Денсаулық күзетінде тұрған әулет (фото)
Отбасы болу, саналы ұрпақ тәрбиелеу – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Қоғамның жақсы болып қалыптасуы отбасының әрбір мүшесіне байланысты. Бүгінде әр салада бірге қызмет жасап, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан мұндай әлеуетті әулеттер аз емес.
Сондай отбасылардың бірі – медицина саласында қызмет атқарып жүрген қызылордалық Балмахановтар шаңырағы. Отағасы Ерғали Балмаханов 1978 жылы Қарағанды медицина институтының педиатрия факультетін бітірген.
Ерғали Рүстемұлының өзінің саналы ғұмырында облыстық туберкелезге қарсы диспансерінде абыройлы қызмет етті. Бүгінде зейнет жасында. Жұбайы Бақыт Қаппарқызы қалалық №4 емханада дәрігер-фтизиатр болып қызмет істейді.
Балмахановтар әулеті бүгінде 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Әулеттің үлкендері ұлдан өрбіген 3 немеренің бабын тауып, тату- тәтті ғұмыр кешуде.
Сыйластықпен ғұмыр кешіп, тату-тәтті өмір сүріп жатқан Балмахановтар отбасы ұжымға да сыйлы, абыройлы, елдің алғысына бөленген.
Бүгінде отасқандарына 40 жылдан асқан берекелі де көпке үлгі шаңыраққа зор денсаулық, бақыт, байлық және жұмыстарына тек сәттілік тілейміз.
Жансая НҰРҚОЖА
Қызылорда қаласы