ҚОЖА ҚАЛАМГЕРЛЕР ҚАУЫМЫ
(Соңы)
III
Енді осы дәуірлерде өмір сүрген тегі қожа ақындарға шолу жасап өтейік.
Абд әл-Әзиз Қази. Хасан Насиридің сөзіне қарағанда, ол жұртқа Қожа Хурд ныспысымен танылған. Өзі қожа Хәшеми Сердики екеуі жақын туыс көрінеді. Бірқатар уақыт Бұхарада қазы болып қызмет атқарады. Ол муамма жанрының білгірі дүмінде жұрт назарын өзіне аударды, аруз ғылымынан да жақсы хабары бар ойпаздығымен де құрмет тұғырынан көрінді. Дегенмен, шайырдың мирасы болып артында қалған жазба жырлары оншалықты көп емес. Сол сиректің бірін «Музакир-е ахбаб» жазбасының авторы тауып алып топтамаға қосыпты. Ол жазушының матла жанрында жазылған өлеңінен мынадай үзінді келтіреді:
«Шетте жүрсем, менде маза болмайды,
Елімде де алаң қылар сол қойғы.
Мазасыздық қала берер тұлғамда,
Жаным тәннен ажырамай тұрғанда».
Шайыр өлеңдерінің денін парсы тілінде жазған. Кезінде олардың кейбірін түркі тіліне өзі аударып отырған. Ал жоғарыдағы антологияларға кірген жырларының саны оншалықты көп бола қоймаған.
Абд ар-Рахим. Шейх Абд ар-Рахим Жүбәйри шайыр Қожа Садтың ортаншы ұлы, Қожа Исламның немересі еді. Бұхараның Жүбәйри деген ауданында қожа отбасында дүние есігін аттады. Тіршілігінде сондай-ақ Қожа Калал Қожа-Жүбәйри атымен де кең танылған ол 1589 жылы келместің керуеніне мініп кетті. Туған атасы – Қожа Мұхаммед Ислам Жүбәйри Бухари (1494-1563) нақшбандияның жүбәйри бұтағының ең алғашқы көрнекті қайраткері болды. Оның кезінде бұл бұтақтың билікке саяси және экономикалық ықпалы тиіп тұрды. Ол қожа қауымдастығының сайид тармағының аса танымал тұлғасы, жаһанға Мағзұм Ағзам атымен мәшһүр болған Ахмед Ходжаги Касани Дахбедидің төл шәкірті еді. Саяси тұрғыда Қожа Ислам Мәуреннахрдың билеушісі Абдулла II-нің орасан зор сеніміне ие болды. Ал Қожа Сад үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Ол қайтыс болғаннан кейін әкесі мұрасының негізгі бөлігі үлкен ұл – Тадж ад-Динге бұйырса, Абд ар-Рахимге үштен бірдей бөлігі берілді. Бірақ кенже ұл мен екі қыз әртүрлі бағалы заттардан басқа ештеңе ала алмай қалды.
Абд ар-Рахим сол жылдарғы Мәуреннахрдың саяси өмірінде аса үлкен орынға ие бола қойған жоқ. Кейін билікке Имам-Қули хан келген кезде оған тіпті елден кетуге тура келеді. Дәсәуілгіде ақын Меккеге баратын болып жолға шығады. Әйткенмен, Мерв арқылы ары асып, қажылыққа бармақшы болған ниетінен жолай ойламаған жерден тауаны қайтып қалған сияқты. Ол Исфаханға жеткеннен кейін бірнеше күн аялдайды. Мұның басты себебі, «Тарих-е Алам-Арайе Аббасиде» атап көрсеткендей, осында шахпен кездесуі пәтінен арна тартатынға ұқсайды. 1621 жылдың 14 шілдесінде Абд ар-Рахимді шынында падиша өте керемет етіп қабылдап, зор сый-құрмет көрсетеді. Алайда шайх осыдан кейін бірнеше күн сырқаттанып жатып қалады. Сосын шахтың тәбибтері (тәуіптері, дәрігерлері) оны емдеп, жазып шығарады. Аяғынан тік тұрғаннан кейін қожа ақын көп аялдамай, Бұхара қаласына қайтып келеді. Осы жерден ол бітімгершілік бастамашысы деген мәртебе алып, Имам-Қули ханмен бірге елшілік құрамында өзінің бауыры Надир-Мұхаммед ханға сапар сызады. Онда барғаннан кейін шейх, шамасы, біршама уақыт тұрып қалатын сияқты. Кейін ары қарай Үндістанға кетеді. Сол үнді жеріне 1626 жылы Мутриби келіп, Жихангир шахқа жолығады. Біз Самарқандидің «Тарих-е Жихангириінен» білгеніміздей, билеушімен еркін сұхбат құру барысында ол Абд ар-Рахимнің жағдайын да сұрайды. Сонда шах онымен осы кезге дейін кездесіп үлгергенін жеткізеді.
Мутриби жоғарыда аталған антологиясында шейхтың ақындық қабілеті мен ой өрісі хақында да сөз қозғай келіп, оның үнді жерінде жазған бірнеше бәйтін ұсынады:
«Мәсіх сөзбен тірілтсе егер өліні,
Жүз Мәсіхтің қалар содан көңілі».
Демек, Иса (Иисус) пайғамбар қайтыс болып кеткен бір адамға жан беріп, тірілтіп алар болса, оның жолын қуған мұраттас, мақсаттас, жақтас серіктерінің басым көпшілігі бұл әрекетті түсінбейді, оны қабылдай алмайды.
Бұдан басқа екі бәйті ақынның қартайған шағындағы көңіл күй әуені мен ой толғамы сыңайында жазылған секілді:
«Менің сенен сұрағаным сол ма еді,
Неге бұлай басынасың сен мені?»
«Күлкім келіп тұрмаса да, үреймен,
Кейде шектен шыққандай боп күлем мен».
Сол кездегі шежірешілердің бірі Наср ад-Дин Тура бин Әмір Мұзаффар әл-Ханафия әл-Хұсайын өзінің Бұхара маңындағы молалар мен оларда жерленген діни қайраткерлер мазарларын кеңінен суреттеуге арналған «Тухват аз-за`ирин» («Қажылық сыйы») деген мәнбесінде Абд ар-Рахимның 1626 жылы 64 жасында бақилыққа аттанып кеткенін баян етеді. Ол сосын Бұхараның батыс жағында 6 шақырым жерде орналасқан Сумитақ елді мекеніндегі зиратқа әкесінің қасына әкеп қойылады.
Абд ас-Самад. Түркістан өңірі Қазығұрт тауынының етегіндегі Тұрбат кентінде туып-өскен қожа баласы алдымен бірқатар уақыт Ташкентте оқып білім алады. Сол жерден Меккеге қажылыққа сапарына аттанады. Қасиетті Қағбаға тәу етіп қайтқаннан кейін ілкі ісіне оралып, Ташкентте оқытушылық-ағартушылық қызметін жалғастырады. Хасан Насири өзінің қолжазбасында Абд ас-Самадтың ғылым әлемінде санамалап айтатындай, орасан зор табыстарға жетпегенімен, оның барлық дерлік салалары бойынша тәп-тәуір хабары болғанын мағлұм етеді.
Арада бірқатар уақыт өткесін, оқымысты қажылық парызын екінші қайтара өтемек болып, тағы да Меккеге жол тартады. Алайда осы жолы ол діттеген жеріне ара алмайтын сияқты. Қалай дегенде де, шежіреші бұл туралы ашып айтпайды, барған-бармағанын анық атап көрсетпейді. Мұның орнына ол шиғыр шиырлайтын Абд ас-Самадтың жолай тек үнемі парсы поэзиясының классигі Сағдидің:
«Ей, бәдәуи! Сен Қағбаға жете алмассың бұл тұстан,
Тұр, өйткені, дәл жаныңда қасиетті Түркістан!»,
– деп төгіліп түсіп, ұран дабылдатып тұратын жыр жолдарын қайталай бергенін айтады.
Дегенмен, Шығыстың жеті жұлдызының бірі, парсы-тәжік әдебиетінің классигі Әбу Мұхаммед Мүслих ад-Дин Абд Аллах Саади Ширази (1210-1291) өлеңнің өрмесі бұл жерде бекер келтіріліп отырған жоқ шығар деген тұжырыммен Абд ас-Самадтың бұдан әрі сапар созбай қалғанын болжауға да болады. Алайда бір жайт айқын: ғалым ақын сол саяхаттың сорабынан соң Ташкентке қайтпай, Бұхарада тұрақтап қалып қояды. Мәнбенің мүлт кетпес жолдары оның өмірінің аяққы жылдары ұдайы сәтсіздік пен жетімсіздікке толы болғанын баяндап береді. «Музаккер-е ахбаб» жазылып біткен 1566 жылы Абд ас-Самад Бұхарадағы «Хафиз Диуан» медресесінде дәріс оқиды.
Бұған оның қаламынан туған мына жыр жолдары еніп үлгеріпті:
«Әркез сенің райханыңа бір көлеңке түскенде,
Бүкіл әлем қараң қалып, өртенемін іштен мен».
«Сенсіз менде жоқ қой тірлік, жарық күн,
Сен болмасаң, мен бір жүрген ғаріппін».
Алайда, зерттеушілердің айтуларынша, ақын шығармашылығының тақырыбы сан алуан болғанға ұқсайды. Негізі, жазғандарының басым бөлігі сақталмаған не жоғалып кеткен.
Абдулла Мехне. Түрікмен өвлеттерінің (қожаларының) белгілі өкілі саналған Әбу-л-Фазлдың үлкен ұлы. Түрікменстанның Иранмен шекаралас Мехне (қазіргі аты – Меане) деген ауылында туған. Ол ең әуелі ғалымдығымен танылған.
Хасан Нисари оқымысты ойпаздың көздері нашар көретін болғанын жазады. Ол өзінің антологиясына ақынның бірнеше ғазалы мен рубайын берген. Солардың арасындағы бір шумақ төрт таған былай деп сыр шертеді:
«Сенсіз болған түндерім – аза сынды!
Сенсіз болған күндерім – мазасыз-ды!
Сенен басқа жоқ менде шын жанашыр,
Тек екеуміз шын доспыз жарасымды!»
Нисари сонымен бірге, ақынның жасы ұлғайғанға дейін өмір сүргенін атап өтеді.
Әбди. Шын аты-жөні Абдулла Қожа Қабули өлеңдерін осы тахаллуспен жазған. Мутриби Самарқанди онымен 1587 жылы Бұхараның Шарбақ деген жерінде кездескен. «Тазкират аш-шуа`раның» авторы оның үйінде бір апта жатып, мейман болады.
Бірде Әбди қонағына Әмір Шахи Сабзаваридің ғазалына жауап ретінде матла шығарғанын айтады. Бұған елең ете қалған Мутриби оларды алдырып қарайды.
«Ақша бұлттар жөңкіліп кеп, ағыл-тегіл селдетті,
Хош иісі жасмин гүлдің алып кетті жер-көкті».
Ғазалының екі жолын осылай төккен Әмір Шахи (толық аты-жөні – Әмір Ақ-Мәлік бин Жамал ад-Дин Фирузкухи Сабзавари) Мәуреннахрға аты мәлім ақын, каллиграф, суретші және музыкант болған, кезінде Байсұңқар мырзаның қол астында қызмет істеген. Ол осы «Шахи» деген тахаллусы үшін оның сынына ұшырап, біраз уақыт тоң-теріс болысып жүреді. Бірақ соңынан Темірдің ұрпағы мұны кешіріп, екеуі қайта татуласып кеткен.
Айтулы ақынның осы екі жолына Әбди мынадай матла жазады:
«О, жарығым!
Сенің жүзің – жасминді де қызғанар,
Көздеріңде сол шалшықтан құрығанда сыз қалар».
Бұл кәдімгі эпиграммаға ұқсайды, пародияға келіңкірей қоймайды.
«Тарих-е Жихангирде» Әбдидің Хади Қожаның ұлы екені айтылады. Ол бірқатар уақыт Бұхара мен Самарқандта садр лауазымын атқарады. Бірақ таққа Имам-Қули хан отырған кезде оны жақтырмайтынын білдіріп, Үндістанға кетіп қалады. Сонда қожа Зайн ад-Диннің қызына үйленіп, 1625 жылы Жихангирге қызметке кіреді. Бұдан кейін Мутриби үнді жеріне бара жатқан жолында, Пешавар мен Нильабтың ортасына орналасқан Ноушахр қамалында Әбдимен жолығып қалады. Әбди бұдан Самарқанд пен Бұхараның қазіргі ахуалы туралы көп сұрайды. Қоштасарында Мутриби мен оның ұлы Мұхаммед Әлиге киім кигізіп,100 рупий үнді ақшасын береді.
Хасан Насири өзінің антологиясында тағы бір Әбди туралы жазады. Ол Әбди 1566 жыл шамасында Бұхарада тұрған екен. Бірақ тым ұзақ жасамай, қайтыс болған. Демек, оның жоғарыда айтылып отырған Әбдиге ешқандай қатысы жоқ сияқты.
Әбед. Бұл ақынның толық ныспысы – Қожа Мұхаммед Әбед Гиджуани. Енді Мутрибидің айтқанына құлақ түрсек, оның өте талғампаз кісі болғанын білеміз. «Тазкират аш-шуа`ра» авторы өзінің парақшасына оның ғазалдарын берген кезінде осындай тұжырымдар айтады.
«Аптап ыстық төнгенде төбемізге,
Келе алмаймыз жан жүдеп, келемізге.
Сүйсек егер сұлуды оған ғашық
Күн бермейді кейбіреу неге бізге?
Махаббаттан жүргенде тартып азап,
Әркімге бір боласың жалпы мазақ.
Дәптер алып қолыңа сондай пәйтте,
Өлең жазғың келеді арқырап-ақ.
Бұл дәптерде кепкендей көп кенезе,
Махаббатты жырлаймыз әттегене.
Көкіректе арман көп, Әбед, сірә,
Сені соған мына өмір жеткере ме?»
Хасан Нисари Әбедтің білімділігі Мұхаммед Фалгариға тең еді дегенді білдіреді. Сондай-ақ оның кита жанрында жазудың шебері болғанын айтады. Антолологияға шайхтың Хасан және Шахи деген екі жасөспірім туралы жазған китасы беріліпті.
Ақын 1566 жылы қайтыс болып, Гиджуанда жерленген.
Әзизи. Самарқанд қожасы Қасым Әзиз жырларының соңына осы лақаб атпен қол қойып отырған. Мутриби Самарқандидің мәлімдеуінше, ол шатты шаһардағы ең белгілі кісілердің қатарынан көрінген. Ұзақ жылдарын дүниенің біраз жерлерін аралап, саяхат жасауға арнаған. Өте адал, кіршіксіз таза адам болғандықтан, таныстарының көбі оған өздерінің алтын, күміс бұйымдарын, бағалы тастары мен әшекейлерін сақтауға сеніп тапсыратын болған.
Поэзияда Қасым Әзиз тек матла мен рубайлар ғана жазған. Ешқашан ғазал шығаруға талаптанып көрмеген. Мутриби антологияға оның мынадай бір шумақ өлеңін кіргізіпті:
«Оның құштарлығы – кебістің қысқанындай,
Менің қауқарымның жүз есе құшқанындай.
Енді айтсам бұдан артық, сөзім де шығын болар,
Мүбәда, айтылса наз, табанын сүюге бар».
Негізі, талғампаз, әсемпаз, кербез Әзизи өлеңге де солай қарап, өте сирек жазғанға ұқсайды. Ол тек өзін ерекше толқытқан, ой салған жайттарға қатысты ғана пайымдарын жыр тілімен беріп көруге тәуекел еткен.
Ахли Ширази. Шайх Мұхаммед Ахли Ширази Темір және Сафавид дәуірінде елге мәшһүр ақын әрі оқымысты ретінде танылған. Ол 1454 жылы Ширазда туған. Бірақ бала жасынан жоқшылықты көп көріп өскендіктен, кәләндарлық өмірге, яғни кезбелікке бейімірек болған екен. Сөйтіп жүріп, Шираздан Гератқа көшіп келіп, Хұсайын Байқараның (1469-1506) сарай ақыны болып алады. Ақынның Гераттағы әдеби ортаға белсене араласқанын Зайн ад-Дин Васефидің «Бадаи әл-вакаи» деген қолжазбасы айғақтай түседі. Бұл мәнбеде оның есімі көп мәрте аталады. Соның бірінде Ахлидің ақын Салман Саваджидің жасанды қасидасына бірнеше жаңа детальдар қоса отырып, таттабу жазғаны, оны Науайиге арнағаны баяндалады. Ал Мир Әли-Шер өз кезегінде ақынның бұл туындысын мақтап, бұл қасиданың Саваджидің жазғанынан да артық шыққанын атап өтеді. Бұдан кейін Ахли Герат шаһарынан да кетіп, Әзербайжаннан бір-ақ шығады. Онда елді 1478-1490 жылдары билеген аққойлы Якуб сұлтанның сарайында қызмет етеді. Ал таққа шах Исмаил I отырғаннан кейін соған қарай ауысады. Шах қайтыс болғасын, көп кідірмей Ширазға қайта оралып, бақилыққа кеткенше тұрады. «Хайр әл-байан» авторының жазуынша, Ахли өмірінің соңғы жылдарында өзін басқа әлемге арнап, бірөңкей мистицизммен айналысыпты. Ақын 1536 жылы 82 жасында дүниеден озады. Оның сүйегі ұлы Хафиздың (1389 жылы қайтыс болған) жанына қойылады.
Ахли Ширази өзі тұстас ақындардың арасында сөз өнерінің қыр-сырын өте жетік те шебер меңгерген зергер ретінде айрықша жоғары бағаланады. Ол бала жасында белгілі ислам ғалымы, теолог және шайыр Жалал ад-Дин Мұхаммед Асад Дауанидің (1427-1503) шәкірті бола жүріп, өлең ұйқасы, арузы және муамасы жөніндегі теорияларды жақсы үйреніп шығады. Сондықтан өлеңнің барлық жанрлары мен пішіндерінде қалам сілтеп көрген. Осы орайда Әбу-л Қасым Қазарунидің «Суллам ас-самауат» қолжазбасында оның «жасанды» өлеңдерді құлпыртып жіберетін шеберлігіне ерекше тәнтілік білдіріледі. Ақын Якуб Аққойлыға арналған «Шам`ва Парване» («Шам мен пәруана») деген мәснауи мен Исмаилдің құрметіне бағышталған «Сехр-е халал» («Рұқсат етілген сиқыр») деп аталатын 520 бәйттік топтама дайындаған. Сол жыдлары өзінің поэтикалық диуанын да шығарған.
Ахлидің шығармашылық мұралары арасында біздің дәуірімізге дейін жеткен жыр жолдары да бар. Соның бірі дидактикалық сарындағы мынадай рубай екен:
«Егер өзің байсалды сөз бен іске дес берсең,
Жұрт алдында қашанда көрінесің көктен сен.
Елмен қалай сыйлассаң, олар-дағы сөйтеді,
Өкпелеме бұған сен, бәрінің сол – өлшемі».
Келесі рубайы ақынның дүниеауи толғауына құрылыпты:
«Ойды-қырдың оябын талай кездім,
Талай жанның жүзінен арай көрдім.
Бірақ нағыз хас сұлу осы екен деп,
Бала емізген әйелге қарай бердім».
Тақырыпты осылай әдемі ашыпты. Мағынасы да терең, айтары да ауқымды. Оқыған адамның жадында бірден оңай жаттала қалады.
Зерттеу еңбектерге қарағанда, Ахли Ширази Орталық Азияда оншама кең таныла қоймаған сияқты. Олай дейтініміз, О.Ф. Акимушкин суреттеген 58 поэтикалық жинақтың тек үшеуінде ғана оның өлеңдері кездеседі. Бұл жинақтарда негізінен ақынның жекелеген бәйттерінен үзінділер ғана келтіріледі. Сонымен бірге, «Маджу`е-йе аш`ар» қолжазбасында бір мына ғазалы толық беріліпті:
«Саған деген құмарлықтан шарап ішіп, мас болдым,
Сөйтіп, бүкіл дүниеден азат еттім өзімді.
Сені аңсаған махаббаттан көздеріме жас толды,
Жанып жүрек, қоятұғын жер таппадым сезімді.
Егер менен қашар болсаң, шаштарыңа шырмалам,
Көкте жүрсем, тозаң болам өзің тұрған көшеде.
Таза су да болам бір сәт таудан төмен құлдаған,
Сенің әсем сарайыңды жаңғыртамын еселеп.
Бұрымыңа жүрек сырын айта алмайды Ахли,
Тілім саған тарақ болып жатса-дағы бас ұрып!»
Өлеңде өзінің атын келтіріп отырып жазу үрдісі заманында Шығыс ақындарының біразына тән болған. Шамасы, ол Низами Гәнжәуи өмір сүрген XII ғасырдан басталса керек. Соны Ахли де кей өлеңдерінде жалғастырып әкетеді. Ал оның кейінірек, XVIII ғасырда тірлік еткен түрікмен әдебиетінің классигі Мақтымқұли Фрагидің айнымас жазу үлгісі болғанын біз жақсы білеміз.
Ахсий. Толық аты-жөні – Мәулана Пайанде-ахун. Бұдан бөлек, «Шах Ахзави» деген де аты бар. Қадірменді сайид (сейіт) тайпасының өкілі, өзінің шығу тегін Хазіреті Әлидің ұлы Имам Хұсейіннен алады. Мәуреннахрдағы Ахсикенд деген жерде туған. Әуелі білімнің көзін Самарқанд пен Ташкентте ашып, Құранды талдап бере алатын білгір һәм хадистанушы болып шығады. Содан кейін Пайанде Балхқа аттанып, Мәулана Хурд Ахсикатидің жолын қуады. Соңыра ұстазының жетекшілігімен иршад дәрежесіне жетеді. Мәулана Хурд қайтыс болғасын, Бұхараға келіп, көптеген мүрид тәрбиелейді. «Мухит ат-таварих» жазбасының авторы Пайанденің суфизмнің нақшбандия ілімінің негізін қалаушы Бах ад-Дин Нақшбандтың бейітіне барған кезінде түсінде шайхтың өзінен бата алғанын баян етеді.
Мәулана Пайанденің қала ішінде өз ханакасы болды. Бұдан бөлек, Баки Мұхаммед хан (елді 1603-1606 жылдары басқарды) қала сыртынадағы Әли Сүлеймен көпіріне таяу жерден өзінің танымал ұстазының жолын қуушылар үшін ханака салдырды. Мутрибидің айтуынша, оның өзі осы ханаканың құрметіне бір қасида жазып, оны ахунға көрсеткенде, ол бұған сый-сияпат беріпті. Сол жерде Пайанде-ахун шалмасының арасынан бір қағазбен оралған түйіншекті суырып шығарады да, Мутрибиге ұсынады. Сосын бұл алғысын айтып, ораманы сыртынан сүйеді. Байқауынша, түйіншекте 5 г алтыны бар бір мысқал тәңгә бар сияқты. Ханаканың сыртында Самарқандиге бір танысы жолығады. Ол ахунның өзіне ақша бергенін естігенде, қатты қайран қалады. Себебі, осыдан сәл уақыт қана бұрын бір жесір әйел Мәулана Пайандеден өз істерін оңғарту үшін дұға оқуын сұрап, ақша беріп кеткен екен. Ахун сол ақшаны оқыған бір қасидасына бола мынаған бере салған сияқты. Осыдан соң түйіншекті жазып қараған Мутриби онда Абдулла ханның аты ойып жазылған бір мысқалдық ашрафи ақшасы тұрғанын көреді. Ал ханның бір мысқалдық ашрафи шығармағанын жақсы білетін бұл сонда одан бетер қайран қалады. Кейін шыдамай, оқиғаны басқаларға да айтады. Мұны естіген Қожа Абд әл-Кәрім деген кісі сол ашрафиді бойтұмар ретінде біраз ақшаға сатып алады.
Мутриби сөз орайында Пайанде-ахунның «тәтті де гүлді сөздерді» тыңдағанды өте жақсы көргенін, бірақ өзінің өлеңді сирек жазып жүргенін айта кетеді. Мутриби қаламынан туған «Тазкират аш-шу`ара» деген еңбекте ахунның суфизм сарынындағы мына ғазалын жазып алған екен:
«Саған деген махаббаттан жүрек сорлы бақытсыз,
әр сәт сайын көзден жасты парлатады шашып сыз.
Таң сәріде еңіреймін көріп сенің бейнеңді,
осы жылу ел-сел етіп, қыздырмайды-ау кеудемді.
Осы күні әз жүрегім сенен біраз жырақта,
түн де кейде сағынады үйімізді бірақ та.
Сенің кірпік-жебеңменен мұң-қайғыны қуып сап,
тұрсам деймін дәл жаныңда мәз-майрам боп, дұрыстап.
Махаббатқа барар жолда таппай қалам өзімді,
содан бері оймен сызып жүрмін әркез көгімді.
Ахсий қазір айрылудан азап шегіп жүрсе де,
қостар деген Құдай бізді үміті бар – бір төбе!»
Бұхара қаласында кезінде Пайанде-ахунға жасалған құрмет есебінде «Шах-е Ахсий» деген махалла болды. Осы махаллада ахунның өзі тұрғызған ханака да бар-тын. «Тухват аз-за`рин» авторы Мәулана Пайанденің керемет бір артықшылығы, осында отыз уақыт тұрғанында бір рет те өзінің айрықша асыл тектен шыққанын мақтан санап, аузына алып көрмегенін ерекше тебіреніспен еске түсіреді. Зерттеушілердің баяндауларына қарағанда, Ахсийдің ұстазы Мәулана Мир Хурд Әзизан тірлігінде әйгілі ғұлама ғалым, теолог Мағзұм Ағзамның жолын қуушы жақтастарының бірі болыпты. Одан тәлім-тәрбие алған Ахсий де адалдық пен әділдіктің жолынан таймай, әрдайым бойын таза ұстап өмірден өтеді. Ол 1601 жылы ақиреттік сапарға аттанып, қазіргі Ауғанстан жерінде тұрған Файзабад қаласындағы қалың қорымда мәңгілікке тыным табады.
Ашраф-хан. Толық номы – Мұхаммед Астар Ашраф. Ол Пайғамбар әулетінен шыққан. Ата-бабасы Герат пен Мешхедтің бірінде тұрған сайид (сейіт) болған. Ғылым әрі ақын. Оның ғылымның көптеген түрлерінен өте жақсы хабары бар-тын. Ал каллиграфия өнерінің шыңына шыққан. Тасқа басқандай болып жазылатын жазулары көп ішінде көлдей көлкіп көрініп келген. Бұл тұрғыда «жеті қолтаңбамен» жаза алатын қабілеті де бар еді. Шежіреші Кати`и Харави оны теңдесі жоқ мунши екенін айтады. Айтуына қарағанда, насх стилі жөнінде Ашраф арабтың сол дәуірге дейінгі ең таңдаулы каллиграфы саналып келген Йакуттан (1221-1298) бір де кем түспеген. Ал сульсе таңбасын салуда атағы жер жарған Абдулла (Абдаллах) Тәббахамен (1412-1476) дәрежелес болған, райхан жазуы мәнісінде Йакуттың өзінен асқан. Өмірінің екінші жартысында ол Үндістанға келіп, Ұлы Моғол империясының патшасы Әкбардың сарайында қызмет еткен. Оған сол бойда мир-е мунши дейтін лауазым беріліп, «Ашраф-хан» деген атақ тапсырылған.
Айта кету керек, Ашраф-хан тіршілігінде өз дәулеті өзіне жететін әжептәуір бақуат кісі болған. Ол сол байлығының арқасында үнді жерінің әр мүйісінен бір-бір үй салып алған. Сол тамдарының бірқатары кейін балаларына мирас ретінде таратылып берілген.
Кати`и Харавидің мәліметінше, Әкбар патшаның дәуірі кезінде берілген фирмандардың (пәрмен, бұйрық, жарлық) бәрі Ашраф-ханның қолымен жазылған. Кейін солардың бірі оның қолына түскен. Автор бұл жазбаның керемет сұлу, әдемі екенін тамсана айтады. Ол соңыра өзі құрастырып дайындаған антологиялық жинаққа Ашраф-ханның бірнеше рубайы мен матласын енгізіпті. Солардың бірі былайша тарқатылады:
«Махаббаттың діңгегі саф алтындай қоспасыз,
болып шықты, құрсанмын, сеніп тұрмын соқтасыз.
Енді өмірді арнаймын ғашықтыққа шынайы,
Менің одан тапқаным тек жақсылық ұдайы».
Ал мына бәйт былай толғайды:
«Қайғы бізді кеткеннен қарып-алқап,
Ұмытыппыз боларын шадыман шақ».
Ақын әрі ғалым Ашраф-хан 1575 жылы Үндістан жерінде өмірден өтті. Артында бірқатар өлеңдерімен бірге Құранның көптеген көшірмелері, алуан түрлі іс қағаздарының жазбалары қалды.
Бадри. Тахаллусын осылай таңдап алған ақынның шын аты-жөні – Фулад Қожа ибн Диуан Қожа. Ол Мир Хайдар Кабирдің ұрпағы болып саналады. Қасабиде өмірге келген. Мутрибидің айтуынша, Фулад-қожа өте талғампаз, кірпияз, таза адам болыпты. Ол өлеңге де сондай биік талғаммен қараған, не болса соны жырға қоса бермеген, әбден жан-жүрегін мазалап, көңілін толқытқан жайттар жөнінде ғана өз ойларын сүлей сөзге айналдырып отырған.
Фулад Қожа ел басқару ісіне де араласқан. Ол 1604 жылы Нәсәф уәләятына қарайтын Қасаби қаласының әмірі болып тағайындалады. Мутриби онымен Самарқандта Мир Қасым Нәккаштың үйінде ұшырасады. Осы жерде ол ақын Бадри рөліне еніп, соңғы кездері жазған рубайларын оқуға береді.
Солардың арасындағы бір төрт тағанның алғашқы екі жолы, яғни матласы мынадай екен:
«Жалғыздықтан жүрегім түн ішінде,
Кіріседі өзімді ірітуге».
Кейін Имам-Қули хан Фулад-қожаны Самарқандтың «шайхи әл-ислами» қызметіне қояды. Бірақ ол бұл орынға келгеннен кейін де поэзиямен шұғылдануды қоя алмайды. Сол себепті оның үйіне қаланың белгілі ақсүйектері, ғалымдар мен ақындар жиі келіп, бас қосып тұрады. Ал отырыстар ылғи жыр кешіне айналып кетіп жатады. Оның өзі ұйымдастырған осындай мәжілістерде мүшәйра болмай қалған кездер өте сирек кездеседі. Солардың бәрінде Фулад Қожа жыр сайысына қатысқандардың бәріне өзінің атынан жүлде – сый-сияпат беріп тұрады.
Самарқандта Баки Мұхаммед хан болып тұрған 1603-1606 жылдары Бадридің өткір рубайлары жергілікті тұрғындар арасына кеңінен тарайды. Соның бірін Мутриби тағы бірде Мир Қасым Нәккаштың үйінде жазып алса керек.
Жыр шумағы былай төгіледі:
«Ақ жүзіңде бір қалы бар қызғалдақтың кейпіндей,
Бір бойжеткен кездесуден қашты менен менсінбей.
Содан кейін бетім қатты қайтып қалса керек-ті,
Сене алмаймын енді онымен жолығуға кезекті».
Фулад Қожа өмірінің соңғы жылдары біресе Самарқандта, біресе Бұхарада, біресе Қасабиде тұрады. Ал 1627 жылы Алланың панасынан жай табады.
Баязид Пурани. Герат түбіндегі Пуран деген жерде туған. Толық аты-жөні шайх Жәлил ад-Дин Әбу Саид Пурани еді. Ол – Сұлтан Әбу Саид Пуранидің ұлы, Жалал ад-Дин Әбу Йазидтің немересі. Ақындық дарынымен қоса, өте танымал каллиграф болған. Ол нәстәлликті Сұлтан-Әли Машхадидің стилімен керемет етіп жазған. Бұхарадағы ескі жұма мешітіндегі михраб та соның қолымен істелген. Баязид Сұлтан-Әлидің стилімен кита да дайындаған. Онысы түпнұсқадан ешқандай айырмасыз болып шыққан.
Кезінде атақты тимурид әулетінен шыққан ақын әрі әмір Сұлтан Құсайын Байқара оның мүриді (шәкірті) болған. Ол жылына бір-екі рет мүршидіне арнайы келіп, сәлем беріп, ақыл-кеңесін алып кетіп тұрған. Алайда 1507 жылы билікті басып алған Мұхаммед Шайбани шайхтың Гератқа келіп тұруына мүмкіндік бермей қойған. Кейінірек қаржының жетіспеушілігінен, тағдырдың теперішінен Пураннан кетіп, Синдке барған. Онда ол үлкен құрмет пен зор қошеметке ие болған.
Баязид ақын ретінде үш поэтикалық диуан құрастырып шығарады. Онда шайырдың Жәмиге қатты еліктейтіні байқалады. Дегенмен, ойларының бәрі өзінің болмысы мен қасиетін білдіреді. Осындай байлам жасаған Хасан Нисари «Музаккер-е ахбабта» оның матла жазудағы өзгеше шеберлігіне мән беріп, арнайы тоқталып өтеді. Ол соның айғағы ретінде ақынның мынадай өлең жолдарын жинағында атап көрсетеді:
«Тірліктерінде бір-бірін жүретін еді жамандап, тегі,
Өлгеннен кейін бәрінің бірігіп кетті амал дәптері».
Әли-Шер Науайидың «Маджалис ан-нафаис» деген антологиясында Баязидті еске түсіруге арналған «Шайх-заде-и Пурани» деген жазба бар. Онда шайх Әбу Саид Пуранидің «ұрпағы» жайлы сөз қозғалады. Бұдан әрі «оған әулиеліктің мұрагерлік жолмен екі атадан кейін келетіні» айтылады. Науайи оның ақындық талантына жоғары баға береді, сонымен бірге каллиграф ретінде қайталанбас маман екенін ескерте кетуді ұмытпайды. Антология құрастырылып жатқан кезде Пурани әлі тәліб еді, соған қарамастан, үлкендердің назарына ілініп үлгерген. Осылардың бәріне тоқтала келіп, Әли-Шер Баязидтің поэзия әлемінде де өз орны бар екенін мына рубаймен жеткізеді:
«Бұл дүниеде саған ғашық менен асқан мұңды жоқ,
Сенен жылу таппағасын қалдым енді жынды боп.
Жан сырымды айтар едім мас адамдай сенделіп,
Бірақ оны тыңдауға мәрт таппай тұрмын пендені…»
Баязид Пурани өмірінің соңын Қандағарда өткізеді. Ол 1515 жылы жазатайым үй төбесіндегі шатырдан құлап қалып, соның зардабынан өмірден өтеді.
Бақи. Ол адам ретінде жұртшылыққа Қожа Әли Хафиз Бақи ныспысымен белгілі болды. Аймаққа белгілі Хафиз Гуйанде деген кісінің ұлы. «Тазкират аш-шу`араның» авторы Бақи туралы «оның даусының сұлулығы құстың ұшуы мен судың ағын тоқтатады» деп бейнелей жазды. Хафиз Бақи жас кезінде Әбу-л-Хайр Сұлтан бин Жауанмард Әли-ханның қарамағында қызмет етіп, зор беделге ие болды. Шежіреші ақын Мутриби өзінің жоғарыда аталған кітабында шайырдың мынадай рубайын мысалға келтіреді:
«Ай секілді ақ жүзіңе ынтықпын,
Құлы болам сенің қара көзіңнің.
Сен жалт етіп қарасаң-ақ бір түп гүл
Бүр жарады сәулесінен сезімнің».
Бір жолы шарап ішу отырысы кезінде жанжал туып кетіп, Мырза Сұлтан Мұрад есімді сарбаз Бақиға пышақ салып алады. Сонда алған жарақаты салдарынан ақын қайтыс болып кетеді. Сүйегі Мәреннахрдағы ірі мемлекет және қоғам қайраткері, суфизмнің нақшбандия тармағының рухани лидері Қожа Ахрардың (1404-1489) жанына қойылады.
Бидели Самақанди. Бұл – Қожа Мұхаммед Шәмшигәрдің поэзиядағы лақаб аты. Мутриби Самарқандидің жазуынша, Бидели керемет ұста болған кісі екен. Ол, әсірісе, өз дүкенінде небір керемет семсерлер мен қылыштарды қайрап шығарыпты. «Сондықтан оның жырларының тілі де тап осы семсердей өткір де уытты болып келеді», – дейді автор бұдан әрі. Алайда оның Мир Афзалға арнаған эпиграммалары тілінің соншалықты өткір де анайы шыққаны сондай, Мутриби одан үзінді берудің өзін қолайсыз көріпті.
Зерттеуші мұның орнына Биделидің тартымды бір матласы мен рубайын оқуға ұсынады:
«О, жүрегім!
Шарапхана құмырасы толса тоза шарапқа,
Бізге Қыдыр неге керек, түспейміз бе тозаққа?»,
– деп екі жолдық алғашқы өлең өрімі өрілсе, рубайда осымен үндес ойдың төрт тағандары нұсқасы беріледі.
«Бұл өмірде мұң мен қайғы көп, тегі,
Дімкәс ділді сақтай алар тек сенім.
О, жүрегім! Еңіреме, күллі әлем
Шемен-шерден бола алмай тұр шеткері!»
Бұл шайыр жөнінде бізге дейін жеткен деректер осы. Жазбаларда оның өмір сүрген жылдары да, тұрған жерлері де айтылмайды. Қай уақытта қайтыс болғаны да белгісіз. Тек XV-XVI ғасырлардың түйіскен шамасында шығармашылықпен айналысқанын шамалауға болады.
Қорытып айтқанда, кейін Мәуреннахр мен Түркістан өңірлерінде түркі поэзиясы жаңаша қарқынмен, жаңаша бағытта дами түсуіне біз сөз еткен XV-XVI ғасырлардағы әдебиет үрдістерінің қосқан үлесі айықша көп болды. Ол бұдан бұрынғы X-XII ғасырларда басталған араб әдебиеті ықпалының бұрынғыдан да күшейген жылдарына айналды. Сол ен апат процестің ішінде қожалар әулетінен шыққан қалам қайраткерлері де аз болған жоқ.
Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,
Серік ПІРНАЗАР
«Үш халифтің ұрпағы» кітабынан
Анықтамалар
Қасыда – Шығыстың бір ырғақпен, негізінен көпірме мақтау немесе дидактика сарынында жазылған ұзақтау лирикалық өлеңдер пішіндерінің бірі.
Аруз – түрік және парсы поэзияларына араб әдебиетінен ауысқан көп және аз буынды өлшемдері алмасып келіп отыратын өлеңдер құрылымы.
Бәйт – түрік және парсы поэзиясының аяқталған бір ойды білдіретін екі қатарлы егіз ұйқас жолды шағын өлеңі. Ол өзі жеке өлең болғанымен, кейде оның бірнешеуі қосылып, рубай, ғазал, қасыда секілді өлеңдер пішіндерін құрауы да мүмкін.
Ғазал – парсы поэзиясындағы алғашқы екі қатары ұйқасатын, осы ұйқасы бұдан кейінгі екінші бәйтінде кездесіп, одан әрі де ұшырасып тұратын өлең пішіні. Мұндағы ең алғашқы жартылай өлең – матла, ал одан кейінгілері магта деп аталады.
Мәснәуи – парсы поэзиясындағы әрбір тұрған екі жолы ұйқасып кете беретін өлең жанры.
Рубай – төрт тағаннан (қатардан) тұратын лирикалық өлең. Әдетте оны «екі бәйттен құралатын жыр» деп те атайды.
Муамма – парсының сөз ойнату арқылы құрастырылатын әдеби жанры. Ол бір әріптен басталатын сөздерден құралуы мүмкін.