Руханият

ЖЫНДЫ КЕМПІР

Жыр жауһары

Өзгеше ме? Көзге ілме! Оны елеме!

Өсиет пе, білмедім, өнеге ме?

Ессіз кемпір естелік

айтып отыр,

Қазақшаны қақпайтын немереге.

 

Тауда сынақ болғанда, бауда сынақ

Қазақ кімге қол жаймақ сауға сұрап?

«Доча» дейді дүбәра

сол кейуана,

Подъездің алдына жайғасып ап.

Бір күн жайлы болғанмен, мың күн қайғы

Масқара ма маскарад?

Мыңқылдайды.

Сары ала қаз алдында сауысқан да,

Сауысқанның тілінде сұңқылдайды.

 

Шал шығады бір жақтан кемпір іздеп,

Кемпір шығар қалталы жемтік іздеп.

Еңкейеді екеуі: «Өзімізде

өзіміздің бұл күні еркіміз», – деп.

 

Шалдар бар да… жоқ қазір ақсақалдар,

Шалбар барда шошаңдар

бақ сақалдар.

Балақ деген қысқарып бара жатыр,

«Талақ!» – деген көбейіп жат сақалдар.

 

Шал шығады бір жақтан таяғы жоқ,

Ән шығады басы бар, аяғы жоқ.

Қақпа жаққа лақтырсаң

басқа жаққа,

Домалайды дүбәра баяғы доп.

 

Мұңаясың, құрбым-ау, сен несіне?

Сен мұңайсаң соғады жел де есіре.

Саған арнап гүл сатып

алар біреу,

Тағдырының ең соңғы теңгесіне.

 

Солмаса екен сол гүлің, тоңбаса екен

Өміріңді өр үнің қолдаса екен.

Кей дана да, тіпті анау кейуана да

Аман болсын, бақытсыз болмаса екен!..

Бүлінгеннен бүлдіргі

ап жүретін,

Жындылар да жындыға жолдас екен!..

Аманкүл ПІШЕНБАЙҚЫЗЫ

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button