Кремль Орталық Азияға өз ықпалын жоғалтты: оған Тәжікстан да мінез көрсетті
ДУШАНБЕ. 8 маусым. Ресей Федерациясы Орталық Азия елдерін енді бұрынғысынша өз дегенімен жүргізе алмайды, бұл жолы бұған оны Тәжікстан танытты. Бұл туралы ресейлік ресурстар дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Кремль РФ-ға ұдайы қарсылық көрсетіп келе жатқан Орталық Азия елдеріне өзінің ықпалын енді қайта орната алмайды», – делінген хабарламада.
Алдымен Қазақстан Беларусьтің Одақтық мемлекет құрамына кіру жөніндегі ұсынысына әдемі тойтарыс берді, ал кеше Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіруден бас тартудың кезегі Тәжікстанға да келді.
Кеше, 7 маусым күні Тәжікстан сыртқы істер министрі Шохин Самади Душанбенің ЕАЭО-ға қосылуға ниетті емес екенін атап өтті, деп жазады The Moscow Times.
РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Тәжікстанға жасаған сапары барысында Орталық Азияның Ресей мен Батыстың арасындағы текетірестің жаңа майдан шебі болып отырғанын әңгімеледі. Ол өз сөзінің орайында Тәжікстанға ЕАЭО-ға қосылу жөнінде ұсыныс жасады.
Мәскеу жаушысының айтуынша, Батыс «бұл өңірдің саяси-экономикалық ландшафтын» өз бауырына басып алуға құштар болып отыр екен-міс. Ал Мәскеу Душанбенің тап РФ-ны таңдап алғанын қатты қалап отыр.
Самади өзінің сөзінде Батыстан дәл мұндай ынтаның айрықша байқалмай отырғанын айта келіп, Тәжікстанның ЕАЭО құрамына кіру жөнінде ұйғарымы жоқ екенін мәлімдеді.
Жалпы, Ресей 2015 жылдан бері Душанбені Одаққа кіру жөнінде үздіксіз үгіттеуде, ал Тәжікстан соңғы уақыттары мұның орнына Қытаймен сауда-саттығын еселеп арттыра бастады.
Қазіргі таңда Тәжікстанның РФ-мен тауар айналымы 25 пайыз болса, Қытаймен 18 пайызға жетті, алайда бұл көрсеткіш жыл сайын Бейжіңнің пайдасына қарай артып келеді. Мысал үшін айта кетейік: Қырғызстанның Қытаймен сауда қатынасы бүгінде 40 пайызды құраса, ол Өзбекстанда – 22, Қазақстанда 18 пайыз мөлшерінде болып тұр.
Бұдан бұрын Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде ақша жоқ екенін тұспалдап айтқан РФ президенті Владимир Путиннің өзін келекеге айналдырып жіберіп еді.