ақыны да жеткілікті сол дәуірде Жарасқан Әбдірәшевтің бәсі биік-ті. Өзі қолтоқпақтай ғана. Бірақ шашы жалбырап, жасындай жарқылдап, бір мүйістен шыға келгенде, Алматының асфальтіне дейін былқылдап билеп кетеді. Ол осылай жарқырап ғұмыр кешті. Бүкпесіз өлең өрді. Теперішке де төтеп берді. Бұл жөнінде ақын Мәди Қайыңбаев «Өмірдің қиын сыны, Ешқашан толастамаған. Мағжанның «құйыршығы» – Менің Жарасқан ағам!», – деп жыр жазды. Жүрегінің түбіне кір де жасырмай (Мұқағали), жыр да жасырмай, Алатаудай асқақ, Аралдай терең күйінде өмірден өтті. Ал Жарасқанның жыр-ғұмыры әлі де жалғасып жатыр. Үзілген жоқ. Үздіккен жұрты барда, қайдан үзілсін…
Бал дәурен,
Балғын дәурен,
Бала дәурен!
Алыстап бірте-бірте барам-ау мен.
Жаныңды, сенің аппақ жүрегіңді,
Бұзумен,
Бүлдірумен,
Жаралаумен.., –
деп жырлаған Жарасқан ақынның арамыздан алшақтап, жалпы жалған дүниеден жырақтап кеткеніне де жиырма жылдан асты.
* * *
Өз басым елге белгілі белгілі ақын ағаларым – Шөмішбай Сариев пен Жарасқан Әбдірәшевтің біздің Аралдың перзенттері екенін ертерек білдім. Біздің жақта туып-өскенін бірінің есімі, екіншісінің өлеңі әйгілеп тұратын. Шөміш және Шөмішкөл деген атаулар Арал теңізінің маңында өркен жайған ұландардың қай-қайсысына да жақсы таныс. Шөмішбай аға осы Шөміш станциясында туған. Ұлы даланың күре тамыры секілді теміржолдың бойындағы шағын ғана бекеттен бүкіл қазақ жұртына танымал шайыр шықты. Ал Жарасқан ағаның өмірбаяндық өлеңінің мына бір шумағы поэзия тілімен жазылған ақындық анкета іспетті еді:
– Іштіңіз бе?
– Кезінде іштім деймін.
– Ал қазір ше?
– Қалыпқа түстім деймін.
Туған жерім – cтанция Арал, Қызылорда,
Туған жылым – соғыстан үш жыл кейін.
Ақын аға айдынды Аралды жырлаудай-ақ жырлады. Ертеңіне үміт артты. Теңіздің талқаны таусылды деуге ауызы бармады. Сол үміт жетегінде жүріп, күмәнді деген жобалардың өзіне кәдімгідей сеніммен қарады. Алдағы кезеңнен тек жақсылық күтті. «Жағасына шығып қалған шалаңы. Теңіздердің ашылады таланы. Қандасына донор болып қарт Сібір, Арал қайта арнасына толады», – деп толғағаны да содан шығар. Бұл өлең жазылғалы көп жыл уақыт өтті. Арал толмады. Сібір донор болмады. Ешкім біздің теңізіміз үшін донорын да, өмірін де қимады. Жарасқан Әбдірашев арамызда аман-есен жүргенде жетпіс бес жасқа толар еді. Арқалы ақын елуден жаңа ғана асқан кезінде дүние салды. Жарасқанды жаратқан Жаратқанның ұйғарымы солай болған да…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2023 жыл
«Шағала» жинағынан






