Курск облысында Путин режимімен күресетін қарулы топ пайда болды
КУРСК. 11 наурыз. Ресейдің Курск облысындағы украин жерімен шектесетін Плехово селосынан Путиннің режимімен шайқасуға дайын екендерін білдірген қарулы жасақ шықты. Бұл туралы «Диалог.ua» сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Қалай дегенде де, аталмыш елді мекеннен осыны айғақтау мақсатында түсірілген видео қазір әлеуметтік желіге тарап жатыр. Онда әскери киімдер киіп алған қарулы жігіттер тобы өздерінің Кремль билігіне қарсы күресуге әзірленіп жатқандарын баяндап, оларға әлі талай «сый-сияпат» көрсететіндеріне уәде береді.
Роликтің Украина шекарасына жақын жерде орналасқан Суджан ауданындағы Плехово селосында түсірілгені белгілі болып отыр.
«Біз Курск облысында әрекет етуді жалғастырамыз. Бүгін Путин армиясын нығайтуға мәжбүр етіліп жатқан азаматтардың бәріне айтарымыз: біз сендерге қарсы өте көп «сыйлық» дайындап жатырмыз. Сондықтан бәріңізді жақындағы екі аптада жұмысқа шықпауға үндейміз, жұмысқа ереуіл жасаңыздар, ал ең дұрысы – бізге келіп қосылыңыздар, бәріміз бірігіп Ресейдің азаттығы жолында күресетін боламыз», – деп мәлімдеді видеоға түскен жігіттер.
Атап өтуіміз керек, өткен аптада жау аннексиялап алған Қырым жерінде пайда болған «Әтеш» («Атеш») автономиялы ұяшығы қарулы өкілдерінің видеосы әлеуметтік желіде тараған болатын. Олар түбекке «украин көктемінің» келуі қарсаңында белсенді қимылға көшкелі жатқандарын мәлімдеді.
Тағы бір жайт, 2 наурызда Ресей билігі Брянск облысына «украин диверсанттары» шабуыл жасағанын айтып, дабыл қаққан еді. Бірақ арада көп өтпей, бұл операцияны РФ-ның қауіпсіздік қызметі (ФСБ) ұйымдастырғаны паш етіліп, олардың қулық-сұмдықтары жүзеге аспай қалды.
Ескерту!
rast.kz сайтының кез келген материалын редакцияның арнайы рұқсатынсыз көшіріп алып жариялауға тыйым салынады. Плагиат жасаушы «Авторлық құқық туралы» Заңға сәйкес қудаланады.