Таным

«Дидарғайыптың» №1 саны жарыққа шықты

Алматыдағы «Үш Қиян» баспасынан басылып шыққан «Дидарғайып» сұхбаттар журналының 2020 жылғы бірінші нөмірі елде карантин жариялануына байланысты тарай алмай жатты. Сол нөмір енді қолымызға тиіп отыр.

Таяу арада жалпы бес нөмір қолға тиетін болады. Бәрі баспада кезектерін күтіп жатыр.

Біз оның кейіпкері ауыл шаруашылығы өндірісінің ардагері, бұрынғы совхоз директоры Жақсылық Жалғасбаев екенін айтып, сұхбаттан үзінді жариялаған едік.

Журнал Қызылорда қаласындағы баспасөз саудасы орындарына түседі.

Бүгін сұхбаттан тағы бір үзінді жариялап отырмыз. Бұлардың да оқырман қауымға ғибраты бар деп ойлаймыз.

Алдағы 1 шілде күні, Құдай қаласа, Жақсылық ақсақал 86 жасқа толғалы тұр.

– Басшыға керекті басты қасиет қандай болуы керек?

– Мен мұны бағана Елекең туралы сөз еткен кезімде ептеп айтып өткенмін. Тағы бір қайталайын: ең алдымен басшы әділ болуы керек. Әділ адам онсыз да таза болады. Ол біреудің бір тиынын жемейді. Ал егер миыңды рулық, жерлестік, тамыр-таныстық жайлап алған болса, сенің салтыңнан мұның ешқайсысы да шықпайды. Онда қоя қой. Бұл – құрдым, бұл – «құрыдың» деген сөз. Мысалы, біздің қазіргі ауыл сол ұйыққа кіріп кеткен. Оның енді одан шыға қоюы өте-мөте қиын. Соның бәріне кім кінәлі? Мен болғанда, мұның бірде-біріне жол бермес едім.

Ондай әділ басшылар әр жерде бар. Мысалға көп жыл «Жаңа жол» ауылын табысты басқарған Қылышбек Әбішевті алайық. Марқұм көзінің тірісінде өте әділ де, таза адам болды. Ана «III Интернационал» колхозын басқарған Социалистік Еңбек Ері Цай Ден Хак сол биіктіктегі адам еді. Бұлар өмір бойыы өз арларына дақ түсірмей кетті. Осындай таза адам ретінде тағы да ауданымызды басқарған Елеу Көшербаевты айтар едім. Ол кісінің кадр таңдап, тағайындауының өзі үлкен мектеп-тін. Оның бюроны жүргізуі, жүрген жүрісі, өзін ұстауы, сөз сөйлеуі, тапсырма беруі шынында өзгеше болатын. Тапсырманың өзінде ана орындаушыға толық жететіндей етіп, нақпа-нақ беретін. Содан кейін оны орындамау мүмкін болмай қалатын.

Ауданда бұл кісінің алдында Ахметжан Жанпейісов бірінші хатшы болды. Оны сөз басында айтып өттім. Ахаң бір аңқылдаған ақкөңіл, дархан пейілді адам еді. Бірақ басқару тәртібінде ерсілеу нәрселер аз болмайтын. Сол кісі бір күні таңертеңгі 6-да бюро шақырды. Оны және «III Интернационалдың» бір пунктінде өткізді. Бағана айттым ғой, бұл кісінің тұсында «Жосалы» совхозының орталығы қалай таңдалып алынғанын. Сонда ең болмаса, совхоздың гидротехнигінен «Мына жерге су шыға ма, жоқ па? Мына су ащы ма, тұщы ма?» деп те сұрамаған ғой. Егер сұраса, маман айтып берер еді. Бірақ өйтпеген, валюнтаристік жолмен, өзін қауқылдаса қолдаған «қарғалармен» бірге бір совхоздың тағдырын тындымға түскендей етіп шешіп бере салған. Сонымен, жаңағы бюроға келейік. Оған «Жаңақаладан» бастап, «Қуаңдария», «Ақжар», мына жақта «Қармақшы», Чапаев атындағы совхоздардың бір топ өкілі таң қараңғысынан келіп жетуі керек. Бұл үшін олар түнгі 12-ден бастап жолға дайындалып шықпаса, келіп үлгере алмайды. Түн қараңғысында көліктің жүруі де оңай емес, кемінде 3-4 сағат жолға кетеді. Осылайша келген жұрттың бәрі сәлден кейін түгел қорылдап ұйықтап кетті. Ал өзі соған қарамай бюро өткізіп тұр. Біз мұндайды шыжықты да көргенбіз.

Менің Көшербаевты ылғи айтатыным, ол ақылды адамның ақылды басқаратынын көрсетіп кетті. Қармақшының бағы осы кісі келгеннен кейін ғана ашылды. Сол тұстан бері қарай аудан қатты көтеріліп, арасында облыста бірінші орын алып та жүрді.

– Елекеңнің кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған заманда Қорқытты көтеруі, оның кесенесін тұрғызуы шын мәнінде көзсіз ерлік болды ғой.

– Дұрыс айтасың. Оның пошым-порымының өзі батыр адамға келіп тұр ғой. Егер ертеректе өмір сүргенде, нағыз сол заманның батыры болар еді. Қорқытты көтеруі оның басын бәйгеге тігуімен бірдей болды. Бұл үшін өзінің зардап шегуі мүмкін екенін біліп тұрса да, соған саналы түрде барды. Осы арқылы Қорқыт бабамыздың біздің жерімізде өмір сүріп, осында мәңгіге дамыл тапқанын күллі әлемге танытты. Әйтпесе, сол кезге дейін «дәдәм Қорқыт» деп алып, оған әзербайжан да, түрік те, тіпті түрікмен де еге болып келген екен. Ал Қазақстанда Қорқытты көп адам біле бермейтін. Тіпті баба жатқан Қармақшы ауданының тұрғындары одан бейхабар болды. Енді дүние жүзі Қорқыттың біздікі екенін мойындауға айналды.

Жалғыз Қорқыт емес, бұл кісі Арал теңізінің мәселесін де елден бұрын, сол кездері көтере бастаған еді. Онда тұратын халыққа алғаш рет коэффициент қосуды талап еткен де Елекең болатын. Мұны да қазір көп адам біле бермейді. Сөздің орайы келіп тұрғанда, бұл жайтты да жалпақ жұртқа жария ете берейін. Басшы деген осындай жан-жақты, кемеңгер адам болуы керек қой.

– Аға, сіз «жақсы адам» деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Меніңше, жақсы адам деген ең бірінші иманды болуы керек қой деп ойлаймын. Ол имандылықтың бес шартын орындап жүрген болса, жақсы адамның образын сол кісіден іздеу керек. Айналып келгенде, ешкімге көпе-көрнеу қиянаты тимеген, ешкімге жамандық жасамаған, адалдықты ту еткен адам – жақсы адам.

– Қазіргі жастар жөнінде пікіріңіз қандай?

– Мен бүкіл жастар туралы айта алмаспын. Бірақ өзіміз көріп жүрген ауыл жастары жайлы айтар болсам, дабыл қағарлық нәрселер өте көп. Бұл толқын Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағидатын білмейді. Көбі оңай жолмен ақша таба салғысы келеді. «Өзім бейнет қылып, нан табайын» дейтін пиғылдары жоқ. Қара жұмысқа баруға құлықты емес. Қазір совхозда жұмыс істеп жүрген адамдардың орта жасы 50-ден асып кеткен. Бірлі-жарым болмаса, олардың қатарында жастар жоқ есебі. Мұнымен қайда барамыз? Тағы Абайша айтсақ, «Қорқамын кейінгі жас балалардан». Мен де солай бүгінде қорқайын дедім. Мұның ақыры не болады? Ертең жерді игеретін, жерді еметін жас толқын таппай қалып жүрмейміз бе? Мына жерге кім еге болады? Енді оған Қытайдан адам жалдап, тасып жүрмейтін шығармыз. Осы сұрақ енді бүкіл қоғамды ойлантуы керек. Қарапайым еңбекті насихаттайтын, көтермелейтін заман келді. Ауылдағы жастардың басын біріктіру үшін баяғы қырыққа бөлініп кеткен шаруашылықтардың бастарын қайта қосып, ірілендіру керек. Өйтпей болмайды. Мұның бәрінің бірімен бірінің байланысы бар.

– Айтып отырғаныңызбен толық келісемін. Дегенмен, сұхбаттың соңын жақсы нотамен түйіндейік. Нағыз Сыр сүлейлері қаптап шыққан жерде туып-өскен кісісіз. Оңашада сол сүлейлердің қандай өлеңі көбіне ойыңызға орала кетеді?

– Мен мына Тұрмағамбет Ізтілеуұлы деген ұлы шайырымыздың назым сөздерін жиі оқып, есіме алып тұрамын. Өлеңдерінің біраз жерлерін жатқа да білемін. Мысалы, дәл қазір оның:

«Дүниеден өмірім бітіп, өтсем де өзім,

Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.

«Көре алмай кейінгіні кеттім-ау» деп,

Арманда болмай-ақ қой, екі көзім.

Жасымнан назым сөзге шебер едім,

«Өзімнен шебер кім?» деп кебер едім.

Әртүрлі хикая мен дастандардың

Ширатқан шым жібектен көгені едім», – деген жыр жолдары тілімнің ұшына оралып тұр. Дүниеде осындай ғаламат ақынның болғанының өзі дәтке қуат. Өлеңдерінен алатын нәріміз көп. Бәріміз де артымызда жақсы атымыз, жақсы ісіміз, жақсы сөзіміз қалса дейміз. Адамның өмірге келгендегі басты миссиясы да осы болса керек.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button