Руханият

ӨМІРДІҢ ӨЗІ – ӨНЕГЕ

Бірінші топтама

Публицист, жазушы Бейсенбай Сүлейменовтің «Сырлы әлем» кітабынан үзінді естеліктер жариялап отырмыз.

ҚАЛАМАҚЫ

Мереке қарсаңында газетке бір топ ақынның өлеңдерін бердік. Мен ол кезде «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жауапты хатшымын. Оқушылардың жазған туындыларына қаламақы қойылмайтын. Ал ересектер қарық болып жататын.

Бөлмеме Кеңшілік бастаған бір топ ақын сау етіп кіріп келді.

– Бейсеке, барлығына қаламақы қойыпсың да, мені ұмытып кетіпсің, – деді Кеңшілік Мырзабеков.

Қасында – Жарасқан, Ибрагим,Ұлықбек. Ал өзімізде қызмет істейтін Тынышбай Рахым мен Дәуітәлі Стамбеков есіктің сыртында күтіп тұр.

Шынында да қаламақы қоюды ұмытып кетіппін. Кеңшілік ағамнан кешірім сұрап, есеп-қисап бөліміне анықтама жазып бердім. Кінәм бар, қаламақыны белгіленген мөлшерден үш еседей артық жаздым.

Сәлден соң әлгі жігіттер бөлмеме қайта кірді.

– Бейсеке, ендігі жолы тағы да ұмытып кетші, – деді Кеңшілік кеңкілдей күле, қолымды  қысып тұрып.

 

«ОЛ ПЕШКА ҒОЙ…»

Республикаға танымал журналист Алпысбай Шымырбаевпен біраз жыл қызметтес болдым. Өзінің ешкімге ұқсамайтын Қожанасырға ұқсас болмысы, әзіл-қалжыңы, аңғалдығы мен бір айтар жартылау қалжыңы жүретін.

Бір күні  шағым айтпақшы болып, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші хатшысы Серік Әбдірахмановтың қабылдау бөлмесіне келіпті.

Хатшы қыз оны ішке кіргізбейді.

– Ең алдымен баспасөз секторына – Жүнісбек Сұлтанмұратовқа жолығыңыз, бізде тәртіп сондай, – дейді.

– Ол пешка ғой, – дейді Алпекең Жүкеңді менсінбей.

Комсомолдың да қылышынан қаны тамып тұрған кез. Амал қанша, салып ұрып, сектор меңгерушісінің бөлмесіне келеді. Сол екі аралықта хатшы қыз Жүнісбекке телефон шалып, болған оқиғаны айтып үлгереді.

– Е, Алпеке, төрлет. Бірақ біз пешкамыз ғой, – дейді  Жүкең селқос әрі ренжіген кейіппен.

– Сен пешка болсаң да, тақтаның үстінде тұрсың ғой, – деген екен сол кезде Алпекең…

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button