Қазақстан Президенті АҚШ Мемлекеттік хатшысымен кездесті
АСТАНА. 28 ақпан. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен кездесіп, екеуі бір жарым сағаттай уақыт әңгімелесті. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы өз кезегінде америкалық дипломатқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық байланыс орнаған уақыттан бері екі жақты және көп жақты форматта өзара тиімді іс-әрекеттер жолға жүзеге асып келе жатқанын атап өтті.
«Сіздің сапарыңыз стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беру тұрғысынан өте маңызды. Қауіпсіздік, энергетика, сауда және инвестиция секілді маңызды стратегиялық салалардағы сенімді әрі ұзақ мерзімді серіктестік қатынастарымыз өте жақсы. Сондықтан біз бұл ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Құрама Штаттардың тәуелсіздігімізді, аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді тұрақты түрде берік қолдап келе жатқаны үшін ризашылығымды білдіргім келеді», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы экономикалық ынтымақтастық жөнінде айта келе, АҚШ Қазақстанның 62 миллиард доллардан астам инвестиция құйған ірі инвесторларының бірі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың сыртқы саяси ведомстволары жетекшілері кездесуінің Астанада өтуі маңызды екеніне тоқталып, Құрама Штаттардың С5+1 форматындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған күш-жігерін құптады.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтып, өз елі басшысының дұғай сәлемін жеткізді.
«30 жылдан астам уақыт ішінде қол жеткізген елеулі табыстарды екі жақты деңгейде дамыту, серіктестігімізді тереңдету және нығайту маңызды. Тек соңғы жылдары біз осы бағытта маңызды әрі жаңа жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің қарым-қатынастарымыз берік және байланыстарымыз күшейе түседі. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Сонымен қатар, бүгін Астанада Орталық Азиядағы серіктестердің басын қосқаныңыз үшін Сізге және Сіздің ұжымыңызға алғыс айтамыз. Әріптестеріміз – сыртқы істер министрлерімен бірге аймақты біріктіруге бағытталған берік әрі тығыз қарым-қатынас жасау, нақты мәселелерге назар аудару жөніндегі жұмыстарға атсалысамыз деп үміттенемін. Бұл Орталық Азия халықтары мен Америка Құрама Штаттары үшін пайдалы болады деп ойлаймын. Біз ең жоғары деңгейде өзара іс-әрекет жасауға ниеттіміз. Мен осында келгеніме және ынтымақтастығымызды нығайтуға өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын», – деді Энтони Блинкен өзінің сөзінде
Сонымен қатар Америка дипломаты Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерге жоғары баға берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джо Байденге жүрекжарды сәлемін жолдады.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы осы қабылдау алдында Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездескен болатын.