Қазақстан темір жолдарында үш бағытта әйелдер вагондары пайда болды
АСТАНА. 10 маусым. Қазақстанда әйелдер вагондары тағы үш бағытта қатынайтын болды. Бұл туралы orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің дерегіне сәйкес, әйелдер вагондарына сұраныстың артуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ қозғалыс географиясын кеңейтуді жалғастырып келеді.
«Мұндай вагондар №3/4 «Астана – Алматы», №33/34 «Алматы – Ақтөбе» және №71/72 «Астана – Шымкент» бағытындағы үш пойыздың құрамына енгізіледі», – делінген хабарламада.
Пилоттық режимдегі қызметтің бұл түрі 2021 жылы қолданысқа енгізілді. Әйелдер вагондарындағы қозғалыстың жайлылығын бірінші болып No77/78 «Алматы – Маңғыстау» және No351/352 «Алматы – Өскемен» пойыздарының жолаушылары атап өтті.
Компания 2022 жылдың ақпан айынан бастап әйелдер вагондарының санын арттыруды қолға алды. Ондай вагондар No37/38 «Маңғыстау – Семей», No47/48 «Астана – Атырау» және No45/46 «Павлодар – Түркістан» бағыттарындағы пойыздар құрамдарына да қосылды.