АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға ұшып келді
АСТАНА. 28 ақпан. Бүгін таңертең Астанада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстандағы ресми сапары басталды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Құрама Штаттар сыртқы істер ведомствосы басшысының бұл сапарына қазір бүкіл әлем жұртшылығы тапжылмай көз тігіп отыр. Ал Ресей мен Қытайдың тіпті алыстан дүрбі салып, кездесудің барлық ырға-шырғасына дейін бақылап қарайтындары айдан анық.
Ақ үйдің жоғары лауазымды елшісінің Қазақстанға келіп қайтатыны 24 ақпанда ғана белгілі болды. Содан бері мың толғанысты бастан кешіп жатқан қазақ елінің де аталмыш сапар қорытындысынан күтері аз емес. Соның ең бастысы Ресейдің алдағы уақытта болуы әбден ықтимал агрессиясынан (егер украин соғысынан сайланып шыға алса) қорғана білуге кепілдік алу, екіншісі басқыншы елге деген саяси және экономикалық тәуелділіктен біртіндеп қашықтай түсуге бағыт ұстау болса керек.
Newtimes.kz порталының атап көрсетуінше, Bloomberg агенттігінің аға репортері Иэн Марлоу өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Орталық Азия мен Үндістанға сапары шеңберінде Астана, Қазақстанға жаңа ғана келіп қондық», – деген жазба қалдырды.
Шетелдік бұқаралық құралдарының өкілдері Астана ауа райының суық екенін бірден жазып жатыр.
«Блинкен Орталық Азияға сапарын Қазақстаннан бастады, ол түнгі сағат екіде мұздақты Астанада жан-жақтан еңкілдей соққан желмен бірге күтіп алынды. Ауаның температурасы Цельсий бойынша минус 8 градус, 48 сағаттан аз уақыт қалған Делимен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылығы бар», – деп атап көрсетті AFP тілшісі Шон Тандон.
Бұл АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Қазақстанға бірінші сапары болып отыр.
Мәртебелі мейман Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуден кейін Орталық Азия елдері сыртқы саясат ведомстволары басшыларымен С5+1 форматында кездесу өткізетіні күтілуде.
Энтони Блинкен Астанадан кейін Өзбекстанға бет бұрады. Одан әрі сапарын Үндістанда жалғастырады.
Халықаралық бейбітшілікті қолдайтын Карнеги қорының аға ғылыми қызметкері Темур Умаровтың пікірінше, Блинкен бұл сапарында Орталық Азия елдеріне ықпал етіп, Украинадағы соғысқа қатысты позициясын нақтылауға көндіруге күш салуға тиіс.