Путин Киевпен келіссөз жүргізудің шарттарын атап өтті
МӘСКЕУ. 18 қазан. Ресей президенті Владимир Путин Украинамен келіссөз жүргізу үшін өзінің алға тартатын шарттарын атады. Бұл туралы ТАСС ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Диктатордың айтуынша, Киев алдымен Мәскеумен келіссөздер жүргізуге тыйым салатын жарлықтың күшін жоюы керек.
«Мен тағы да айтамын. Біз [келіссөздерге] оралуға дайынбыз. Келіссөздерді біз үзген жоқпыз», – деді Кремльдің қожайыны.
Путин айтып өткендей, Украина тарапы бұған дейін Ресеймен бұдан былай келіссөздер жүргізбейтінін мәлімдеген болатын, осыған орай Украина президенті Володимир Зеленьскийдің мұндай келіссөздерге тыйым салатын жарлығы шыққан.
«Декрет жұмыс істеп тұр ғой. Олай болса, бұлар ең алдымен осы декреттің күшін жойып алсын. Оны айтудың өзі күлкілі. Барлығы бізді келіссөз жүргізуге шақырып жатыр, ал украин тарапы келіссөздер жүргізуге тыйым салып қойған, неге бұған ешкім назар аудармайды? Бұл – күлкілі жағдай», – деді Ресей патшасы.
Бұған дейін Путин Ресей тек Ыстамбұлда ұсынылған құжаттар негізінде қақтығысты бейбіт жолмен шешуді талқылауға дайын екенін айтқан болатын.
Ресей мен Украина делегациялары арасындағы соңғы бетпе-бет келіссөздер 2022 жылы 29 наурызда Ыстамбұлдағы Долмабахче сарайында өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Ресей делегациясының мүшесі Владимир Мединский келіссөздердің Кремльге Украинаның НАТО-ға кіру бағытынан бас тарту ниеті барын білуге мүмкіндік бергенін айтты.
Нәтижесінде келіссөздер тоқтап қалды.