Осечкин: Путин енді Ресейдің өз ішінде теракт жасауға жүгінеді
МӘСКЕУ. 11 наурыз. Ресей құқық қорғаушысы РФ президенті Владимир Путин таяу арада ел ішінде лаңкестік әрекеттер жасаттыруға көшеді деп дабыл қағып жатыр. Бұл туралы ресейлік бірқатар оппозициялық сайттардың деректеріне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ресей билігі қоғамда украиндарды жеккөрінішті жауыз етіп көрсетуді күшейте түсу үшін елдің ішінде теракт ұйымдастыруға жүгінуі ғажап емес.
РФ биылғы жылы «Рязань қанты 2.0» операциясын қайталауға әрекет жасап қалуы әбден кәдік. Бұған әбден машықтанып алған Кремль арнайы қызметі ұйымдастыруы ықтимал мұндай терактілер мен арандатушылықтардың тәуекелі қазір өте жоғары болып тұр.
Өткен жылғы 21 тамызда орын алған ресейлік путинист философ Александр Дугиннің қызы өз автомашинасы ішінде жарылып кеткені әлі ұмытыла қойған жоқ. Куәлардың айтуынша, көлікке тантық пәлсапашының өзі отыруға тиіс екен, бірақ соңғы сәтте басқа автомобильге мініп кеткен ол аман қалыпты да, тізгінді ұстаған 29 жастағы қызы Дарья Дугина көп ұзамай Land Cruiser Prado көлігімен бірге опат болыпты. Артынан бұған елдің қауіпсіздік қызметінің қатысы бар екені білініп қалған еді.
Gulagu.net компаниясының негізін қалаушы Владимир Осечкин YouTube-тағы «Ходорковский LIVE» ресурсына берген сұхбатында өзінің осындай қаупі жайында ашып айтты.
«Путиннің 2023 жылы тағы да «Рязань қанты 2.0» терактісін пайдалануы мүмкін екені жөнінде үлкен қауіп бар. Путин үшін барынша қолайсыз болып отырған ахуалды бұзып-жарып, өзгертіп жіберу үшін тағы да терактілер жасалатын болады. Себебі, қазір армияның 25 пайызы қауқарсыздықтың құрсауында тұрса, РФ қарулы күштері офицерлерінің 27 пайызы Украинаға шабуыл жасау жөніндегі бұйрықты орындаудан бас тартуда, Ресейде адамдардың орасан көп бөлігі соғысқа қарсы, ондай адамдардың саны барған сайын артып келеді, түрмелердің бәрі белсенділермен толып жатыр, ал биліктен қорықпайтындар ашықтан-ашық соғысқа қарсы шығуда. Қарапайым тұрғындар соғыстан әбден шаршады, енді ол жайында ештеңе естігілері келмейді. «Пропаганда» ресейліктерді «арнайы операция» деген сандыраққа сендіру үшін алға тартатын аргументтерін тауысып бітті… Олардың айтқандары түкке жарамай, шашылып қалуда. Майданға әлі көп адам керек, ал әскери комиссариаттар алдында топырлап тұрған ынталылар жоқ», – деді Осечкин өз сұхбатында.
Оның пайымынша, путиншіл жымысқылар азаматтық нысандарды жарып жіберіп қана қоя салмайды, олар сондай-ақ, мысалы, су көздерін улап тастауы мүмкін немесе тағы сондай адам айтса сенгісіз жауыз әрекеттерге қол ұрады. Мұның бәрі халықтың Украинаға деген өшпенділіктерін өшірмей, ылғи үдете түсу үшін керек.
«Ресейде күн өткен сайын бұл соғысты тоқтату керек екенін түсініп келе жатқан тұрғындар көбейіп келеді. Ал Путин үшін соғысты тоқтату – өзінің өлімімен тең. Соғыс тоқтаған кезде, сөз жоқ, оның билігі де бітеді, соғыстың тоқтауы оның өлімін жеделдетеді, құрығанда Гаага сотының түрмесіне түседі… Сол кезде Ресейдің өз ішінде оның рейтингі бірден құлдырап құлап, билік басына басқа адамдар келеді», – деп ағынан жарылды құқық қорғаушы.
Бұған дейін Осечкин таяуда Брянск облысында орын алған ресейлік арнайы қызмет қызметкерлерінің арандатушылық операциясын әшкерелеп, оның жалғандығын айдай әлемге паш етіп берген еді.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.