Бүгінгі таңда халқымыздың санасы қатты өзгерген. Байлық пен барлық адами құндылықтың алдына шықты. Адамгершілік қасиеттер, ар-ұят, жүректің тазалығы мен имандылық байлықтың тасасында қала бастады. Елдегі бай адам «жақсы адам» атанып, жоғарыға сол отыратын болды.
Әрине, халықтың бәрі жеке мүдде мен байлықтың соңында емес, имандылық жолына түскендер де артып келеді, бірақ негізгі бөлігі соған ауып кетті. Өкіметтің өзі де сондайға ғана мойын бұрып бара жатыр. Байлығы жоқ адам бұрынғының білімі, қабілеті жоқ адамының қатарына саналуға жақын. Дүние-мүліктің соңына көзсіз түсіп, шылқыған байлық жиюды ата-бабасынан бері мұрат еткен еврейлердің «ақылды болсаң, неге бай емессің» деген нақылына ұюшылар көп. Депутаттардың дені, өкімет қызметіндегі лауазымды шенеуніктер негізінен байлардан тұратын болды.
Байлықтың бәрі таза жолмен жиылған емес, еңбекті саумай, епті сауып, қолынан келгенде, қоншынан басып жинаған дүниелер. Қаншасы пара алып ұсталып, қолға түсіп жатса да арам ақшаны жиюға қолы жеткендер соншалық құмар болып кеткен. Байлық бәрінің де басы, бәрін де жеңеді деген қағида қалыптасып қалды. «Бар жақсы байлықтан да, билiктен де, Әр iстi ақша бұзар килiккенде!..» демекші, ақша, байлық төрге шыққанда шындық та, шыншылдық та, кісілік те, кішілік те кейінге шегінді. Коммунистік құрылыстың жалғыз артық жері – байлықтан жиіркенуді қалыптастырған қоғам орнатып еді. Әсіресе, сталиндік қанды қасап жылдарында қолы жеткендер жақсы ішіп-жемді қаласа да байлықты қорландырмаған. Бұған үнемі қорқыту, заңның қаттылығы бір себеп болса, екінші жағынан қоғамда сананы байлықтан жиіркендіруге тәрбиелеумен, насихаттаумен, таза еңбекті бағалаумен қол жеткізілген. Кіп-кішкене бөбектерден бастап мектеп оқушылары тегіс бай адамды жек көруге тәрбиеленетін. Ал пионер, комсомол дегендер онымен күресуге шақырылатын. Кімде-кім байлық жинаған жанды көрсетсе, ұрлық қылғанды әшкерелесе – нағыз патриот, нағыз азамат осылар деп дәріптелген.
Енді байлықты аңсап, оны көксейтіндер саны жылдан жылға артып келеді. Мұндай жағдайда мемлекетшілдік, тіпті отансүйгіштік те кейінгі қатарға сырылуда. Отыз жыл бойы Н.Назарбаевтың жүргізген саясаты байлықты қордаландыруға бағытталды. Бір кезде тіпті қол астындағы әкім-қараларға ол «байыңдар, байы көп мемлекет қана бай болады» деген ұран тастаған. Бірақ бұл байлық мемлекетті қанау, тонау жолымен ғана келетінін білімі тайыз, қарымы қысқа Назарбаев ұқпады… Жекеменшіктің байлығы мемлекетті ешқашан байытпайды. Тек бай мен кедейлер сияқты екі антогонистік таптар тудырады және оларды бір-бірінен алшақтата береді. Байдың байый бергені кедейдің кедейлене беруіне соқтырады. Өйткені, «жоқтан бар пайда болмайды, бар жоғалмайды» деген қағидат бар. Түсіну үшін барлық ұлттық байлық бір млрд деп алсақ, соның ішіндегі байдың үлесі артқан сайын кедейдің үлесі кеми береді. Алшақтық екі таптың бір-біріне деген жеккөрінішін, өшпенділігін де оятады. Қазірдің өзінде байлар баймен ғана құда болғысы келетін болыпты. Қызы кедейдің баласына немесе ұлы кедейдің қызына үйленсе, байлар кедей құдаларымен «сыйыса алмай зорға жүреді». Тіпті артынан жастардың ажырасып кетуіне де себеп болып жатады.
Мемлекет бай болса ғана ел байиды. Өйткені, мемлекеттен төленетін еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы, түрлі төлемдер мен төлемақылар артады. Назарбаев өзінің қысқа қарымымен ойлап, мұндайды арттырсақ инфляция да артады деп шошынды. Керісінше қолдарындағы ақшасы сатып алу қарымын арттырса, елде тауарға, дүниеге, қызметке сұраныс артатынын, айналыс ұлғаятынын, соның арқасында экономика да дамитынын шал мен шалдың экономистері ойламады. Олар басы артық ақшаны тек тыға беруді, баяғыша сандыққа сақтап қордалай беруді ойлады. Халықтың мүмкіншілігін шектеп, үнемі кедей халде ұстау кеңестік кеңкелестік саясат екенін ұқпады. Тиімді айналыста болмаған соң қаражат инфлияцияның кесірінен жылдан жылға құнсыздана берді. Ақыры сол сандықта сарғайып қалған миллиардтарды Тоқаев жұмсап, бірден үш облысты ашты. Бұл да өте жақсы шешім емес, бірақ популистік және ақшаны бір іске пайдаланудың себебі болды. Жаңа ашылған облыстардың әрқайсында шамамен 5 мыңдай мемлекеттік қызметкер мен азаматтық қызметкер бюджеттен орта есеппен 300 мың теңгеден алғанда барлық шығын айына 5 млрд теңгедей болады. Бұл тек еңбекақының ғана шығындары, бұлардан басқа облыстардың инфрақұрылымдық шығындары 30-40 есе артық. Осынша ақшаны Назарбаевтың өкіметі айына мұғалімдердің, дәрігерлердің еңбекақысын көбейтуге, түрлі жәрдемақылар, шәкіртақылар мен зейнетақыларды арттыруға жұмсағанда ғой елде тауар айналымы ұлғайып, экономика арта беретін еді. Ал Назарбаев үнемі «кризис келе жатыр, белді бекем буыңдар, шығынды азайтыңдар» деп халықты қорқыта беруді ғана білді.
Назарбаевтың жүйесі нағыз мемлекетшіл кадрларды биліктің барлық сатысынан біртіндеп шеттетті. Тіпті мемлекеттің күзетіндегі, сана сезімі мемлекетшілдікті ғана көксейтін мемлекеттік органдардың да белсенділігін барынша төмендетіп жіберді. Соның ішінде ҰҚК (КГБ) атты аса жоғары элиталық құрылым да бар. Оған Кеңес кезінде бірнеше жыл бойы бақылаудан өтіп, електен еленіп шыққан саналы, білімді ата-ананың тәрбиесін көрген жастарды ғана тартатын. Назарбаев бір жылы сол құрылымға полицияның ішіндегі коррупциясы ең жоғары бөлігі – ОБХСС дегенді қосты. Қазіргі жастар біле бермейтін болғандықтан бұл аббревиатура: «Отдел борьбы с хищением социалистической собственностью» болып айрылатынын айта кетейік. Заңның қатты жылдарында мемлекеттің мүддесі үшін жан аямай күрескен бұл құрылым Брежневтің кезінен дүкеншілерді, қоймаларды, базаларды, базарларды тексеріп, дүкеншілер мен сатушыларды, солардың бастықтарының үстінен қожаңдап, пара да алып, ақшаның тәтті дәмін татып қалған қулар болатын. Ал Назарбаев осы құрылымды ҰҚК-не қасақана қосқан сияқты. Өйткені, ҰҚК мемлекеттің тоналып жатқанына қарсы шығып, Назарбаев өкіметіне қайта-қайта ақпараттар жаудыра берген болуы керек. Оның ішінде мемлекеттің мүддесіне жанашыр болғандықтан, қарсылықтарын да ашық білдірген болуы мүмкін. Тәуелсіз басылымдар да олардан алған жабық ақпараттарды халыққа жеткізіп жатты. Ал бұлар Назарбаевқа жақпады, сондықтан ҰҚК құнын түсіріп, өздерін де сыбайластықтың батпағына батыру үшін оларды ОБХСС-ке қосқан сияқты. Сөйтіп мемлекеттің мүддесін ғана қорғайтын ұйым енді Назарбаев пен оның қыздары, күйеу балалары, туыстары, құдалары және басқа да жекжаттарының күзетшісі болып кетті.
Мемлекеттің мүддесі үшін қатты күресетін, жемқорлықты есеп-қисап құжаттарын тексеру жолымен әшкерелейтін Қаржы бақылау қызметі деген де ұйым бар еді. Бұлар бухгалтерлік есеп арқылы жемқорлықты әшкерелейтін бірден бір маманданған бақылаушы орган болды. Жемқорлар өздерінің жұтқандарын құжатпен көрсете алатын осы ұйым болғандықтан одан өлердей қорқатын. Міне, Назарбаев соны да құртып, ақырында аудиторларға айналдырып жіберді. Аудитор ішкен-жегенді емес, есептегі қателіктерді ғана табатын, мемлекеттің мүддесінен гөрі кәсіпорын мен мекеменің бухгалтерлік есебін түзеуші, қателіктерін көрсетуші ұйым…
Жақсыбай САМРАТ,
жазушы