Таным

«Тірнегімнен тезге түсіп, тасқа салдым топшымды»

Белгілі ақын-қайраткер Шаһизада Әбдікәрімовпен сұхбат

«ЖЫЛДАРЫМ-АЙ… ЗАМАНАМЕН ҮНДЕСКЕН!»

– Шәке, менің басқа кейіпкерлеріме қарағанда, екеуміз бір-бірімізге көп жақынбыз. Біз – Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде бірге оқыған курстастармыз. Сондықтан әңгімемізді «сен» деген сарында жүргізсек қалай болады?

– Әрине, дұрыс. Оған сөз бар ма! Келісемін. Әңгіменің сеністікті сипатта жүруі үшін бұл керек те шығар. «Қазақ вальсінің королі» Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Ақ сұңқарым» әнінің айтулы ақын Мұзафар Әлімбаев жазған сөзінде «Сіз» деген әзіл сөзден шошып қалсаң, «Сен» дейін баяғыша ақ сұңқарым», деп шырқалмаушы ма еді! Сонда айтылғандай, ара-тұра «сен» десіп сөйлесейік.

– Олай болса, сұхбатты жақында Түркияда өткен халықаралық поэзия фестивалінде лауреат атануыңмен құттықтаудан бастағым келіп отыр. Бұл – жалғыз сенің ғана емес, күллі қазақ поэзиясының, керек десеңіз, тұтас әдебиетіміздің үлкен жетістігі. Осылайша сонау жасөспірім шағыңнан күні бүгінге дейінгі елу жылға жуық уақыт өлең өлкесіне сіңірген еңбегіңнің бір бағасын алған екенсің. Құтты болсын!

– Әумин. Рахмет! Мен алдымен түркі дүниесі ақындарының аталмыш фестивалі 1992 жылдан бастау алатынын айта кетейін. Ол кейде екі жылда бір өтеді, кейде қаржыға байланысты созылып та кетуі мүмкін. Бірақ ары кетсе, үш жылда бір қалайда өтіп тұратыны анық. Сонымен бірге фестиваль әр жолы әр елде өткізіліп тұрады. Бұған дейін аталмыш шара Түркиядан бөлек, Франция, Македония, Болгария, Грекия, Әзербайжан, Қазақстан елдерінде кереге керді. Бұдан екі жыл бұрын біздің Түркістанда жалау көтерген дүрегей додаға мен де шақыру алдым. Оған менен басқа қазақтың осы кезге дейін бір деңгейден түспей, дарабоздық дәргейін жоғалтпай келе жатқан талантты ақыны Ұлықбек Есдәулет те қатысты. Ал жыр жарысы ұстанатын басты шарт, қандай мықты болса да, оны өткізіп отырған ел ақындарына лауреат атағы берілмейтін еді.

Биыл фестиваль 13-ші рет қанат жайды. Басында оның айдын шайқайтын айпарасы ретінде Ташкент таңдалыпты. Бірақ өзбектер соңғы сәтке дейін созып келіп, ақырында жалт беріп кетіпті. Жасыратыны жоқ, бұл елде халықаралық ұйымдарға деген сенбестіктің, күдікпен қараушылықтың табы әлі бар. Мынау соның салқыны болса керек. Содан кейін Анкара билікті қайтадан өзінің қолына алып, Эдирне қаласында құрылтай құрды. Бұл – Түркияның еуропалық бөлігінің солтүстік-батыс қапталында, Ыстанбұлдан 235 шақырым жерде, екі қапталында Грекия және Болгария мемлекеттерімен шекараласатын аумақта орналасқан өте көне шаһар. Қазір мұнда 140 мыңға жуық халық тұрады екен. Бір замандары Византия империясының Адрианополь деген елді мекені болған. Болгарлар оны «Одрин» деп атаған. Ежелгі Фракия жерінде бой көтерген қаланың негізін Рум императоры Адриан қалаған. Сондықтан оның атын алған. Ал Еділ бойындағы Аштарханнан шығып, Балкан түбегін жаулаған оғыздардың ұрпағы – османлылар Болгарияны алғаннан кейін 1362 жылы бұл кентті де өзіне қаратып, оған «Эдирне» деген ат берген. Кейін Осман империясының тұңғыш астанасы еткен. Бұл қалада 1432 жылы сұлтан Мұрат II-нің ұлы Мехмед II Фатих дүниеге келген. Сол Мехмед 1453 жылы 21 жасында осы жерден қол бастап барып, Константинопольді 43 күн қоршаудан кейін алдынан ақ жалау алдырып шығарады. Қаланы қаратқаннан кейін оны «Ыстанбұл» атандырады. Анадолы түбегін османлылар осыдан кейін толық басып алған. Түркия тарихында Эдирненің осындай орасан зор орны бар. Біз сондай әруақты қалада бас қосып, жырдан жауһар жаудырдық.

– Дұрыс екен. Ал фестивальге ақындардың қатысу мәселесі қалай шешілді?

– Мұнда пәлендей құпия нәрсе жоқ. Ұйымдастырушы жақ шақыруды өз мойнына алады. Мені, мәселен, Түркістанда өткен фестивальде Түркия Жазушылар одағынан келген өкілдер байқап қалыпты. Олар сол жерде Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетінің мамандарына менің өлеңдерімді аудартып, өздерімен бірге алып кеткен. Бұған қоса, мен жайлы Қазақстан Жазушылар одағынан сұрастырыпты. Солардың негізінде фестивальге шақыру алдым. Қазақстаннан менімен бірге Бауыржан Қарағызұлы деген жас ақын барды. Шынын айтқанда, ол біздегі өте мықты ақындардың бірі екен. Өзім өлеңдеріне бек тәнті тұрдым. Орта Азияның түркі тілдес мемлекеттерінің бәрінен өкілдер қатысты. Ресейдің Татарстаны мен Башқұртстанынан да ақындар келді. Барлығы 30 мемлекеттен 100-ден аса ақын үш күнге созылған фестивальдің көрігін қыздырды.

Жыр бәсекесінің бірінші күні бәріміз өлеңдерімізді оқыдық. Әрине, әрбіріміз өз тілімізде. Сол кезде маған ұйымдастыру комиссиясының көзі түсіп жүрген болуы керек, олардан арнайы адам келіп, өлеңдерімнің бәрін алды да, тез арада жолма-жол аудартты. Сол күндері Эдирнедегі университеттер мен лицейлерде кездесулер өткіздік. Фестивальдің соңғы күні маған «Сіздің өлеңдеріңіз ұйымдастыру комиссиясына ұнап жатыр» деген жылы хабар жетті. Бірақ мен бұған оншалықты мән бере қойған жоқпын. Дегенмен, іште үміт жоқ емес-тін. Себебі, мұнда келгелі өз шамамды байқап қалғанмын. Несін жасырайын, осындағы мықты ақындардың бірі екенімді, шыны керек, сездім.

Түйсігім бос кетпепті. Ақырында фестивальде жүзден астам үміткердің арасынан лауреат атағын алған үш ақынның қатарынан табылдым. Сахнаға бірінші Ирактың ақыны шақырылды, екінші мен көтерілдім, үшінші болып Македонияның шайыры тұғырға шықты. Бұл екеуінің аттарын ұмытып тұрмын. Үшеумізге үш ақынның есіміндегі сыйлық табыс етілді. Маған Ахмет Нишат атындағы аталымның лауреаты деген атақ берілді. Жанында жақсы сый-сияпаты да бар. Негізі, фестивальге кіл талантты ақындар жиналыпты. Мысалы, татардың Рамис Әймат деген ақыны өрелі көрінді. Бізден оншақты жас кіші екен. Қырғыздың «Ел ақыны» Қарбалас Бакиров пен Алтынбек Исмайыловты бұған келгенге дейін білетінмін. Өзбектің Қасиет деген ақыны фестивальге өз бетінше келіпті. Яғни, оны мұнда ешкім жібермеген. Түрікменстанның Аршагүл деген ақын қызы да талантты екенін танытты. Маған, бірақ, бәрінен де Иран ақынының өлеңдері көбірек ұнады. Түріктің өз ақындары да өте мықты екен. Алайда, әлгінде айтқанымдай, фестивальдің басты шарты бойынша, өз елдерінде өтіп отырғандықтан, олар лауреат атана алмайтын еді.

Күллі Орта Азияда аталмыш халықаралық фестивальдің сыйлығын бұған дейін Тұманбай Молдағалиев ағамыз ғана алыпты. Ол бұған 1992 жылы өткен бірінші сайыста-ақ қол жеткізген. Сол жолы қазақ ақынына Физули атындағы сыйлық табыс етілген. Содан кейін Тұран аумағында лауреат атанған ешкім болмапты. Сөйтіп, бұл өңірде Тұмағаңның абыройлы жолын жалғастырып, Түркияның осындай үлкен сыйлығын алған екінші ақын болып қайттым. «Қуанған мен қорыққан бірдей» деген рас-ау, мен осының қуанышын әлі өзінің толық дәрежесінде сезіне алмай да тұрған сияқтымын.

– Менің пайымдауымша, бұл АҚШ-тың Пулитцер, Англияның ағылшын тілді жазушыларға арналған Букер, француздың Гонкур әдеби сыйлықтары секілді беделді жүлде болуы керек. Сенің осындай жетістікке жеткеніңе өте қуаныштымыз.

– Рахмет, Сәке! Басқа – басқа, ал курстастарымның менің жетістігіме қуанатынын баяғыдан білемін ғой. 1974 жылы КазГУ-дің ескі бас корпусындағы № 364-аудиторияда оқуға түскендер қатарында менің атым аталған кезде болашақ курстастарымның қуана қол соққандарын ұмытқан жоқпын. Содан бері ылғи олардан қолдау көріп келе жатырмын. Ал айтылып отырған сыйлықтың түркі елдері ақындарының ең үлкен тартуы екені рас. Бізде қазір мәртебесі жағынан осыдан жоғары награда жоқ.

– Қазір қарап отырсам, түрік әдебиетін оншалықты терең біле қоймайды екенмін. Кешегі кеңес заманында ақын Назым Хикметті, сатирик жазушы Әзиз Несинді, жазушы Яшар Кемалды ғана білуші едік. Қазіргі заманғылардан Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктің туындыларын оқыдық. Өте бай тарихы бар түрік әдебиетін тереңірек зерттеп, шығармаларын қазақ оқырмандарына жеткізіп тұратын уақыт болған жоқ па?

Жөн сөз. Біз бұл жағынан көп нәрсені жіберіп алдық. Бірақ әлі де кеш емес. Оның үстіне, қазір түрік тілін жақсы білетін әдебиетші жастарымыз көп. Енді олар бұрынғыдай қардаштарымыздың туындыларын орыс тілі арқылы емес, түпнұсқадан аударатын болады. Бұған да тым көп қалған жоқ. Бұл үшін алдымен мемлекет тарапынан, яғни министрліктен тапсырыс болуы керек. Онсыз аударма туындыны шығару да, тарату да оңай емес.

Шын мәнінде түрік поэзиясының әлемде өзіндік орны бар. Оларда кезінде Ахмед Недим, Таджеддин Ахмеди, Фазыл Даглараджа, Денгиз Дагыджы деген күшті ақындар болды. Мен олардың кейбірінің өлеңдерін оқығанмын. Бірақ түріктердің поэзиясынан гөрі прозасы анағұрлым мықты. Өзің де білесің, Нихаль Атсыздың қазақ тіліне аударылған «Қасқырлар» деген романы, Яшар Кемалдың орыс тіліне аударылған «Арық Мехмед» деген хикаяты болды, кезінде солардың бәрін сүйсіне оқығанбыз. Бір ризалық лепесің, Түркияда әдебиетті дәріптеу баяғыдан өте жақсы жолға қойылған. Мысалы, біз сөз етіп отырған фестиваль Түркия Жазушылар одағының ұйымдастыруымен, Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен өткізілді. Бұл елде ақын-жазушылардың беделі қазір де жоғары. Кітап оқу өте биік деңгейде. Көше бойларында, парктер мен скверлерде, қоғамдық көліктерде күнделікті газет-журнал, кітап оқып отырған адамдарды кезіктіру оншалықты таңсық нәрсе емес.

– Кейін білдік, біз бұрын парсы ақыны санап келген орта ғасырлардың өкілі Жалаладдин Руми де түркі шайыры екен.

Иә, Жалаладдин Румидің тегі түркілік. Ол қазіргі Тәжікстан жеріндегі Вахш қаласы маңында 1207 жылы туған. Әкесі суфизм уағызшысы Баха ад-Дин Валид моңғол шапқыншылығынан қашып, түрік-селжүктердің Конья қаласына барады. Сонда көп ұзамай сарай қызметкерлерінің қатарынан табылады. Ал 1231 жылы ол өлгеннен кейін ұлы Жалаладдин оның сарайдағы орнын басады. Түріктің қазіргі заманғы классик жазушысы Орхан Памуктің «Қара кітап» деген романына Румидің өмірі бір сюжет болып енгізілген. Бірақ орта ғасыр ақыны, өзінің Шығыстағы басқа да тұстастары сияқты, өз өлеңдерін негізінен парсы тілінде жазған. Жалпы, ол кезде түркі тілдес ұлыстардың ұлы ақындарының бәрі дерлік өз шығармаларын негізінен парсы тілінде жазатын болған. Мәселен, өзбек ақыны Әлішер Науаи, әзербайжан шайыры Низами Гәнжәуи. Жасыратыны жоқ, ол уақытта парсы жазуы дамып кеткендіктен, түркі халықтары әдебиеті мен басқа да рухани құндылықтарын сол тілде жазып қалдыруға дағдыланған. Бұл тұрмақ, біздің Тұрмағамбет Ізтілеуұлының өзі «Рүстем-Дастан» поэмасын аударғанда парсының стильдері мен сөздерін сол қалпында пайдаланған. Оның авторы Әбілқасым Фирдоуси «Шахнаманы» парсы тілінде шығарған. Бірақ бұл шығармада үлкен бір қателік бар. Оны оқып отырсаң, өңкей Иран жеңе береді, Тұран жеңіліп қалады. Тарихи шындық олай емес қой. «Тұран» дегені – түркі халықтары. Олар заманында қызылбастарды табанына таптап отырған. Ал X ғасырда сұлтан Махмуд Газневи өзінің ата-бабаларының тарихын суреттеуді тапсырғаннан кейін Фирдоуси ұзақ дастан жазуға отырған. Негізі, «шахнаме» сөзі «патшалар тарихы» дегенді білдіреді. Сосын ақын сұлтанға жағыну үшін Иран жағын кіл жеңімпаз етіп бейнелеген. Бұл, сөйтіп, мадақ жыры, яғни дифирамбылық сипатта жазылған шығарма болып шыққан. Бірақ өзінің тарихи ауытқулықтарына қарамастан, бұл нағыз ұлы туынды саналады.

Енді түрік әдебиетінің тарихына келсек, ол аса бай. Оның басы дедем Қорқыт жайлы аңыз әңгімелерден, сол кездерде пайда болған «Көроғлы» дастанынан, Қожа Насреддин туралы тәмсілдерден, хикая әңгімелерден, тұрмыс-салт жырлары мен әзіл-қалжың ертегілерінен басталады. Осы жерде айта кетейін, түріктер Қорқытты «дедем» деп әспеттесе, әзербайжандар «дәдәм» деп көкке көтереді. Түріктер өзінің ұзақ жылдарғы поэзия қалыптастыру жолында парсының масневи, касыда, гөзел деген поэтикалық формаларын да бойларына сіңіре білген. Ал түркі тілінде алғаш жаза бастаған ақындар қатарында XIII ғасырдың өкілі Ахмед Факих болды. Ол «Тағдырлар кітабы» деген жыр жинағын селжүк-түріктердің тілінде жазып шыққан. Факихтің шәкірті Шейад Хамза «Юсуф-Зелиха» дастанын өмірге келтірген. Дәруіш ақын Юнус Эмре гимн-өлеңдерімен және оппозициялық бағыттағы жырларымен мәшһүр атанды. Жаңа айтылған Руми мен оның ұлы Сұлтан Велед те осы тұста түрік тілінде бірнеше жыр толғаған. XIV ғасырда ақын Ашик-пашаның «Қаңғыбастың кітабы» атты жыр жинағы кеңінен танылды. Сол уақыттары түрік поэзиясында лирикалық сарындағы «түркүи кошма» және қайғылы сипаттағы «хулы ташлама» деген жанрлық жырлар, әзіл-қалжың әріндегі, орыстың частушкасы байыптас «мани» шумақтары қалыптасты. Сөз орайында айта кетейін, белгілі бір әуенге салынып айтылатын мұндай шытырман шағыпалма шумақтар біздің Сыр бойында да ертеден бері бар. Басында осындай тепсеңдер тербелісінде тепсініп жетілген түрік әдебиеті соңыра ілкі ізінің іргесімен бұдан кейінгі дәуірлерде ұдайы дамып отырды. Оның текке кетпегенін біз бүгінгі түрік әдебиеті қол жеткізген жетістіктер арқылы білеміз.

– Қазіргі түрік ақындарымен таныстығың қалай?

Біршама таныспын. Мен, мәселен, Мехмед Куртоғлыны білем, Эркал Ибрагимді, Ахмет Ялчинкаяны білем. Бұлардан басқа тағы бірқатар ақындар жырларымен таныспын. Түріктің қазіргі заманғы танымал шайырлары қатарында мен білетін Орхан Вели, Мелих Джевдет Андай, Зия Осман тәрізді сұңғыла сөз зергерлері де бар.

Сөз орайы келгенде, Мелих Джевдет Андайдың орыс тіліне аударылған мына өлеңін де оқып берейін:

«Я поэт,

я люблю и закат и зарю.

Людям только хорошее я говорю.

Девушкам я говорю о приданом,

веткам засохшим –

о ярких листьях.

О будущем говорю мальчуганам,

узникам – об амнистии.

Я мог бы еще о многом сказать,

но труднее это дело – лгать».

Байқап отырғаныңдай, түріктер де біздер сияқты өлеңнің соңғы түйініне ерекше мән береді. Өлеңнің көтерер жүгін сол концовкада көрсетеді. Алайда, мен осы жерде бір ақиқатқа назар аударып, салмақ сала кеткім келеді. Шынын айтқанда, жаһанда қазір тап қазақ поэзиясының ұйқасындай, қазақ поэзиясының гармониясындай, қазақ поэзиясының ішкі құрылымындай бірде-бір поэзия жоқ. Оны іздеп таба алмайсың. Мұндай жыр жиһазы басқа елдерде ертеде де болмаған. Керек десең, бір заманда бүкіл ғалам мақтаған парсы поэзиясы да біздің поэзиядай бола алмайды. Туа-бітті ақын болып шығатын ақын жанды қазақтың жыр әлемі бәрінен де жоғары тұр.

– Мұныңмен келісемін. Өзің түрікше білесің бе? Түркияға қаншама барып жүргенде, ептеп тіл табысатын деңгейде меңгерген шығарсың?

– Тіл сындыра алатындай түрікшем бар. Бірақ ағып сөйлеп кете алмаймын. Негізі, ден қойып, ниет етсең, үйреніп кететін тіл ғой. Қалайда бізбен түбі бір екені анық білініп тұрады.

– Түрік шайырларының назымдарын қазақ тілінде сөйлету ойыңда жоқ па?

– Бар. Мәселенің үстінен дөп түсіп отырсың. Мен, жалпы, аударма саласынан бұл кезге дейін біршама тәжірибе жинақтап алдым. Қырғыз ақыны Акбар Рысқұловтың біраз өлеңін аударып бердім. Бұдан басқа да аудармаларым бар. Олардың өзі қазір бір жинаққа толып қалды. Бүгінде соларды бір ізге салып, жинақтап, реттестіріп жатырмын.

– Анадолы жерінде болғаныңда көңіліңе айрықша ұнаған не нәрсе? Жалпы, біз түрік қардаштар өмірінен қандай өнеге алуымыз керек деп ойлайсың?  

– Мен осы уақытқа дейін Түркияға қатарынан 9 жыл барған екенмін. Биыл белгілі бір себептермен бара алмай жүргем. Міне, фестивальдің аяқ астынан түрік жерінде өтетін болып шешілуіне байланысты сол дәстүрім өзінің жалғасын тауып, 10-шы рет барып келіп отырмын. Былай қарағанда, Еуропа мен Азияның арасын қосып тұрған Түркия – түркілер дүниесінің Еуропа жеріндегі бір пұшпағы сияқты. Ол – Еуропаға көбірек еліктейтіндігіне қарамастан, мұнда байырғы түркі әлемінің өзіне тән стилін сақтап қалған айрықша арал. Қарап тұрсаң, Түркия халқының өзінде қарапайымдылық, мейірімділік басым, онда Еуропа жұртына тән салқындық, менмендік жоқ. Табиғаты керемет. Адамдары сол табиғатқа сай үйлесіп тұр. Осыларға қарап, «бұл бір Алланың түріктерге берген ерекше сыйы шығар» деп ойлайсың. Өйткені, 80-ші жылдары Түркияның қандай мемлекет болғанын бәріміз білеміз. Ол Еуропадағы артта қалған ел еді. Ақшасына дейін сабан болып кеткен, миллион лирге бір бөлке нан ғана келетін. Ел кейін Тұрғыт Озалдың кезінде ғана еңселерін көтере бастады. Түркияны 1983-1991 жылдары басқарған бұл президент сәтті жүргізген экономикалық реформаның арқасында ішкі жалпы өнімнің деңгейін 1908 жылғы Осман империясы кезіндегі жоғарғы деңгейге дейін жеткізді. Келесі президент Сүлейман Демирель 1993-2000 жылдары елді басқарғанда бірқатар экономикалық реформалар жүргізіп, индустрияның дамуына үлкен серпін берді. Оның кезінде «түтінсіз фабрика», яғни туризм керемет даму жолына түсті. Ал қазір Анадолы жерінде туризмнің қалай қауырт өркендеп кеткені күллі әлемге белгілі. Енді келешекте барлық түркі халықтары Түркияға назар аударып, соған арқа сүйеп, соның төңірегіне топтасулары керек. Бұл ел әскери қуаты жөнінен де дүние жүзіндегі алдыңғы бестіктің құрамына кіреді.

Жалпы, түріктер – өздерінің дәстүрлеріне, салт-саналарына өте берік халық. Ұлт ұпайын ұластыратын кез келген нәрсе үшін барларын салып, жанып түседі. Баяғыда осы түріктердің «Күрдоғлу» деген фильмін көргенде, бұлардың бойындағы рухтың биіктігін байқап, қатты таң қалған едім. Халықтың бойында сол рух әлі сақталған. Олар ел-жұрттың намысы, ұлттың ары таразы басына түскенде, тайлы-таяғы қалмай, түп көтеріледі. Мұның нақты дерегін қазіргі күннің өзінде әрдайым көріп келеміз. Дәйекті дәстүрге, ұлт ұлағатына адал түріктер сонымен бірге барша түркі жұртына басшы, пана, қамқор болуға дайын. Біз мұны Қытайдан қашып, Тибеттен асып, Ауғанстанды адақтап, өз жеріне арып-ашып барған біздің ағайындарды кезінде қалай қарсы алғаны арқылы да өте жақсы білеміз. Түріктердің сол кезде қазақтарға көрсеткен қамқорлығын айтып, жеткізу мүмкін емес. Сол үшін мен османлы жұрты ұрпақтарына әлі күнге дейін риза болып, тағзым еткім келіп тұрады.

Түркия халқы, сонымен бірге, соңғы жылдары кілең ұлт ұстынын бәрінен жоғары қоятын, елге шын жанашыр президенттерге ие болып келе жатулары арқылы да бақытты деп есептеймін. Қазір дәл қандай жиын екені есімде жоқ, әйтеуір тамам дүниенің ел егелері бас қосқан мәртебелі форумда мемлекет басшылары жерге түсіп қалған жалаушаларды айналып кетіп жатқанда, соны іліп алып, кеудесіне қадаған Түркияның қазіргі президенті Реджеп Тайип Ердоған болды. Сол Ердоған қайсы бір жылы Азиядағы Мьянма (Бирма) деген мемлекеттің билеушілері мұсылмандарды бықпырт тигендей етіп, быт-шыт қылып жатқанда, бірден атып тұрып, аналарды заматында жөнге салып берді. Осында ұлы халықтың ұлылығы жатыр. Біле білсек, меніңше, осының бәрі – бізге өнеге.

– Меніңше, түріктердің бұлайша қалыптасуына кезінде Түрік Республикасын құрып беріп кеткен ұлт көсемі Мұстафа Кемал Ататүріктің үлесі өте көп. Сөз ауаны осылай қарай ауысқасын айтып жатырмын.

– Бұған сөз жоқ. Біздің Түркиядан алатын тағлымымыз жеткілікті. Бұл жерде османлы жұртының Балқан алабы мен Кіші Азия түбегіне барған күнінен бастап, өткен ғасырдың 20-шы жылдарына дейінгі аралығы үнемі ат үстінде, жорық жағдайында өткенін ұмытпауымыз керек. Олар крестшілер жорығының барлық ауыртпалығын бастан кешті, Византиядан бастап, айналасындағы көрші елдермен ұдайы соғысумен болды. Ресейдің өзімен бірнеше жылға созылған үш рет ірі соғыс қимылдарын жүргізді. Парсылармен де аз айқасқан жоқ. Соның бәрі, меніңше, түрік жұртының жауынгерлік рухын шыңдап, шегіне жеткенше қалыптастырды.

Сондай талай тар жол, тайғақ кешудің тепсеңінде тербелген түріктер сондықтан, жаңа айтып өткенімдей, дәстүрге берік болып жетілді. Қазіргі заманғы Түркия үшін Мұстафа Кемал Ататүріктің алатын орны шынында бөлек еді. Біз дәстүрге беріктіктің бір көрінісін бұл елде 1935 жылдан бері 19 мамырдың Түркия Республикасының тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу, жастар және спорт күні ретінде атап өтіліп келе жатқанынан көреміз. Ал биыл мереке Мұстафа Кемал бастаған ұлт-азаттық күрестің 100 жылдығымен тұспа-тұс келді. Олай болатыны, бүгінгі Түркияның негізін қалап кеткен түрік ұлттық қозғалысының лидері Мұстафа Кемал-бей 1919 жылы 19 мамырда Самсунға келіп, шетелдік интервенцияға қарсы мобилизация жариялаған еді. Анадолы түбегіндегі азаттық үшін қырғын күрес осылай бастау алды. Мейрам алғаш рет 1935 жылы 24 мамырда «Ататүрік күні» ишарасында тойланып, Ыстанбұлда спорт күні тұсау кесті. Келесі жылдан мереке 19 мамырға көшірілді. Негізі, қазіргі заманғы түрік мемлекетінің негізін қалаушы, дарынды қолбасшы Мұстафа Кемал – мұндай құрметке өте лайықты тұлға. Ол Түркияны зайырлы, индустриялы ел етіп құрып кетті. Оның «кемализм» деп аталатын идеологиясы зайырлылық, ұлтшылдық бағытты ұстанды.

Бір ғажабы, Осман империясының Сәләник қаласында дүниеге келген Мұстафа Кемалдың ұлты түрік емес еді, соған қарамастан, түрік жұрты үшін барын салды, өмірін арнады. Оның әкесі Әли Риза Эфендінің нәсілі албан да, анасы Зубейда түрік қызы болатын. Әкесі Әли «Балам батыр болсын» деген ырыммен Мұстафаның бөбек кезінде оның бесігінің үстіне түріктің қайқы қылышын іліп қойған екен. Шынында кейін ер жеткенде Ғази Мұстафа Кемал-паша асқан жаужүрек батыр, талантты қолбасшы болып шықты. Мұны оның Галлиполи шайқасы кезінде 5-армия құрамына кірген 19-дивизияны басқарып, күші теңдессіз Антанта әскерлерін ақыр соңында жеңіп шығуы толық дәлел бола алады. Қолбасшының АНЗАК әскерлерімен шешуші ұрыс алдында өз әскерлеріне: «Мен сендерге соғысыңдар деп емес, осы жерде өліңдер деп бұйырамын. Біздің бәріміз өліп болғанша, орнымызды басатын қосындар мен басшылар келіп үлгереді», дейтін сөзі тарихта тасқа қашалып жазылып қалды. Осы талаптың нәтижесінде түріктер жауды қайтарып қана қоймай, оларды біраз уақыттан кейін өз жерінен түре қуып шықты.

Шын мәнінде Мұстафа Кемал түрік ұлтын жаңа заманға сай бейімдеп, тәрбиелеп еді. Ол өзінің 1923 жылы түрік жастарына арнаған үндеуінде күні бүгінге дейін маңызын жоғалтпаған өшпес өсиет айтып кетті. Мұнда ұлт көсемі: «Уа, түрік жастары! Сенің бірінші міндетің – түрік тәуелсіздігін, Түркия Республикасын мәңгі қорғау және сақтау. Болмысыңның және келешегіңнің басты негізі осы. Бұл негіз – сенің ең қымбат қазынаң. Келешекте де сені осы қазынадан мақұрым еткісі келетін ішкі және сыртқы жауларың болуы ықтимал. Егерде бір күні саған тәуелсіздікті, республиканы қорғауға мәжбүрлік туса, өзіңнің борышыңды орындап жүргенде, қалыптасқан қиын жағдай туралы ойланып жатпа! Ол жағдайлар саған тіпті қолайсыз болуы да мүмкін. Тәуелсіздікті және республиканы жоюды көздеген жексұрындар күтпеген жеңістерге қол жеткізуі мүмкін. Олардың күшпен және айламен сүйікті Отанымыздың барлық бекіністерін басып алуы, теңіздегі барша арсеналдарға енуі, бүкіл армияның ыдырап кетуі, елдің түкпір-түкпірі іс жүзінде жау қолында қалуы кәдік. Сонда барлық ахуалдан да қорқынышты және сұмдығы сол, елдегі билік басындағылар арасынан жетесіздер, екіжүзділер, сатқындар шығуы мүмкін. Тіпті осы билік басындағылар жеке бастарының пайдасына бола, елімізге шабуыл жасаушылармен бірігіп кетулері, ал халықтың кедейлік пен жоқшылықтан дірмәні құрып, құлауы мүмкін. Уа, түріктің болашақ ұрпағы! Міне, осындай жағдайлардың өзінде сенің міндетің түрік тәуелсіздігі мен республикасын құтқару болып қала береді. Бұл үшін саған керекті құдіретті күштің өз бойыңда тулап ағып жатқан асыл қаныңда екенін ұмытпа!», деп тебіренді.

Осы салауатты сөздердің дәл қазіргі күнгі қазақ ұлтының жастарына да зор қатысы бар. Сол Ататүріктің соңында қалған «Түркi бaлaсы aтa-бaбaсын тaнып-бiлген сaйын ұлы iстер жaсaу жолындa тек өз бойынaн ғaнa күш-қуaт тaбaды» деген нақылын да жадымызда сақтай алсақ, жақсы болар еді.

       «ҰЗАНДАЙ ҰЗАТАМЫН ІЗІМДІ ӨРГЕ»

– Шәке, Түркиядағы фестивальдің дәл алдында, қазан айының ортасы ауа біз Алматыда Қазақ мемлекеттік университетін бітіргенімізге 40 жыл толуын атап өттік қой. Сол кешті асаба болып өзің жүргіздің. Оны арнайы дайындықсыз экспромпт басқаруың да сәтті шықты. Міне, осы кездесуден бойыңа қуат, жігер алып, түрік жеріне аттанған екенсің-ау…

– Сәке, дұрыс айтып отырсың. Түркияға баратыным содан бұрын шешіліп қойса да, мен бұл кездесуге жұбайым Тұрсынды жаныма ертіп, үлкен қуанышпен келдім. Оның да себебі бар. Мен университеттің табалдырығын осы курспен бірге 1974 жылы аттасам да, оны басқалар сияқты 1979 жылы бітіре алмадым. Бірақ «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, 1974 жылғы курс мен үшін өте-мөте ыстық. Оның үстіне, бұл курстан кеткеннен кейін мен нағыз студент құсап оқыған жоқпын. Бұдан кейінгі оқуым сырттай болып жалғасты. Демек, менің барлық студенттік қуанышты күндерім, жүрегімнің лүпілі осы курста қалып кетті. Мен бұдан кейін де екі рет оқуымды қалпына келтіріп, басқа топпен оқыдым. Бірақ олардың көпшілігі қазір менің есімде де жоқ.

Сөздің реті келгенде айта кетейін, біреулер осы күні мен туралы әзіл-шыны аралас «КазГУ-де 22 жыл оқыған» деп жатады. Көкем-ау, мені соншама уақыт кім оқытып қояды? Шынын айтқанда, мен 22 жылда оқуды бітіргенмін ғой. Егер мен 22 жыл КазГУ-де түбін түсіріп оқитын болсам, қазір ең кемінде президенттік сайлауға түсуім мүмкін ғой. Лайықты кандидат ретінде. Дұрыс па? (Күледі). Оқудан әдепкі кеткесін 17 жылдан кейін барып, оны бірінші рет қалпына келтірдім. Бұған Марат Барманқұлов, Сағымбай Қозыбаев, Сағат Әшімбаев сияқты жанашыр ағаларымның көп көмегі болды. Баяғыда «осында мен тұрсам, сені оқытпаймын» дейтін деканымыз Темірбек Қожекеевтің өзі менің оқуды бітіргенімді шынымен қалап тұрды. Осылайша ағаларымның өзім туралы пікірлері өзгергенін көрдім, қамқор пейілдерін таныдым. Осылардың бәрі, әрине, шығармашылығыма да едәуір әсер етті. Негізі, менің поэзиямда әу бастан жарқ-жұрқ еткен арзан, алдамшы қызылды-жасылды бояулар жоқ еді, енді тіпті салмақтана түстім. Оқудан кеткендегі тағы бір тапқан пайдам, ел ішіне келгесін, халық арасындағы тағылымды тәмсіл-әңгімелерді, әдіпті әфсаналарды көп тыңдап, тың сөздерді үйрендім, рухани жағынан байыдым, сол нақылды нәсияттардан әр кез оймақтай ой түйіп қалуға тырыстым. Мұның бәрі менің іштей түлеп, желеңдей жетіле түсуіме ықпал етті ғой деп ойлаймын.

Мен сол кезде Байқоңыр телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары екенмін. Ол уақта аяқталмаған жоғары біліммен қызмет сатысымен көтеріле беруге болатын еді. Соны пайдаланып, қатардағы редактордан компания басшысы деңгейіне дейін жеттім.

– «Аяқталмаған өмірбаян» деген атақты өлеңің осы жылдарда шығып жүр-ау, шамасы…

– Солай десе де болады. Жасыратыны жоқ, біздің курс – талантты курс. Қарап отырсам, бізбен оқығандар арасынан Жазушылар одағының 12 мүшесі шыққан екен. Сосын өзің бастаған, қазақтың журналистикасына үлкен олжа салған, Қазақстанға, қала берді, көрші қырғыз еліне аты кеңінен танылған біраз белгілі журналистер шығыпты. Бұл менің сені көрер көзге жорта мақтап отырғаным емес, шынында да қазақтағы жан-жақты, белгілі қаламгерлердің бірісің. Қарап тұрсам, біздің курстан шыққандар арасында жазбайтын адам жоқ. Мен өткенде бір кісілерге: «Алдағы он жылдың ішінде біздің курстан екі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты шығады», – деп әзілдедім. Сосын олар: «Кімдер?» деп сұрады. Мен: «Білмеймін», – дедім. Мүмкін деп жатқаным ғой. Өйткені, курстастарымыз әлеуетіне қарап тұрып, мұның ықтимал екеніне көзім жетті. Мысалы, жазушы Жолтай Әлмашұлы (Жұмат) досымның дилогиясы, романдары, хикаяттары, пьесалары, сценарийлері, ғылыми-зерттеу еңбектері, публицистикалық туындылары жыл құрғатпай шығып жатыр. Біздің ғана емес, өзі тұстас прозаиктердің ортасында да өнімді жұмыс жасап жатқаны айқын көрінетін Жолтайдың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі зор. Тек әзірге лайықты бағасын алмай келе жатқаны өкінішті. Сосын Толымбек Әлімбекұлының сатирасы бүгінгі қазақ сатирасының алды болып тұр. Менің Шойбек Орынбай Төле би туралы екі томдық «Қайғылы заман» деген дилогия шығарып тастады. Осы Төле би туралы 40 сериялы фильмнің сценариін және жазды. Ғалымбек Жұматтың балалар мен жастар тақырыбында жазылған бірнеше кітабы бар, «Жалын» альманағының нешеме дүркін жүлдесін алды. Мен сосын Ғалекеңді бұрын өлең жазады деп ойламаған екенмін, сөйтсем, жасырып жазады екен, жақында бір жыр жинағы баспадан шығыпты. Кілең лирикадан тұрады, іші толған махаббат. Өткенде Алматыға келгенде, көрсетті. Сол сияқты, Сәке, өзіңнің де біраз кітабың жария болды. Мәселен, өлең тілімен жазылған пародия жинағыңды білемін, спорт төңірегінде, басқа да тақырыптарда публицистикалық төрт-бес кітабың оқырман қолына тиді. Спорттың жай-жапсарын жан-жақты талдай алатынның бірі біздің курстан шыққан Қынабай Аралбаев марқұм еді, біреуі өзіңсің. Мұрат Сыздықовтың жазуы қандай-тын, баяғы Бейімбеттің стилімен қандай көркем туындылар төгілдірді, өмірден ерте кетіп қалмағанда, әлі де берері көп болатын. Оның бір кездері фантастика жанрында қалам сілтегені де есімізде. Ал Тажис Мыңжасаров ше, студент кезінен ғылыми әдебиеттерді көп оқитын ол біраз фантастикалық шығармалар жазып, кітабын шығарды. Кейінгі жылдары тайпа-рулар шежіресін зерттеуде біраз еңбек сіңіріпті. «Жұлдыз» журналында көп жыл бөлім меңгерушісі болған Ділдар Мамырбаевамыз қандай, бүгінде өзінің тақырыбы, өзінің үні бар жақсы жазушы болып кетті. Этнографиялық тақырыпта өте керемет жазады. Оқып жүргенде макет сызудың шебері атанған Қыдырәлі Қойтай болса, осы заманғы бесаспап баспагерге айналды. Өмірден ерте өтіп кеткен Серік Сатановтың да әдебиетке қосқан үлесі зор. Марқұм Едіге Кішкенеев ағам бір поэмасын кітап етіп шығарды да, фәни жалғанмен қоштасып кете барды. Ол да өзінің тақырыбын тапқан ақын еді. Иемберді Тастанов лирикалық жырдың жампозы болыпты, өз облысында өткен бірнеше мүшәйраларда топ жарыпты. Кешегі кездесуде аты аталмаса да, бізбен бірге оқуға түскен талантты ақынның бірі Гүлзәкира Әбілдаева болатын. Ол да өмірден ерте кетті. Біз оқып жүргенде жарқ етіп көрінген Әнипа Баратованың өршіл өлеңдерін ұмытқан жоқпын. Рас, оның кейінгі кезгі творчествосынан хабарым аз.

Иә, бізде қол қусырып, қарап жүрген ешкім жоқ. Көпшілігі республикалық, облыстық, аудандық газеттерде қызмет етті, сол ортада басшылық қызметтерде болды. Соның бірі өзіңсіз. Ауданнан бастап, республикаға дейінгі барлық мектептен өттің. Газетке де, телевидениеге де басшылық еттің. Екі министрге кеңесші де болдың. Ертай Бекқұл мен Асхан Майлыбаева, Ғалымбек Жұмат пен Ақмарал Сағынбекова облыстық газеттер мен телекомпанияларда басшылар қатарынан табылды. Журналистикада өзінің тұғырын таныта білген Тілеген Ахметов және Орынбасар Дөңқабақов ағаларым ше? Қырғызстанда республикалық газеттерде дүрілдетіп жүрген Назарбек Байжігітов кімнен кем? Менің Әбілхан Төлеуішов досымның да өз облысында айтарлықтай орны бар. Жанымда жүрген Ізмұрат Құрбанбаев та кейде жөпелдемеде түйдек-түйдек ойларды төгіп тастайды. Облыс әкімінің орынбасары дәрежесіне дейін көтеріліп, мемлекеттік деңгейде жұмыс жасаған Кеңесбек Демешевтің де бірнеше публицистикалық кітаптары баспа жүзін көрді. Мен бәрін қысқаша ғана шолу жасап өтіп отырмын. Айта берсе, әңгіме көп. Бұл жерде бірге оқыған қыз-жігіттердің бәрінің атын атап шығу мүмкін емес. Дегенмен, біразымен салыстыра қарағанда, біздің курс шығармашылық жағынан жоғары тұр. Өзім осы ортаны түзген қыз-жігіттермен студенттік өмірімді бастағаныма, олармен әлі күнге дейін тонның ішкі бауындай сыйласып, араласып келе жатқаныма шүкіршілік етемін.

Кешегі кездесуде мен осы курстастарымның біразын көріп, дидарғайып болып, сыр шертісіп, арқа-жарқа күй кешіп, керемет қанаттанып аттандым. Бұл кездесу менің бойыма қуат, ойыма шабыт берді. Көптен бері көріспеген достарыммен қауышып, жаным сергіп қалды. Өкінішке қарай, әртүрлі себептермен бұл кездесуге келе алмай қалғандар да болды. Бірақ бұл өмір ғой, тіршілік қой, мен оларды да жақсы түсінемін. Ал сол кездесуге өзінің жан-жарларын ертіп барған тек біздер, қызылордалықтар ғана болыппыз. Мен бұл жерде біздің бір-бірімен үйленген бір топ курстастарым туралы айтып отырған жоқпын. Олар онсыз да келуге тиіс. Бірақ алған әсер шынында ғаламат болды. Соны білгендей, осы кездесуді ұйымдастыруды өз мойындарына алған лидерлеріміз Гүлнар Рысбекова мен Жанымгүл Тәшкенбаева дастархан тізгінін маған ұстатқысы келгенде, ешбір тартынбай, қабыл алдым.

– Әп-бәрекелді! Енді әдепкі желіні қайта жалғастырайық. Түркі дүниесінің ортақ ойшылы, ұлы жыршысы, құбылысты қобызшы Қорқыт ата қазақ жерінде, соның ішінде қасиетті Қармақшы топырағында мәңгіге дамылдап жатқанымен, оны бізден гөрі түріктер, әзербайжандар мен түрікмендер көбірек ұлықтап, «Деде Коркут» деп, өздеріне меншіктеп тұрады. Түркінің оғыз тармағынан тарайтын бұл үш халық осы кезге дейін Қорқыт ата туралы жүздеген зерттеу еңбектерін дүниеге келтірді. Әзербайжандар ол туралы фильм де шығарып үлгерді. Оғыздар Қорқытты «Оғыз наме» эпосының басты кейіпкері етіп көрсетеді. Ал біздің баба туралы аңыздарға құралған «Қорқыт ата кітабы» деген шағын жинақтан басқа ештеңеміз жоқ. Бұл қалай? Біз неге Қорқыт атаға соншалықты салқынбыз?

– Өзің білесің, бізде Қорқыт атаның туғанына бір жарым мың жылдығы тойланды. Оған жан-жақтан ғалымдар келіп, кең көлемде атап өтілді. Ал Қорқытқа көбірек көңіл бөліне бермейтініне келсек, бізде одан басқа да ғұлама бабаларымыз көп. Мысалы, Әбу Насыр Әл-Фараби да біздің жерімізде, Мұхаммед Хайдар Дулати да бізде, Жүсіп Баласағұни да бізде, Қожа Ахмет Иассауи де бізде, мұндай ғұламалардан ешбір кенде емеспіз. Бірақ, біз шынымызды айтайық, көп жағдайда осындай символ ретінде насихаттауға тұратын тұлғаларды пайдаланып қалуда үнемі кешеуілдеп жүреміз. Көп нәрсе кабинеттік тұрғыда ғана өтіп жатады. Керек десең, бір Қорқыт бабаның өзі бізге біраз рухани азық болатын еді ғой.

Негізінде, Қорқыттың өмір жолы әзербайжан жерінде басталып, алғашқы шығармалары сонда дүниеге келген. Оның сол кездердегі алғашқы қолжазбалары Константинопольден табылған. Мұндай жазбалар әзербайжандарда да бар. Сондықтан олар Қорқытты иемденуге көбірек қайыл болып отыр. Оның үстіне, Қорқытты оғыз деген версия ғылыми ортада әбден қалыптасып, кеңінен тарап кеткен.

Мен бұл жайттарды айтып отырғанда, әзербайжандар мен түріктерді қазаққа жат деген ұғымға қазық қақпаймын. Сөз жоқ, біздің түбіміз бір, төркініміз бір. Мен Түркияда фестивальде жүргенімде Қызылордада өтетін келесі жылғы «Парасатты поэзия» форумына түрік пен әзербайжан шайырларын шақыру ойда бар екенін айтқанымда, олар кәдімгідей қуанып қалды. «О, дедем Қорқыттың жеріне барады екенбіз ғой» десті Мехмет Доған, Бекер-бей деген түрік ақындары. Сол жерде мен асыра сілтеп те жібердім-ау, бір жағы мақтаныш та бар, «Мен дедем Қорқытпен жерлеспін, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында тұрамын, дәдәм Қорқыт біздің ауылымыздан 27 шақырым ғана жерде мәңгілікке сая тапқан» деп жатырмын. Бұл – бір. Екіншіден, Иранбек Оразбаевтың «Қорқыттың көрі» деген өлеңмен жазылған пьесасынан, Сейсен Мұхтарұлының «Күн желкен немесе Қорқыт» дастанынан бастап, біраз туындылар жарық көрді. Бізде де біраз қорқыттанушылар бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыт, біз ойлағандай немесе қалағандай, аса бір дамымай қалған. Оның себебі де бар. Қорқытты насихаттау Әзербайжанда да, Түркияда да бізден көп бұрын, XVIII ғасырда қолға алынған. Ол кезде біз баба сүйегінің қайда жатқанын да білмейтін едік.

Белгілі этнограф Әубәкір Диваев Сырдарияның жағасынан Қорқыт атаның бейітін тапқан бірінші ғалым болды. Ол мұны 1926 жылы Сыр бойына арнайы келген сапары кезінде анықтады. Сол кезде баба кесенесінің жұқанасы ғана қалған екен. Ғалым оны суретке түсіріп алған. Сол сурет кейін жарық көрген көптеген кітаптарда бар. Оны түріктер де, әзербайжандар да әртүрлі зерттеу дүниелерінде пайдаланған. Сол келгенінде Диваев жарқабақта тұрған бейіттің енді болмаса, дарияға құлап, судың астында қалғалы тұрғанын айтып, дабыл қаққан, жергілікті әкімшіліктен адамзат мәдениетінің қымбат бағалы ескерткішін қорғауға алуды сұраған. Осыдан кейін-ақ баба қорымының қайда екені туралы сұрақтың басы ашылды. Қазір түркі халықтарының бірде-бірі Қорқыттың Сырдың бойына жерленгенін жоққа шығара алмайды.

Бір деректерде VIII-IX ғасырларда өмір сүрді делінетін Қорқыт бабаны қазақтар оғыз-қыпшақ тайпаларының ақылман ақсақалы, ұлы ойшылы, батагөй абызы, дәулескер күйшісі, болашақты болжайтын көріпкел данасы деп таныған. Ол Сыр бойы мен Сарыарқа алабында ғұмыр кешкен. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қайыспас дейтін омағынан тараса, анасы жағынан қалың қыпшақтың жиені болып шығады. Қорқыттың әкесі оғыздың Сыр бойын қоныс тұтқан Қарақожа деген белгілі кісісі болған. Анасы Алтыншаш қазіргі Қостанай жеріндегі Әйет өзенінің Тобылға кұятын сағасында туған деген дерек бар.

Қорқыттың дүниеге келуі туралы аңыз-әңгімелердің біразы бізге де таныс. Соның денінде оның анасы құрсағында үш жыл бойы жатқаны арқау етіледі. Алтыншаш ананың қалай толғатқанын Сейсен ағам манағы дастанында былай суреттейді:

«Төрт рет болды құт жерік,

Үш рет болды ит жерік!

Құт жерікте талап етті

Түйенің нарқоспағын,

Қара қойдың қошқарын,

Айғырдан нағыз семізді,

Сиырдан тонжылы өгізді!

Ит жерікте ауды

Қара қудың етіне,

Ордалы жылан етіне,

Соныменен қоя ма

Жерік болды маяға,

Жаясына құланның!»

Қорқыт бабамыз шыр етіп дүниеге келетін күні азаннан алай-дүлей боран тұрып, нөсерлі жаңбыр жауып, күн тұтылады, айнала қара түнекке қамалады, үш күн бойы күннің көзі көрінбей қояды. Сырдария жағасынан Қаратаудың басына дейін қара тұман түседі. Бір кезде анасының құрсағында үш жыл жатқан нәресте дыбыс шығарып, сыртта тұрған елдің үрейін ұшырады. Міне, осының бәрін біз де естігенбіз. Сондықтан Қорқыт ата жөніндегі білігіміз аз деп те айта алмаймыз.

Біздің зерттеушілердің Қорқыт тақырыбына батыл бара алмай жүргенінің тағы бір себебі бар-ау деп ойлаймын. Қорқыт баба ислам дінін қабылдағанымен, оның заратуштра мен тәңірлік діндерге де қатысы болды. Сол тұрғыдан келгенде, біз оны екі ұдай тұлға ретінде таныдық. Мен осы жерде бір нәрсені ашып айтайын, Қармақшы аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Елеу Көшербаев кеңес кезеңінің тәртібі темірдей болып тұрған кездің өзінде, қызметі мен тағдырын қыл үстіне қоя отырып, Қорқыт атаның басына ескерткіш-кесене тұрғызды. Мұншалықты рухани дүниесі жарық болуы бөлек, соншалықты жүрекжұтқан адамның ерлігін жасау, шамасы, Елекең секілді атан жілік, арқар төс атпал азаматтың ғана қолынан келетін шығар. Бұл жағынан келгенде, ол сонау 60-шы жылдардың басында Қазақстанның «Тың өлкесі» деп аталатын бес облысын Ресейдің шеңгеліне беріп жібермей алып қалған атыңнан айналайын Жұмабек Тәшеновтің ерлігін қайталаған көзсіз ер болып тұр. Ол бұл жұмысты, шамамен, 1976 жылы бастап, 1979 жылы аяқтаған. Осы кесене үшін Елеу Көшербаев біраз қуғын көрді. Оған «бұл – тәңірлік дінді насихаттау, заратуштра дінін насихаттау» деген сияқты айыптар тағылды.

Айтқандай, Қызылорда қаласында, дарияның жағасында Қорқыт бабаға арналған тағы бір кесене тұр. Ол облыста Серікбай Нұрғисаев, қалада Қожахмет Баймаханов әкім болып тұрған кезде салынды. Ал Бердібек Сапарбаевтың кезінен бері ежелгі Ақмешіт топырағында «Қорқыт және ұлы дала сазы» музыкалық өнер фестивалі өтіп келеді. Облыс әкімдігі мен «Түрксой» халықаралық ұйымының жобасы биыл қыркүйек айында бесінші рет шапағын шашты. Оған Иран, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінен және ел аумағынан 150-ге жуық түркітанушы ғалым мен өнерпаз қатысты. Қорқыт ата мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілді. Бұған Түркия, Әзербайжан және Қазақстан ғалымдары еңбек сіңірді.

Биылғы жылғы тағы бір жақсы жаңалық, «Қорқыт ата» кітабының жаңа жазбасы Иран жерінен табылды. Мұны жоғарыда аталған фестиваль кезінде ирандық коллекционер Вели Мухаммед Ходжа жеткізді. Бұған дейін бізге бұл жауһар жырдың екі нұсқасы белгілі еді. Атап айтқанда, «Қорқыт Ата кітабының» Дрезден және Ватикан қалаларында сақталған екі қолжазбасы бар. Бірінші нұсқада – 12, екіншісінде 6 дастан жазылғаны бұрыннан мәлім. Ендеше, Иран ғалымы ұсынып отырған тағы бір нұсқа сол құнды қазынаның артуына үлес қосатын болады. Айтуынша, Вели Мухаммед Ходжа бұл қолжазбаны Тегерандағы кітап дүкенінен табады. Сол маңда оған бір кісі ақ матаға оралған кітап сататынын айтады. Мұның қолжазба кітап екенін білген Вели Мухаммед Ходжа сатып алады. Кейіннен оны Түркия ғалымдарына оқытады. Ирандық коллекционер «Қорқыт ата кітабының» тағы бір нұсқасы АҚШ-та пайда болғанын да сөз етті. Ал бұдан бұрын әдебиеттану PhD докторы Бекарыс Нұриман «Қорқыт ата» кітабының және бір эпосы табылғанын жеткізіп еді. Бұл жағымды жаңалықты Түркияның Байбұрт қаласында өткен халықаралық симпозиумда профессор Метин Екижи баяндамасында келтірген екен. Міне, көрдің бе, бір жоқты бір жоқ осылай іздеп тауып жатыр.

Сенің «Өзім туралы» деген өлеңіңнен шын жүректен шығып:

«Ұялмай көрсетсем деп жүзімді елге,

 Ұзандай ұзатамын ізімді өрге.

 Жүрмеймін түк өнбейтін дау-дамайда,

 Кірмеймін түгендейтін тізімдерге», – болып тарқатылған шашақты шумақты байқап қалдым. Мен осындағы «ұзан» деген сөзге арнайы тоқталғым кеп тұр. Түріктер «ұзан», «озан» деп жыршыларын, біздегіше, жыраулар мен термешілерін айтады. Сол түріктің ұзан өнерінен не хабарың бар?

– Білем. Иә, ұзан өнері түріктерде ертеден бар. Бірақ тап осы ұзан өнерінің біздің Сыр бойының жыршы-термешілеріне қатыстары бар ғой деп ойлаймын. «Ұзан» деп бір жағы ақын, бір жағы данышпан, философ, жыр мен мақамды өзі шығарып, өзі орындайтын, былайынша айтқанда, бір бойында мың өнер тоғысқан адамды айтады. Мұндай жан-жақты дарын егелері Сыр бойында жеткілікті. Бұлар қазақ поэзиясының нағыз жауһарлары ғой. Оларды бізде «сүлей» деп атайды. Керек десең, біз әлі осы жырау-термешілерімізді түгел жеткілікті деңгейде зерттелді деп айта алмаймыз. Мысалы, Арқадағы көптеген ақындар өте жиі насихатталып тұрады. Ал бізде ондай ақындар жүздеп саналады. Бір ғана Қармақшы ауданындағы «Ақтайлақ» ауылынан елге белгілі 101 жыраудың шыққаны аян. Тағы бір мәселе, бізде «Сыр сүлейлері» деген ұғым бар, басқа бірде-бір жерде «сүлей» деген сөз жоқ. Бұл сөздің өзі «су патшасы» атанған Сүлеймен пайғамбардың атынан қысқартылып алынса керек. Ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың болжамынша, бұл осы Сүлеймен атынан алынып, «Су жағасында өскен ақындар» деген ұғымды білдіретін болған. Сондықтан мен де соңғы жыр жинағымның атын «Сүлейдария» деп алдым. Сөйтіп, кәдуескі Сырдарияның орнына «сүлейлер дариясы» дегенді қолданып, осылай атадым. Бұл – бір. Екіншіден, Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде «Сейхун, Жейхун – жәннаттың өзендері» деген сөз бар. Қандай керемет! Сонда біз жәннаттың жағасында тұрып жатқан болып шығамыз ғой! Иә, қарғаның миын қайнататын ыстық жерде, экологиялық апат-зардаптары жеткілікті аймақта тұрып жатқанымызбен, бұл біздің өлкеміздің таңғажайып екенін танытады.

Мен түріктің ұзаншылығы мен Қармақшының жыршылығы арасында көне кездерден бері келе жатқан байланыс бар деп ойлаймын. Себебі, екі мақам бір-біріне айтарлықтай ұқсайды.

– Мұны жалпы Сыр бойының мақамы деуіміз керек. Жалғыз Қармақшы ғана емес, Сырдарияның жағасындағы барлық өңірлер – мына Аралдан бастап, Шиелі-Жаңақорған аумағына дейінгі атырап – осы мектепке кіреді. Бір сөзбен айтқанда, Қаратау мен Аралдың арасында ұлы даланы кезіп жүрген қасиетті саз ғой бұл! Тек жер ауысқан сайын сәл өзгеріске түсуі мүмкін, бірақ бәрібір түпкі желінің бір екені анық білініп тұрады. Иә, негізі, түбірі сақталып отыр. Шынтуайтын айтқанда, талай замандардан бері сабақты жібі үзілмей келе жатқан ұзан деген – ұлы сөз, ғаламат ұғым. Ол Қорқыт дәуірінен бері келеді. Осының бәрі Қорқыттың біздің Сыр бойында өмір сүріп, қайтыс болғанын айғақтай түседі.

Біздегі жыраулық өнер – сол дәстүрдің заңды жалғасы. Қармақшы жерінің өзінде оның бірнеше мектебі бар. Олар Жиенбай жырау мектебі, Рүстембек жырау мектебі, Сәрсенбай жырау мектебі болып, іштей бөлінеді. Тұрмағамбеттің өз мектебі бар. Көп қой. Бұлар бір-бірінен мақамы жағынан ерекшеленіп тұрады. Мәселен, Тасбергеннің маңырамасы бөлек, Тұрымбет жыраудың гөй-гөйі бөлек, Жиенбай жыраудың желдірмесі бөлек. Былайша айтқанда, осылардың бәрі – түркіден қалған дүние. Өйткені, біз оларды айрықша көңіл күй әуенімен айтамыз, сосын таңды таңға созып айтамыз. Бұл тек Сыр бойында ғана емес, сонымен бірге Өзбекстанның Бұхара облысында қатты дамыған, сосын Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында, қазақтар көбірек шоғырланған басқа да елді мекендерде әлі күнге дейін осы мақамдар сақталған. Сол Өзбекстанның Кенимех, Тамды аудандарында, Нұрата жағында ұлы әуеннің жаңғырығы естіліп тұрады.

Шынын айтқанда, бұл жырлардың мәтіндері мен мазмұндары керемет қой! Сыр бойы жырауларының, ақындарының, сүлейлерінің шығармаларын оқып отырсаң, ғажайып күйге бөленесің.

Солардың бірінде:

«Ызғытып айда даусыңды,

Іңірде көшкен шайтандай», – деп келетін қандай әдемі жолдар бар. Қандай теңеу, қандай образ!

Өзінің алдындағы алқымы кең адуын ақындарды әбден жер-көкке тигізбей мақтап келіп, ең соңында:

«Көрінгенмен жарысқан

Бізде де бар бір шобыр», – деп өзін де іле кететін шеберлік ше! Өзінің де бір атары бар екенін білдіре кетудің осындай астарлы ойына сүйсінбеуге бола ма? Төменде отырып, ірілік көрсететін сондай ақындар болған ғой.

– Сыр сүлейлерінің туындылары кезінде діни-философиялық поэзияның дамуына, әдебиетімізге шығыстық сарынның енуіне негіз болғаны белгілі.

– Иә, Сыр сүлейлерінің творчествосында терең діни-философиялық сарындардың болғаны рас. Мұның өзі жайдан-жай келе салмаған. Бір нәрсе анық, сүлейлердің барлығы дерлік Шығыс поэзиясымен үндес, тамырлас болған. Себебі, солардың біразы шығыс мектебінен дәріс алып шыққан. Мысалы, Тұрмағамбет Ізтілеуовтің атақты «Көкалташты» тәжік әдебиетінің классигі Садриддин Айнимен бірге оқығаны белгілі. Ол білімі мен білігі жағынан сол айтып отырған атақты тәжік ақынынан төмен болмаған. Парсы тілін өте жетік білген. Сондықтан да сол кездегі халық комиссары Темірбек Жүргеновтің алғауымен Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнама» дастанындағы «Рүстем-Дастан» жырын тікелей парсы тілінен аударған. Және қандай ғажап аударған. Ондай тәржіма қазір де жоқ. Жүргенов оны сол үшін түрмеден шығартып әкеліп, Алматыға алдырып, арнайы бір үйге отырғызып қойғанда, поэманы сегіз айдың ішінде қазақша сөйлетіп шыққан. Бұл туындыны енді мұндай етіп ешкім де аударып бере алмайды. Өйткені, сол дәуірдегі тіл мен рухты тап басып біліп, сезіне алатын тіл маманы да, арқыраған ақын да жоқ.

Сыр сүлейлеріндегі дінге қатысты өлеңдерге келсек,олар қазіргі жазып жүргендер сияқты бар нәрсені қайтадан жазып шыққан жоқ, дін туралы түсінікке, дін туралы ұғымға мән-мағына беріп, мұны жете түсіндіре білді, мұндағы ғибратты ойлардың салмағын дұрыс шамалай білді. Сондықтан олардың жыр-дастандарында дін мәселесі барынша көркемдік тұрғыда суреттелген. Әрине, бір елдің ішінде отырып, әдебиетті жерге бөлуге болмайды. Мен әлгінде ғана айтып өттім, дегенмен тілдік жағынан, жырлау мәнері мен көркемдік ерекшелігі жөнінен Сыр сүлейлерінің бағасы әлі толық берілген жоқ. Біздің әдебиет пәніне арналған оқулықтарымызға шығармалары кірген ақындардан Сыр сүлейлерінің еш кемдігі жоқ, алайда, насихаты аз, зерттелуі өте баяу болғандықтан, қазақтың көбі олардың өмірі мен шығармашылығынан бейхабар. Мен бала жасымнан Сыр сүлейлерінің шығармаларын оқып өскен адаммын, сол себепті олардың жыр-дастандарындағы қазақи тілмен кестеленген көркем келісімді бірден танып тұрам. Сондықтан Базар жырау Оңдасұлы, Ерімбет Көлдейбекұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Нұртуған Кенжеғұлұлы, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омары секілді қаншама дүлдүл шайырлардың мол әрі қымбат мұралары кең көлемде күллі халық игілігіне айналмай жатуын әдебиеттану ғылымында біржақтылық орын алып келе жатқанының айғағы деп есептеймін. Мұны күні бүгін қолға алмаса болмайды. Себебі, кейін бұларды дәл қазіргілердей де сезіне алатын, олардың жауһар жиһазын орнына қойып бере алатын зерттеушілер мен оқымыстылар болмай қалуы мүмкін.

Сыр сүлейлері тұрмыстық жағдаяттың өзін үлкен деңгейге көтере жырлап, поэзияға бөлекше леп әкелді. Бұл да ерекше қасиет. Олардың мұралары – ұлттық әдебиетіміздің қазыналы кені. Сондықтан Сыр сүлейлерінің шығармашылығын мейлінше кең аспектіде зерттей отырып, исі қазаққа кең насихаттай берудің мерзімі жеткен сияқты. Осы орайда айта кететін бір жайт, қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, көсемсөзші Мұхтар Құл-Мұхаммед 2007-2008 жылдары Қызылорда облысында әкім болған шағында аймақтың экономикасын дамытумен бірге, рухани байлығын да жарқырата көрсетіп, сонау Сыр сүлейлерінен бүгінгі қаламгерлерге дейін қамтитын «Сырдария кітапханасы» атты сериямен 200 томдық теңдессіз жобаны жүзеге асырды. Кейінгі кезде өзге аймақтарда жоғары деңгейде болмағанымен, Сыр өңірінде сүлейлер насихаты жақсы жүріп жатыр.

        ЖАЗАМЫН ӘР ЖЫРЫМДЫ ТАСҚА ҚАШАП

Енді сонау балалық шаққа саяхат жасап қайтайық. Ең алдымен мынаны анықтап алсақ. Сен биылғы қыркүйектің 16-сында құрметті еңбек демалысына шығып, біздің қатарымызға қосылдың. Бірақ интернеттегі бірқатар ресми дерек көздерінде туған жылың 1956 емес, 1957 деп көрсетіліп жүр. Бұл қалай?

– Менің құжаттардағы ресми туған жылым – 1956. Туу туралы куәлігімде солай жазылған. Бірақ ақиқатында 1957 жылы туыппын. Ал интернетке неге олай көрсетіліп кеткенін білмеймін. Негізі, әу баста бір деректерде солай жазылып кеткен болуы мүмкін. Кейін содан көшіріліп алына берген шығар.

Мен Қармақшы ауданының табиғаты керемет те көркем бұрынғы Энгельс атындағы колхозында, қазіргі «Жаңажол» ауылында дүниеге келгенмін. Осы күні сол балалық балғын шағымды ойласам, ең алдымен көз алдыма туған жерім, атақонысым, соның төсінде асыр салып ойнап жүрген шақтарым келеді. Өзің де білесің, сонау 60-шы, 70-ші жылдары Сыр бойының табиғаты тамаша еді. Фауна, флора – бәрі бар. Сол кездері бүгінгі ұрпақ өмірі көрмеген құстар болды. Өмірі көрмеген өсімдіктер болды. Олардың бәрі оралып, үйіміздің ауласында жататын еді. Қазір сол кезде қаулап өсіп тұрған ажырыққа дейін жоғалып кетті. Қарға қауын дейді, қызамық дейді, кәреней дейді, қоянсүйек дейді, өлеңшөп дейді, жалбыз дейді, – осылардың бәрі арықтың жағасында, үйлердің маңайларында, далалық алаптарда жайқалып өсіп тұратын. Қазір Қазақстанның өсімдіктер әлемі көрсетіліп жазылған альбом кітаптарды ашып, парақтап отырсаң, солардың бәрінің бір кездері, бала кезімізде біздің Сыр бойында болғанын байқайсың. Сол уақта біздегі кез келген ауылдың айналасы тола көл-тұғын. Неге? Өйткені, ерте көктемде дария тасып, сай-саланы, көлдер жүйесін су басып қалатын. Дария арнасынан асып, тасыған кезде ол өзінің еркімен бұрынғы жүлгесімен, аңғарымен жүретұғын, оның жүгірме ағынды жал-жал толқындары сай-сайды, ой-шұқыр жерлерді ізбе-із қуалап жүріп, әр жерді суға толтыратұғын. Сол көлдер тамыздың аяғына дейін суға толып, меймілдеп тұратын. Олардағы балықтар қандай еді. Ала жаздай, кейін күз түсіп, қыстың қырауы басқанша балық аулайтынбыз. Сол су қоймаларының төбесінен неше түрлі шағала шарықтай ұшып жүретін. Кейін дарияны әр жерінен байлап тастап, бұрынғы қалпындағыдай еркін ағуына жол бермей қойдық. Содан келіп, жан-жағына жайыла жатып, ескі арна бойларын суға толтыратын үрдісінен айырылып қалды. Мұның ақырында баяғы ну болып өсетін алуан түрлі қалың қау шөптердің көпшілігі жойылып кетті. Әкеміз айтып отыратын, «ертең дария тасығанда ана Үштөбе жаққа да су барады ғой» деп. Маған Үштөбе деген қиян түкпірде, алыста жатқан қолат-қыр сияқты болып көрінетін. Сосын «Оған қалай су барады?» деп таң қалып отырушы ем. Сөйтсем, дарияның да өз жүлгесі болады екен ғой. Осылайша ол жақта да бірнеше көл пайда болады. Осы көлдердің арқасында сан түрлі құстар жерімізге келетін. Міне, дария суының біртіндеп азая бастауына байланысты соның бәрінен айырылып қалдық.

Мен әлі де дарияны еркіне жіберіп тұру керек деп ойлаймын. Оның бұрынғы ескі аңғарларын, Қуаңдария, Қалғандария бойларын, мына Қараөзектің арнасын, Қармақшы совхозы жақ бетіндегі жүлгелердің бәрін кейін тазалап, суға толтырып тұрған дұрыс. Сусыз өмір жоқ. Осы орайда Көксарай туралы айтпай кету мүмкін емес. Біз оның салынуына бір топ депутат қарсы болдық. Біз айттық, «Оның есесіне, сол Көксарайға кеткен ақшаны дария жүлгелерін тазалауға жұмсайық» деп. Мұны жоғары жақтың бәріне жаздық. Сол айтқан ойларымыздың дұрыс екенін қазір өмірдің өзі көрсетіп беріп отыр. Көксарайға құйылған судың жартысы оның акваториясынан аспанға ұшса, жартысы жерге сіңіп кетеді. Мұның бар зардабын осы күні су қоймасының маңайындағы ел көріп отыр. Оның айналасы маса мен шыбын-шіркейге толды. Себебі, тұйықталған су, қазақша айтқанда, ақаба су солай ақпай тұра бергесін боржиды, сасиды, былайша айтқанда, ауру тарататын айдынға айналады. Бұл ешқандай да қарсы су реттегіш болып шыққан жоқ. Оның үстіне, су қоймасы ата-бабалар бейіттері жатқан, түрлі қалдықтар төгілген жерге салынған ғой. Осы құрылыстың салыну бастамасына Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед те қатты қарсы болды. Ол мұндай нысан нақа салынуы керек болса, ол Қызылорда облысының территориясында бой көтеруі керек деген позиция ұстанды. Сонда Кіші Арал теңізінің аумағын суға толтыру операциясы барынша сәтті, табысты жүрген болар еді. Мен бұл мәселені қайта көтеру керек деп ойлаймын.

 – Ауылға қайта оралайық. Сонымен, Өтетілеу ақсақалдың еркесі болып өсіп келе жаттың. Үйде әкең мен шешең бар жағдайыңды жасап отыр. Ал бірінші өлең жолдары қай жасыңнан бастап көкейіңде күмбірледі?

– Бұл рас. Әке-шешемнің жалғыз ұлы болғасын, олар менің еркін өсуіме, таршылық көрмей жетілуіме қолдарынан келген қолдауын жасап бақты. Бес қыздың, төрт апам мен бір қарындасымның ортасында бұлғаңдап өстім. Әкем – әжептәуір дәулеті бар, отбасынан берекесі кетпеген, ауылдағы ел сыйлайтын, жұрт алдын кесіп өтпейтін, өзі дәрі, сөзі уәлі, кеуде қатарлы көшбасы кісі еді, – біздің қатарымыздан кем болмауымызға көп көңіл бөлді.

Менің бірінші өлеңім 6-сынып оқып жүрген кезімде жазылды. Қызығын айтайын, өмірімде бірінші рет жазған сол өлеңім біршама уақыт өткеннен кейін «Қазақстан пионері» газетінің бетінде жарқ ете қалды ғой. Әлгінде айтқанымдай, бір кіндіктен өрбіген жалғыз ұл болсам да, қанша аялап-әлдилесе де, – өмірге икемсіз ақсаусақ болып қалмасын деп ойласа керек, оның үстіне жұмсайтын бала да қажет, – әкем мені де жастайымнан үйдің ертелі-кеш бітпейтін қара жұмысына аямай салды. Жармадан мұз тасу, су әкелу, шөп ору, отын алу, малдың астын тазалау, ағаш жару сияқты жұмыстардың бәріне жегілдік. Бірде кешкілік күн қызыл шапағын таратып, байып батып бара жатқан кезде отын бұтап тұрып, неге екенін білмеймін, аяқ астынан өлең шығарғым келіп кетті. Алдында тарихи кітаптар болмаса, өлеңдерді аса көп оқи бермейтін едім. Сонда да әлдеқандай бір жыр шумақтары құйылып келіп жатқандай болып кетті. Ұмытып қалмас үшін дереу үйге кіріп, отыра қалып, қағазға түсірдім. Ертеңіне көкірегімді кернеп шыққан кәләмімді, есте ештеңе жоқ, сабаққа кетіп бара жатып конвертке салдым да, жолай пошта жәшігіне тастап, «Қазақстан пионеріне» айдап жібердім. Бірақ оны артынша тарс ұмытып кетіппін. Бұл – өзі шығармашылықтың алғашқы кезеңіне тән қасиет. Бір күні, тағы ойымда түк жоқ, сабақтан шығып, үйге келсем, үлкен дастарханның басында көрші Дастан ағайым бар, Арыстанбек ағайым бар, – бәрі қауқылдасып, шай ішіп отыр екен. Олар мені көре сала: «О, Өтеке, сенің шайыр балаң келді», – десті әкеме қарап мәз болып. Түк түсінбеймін. Аң-таң болып тұрып қалған маған олар өлеңім шыққан «Қазақстан пионерін» ұстата салды.

Ертеңіне-ақ мектепте атым дүрілдеді. Балалардан бастап, мұғалімдерге дейін бәрі маған ерекше құрметпен қарайтын сияқты. Газетке тырнақалды өлеңімнің бірден бұрқ етіп шыға қалуы мен мына ықыласты ындын маған кәдімгідей шабыт пен серпін берді. Сол шақтан бастап тұрақты түрде өлең жазатын болдым. Әйтпесе, жұрттың ынтасы мен сенімін ақтай алмай қалатындай сезіндім. Жазған өлеңдерімді пионер газетіне біртіндеп жіберіп тұрам. Арасында бірі шығып, бірі қалып қойып жатады. Бірақ ол кезде ақындық туралы ой қаперімде болған емес. Сол уақыттағы бар арманым ғарышкер не елші болу еді. Өзім сол кезде-ақ елшілік үшін Мәскеудегі халықаралық қарым-қатынастар институтын бітіру керек екенін білетінмін. Кейін бұл оқу орнының тарихымен танысқан кезде өзімнің бала шақтағы аңқаулығыма күлдім ғой. Мектепті түкпірдегі ауылда бітірген баламын, орыс тілінен мүлде мақұрыммын, бұл қалпыммен МГИМО-ға түсудің мүмкін емес екенін, онда Брежневтің немерелері, Андроповтың балалары секілді Одақты басқарушы тұлғалардың жақындары оқитынын, ең төменгісі Кирсан Илюмжинов секілді болашақ бір халықтың көшбасшысы болатынын мен ол кезде қайдан білейін.

Қазір ойлап отырсам, аяқ астынан өлең жазып кетуіме, шамасы, бала жасымнан көркем әдебиетті көп оқығанымның да өзінше әсері болған сияқты. Жаңағы 6-сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ «Мың бір түннің» төрт томын оқып шыққанмын. Ауылымызда әдебиетті жақсы көретін Сәтен деген молда кісі бар-тын, сол ара-тұра мені шақырып алып, әлгі кітапты дауыстатып оқытып қоятын. Сосын жастайымнан қызығып оқыған дүнием «Батырлар жыры» болды. Бұған ауылдың үлкен кісілері себепкерлік етті. Әкем өте көпшіл, жанына адам жинамай жүре алмайтын, аптасына кемінде бір рет үйге қонақ шақырып, әңгіме-дүкен құрып отыратын кісі еді. Өзі де сөзге шешен, қазақтың небір ұсталмаған көне сөздерін төгіп тастайтын, ежелгі тарих пен шежіреден сөз бастап отыратын көшелі адам болды. Осындай басқосуларда үлкендер мен үшін мазмұны жұмбақ, бұрын естіп көрмеген Ақмырза көтерілісі туралы әртүрлі әңгімелер айтып қалады. Сол үлпәт-кеңестерде, әсіресе, Ақмырза көтерілісі куәгерлерінің бірі – әкемнің ағасы Қошан көкем болған оқиғаны тілін тамыза отырып, айтып беретін. Осы әңгімелер маған қатты әсер етті. Олар Ақмырзаны батыр деп аспандатып, қатты құрметтеп отырғанда, «Егер батыр болса, неге кітапқа шықпайды? Неге оқулықта жоқ?» деп ойлап қоям. Сосын ол туралы өзімнің жазғым келіп кетеді. Бір кезде бұл әңгімелерді жиып-жинақтап қоя қоятын қариялар маған қарай бұрылып: «Ай, Шаһизада, батырлар жырың қайда, алып келіп, оқышы» дейді. Мұны ести сала, кітапты ұшып барып әкелетін мен іле малдасымды құрып отыра қалып, өзіме таныс Сыр бойы мақамдарына салып, әндете оқи жөнелемін. Бәлки, сол оқығандарым бойыма қазақтың сөзінің құнарын сіңіріп, әлдебір ұшқынды оятқан да шығар. Бұл жырларды талмай ұзақ оқып жүргенім сондай, мектепте жүргенде Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар батырлар туралы дастандардың талай жерін жатқа айтатын едім. Соның жұқанағы әлі бар, қазір де олардың талай жерін ойша оқып бере аламын.

«Құбылып Бурыл гуледі,

Табаны жерге тимеді,

Көлденең жатқан көк тасты,

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі», – деген сияқты буда-буда өлең жолдары мен қатарларын қай кезде де тоқтаусыз айтып бере аламын.

Ал «Қазақстан пионеріне» өлеңім шыққаннан кейін, 7-8 сыныпта оқып жүргенімде Аманбай Байниязов деген ұстазым менің әдебиетті жақсы меңгеруіме барынша көңіл бөлді. Соның әсерімен әдебиеттен мазмұндама жазғанда, жазушы сияқты қиялданып, шығарма жазғым келіп тұратын. Шығарманың мазмұнын жазудың орнына, оның авторы көзіме елестеп, басқа бір қиялға кіріп кететін едім. Мысалы, Сәбит Мұқановтың бір шығармасы туралы жазу керек болса: «Сәбит Мұқанов сыртқа шыққанда, самал соғып тұрған-тұғын. Ол жәйімен желбегейін жамылып, төбенің басына көтерілді де, қолына қаламын алып, ақ қағазға «Мөлдір махаббатты» жаза бастады» деген сияқты етіп көсілтетін едім. Өйткені, өзімді тап бір сол жазушының қасында тұрып, бақылай қарап отырғандай сезінетінмін. Осы тәрбиенің арқасында кейін, аудан орталығында 9-сыныпта оқып жүрген кезімде, Алматыда өткен республикалық «Менің замандастарым» атты балалар апталығында бас бәйге жеңіп алғаным бар.

Иә, ауылдағы мектеп сегізжылдық қана еді, оны бітіргесін, аудан орталығына барып, оқуды жалғастыруға тура келді. Осы тұста поэзиямен шындап айналыса бастадым деп те айта аламын. Бірақ өлеңнің шалқыған өмірден тумайтынын, жырдың тек жақсы жағдайға байланысты пайда болмайтынын тез ұқтым. Өзім әке-шешемнің еркесі болып өскесін, сыртта жүрген кезімде үйді сағынып, жалғыздықты бастан кешіп, кейде тоқырап қалатын шағым кездесе беруші еді. Сондай кездерде ойымды жыр тілімен қағазға түсіруге көшетінмін. Осылайша бірте-бірте мұндай өмірге бауыр басып кеттім. Енді қазақтың біртуар ақындарының жауһарларын жиі оқып тұратын болдым. Оқыған сайын өлеңге деген құштарлық арта берді.

Әйгілі Мұқаңның, өзіміз студент кезімізде талай жолықтырып, жырларын тыңдаған, өзіміз де өлеңдерімізді оқып беріп жүрген Мұқағали Мақатаевтың:

«Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта.

Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа.

Айшылық жол…

Шөлдейсің, зарығасың,

Армандайсың, аңсайсың, сағынасың.

Жол азабын көресің, көресің де,

Ашынасың, біресе бағынасың.

Даламенен жүресің, тау асасың,

Сезесің биігін де аласасын.

Кенезең кепкенде бір лай суға

Кез келген мақұлықпен таласасың.

Сапар ұзақ.

Тағы да аяңдайсың,

Алыпқашпаң басылып, баяулайсың.

Ел шетіне жетесің, жетесің де,

Көргеніңнің бәрісін баяндайсың.

Міне, осылай өлеңнің кілті деген,

Құйттай жүйең қалмайды сілкімеген.

Аттанам деп алысқа, айдалада

Адаспайтын болғай-ды шіркін өлең», – деген шашылып түскен шумақтары болушы еді, менің жоғарыдағы тұжырымды осы шумақтар барынша кеңейтіп жеткізіп беріп тұр.

Бір қызығы, мен оқыған мектептен біріміздің артымыздан біріміз суырылып, үш бірдей ақын шықтық. Солардың алғашқысы өзім болсам, екіншісі менен бір сынып төмен оқыған Мәди Қайыңбаев еді, сосын одан да бір сынып төмен оқыған Бақыткүл Мадиярова деген қарындасымыз қатарға қосылды. Үшеуміз де мектеп бітірген бойда бірден КазГУ-дің журналистика факультетіне барып түстік. Үшеуміз де мектепте жүргенде-ақ республикаға танылдық. Үшеумізді де келген кезімізде болашақ курстастарымыз «ақын» деп қабылдады. Мәди келген бойда мұның бекер емес екенін байқата бастады. Бақыткүл жастай жарқырап көрініп еді, алайда, оқып жүргенінде күйеуге тиді де, кейін поэзияны тастап кетті. Әкесі біз оқыған мектептің директоры еді, бәрімізге жақсы тәрбие берді. Ал пегастың күдері тектес жалынан тастай қатып айырылмаған Мәди поэзияға барынша адал болды, осы жолда әлі күнге дейін талмай еңбек етіп келеді. Оның Еділ патша туралы, Мәді қаған туралы, Сүзге ханым туралы парасатты поэмаларын көзі қарақты оқырман қауым жақсы біледі. Кеңес кезеңінде Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде қазақтың талантты, аяулы ақындарының бірі болып отыр.

Біз сені «Жалын» альманағының 1973 жылдың қараша-желтоқсан айындағы №6 нөмірінде жарық көрген топтамаңды оқыған бойда нағыз ақын екеніңді, жай ғана ақын емес, поэзияда өзінің орны мен үні болатын ғаламат шайыр болатыныңды мойындап қойғанбыз. Ал сен қашан өзіңді нағыз ақын сезіне бастадың?

– Сол «Жалынға» топтама өлеңдерім шыққан кезден өзімді ақын сезіне бастасам керек. Мен өзімнің сол бір балауса жырларымды жақсы бағалап, көп ұзатпай басылымға салған қазақтың арқалы ақыны, үлкен азамат, альманахтың редакторы Мұхтар Шаханов ағама басымды иіп, алғыс сезімімді білдіремін. Бұл кісі кейін мен Байқоңырда жүрген кезде «Жалын» журналының (альманах кейін журналға айналды ғой) редакциялық алқасының мүшесі етіп алғаны да бар. Міне, содан бері де отыз жылға жуықтапты, мен әлі аталмыш басылымның редколлегия мүшесі болып келемін. Шынын айтқанда, сол замандарда мектеп оқушысының бұлайша республикалық журналға, альманахқа шығуы өте сирек кездесетін оқиға еді ғой. Белгілі ғалым, журналист Бауыржан Омаровтың айтатыны бар ғой, «Жалын» альманағына шығу – ақындығыңа берілген мандат» деп. Ендеше, мен де Мұхтар ағамның қамқорлығы арқасында альманахқа шығуымды өзімнің ақын ретінде мойындалуым деп қабылдап, поэзиядағы қадамым мен қанатымды ширата түстім ғой деп ойлаймын.

Бұдан кейін біз екеуміз университетте, журфакта табыстық. Оқуға түспей жатып-ақ өзіңді ақын ретінде танытып үлгерген сені мұнда да елеңдеп күтіп отырған ағаларың бар-тын. Солардың бірі Жарасқан Әбдірәшев еді. Ал бізден 3 курс жоғары оқыған арқалы ақын Байбота Серікбаевды, қазіргі Байбота Қошым-Ноғайды кейін өзің:

«Сөзімнің татауы жоқ, татымы көп,

Тұрады айтқанымның атымы кеп.

Басымды Байбота ағам бағалаған,

Қазақтың таңғажайып ақыны деп» деген жолдармен жақсы атап өттің. Сол ағаларыңның арасында сенің жырларыңның жарыққа шығуына көмектескен кімдер болды?

– Әдетте ауыздығымен алысып тұрған ақындар, әсіресе, өзінің бас асаулығынан жас ақындар ешкімді тыңдай қоймайды ғой. Бірақ олар да тым ақылсыз емес, өзіне кімнің шын қамқор екенін сезінеді. Ондай асыл ағаларымның қолқайыр көмегін кезінде мен де көрдім. Менің, мысалы, 1-курс оқып жүргенімде, 1975 жылы көктемде жарыққа шыққан жас ақындардың «Көктем тынысы» жинағына енуіме, өзің айтып отырған қазақтың ұлы ақыны, жан-жақты талант иесі Жарасқан Әбдірәшев ағам тікелей көмектесті. Осы күні Жарасқан ағамды еске алған кезде ойыма өмірде қолдан жасалатын кедергілер, көреалмаушылардың қорқау тірліктері, Құлагердің бәйге жолында соққыға жығылуы, ұлы адамдардың өмірде теперіш көрулері сияқты көріністер мен түйсіктер орала береді. Менің ұғымымда Жарасқан ағам – нағыз классик ақын. Ол сол замандары ең бірінші болып бағаланатын ақын еді. Оны Кеңшілік Мырзабеков болсын, Жұматай Жақыпбаев болсын, Темірхан Медетбеков болсын, Тынышбай Рахимов болсын, Ибрагим Исаев болсын – барлығы риясыз көңілмен пір тұтты. Олай болатыны, Әбдірәшевтің өлеңдері тайпалған жорғадай, бәйгеге қосуға дайын тұрған алқымы кең сәйгүліктей, артық-ауыс бір сөзі жоқ, құрыштан құйылып, кілемнің кестесіне түскен әдіптей толық таза дүниелер еді. Ол әр сөзді өзінің орнымен керемет пайдаланатын. Әдебиетте инверсия деген бар ғой, Жарасқан ағам кез келген өлеңін сол инверсияның заңдылығына бағындырып, іші-сыртын бірдей жасандырып қоятын. Бірақ заманында соған сай өзінің лайықты бағасын ала алмады. Өйткені, ол өзінің шығармашылығына ғана емес, жалпы әдебиетке барынша адал болды. «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген қағидатпен өмір сүріп, осы шындықтың жолында туғанын да аямай, адал сынын айтушы еді. Мұны ақынның «Парасат пен парыз» деген кітабындағы сыни мақалаларынан да анық байқаймыз. Ол өлеңмен бірге әдеби сын да жазды, эпиграммалар да жазды. Көп жылдар бойы «Жұлдыз» журналының сын бөлімін басқарды. Өзі аспирантура да бітірген білімді адам. Әдебиетті жан-жақты терең біледі. Сонда отырғанында сол кездері танылып қалған ірі ақындарымыздың шығармаларындағы кемшіліктерді күлтелетпей жазып отырды. Соны біздің үлкен ақын ағаларымыз кешіре алмады. Кешіре алмағандары сол, менің Жарасқан ағамның бәйге алайын деп тұрған «Дала, сенің ұлыңмын» деген кітабын «Ара» журналында сынауды ұйымдастырды. Біз бұған қарсы тұрдық. Ақыр соңында сол жасалған қастандық ағамыздың сыйлық алуына кедергі болып шығып, ол көңіл күй мен денсаулық жағдайына қатты әсер етті.

Біз ағамыздың ақындығын, білімділігін ғана пір тұтқан жоқпыз, оның өмірдегі жолы мен серілігіне де еліктеп жүрдік. Бірінші курста татып алмаған мен екінші курстан бастап, «ауызданып», біраз ащы судың эйфориясына бөленген сияқтымын. Ол кезде бар болғаны он тоғыз жастамын. Даңқты ойлағаннан гөрі, даңғазаға бейім болсам керек. Бірақ ешқашан халтураға ұрынбадым, өтірік өлең жазғаным жоқ. Сол кезде де өндіріп жазып жүрдім, әйткенмен, кейбірінің кейін қайда қалғанын білмей қалдым. Арада көп жыл өтіп кеткесін, сол кездегі достарым «Шаһизада, сенің ана бір өлеңің бар еді ғой…» деп есіме түсіріп қоятыны бар. Жұрттың есінде қалғанына қарағанда, олар жаман жазылмаған секілді. Сөйтіп жүргенде, 1977 жылы «Жалын» баспасы «Тұңғыш кітап» сериясын қайта қолға алды. Менің Байбота Серікбаевпен бірге алғашқы кітабым шығатын болып, Жазушылар одағының поэзия секциясының талқылауынан өткен еді. Тап сол кезде деканатта мені оқудан шығармақшы болып жатқан. Сонда біреулер «декан Темірбек Қожекеевтің досы екен» деп, маған республикалық Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы болып істейтін қармақшылық жерлес ағамыз Шәрібек Есмұрзаевқа барып жолығып, жағдайымды айтуға ақыл берген. «Суға кеткен тал қармайдының» кері келіп, амалсыздың күнінен сол кісіге бардым. «Аға, мені Қожекеев оқудан шығарайын деп жатыр еді, соған айтасыз ба…» дегенім сол еді, ол кісі: «Сендер, жастар осындайсыңдар, біздер жетім өссек те, өз еңбегімізбен көтерілдік, ешкімге ештеңемізді міндет қылған жоқпыз», деп бірден өзіме тарпа бас салды. Содан кейін менің қабілетіме қарап, іші жылитын шығар, көмектесіп қалар деген оймен: «Аға, келесі жылы кітабым шығайын деп жатыр еді..» дедім жалынғандай болып. Бірақ ол менің сөзіме сенбегендей, комитеттің аға редакторы Бақыткерей Ысқақовты шақыртты. Бақыткерей аға мені таниды, жылыұшырай амандасып болып, бастығына барды. Бастығы одан мен жайлы сұрағанда, ақкөңіл Бақыткерей аға: «Шаһизада өсіп келе жатқан талантты жастардың бірі ғой, келесі жылы кітабы шығуға жоспарланып жатыр», деп еді, ана жерлес ағам қылышын қынабынан суырып алғандай болып сұрланып: «Мынаның кітабын алып таста, бұған кітап шығаруға әлі ерте, алдымен қара басын алып жүрсін», деді… Сонымен, іс бітті. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп жүріп, құлағынан айырылыпты» болды да шықты. Бастығы айтқасын қайтіп қарсы келсін, Бақыткерей ағам «мақұл» деді де, кетіп қалды. Мен орнымнан атып тұрып, кабинет иесімен қоштаспай шығып кеттім. Шыны керек, қатты есеңгіредім. Бір үмітім осы еді, ол да күйреді. «Қиянаттың қақпаны аузына өзім барып ұрындым-ау» деп ішім күйді, жаным от болып жанды. Ақырында ойым отыз, санам сансыз болып жүріп: «Кітабымның шығуы сергелдең сәттерімнің өтеуіндей еді ғой. Моральдық сүйеніш еді маған. Бұл да бітті! Енді тынған шығармын», деп күйзеліске түстім. Бірақ «Кейде ағалар осылай ұрсып-ұрсып алып, кейін жұбатып жіберетін еді, тым ондайға бара қоймас» деген де үмітім жоқ емес еді. Алайда ертеңіне Бақыткерей Ысқақовқа барып, кітабымның шынымен баспаның жоспарынан шығып қалғанын білдім… Міне, екі ағам. Екі жерлесім. Екі түрлі контраст. Екеуінің маған жасаған әрекеттерінің түрі тап осындай. Аралдық ағам қолынан келгенін көмегін көрсетіп ақты. Ал қиянат жасағаны бір ауданнан ғана емес, тіпті бір ауылдан – өзіміздің «Жаңажолдан» шыққан нағыз жерлесім еді. Мұндайды да бастан кештік.

Оқып жүргенде сен курстасымыз Ізмұрат Құрбанбаевпен, бізден бір курс төмен оқыған Бейсебай Кірісбаевпен жатақханада да, пәтерде де ылғи жұптарың жазылмай, бірге жүрдіңдер. Сендердің осылай бастарыңды біріктірген не?

– Сәке, Ізмұрат ағамның қандай адам екенін өзің де жақсы білесің. Ол кімге де болса жаны ашып тұратын, ешкімге жамандық ойламайтын құдайдың бере салған жаратылысы ғой. Сол Ізағаң оқуға түскен кезімізден бастап, маған ықыласын аударып, мені туған інісі секілді көріп, бүкіл жүріс-тұрысыма дейін назарында ұстады. Маған ұдайы қамқор болып жүреді, менің қарнымның ашып қалған-қалмағанын да қадағалап отырады. Қарап тұрсам, ол да мен секілді бір кіндіктен жалғыз ұл екен, шамасы, өзіне мен секілді жалғыз тұяқты іні керек болды-ау деймін. Ал маған тап сол кезде осындай жанашыр аға керек болған болуы керек. Оның үстіне, Ізағаң туып-өскен Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданы біздің Қармақшы және Қазалы аудандарымен бір белдеуде, Қызылдың құмында шекараласып жатыр. Бұған қоса, ол да мені бұған дейін-ақ сырттай біліп келген болып шықты. Сөйтіп, не керек, екеуміз кездескен кезден бір-бірімізге қарай қарсы жүріп, бірден араласып кеттік.

Қытайда жеті жасына дейін тұрып келген Бейсебай ағамды «Қазақстан пионері» арқылы бұрыннан сыртынан білуші едім. Ол сол кезде арғы бетте тұрған жерлерінің сұлу табиғатын айтып отырғанында, таң қалатынмын. Менің Шыңжаң туралы алғашқы ой, түсініктерім сол Бейсебай ағамның естеліктерінен бастау алды. Сосын ол бір жаны өте таза жігіт еді. Ешкімге жаманшылығы жоқ, қызғаныштан ада, адамгершілігі мол. Тегінде, осындай жаны сұлу адамдарға жақын жүрген жақсы ғой, осы екі ағамды маған Алла өзі әкеліп қосты деп ойлаймын. Үшеуміз өмірі жұбымыз жазылмай бірге жүретінбіз. Кей кездері бірімізді жатақханадан шығарып жіберсе, сол қалпымызбен үшеуміз пәтер жалдап, бірге тұрушы едік. Екеуі екі жақтап маған қамқор болды. Отқа, суға түсіріп алмай, алып жүрді. Осы күні мен сол кездерді де сағынышпен еске аламын. Себебі, жастық шағымның, студенттік кезеңімнің ең бір қилы-қилы уағы сол мезгілмен бірге кетті. Сол дәуренді бірге кешкен Бейсекеңнің өмірден өтіп кеткеніне біраз жыл болды. Оған деген сағыныш та бар.

Ал Ізмұратпен қазір де біргесіңдер. Оны екеуміздің бір кездері шапқылап жүріп, Қарақалпақстаннан Қызылордаға квота арқылы алдырғанымыз да еске түсіп отыр.

– Мен де оны ұмытпаймын ғой. Ол оқу бітіргеннен кейін туған жері – Қарақалпақ республикасына барды. Онда аудандық газетте қызмет істеп, редактордың орынбасары деңгейіне дейін жетті. Бірақ Одақ тарағаннан кейін ондағы жағдай күрт нашарлап кетті. Жұрт жаппай елден кете бастады. Сол кезде Ізағаң қайда барарын білмей, қатты қиналды. Мен онымен ұдайы хабарласып тұратын едім. Сондықтан бұл жағдайдың бәрін өз аузынан біліп жүрдім. Содан кейін Қызылордаға көшіріп алу жөнінде ой келді. Негізі, Ізағаңның да ойы сол екен. Сол кездері ғой, екеуміздің ақылдасып, облыстық көші-қон басқармасының басшысы Бибіжан Жәукебаеваға барып жүргеніміз. Обалы не керек, Биекең мәселені тез шешіп, көп кешікпей квота алып берді. Соның арқасында Қазақстанға, соның ішінде біздің облысқа көшіп келді. Келген кезде біршама уақыт газетте жұмыс істеді, кейін «Қоғам ТВ» компаниясына ауысты. Қазір, шүкір, жағдайы жақсы. Балаларының бәрін оқытты. Ұлды – ұяға, қызды қияға қондырды. Сөйтіп, осында көктеп-көгерді. Өзі Қызылорда облысы мен Қарақалпақстанның табиғаты бірдей ғой, олар бұл жақты тез жерсініп кетті. Қарақалпақ автономиялы республикасы 1929 жылға дейін Қазақстанға қарады, астана Қызылордадан Алматыға көшкеннен кейін Өзбекстанның бағынысына берілді. Сол кезде Қарақалпақстан жерінен Қызылордаға келіп, қалып қойған қайраткерлер аз болған жоқ. Мысалы, Темір Құдабаевты өзің де білесің. Облысты Исатай Әбдікәрімов пен Сейілбек Шаухаманов басқарған жылдары Қызылорда облысы мен Қарақалпақ автономиялы республикасының арасында тығыз достық байланыс орнады. Екі жақтың делегациялары бір-біріне барып, өнер күндерін өткізіп тұрды.

Мен де Қарақалпақстанға бардым. Сөз арасында айта кетейін, қарақалпақ ұлты қазір көп дегенде, 500-600 мың халық, олардан да тіл кетіп бара жатыр. Олар қазақша сөйлей береді, – әрбірден соң біз бір халықпыз, өйткені, тілдерімізде айырма аз, – бірақ барлық жерде іс қағаздары өзбек тіліне көшіп, жұрт сол тілге қарай бейімделіп барады. Кезінде қарақалпақтан да небір дүлдүл ақындар шыққан, ұлт классигі Бердақ және Әжнияз сияқты. Оларда біздің Алдаркөсеміз, Қожанасырымыз сияқты Өмірбек лаққы деген болған. Біздің «Жұлдыз» секілді «Әмудария» журналы әлі күнге дейін жарық көріп келеді. Қарақалпақ жұртында Төлепберген Қайыпбергенов деген КСРО Мемлекеттік сыйлығын алған жазушы да болды. Оның «Қарақалпақ қызы» деген дилогия-романын оқып жүргенде, маған Ізағаң әкеліп берген. Оқып қарасам, еркін аудара беруге болады екен. Содан Жолтайға көрсетіп, екеуміз аудармақшы болдық. Ол кезде Жазушылар одағында аударма бөлімі бар екенін, бір кітапты аудару үшін сол бөліммен келісу керек екенін біз қайдан білейік. Соның бір тарауын аударып, Жолтай екеуміз Жазушылар одағына бардық. Сөйтсек, аударма бөліміндегілер: «Мынаны аудар деп сендерге кім тапсырды?» деп таң қалып сұрайды. «Ешкім де». «Айналайындар-ау, кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов бұл романды қазақ тіліне аударуды ұсынғанда, КСРО Жазушылар одағының аударма бөлімі келісімін бермей қойған», дейді аналар. Сосын сап тыйылдық. Бір жағы қарақалпақшаны қазақшаға аудармай-ақ оқып, түсіне береміз ғой

       «ӨМІРДЕ АҚЫНДАРДЫҢ БӘРІ ТУЫС»

Сенің біраз жылдардан бері қырғыз ақындарымен жақсы қарым-қатынаста екеніңді білеміз. Қырғыздың біраз ырларын қазақ тіліне аудардың. Өзіңнің де бір-екі жинағың қырғыз тіліне қотарылып шықты. Бұл достық байланыс қалай басталды?

– Қырғыздармен байланыс орнату алғаш рет Қырғызстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы Акбар Рысқұловтың өлеңдерін аударуымның нәтижесінде қалыптасты. Кейін Қырғызстанға барған кезімде Бақтыгүл Чотурова деген ақынмен таныстым. Өте ізденгіш, өте өнімді жазатын қаламгер, оның зерттеулері де бар, драмасы да бар. Ол менің бір кітабымды қырғыз тіліне аударды. 2000 жылдың бас жағында баспадан шықты. «Күн астындағы қағанат» деген. Өзі шығарды. Менен қаржы сұраған жоқ, баспаның шаруасына емеурін де жасамады. Қырғыздың «Азия ТВ» деген телевидениесінің президенті Жиеналы Қамбаралиев екеуміз байланысып тұратынбыз, кітапты шығаруға сол да атсалысты. Содан кейін барып Қарбалас Бакировпен таныстым. Қырғыздың бұдан да басқа бірнеше ақынымен білістім. Жалпы, қырғыз қаламгерлері менің шығармашылығымды дұрыс бағалады ғой деп есептеймін. Маған жылы-жылы сөздерді жиі айтатындары соншалық, өзімді Қазақстаннан гөрі сол жаққа көбірек керекпін де деп қалам кейде. Олардың поэзиясын аударуға қатыстым. Ақыр соңында менің «Сырдария» деген мұқабасы қалың кітабымды аударды. Сол кезде «Кыргыз туусы» деген республикалық газетінде қызмет істейтін курстасымыз Назарбек Байжігітов аудармама көмектесті, мен түсінбеген сөздерді қотарып берді. Қырғыздармен байланыс жақсы қалыптасты. Осы тұрғанда, мен «Қырғыз поэзиясының антологиясына» кіретін ірі ақындардың өлеңдерін аударып жүрмін. Амандық болса, алдағы уақытта ол да жарыққа шығады.

 – Қырғыздың өзіміз қатарлы ақындар арасынан кімдерді талантты деуге болады?

Біздің қатарларымыздың арасында да талантты ақындар бар. Олар – Акбар Рысқұлов, Абдрахман Алымбаев, Кемел Белеков, Қарбалас Бакиров, өзі жақында ғана «Ел ақыны» атанды, біздің бұрынғы «Халық ақыны» сияқты. Бізде бұл қалды, ал қырғыздарда бұл институт әлі сақталып тұр. Сосын Бақтыгүл Чотурова, Алик Акималиев, Қожагелді Күлтегін, жас таланттардан Алтынбек Исмайылов, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрланбек Қалыбеков деген жігіт бар. Қырғыздар поэзиясында қазір жақсы өзгерістер орын алуда. Тағы бір нәрсені айтайын, бізге қарағанда, қырғыздар поэзияны жоғарырақ құрметтейді. Қырғыз оқырмандары әлі кітап оқиды, әсіресе, поэзияға жақсы ден қоятындары байқалады.

Шәке, оқып жүрген кездердің өзінде сенің қатты ізденетінің, сол жолда орыстың көптеген талантты ақындарының өлеңдерін жата-жастана оқып жүретінің байқалатын. Сол ізденістің жалғасып келе жатқанына күмәнім жоқ.

– Біз оқып жүрген кезде орыс поэзиясына еліктеу, оның дәстүрін сіңіру кәдімгідей кең етек алды. Біз тұстас ақындардың бәрі сол мектептен, сол жолдан өтті. Мен өзім сол тұста Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский секілді сөз зергерлеріне көбірек зер салдым. Бұрынғылардан Сергей Есенин, Николай Рубцов, Павел Васильев назардан тыс қалған жоқ. Қазір де сол бағытта ізденеміз. Басқа халықтар ақындарының орысшаға аударылған нұсқаларын қарап тұрамыз.

Өзіміздің арғы-бергі ақындардан кімдердің өлеңдерін жақсы көресің?

– Қазақта талантты ақындар өте көп қой. Олардың қайсыбірін айтайын. Менің бір өлеңім бар еді, «Өмірде – ақындардың бәрі туыс, Өлеңде бақталасым – Абай ғана» деп келетін. Ал қазақ поэзиясында өзімнің қатарларымнан олжа салып жүрген, жастай көрінген, өзінің сол ақындық болмысын бұзбаған, әлі күнге дейін шабысынан танбаған Ұлықбек Есдәулет деп есептеймін. Сосын қазақ поэзиясының ертедегі үлгісін бүгінгі күнге алып келген, оның жауынгерлік салтын жетелеп жеткізген, шығыстың мақамы мен үрдісін қатар меңгерген Есенғали Раушановты айтуға болады. Біздің бәріміз жас кезімізде, жаңа айтқанымдай, орыс поэзиясының озық үлгілеріне көбірек еліктедік. Стилін үйрендік, сөз қолданысына қарадық, құрылымына назар аудардық. Мұны, негізі, қазақ поэзиясына индустрия әуенін әкелген Темірхан Медетбек ағам бастап берді. Біз бір сәтті күні Есенғали қазақтың баяғы кәусар жырының лебін Алматыға алып келген кезде жоғалтып алған әкемізбен, анамызбен не бауырымызбен қауышқандай күй кештік. Сол Есенғалидың поэзиясындағы қазақы оралымдар, қазақы мақамдар, сөзді өзінің орнымен пайдалану арқылы адамның ішкі жан-дүниесін ашып көрсету бәрімізді сүйіндірді. Ол, былайынша айтқанда, қазақтың көне поэзиясы жауһарларын бойына сіңірген, соны өзінше қорытып шығарған көрнекті ақын.

Осы «көрнекті» дегеннен шығады, айта кетейін, Байбота ағам менің бір жинағыма жазған аннотациясында «Қазақтың таңғажайып ақыны Шаһизада Әбдікәрімов» деп атап өтіпті. Шынымды айтсам, бұл маған ұнады. Бір жолы Жазушылар одағының съезінде үлкен ақындар кездесіп тұрмыз. Сол жерде мен қасымдағы әріптестеріме айтам, «Сіз қазақтың көрнекті ақынысыз, сіз белгілі ақынысыз, сіз танымал ақынысыз» деп. «Мен сіздердің осы дәрежелеріңізге еш уақытта таласпаймын, – деймін сосын. – Маған Байбота ағамның берген «қазақтың таңғажайып ақыны» деген атағы жеткілікті». Бәрі дуылдасып қала берді.

Бір өкініштісі, қазір қазақтың поэзиясы науқаншыл болып барады. Ол – бір мүшәйраға қатысып, белгілі бір тақырыпқа өлең арнау, біреулердің мерейтойларына өлең жазу. Сөйтіп, қазақ поэзиясының ғасырлармен жарысып келе жатқан табиғи инверциясын жоғалттық. Өлең деген табиғи қажеттіліктен тууы керек. Бұл үшін ақынның өзін өзі қинап керегі жоқ. Сені біреу «қайтсең де өлең жаз» деп қинап жатқан жоқ қой. Бұл сенің өз жан-дүниеңнің тілегі екенін жадыңнан шығарма. Абайдың әр өлеңі – ұлы туынды. Себебі, ол өзін өзі қинап жазған жоқ. Ол адамды, қоғамды, айналаны танып білгеннен кейін, соны ойымен қорытып, түйін етіп жазды ғой. Сондықтан босқа қашап жазғаннан тасқа қашап жазған дұрыс болар.

Байқап тұрсам, сенде махаббат жайын қаузаған жырлар айтарлықтай аз екен. Мен бұған таң қалмаймын. Себебі, поэзия кіл сүйіспеншілік тақырыбынан тұрмайды. Нағыз ақындар бұл төңіректі біраз шиырлағанымен, онда біржола қалып қоймай, өзінің адам ретіндегі болмыс-бітімін танытатын қоғамдық өмірге араласады. Ал махаббаттан шыға алмаған ақын ақыры тоқырауға ұшырап, «гөй-гөйге» ұрынады. Осыған келісесің бе?

– Айтып отырғаның адамдар арасындағы сүйіспеншілік сезімге байланысты туған өлеңдер ғой. Менде махаббат тақырыбындағы өлеңдер бар. Жеткілікті. Бірақ мен оларды жариялағым келмейді. Себебі, бұл әркімнің жеке сезімі ғой. Сосын біздің жасымызда оларды дүмеп шығарып жатсақ не болады?! Кейін біреулер: «О, мынау Шәкеңнің махаббат тақырыбына арналған өлеңі екен» деп, шығарып жатса, құба-құп. Ал дәл қазір оның орнына айналамызда көрініс беретін құбылыстарға зер салып, солардың жайын жырлағанымыз жөн. Жаһанда болып жатқан оқиғалар, оның адамзатқа тигізетін әсері төңірегінде көбірек толғауымыз керек шығар. Біз өмірге шынайы көзбен қарауымыз керек. Бүгінде «Қазақстан анадай», «Қазақстан мынадай» деген пафос арбауына ілігіп, бәрін салтанатты жағдайда етіп жазушылық жиі кездеседі. Бірақ бізде бұдан да гөрі маңызды мәселелер бар. Оларды көріп-білу үшін ақын қиялдың қанатына мініп, эйфорияның елесіне еріп кете бермей, бір ауық жерге түсіп, табанының астын нық басып тұруы керек. Сонда ғана өмірдің көлеңкесін, елесін емес, нағыз өзін көреді. Жаһанда болып жатқан жағдаяттар, олардың адамзатқа әсері, өзіңе әсері қандай, – міне, біз осының төңірегінде ойлануымыз керек. Оны дәл қазір бірінші кезекте қазақтың мына ұлы даласын қалай сақтап қаламыз деген ой толғандыратын болуы тиіс. Менің жүрегімді көбіне-көп осы мәселе мазасыздандырады. «Қазақстан – жасампаз! Қазақстан – керемет! Біз көп мемлекеттен алдамыз» деген өзімізді алдандыруға бағытталған ұрандарды қоюымыз керек. Сырттағы жұрт бұған бәрібір сенбейді. Өйткені, бұл шындыққа жанаспайды.

Жақында баспасөз бетінде ақын Серік Ақсұңқарұлының бір мақаласы шықты. Негізінен, поэзия парасаты туралы. Ішінде мен туралы айта кетіпті, «Қасым» журналына өлеңдерін сұратып, алдыра алмай жүрміз. Шаһизада өлеңдерін өзге түгілі, өзінен де қызғанатын ақын-ау» деп. Ол рас. Мен өлеңдерімді жаза салып, баспасөз бетінде жариялап жатқанды қаламаймын. Баяғыдан солай. Жазамын да, жинақтап алып қоя беремін. Менің ұғымымда, өлең деген әр жерде бір жылтыңдап көріне бермей, біртұтас кітап болып оқушы қолына жеткені жөн ғой. Өлең жан-жақта шашылып жүрмеуі тиіс.

Мен шын ақынның поэзиясы параболалық сипатта жазылмауы керек, деп санаймын. Мұндай поэзия болмайды. Қазіргі заманда бұдан гөрі вертикальды, яғни төменнен жоғарыға тік сызық болып тартылатын поэзия болғаны абзал. Кеңес кезеңінде параболалық поэзия көп болды. Себебі, ол заманда ақындарға қаламақы жақсы төленді. Өлеңнің әрбір жолы үшін ақы есептеліп шығарылатын. Бір жинақтың ақшасына бір машина сатып алуға болатын еді. Сондықтан жоспарланып қойылған кітаптың баспа табағын толтыру үшін ақындар орташа жазылған, сапасы төмен өлеңдерін жинағына кіргізе салатын кезеңдерге кез келді. Сонда мұндай халтура, жауапсыздық көрнекі шайырларымыздан да оқта-текте бір көрініп қалатын. Қазір ондай ахуал жоқ қой. Қаламақы төленер-төленбес, оны өзің үшін шығарасың. Сосын «кітабымды шығарып бер» деп биліктің алдына барған жоқпын. Осы кезге дейін кітаптарым не өз мүмкіндігіме қарай, не мемлекеттік тапсырыс арқылы шығып келді. Кейде жақсы араласып жүрген достарым, менің поэзиямды құрметтейтін, өзімнің қара басымды сыйлайтын аға-інілерімнің көмегі арқасында болып қалады. Бұл кезге дейін қырғыз және татар тілдерінде кітаптарым шыққан болса, алдағы уақытта түрік тілінде, моңғол тілінде, тіпті құмық тілінде жарық көрейін деп жатыр. Енді бірыңғай аудармамен айналысу керек болып тұр.

Өлеңнің қазіргі заманғы тенденциясы туралы айттық қой. Осы тұста өлеңді компьютерге отыра қалып жазатын үрдіс пайда болды. Бұл мәселенің де өзіндік кереғарлығы мен қиындығы бар. Мысалы, өлеңді қағазға түсіріп жазып отырсаң, оның шетіне тың ойларың мен әдемі сөздеріңді түсіріп кете бересің де, артынан қайта оралып, солар бойынша өзгерте бересің. Ал компьютерде бұлай ете алмайсың. Мұнда бәрін қайтадан үстінен жаңартып отырғанда, көкейіңе келіп қалған жақсы тіркестер мен шумақтарды ұмытып та қаласың. Бәрібір бәрі қолмен жазғандай болмайды ғой. Мен қай нәрсені де қолмен жазамын. Өз өлеңдерімді де, құлаш-құлаш мақала біткенді де солай қолмен тудырам.

Біз әдетте ақындарды лирик ақын, эпик ақын, философ ақын деп бөліп жатамыз. Мұнымен қатар азаматтық тақырыпта өлең жазатын шайырлар да бар. Сенде осы топтардың бәрінің үні ұшырасады. Кейінгі кездері азаматтық тақырыпта толғаған шынайы өлеңдеріңді оқыдық. Солардың бірі «Мен бір сорлы басынан базары ұшқан» деп басталады. Бүгінгі күннің ең бір өзекті мәселесін көтеріпсің. Сол өлеңді өзің оқып жіберші.

– Жарайды. Орыстың ұлы ақыны Николай Некрасов айтады ғой, «Ақын болу – міндет емес, Азамат болу – парызың» деп. Қандай бір ұлы ақын да заманның жүгін көтеруге атсалысуы керек. Әйтпесе, сенің ақындығыңның халық алдында бақыр құрлы құны болмайды.

Айтып отырған өлеңің мынау ғой, оқиын:

«Мен бір сорлы басынан базары ұшқан,

Кім ұғады жанымды наза қысқан?!

Гого Ашкенази мен Мешкейұлын

Төбесінде ойнатқан Қазақстан!

Сертің қайда сөз беріп, сөз алысқан,

Ата Заңды ақтарсам…

тозаң ұшқан!

Ертісбаев ерінін жыбырлатса,

Еріп кете бересің, Қазақстан!

 

Бабалардың бағып тұр көзі алыстан,

Балалардың сиқы анау… боза құсқан.

Өзім көріп келемін өз күнімді,

Өзегімнен теппеші, Қазақстан!

Қаңырайды –

қырылмай қазаны ыстан,

Аңырайды Жаңаөзен қаза құшқан.

Қыр соңымнан қуалап атқаның не,

Көзіне «қос көрінген» Қазақстан?!

Жезқазғанның түрін көр… бозарысқан,

Кимге ескерткіш қоямыз таза мыстан.

Көктен шұға жауғанда, бізге ұлтарақ

Бұйырмаған басым-ай, Қазақстан!

 

Өзі ақиық еді ғой, өзі арыстан,

Мейманасын төкті ме мазақ ұстам?

Теледидар алдында

Тоқтарымды

Тізерлетіп сөйлеттің, Қазақстан!

Сенгендердің сұрын-ай, сазарысқан,

«Қазақстан, – дейді олар, – ғажапстан!»

Екі ұртыңа толтырып көпірікті,

Өтірікті соғасың, Қазақстан!

Жаздан – жылу, кетіп тұр маза қыстан,

Кім ұғады жанымды наза қысқан?..

Жовтистердей қарғанып отырар ем,

Жалғызымсың, қайтейін, Қазақстан…»

– Мұндай өлең, негізінен, адамның ашынғанынан шығады ғой. Ендеше, ақын Шаһизаданы мына қоғамда тағы қандай түйткілдер толқындай тулатып, толғандырады?

– Мені толғандыратын нәрсе көп. Соның бірсыпырасын жаңа айтып өттім. Өлең жазғанға мәз болып жүре беретін заман өтті. Енді ел болып қалуды, ұлтты сақтап қалуды, ұлттық құндылықтарымызды, болмыс-бітімімізді сақтап қалуды ойлайтын, болашағымыздың қандай болатынына бойлайтын кезең келді. Мені таң қалдыратыны, біздің қазіргі кереғарлы қоғамда осындай адами, табиғи түйсік пен сезімнен туындайтын зор міндеттерді жүзеге асыруға қарсы тұратын, кедергі келтіретін күштер көп.

Менің осыған қатысты бір өлеңім де бар. Оның бір шумағы:

«Күндерім босқа өтуде,

Іркілген судай тоғанда.

Ұлтыңа қызмет етуге,

Рұқсат бермейтін заманда», – деп келеді.

Шынында қазір сен ұлтыңа қызмет еткің келіп, жұлқынып шыққан күннің өзінде, соны сен қоғамға іріткі салғандай, ала қойды бөле қырыққандай көріп, «Не айтып жүрсің?» деп өре түрегелетіндер кездеседі. «Біз мынадай мың-сайрам заманда өмір сүріп жатқанда, сенің мұның қалай?» деп, өзіңді күстәналай кететіндер табылады. Сен жердің, табиғи байлықтардың талан-таражға түсіп жатқандарын, әсіресе, мына қоғамды жаппай жайлаған жемқорлықтарды көріп тұрып, қалай ашынбайсың, қалай күйініп өлең жазбайсың? Ал мен осындай өлең жазсам, неге оппозиционер не диссидент болып танылуым керек? Бұл – қазір жұрттың бәрінің көкейінде жүрген нәрселер. Енді бәріміз аттанға аттан қосып, айқайлап шығайықшы, билік қайда қаңғып кеткенін білмей қалады. Бірақ солардың бәрінің сөзін бір ақын, бір жазушы немесе бір саясаткер айтып жатса, билік мұны «бір адамның емес, бүкіл халықтың сөзі» деп, дұрыс қабылдауы керек қой. Сондықтан «Мынадай нәрселер айтылып жатыр, бұған мән берейік, бұл – бүкіл қоғамның пікірі ғой» деп қарауы керек. Бізде бәрі керісінше, билік наразы жұрттың алаңдарға шығуын күтіп отырады. Ал алаңдарға шыққан кезінде оны қой секілді тырқыратып қуып, сойып салады. Сол біздің саясатымызға келе ме? Мұндай қай заманда болып еді бізде? Тіпті сонау Абылайдың кезінде де мұндай өрескелдік болған жоқ. Бір кездері Абылай астамшылық көрсете бастап еді, халық бірден бұрқ етіп көтерілді. Сол кезде халықтың қаһарынан қорыққан хан оның алдына атынан түсіп, жаяу барды. «Міне, басым, міне, иманым» деп басын иіп, кешірім сұрады.

Менің осындай толғаныстан туған бір өлеңімде:

«Жаңаөзенде найза ұшында ұшынып,

Халқыңыз тұр ханталапай қарсаңда.

Абылайдай атыңыздан түсіріп,

Жұртыңызға жаяу алып барсам ба?», – дейтін шумақ бар еді.

Халық – нөпір, халық – тасқын, халық – дана. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген де сол халық. Сол халық алдына жығылып келсең, қатеңді де кешіреді. Ал бізде халық – бөлек, билік – бөлек. Шенеуніктерден ел шошиды. Және себепсіз де емес. Неге біз барлығын кабинеттік жүйеге әкеп тіреп қойдық? Төменгі жоғарыға есеп береді, жоғары төменге нұсқау мен қағаз береді. «Бәрі тамаша, өмір солай, се ля ви» деген сияқты. Өтірік баянат, өтірік ишара. Мұны өтірік екенін жоғары жақ та біледі. Бірақ оған сол өтірік жағып тұр. Халықты алдау, алдарқату, жұбату үшін. Неге бұлай болуы керек? Неге керек? Сонда кімді алдап жүрміз?

Біз билікке реформа керек деп жатамыз. Мен айтар едім, реформа жұрттың дабыл қағып, көшеге шығып кетуінен кейін басталмауы керек деп. Реформа деген биліктің өзінде болуы керек. Жоғарғы эшалондардың ішінде отырғандардың арасында халықтың мүддесі үшін қабырғасы қайысатындар бар шығар. Сол билік басындағылар төменде тұрғандармен сепаратистік тұрғыда болсын не келісімге келу нобайында болсын, өзара консенсустық шешім тауып, тұйықтан шығу жолдарын қарастыруы керек. Өйтпеске болмайды. Мен кейде Қазақстанның экономикасы мен саясатын жүргізіп отырғандардың бәрі бірдей зомби болды ма екен, бәрі халыққа түк ұқпас тобыр деп қарай ма екен деп ойланып қалам. Олай емес шығар, солардың бәрі де осы тырнақша ішіндегі «тобырдың» арасынан шыққан жоқ па? Ендеше, биік мінбердегілер неге ақылы түзік адамша ойланбайды? Мұның орнына олар жұртты титтей нәрсе болса, түрмеге қамаумен, айыппұл салумен қорқытқылары келіп, әлекедей жаланып, еліріп тұрады. Әйтпесе, Президент болсын, Премьер-Министр болсын, министрлер болсын, әкімдер болсын, айналдырғаны 10 миллионның шамасындағы азын-аулақ қазақ бір-бірімізге бауыр емеспіз бе, Абай айтатын «біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бостың» мән-мағынасын қашан дұрыс түсінеміз? Маған кейде осы билік Қазақстанның байлығын ғана басқарып тұрғандай болып көрініп кетеді. Оған тек – қазақтың атадан балаға мұра болып келе жатқан қазынасы ғана керек, ал қарапайым халық керек емес сияқты. Бұларға байлықты басқарса, активтерді басқарса жетіп жатыр, ал халықтың көк тиынға да керегі жоқ. Себебі, оның проблемасы көп, тұрмыстық түйткілдері көп. Билік мұны шешіп, басын ауыртып отырғысы келмейді.

Меніңше, билік халықты саналы түрде кедей-кепшіктің деңгейінде ұстап отырған сияқты. Ол жұрттың байып кетуінен қорқады. Себебі, орта дәрежелі дәулеті бар адам сол билікке өз ойын ашық айта бастайды. Айлығы шайлығына жетпей отырған адам саясатты қайтсін. Аш адамды басқару да оңай. Мұндай ұғым жергілікті жерлердегі бастықтардың арасында да бар. Мен бір кісінің: «Осыны мен жұмысқа әдейі орынбасар етіп алдым. Басы қатты жұмыс істейді, идеялары күшті. Бірақ жоқ жерден шыққан жігіт, сол себепті ол маған қарсы шыға алмайды», деп отырғанын естіп қалғам. Міне, психология мен тактика қайда жатыр! Біздің билік жүйесі түгел осы принциппен құрылып жатса да, мен таң қалмаймын. Бірақ мұндай саясатпен біз тым ұзаққа бара алмаймыз, бұл біздің адымымызды қысқартып, түбі құрдымға жібереді.

Әйтпесе, Қазақстан – Президенттен бастап, бәріміздің өз еліміз, өз Отанымыз, ол – бәрімізге ортақ. Егер Мемлекет басшысы халыққа қатысты дұрыс саясат жүргізіп отырса, біз бәріміз соның төңірегіне топтасамыз, оның іс-әрекеттері мен бастамаларына қолдау көрсетеміз. Біз кезінде Елбасының бірқатар реформалары мен жолдауларын қолдап отырдық. Қазір Қасым-Жомарт Тоқаевты да қолдап жүрміз. Оның жолдауы көңілімізден шықты. Бұл жолдауды оқып отырғанда, менің есіме «Айсберг теориясы» түсті. Ол дененің үштен екі бөлігі көзге көрінбей жататынын меңзейді. Жолдауды мұқият оқып, ғылыми тұрғыдан қарап отырсаң, мұнда да әлдеқандай нышандар, ишаралар, емеуріндер байқалып қалады. Иә, бәрін бірден төңкеріп тастау мүмкін емес. Оның керегі де жоқ. Ол біртіндеп жасалуы керек. Мен бұл құжаттан сондай бір астарларды көргендей болдым. Демек, алда әлі өзгерістерге орын беріледі. Маған бұл жолдаудағы: «Енді біздің бұдан әрі қателесуге қақымыз жоқ» деген тұжырым айрықша ұнады. Бұл биліктің қателіктер жіберілгенін мойындап отырғанын көрсетеді.

Енді жемқорлықтың жайына келсек, мен әзірге одан құтылудың жолын көріп тұрған жоқпын. Елде азаматтық қоғам құрылған кезде ғана құтыламыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бізде бұған жол бермеудің тетіктері мен тұтқалары болды. Мысалы, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі депутаттарға кезінде осыны болдырмаудың бар мүмкіндігі берілген. Олар, мысалы, бюджеттің қаржысы қалай жұмсалып жатқаны жөнінде тиісті органдарға депутаттық сауал жолдай алатын. Белгілі бір жоба бойынша сұрау салуына жол берілетін. Қазір ондай жоқ. Мұны тек тексеру комиссиясы ғана жүргізе алады. Олар депутаттарға есеп берген болып шығады, бірақ ішкі ньюанстарын адам көзімен көрмегесін, оған қалай сенуге болады? Сосын тексеру комиссиясы қайсыбіріне жетіп үлгерсін! Кеңес заманында халықтық бақылау комитеті деген болды. Кәдімгі штаттық негіздегі мекеме. Бұдан басқа да арнайы құрылымдар болды. Қазір оның бірі де жоқ. Баяғы социалистік меншікті қорғау бөлімдері сияқты құрылым қажет бізге. Қаржы полициясы басқа жолмен кетіп қалды. Міне, күресті тиімді ету үшін осыларды қалпына келтіруден бастау керек сияқты. Парламентке барынша көбірек билік беру керек. Елді сақтап қалу керек болса, осыған саналы түрде баруға тура келеді.

Тағы бір мәселе, бізде шын мәніндегі демократиялық қоғам болуы тиіс. Бірақ оның Қырғызстандағыдай түрінің бізге керегі жоқ. Оны «жабайы демократия» немесе «тобырлық демократия» дейді. Тіпті Ресейдегі демократияның да, керек десең, Еуропаның бірқатар елдерінде бой көрсетіп жүрген демократия да қажетсіз. Біз бұл ретте АҚШ пен Германияға көз салуымыз керек. Бұл елдерде бір бүліктің шеті шықты ма, үкімет бірден отставкаға кетеді, мәселе бірден Конгресте қозғалып, оған принципті баға беріледі. Біздегі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттардың депутаттары қуыршақтар емес, олар да өздері тұратын жердегі жобаларды қадағалап, оларға бөлінген ақшаның қалай жұмсалып жатқанын біліп отыруы керек. Сосын мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңның бірқатар баптарын өзгертуге тура келеді. Бұдан кейін тендерлік комиссиялардың құрамында биліктің адамдары мен халық өкілдері – депутаттар болуы тиіс. Сол кезде шын мәніндегі жеңімпаз жақтар анықталып тұрады. Әділдік салтанат құрады, халықтың наразылығы да бәсеңсиді.

Жоғары жақтағылардың қолдарында үлкен билік бар, олар бір қол қоюларымен-ақ біраз нәрсені шешіп тастайды, бірақ, айналайындар-ау, сол синдромның жергілікті жерлерге, ауылдық округтің әкіміне, оның қарамағындағы мамандарға дейін барып жеткенін немен түсіндіресіңдер? Олардың өзі әуелі құлқынын ойлап тұрады. Жұртын ойламай, құлқын ойлайтындар көбейіп кетті. Сұмдық қой мынау! Біз өзі қайда бара жатырмыз? Билікке жанаса кеткен адам біреу үшін, халық үшін бір нәрсе істейтін болса, соған тиесілі ақы дәметіп тұрады. Мұндай арсыз ашкөздік пен жегі жүгенсіздік кешегі кеңес кезеңінде де болған жоқ. Біз үйге кіріп кеткен жыланның аузына ақ құйып шығаратын, «құдайы қонақпын» деп келіп қалған бейтаныс біреудің өзін құдасындай етіп сыйлайтын, біреуден беталбаты ештеңе дәметпейтін кең пейіл, жомарт қазақ емес пе едік?! Жемқорлық деген тіпті қазақтың салты мен санасында жоқ еді ғой.

Парамен жұмысқа алу деген қазір тіпті тырнақша ішінде «гүлденіп» кетті. Мұндай кесел кешегі кеңес кезеңінде де бар еді, бірақ ол кезде бұл мұндай жаппайлық сипат алған жоқ-тын. Бұрын ішінара болса, бүгінде онсыз тірлік шешілмейтін болды. Жұрт қазір оны пара деп емес, «алғыс», «ықылас» деп береді. Парамен жұмысқа алу мемлекеттік мекемелер ғана емес, жеке компанияларда да бар. Бұл – нонсенс. Нарықтың заңына ешбір үйлеспейтін нәрсе. Қазақ капитализмінің өзіне тән бір сипаты осындай. Ал елдің барлық салалары мен буындарын жайлап, тұншықтыруға айналған мынадай жемқорлық пен парақорлықтың түбі бізді тұздай құртады, ол қазақты ұлт ретінде жойылуға алып барады. Сондықтан ұлтымыз келешегін ойлайтын әрбір саналы қазақ азаматы осыған қарсы күресуі керек.

Енді осы ойды жалғастырып, тағы бір нәрсе айтайын, осы парықсыз парақорлықтың салдарынан біздің елімізде орта және шағын бизнес тұралап, дамымай қалды. Жасыратыны жоқ, бұдан жиырма жыл бұрын біздің орта бизнестің мүмкіндігі Ресейдегіден де, Еуропаның бірқатар мемлекеттеріндегіден де жоғары болатын. Өйткені, бізде мұнайдың бұрқыраған ақшасы есепсіз көп-тұғын. Сондықтан экономиканың, ақшаның кенеттен «қызып» кетуінен қорыққанбыз. Сол кезде сол мол ақшаны ауыл шаруашылығындағы орта бизнесті дамытуға жұмсағанымызда, осы күні аузымыздан ақ май ағып отырған болар еді, ішкі өнімнің 50-60 пайызын сол сала толтырар еді. Бюджеттің де біраз бөлігі орта бизнестің үлесіне тиер еді. Қазір Үкімет басшысы да, әлеуметтік сала министрі де жұмыссыздықты азайтайық деп бас қатырып, шаш ағартып, небір сызбаларды жасап жатыр. Ал орта бизнес жолға қойылғанда, жұмыссыздық өзінен өзі азая беретін еді. Ол өзінен өзі дамымайды, оларға да қол күші керек, сондықтан жұмыс орындарын тауып тұрады. Сол кезде бұған мемлекеттің басы ауырмайтын еді.

Айта берсек, көңіл толмайтын нәрселер шаш-етектен. Олардың қайсыбірін айтып шығарсың. Мысалы, көп балалы аналарға қалай көмектесуіміз керек? Жұмыссыздарға қалай жәрдемдесуіміз керек? Керек болса, ана көшеде қаңғырып жүрген үйсіз-күйсіз кісілерге қалай қарасуымыз керек? Осының бәрі біздің басшылар осы күні алға өнеге етіп алып жүрген капиталистік шет мемлекеттердің барлығында қарастырылған, оларда шетке шығып қалып жатқан бірде-бір адам жоқ. Мемлекет ақыры шет елді үлгі етеді екен, онда олардың жасап жатқан шараларын түгел өз дәрежесінде енгізсін. Басқасын айтпағанда, қай мемлекеттің болмасын саясатында демография мәселесі бірінші кезекте тұрады. Оны қолға алмай, оны реттеп отырмай, оны дамытпай, ешбір мемлекеттің келешегі болмайды, ертеңі қараң. Біздікілер «өз күніңді өзі көр» деп сазарып отырғанша, осыны неге қолға алмайды? Бұл мәселенің Қазақстан жағдайында аса өткір қалыпта тұрғанын ұғыну үшін оншалықты көп ақылдың керегі жоқ. Шыны керек, менің осының бәріне қарным ашады, осының бәріне көңілім толмайды.

Сәке, сұхбаттың барысында екеуміз де күтпеген жерден саясат саласына сапы ұрып кеттік. Неге? Өйткені, біз – осы қоғамның үніміз, оның барлық жайын жайып салатын жыршысымыз. Сондықтан еш уақытта қоғамнан, ондағы процестерден тыс қала алмаймыз. Қай елде де руханият әлемінің өкілдері – журналистер, жазушылар, өнер адамдары сонда үстемдік құрып тұрған саясатқа мән бермейтін болса, одан өздерін тыс санайтын болса, олардың шығармашылықтарының құны көк тиын. Сол сияқты, айналамызда не болып жатқанын көре-біліп тұрып, қалай бал ұсынатын бақыттың балдағына батып, шаттыққа шомылып тұрған өлеңді жазамыз? Маған қазір біреулер «Кейбір өлеңдерің өте ауыр» дейді. Мынадай жағдайда қалай жеңіл-желпі өлең жазайын. Бұл үшін баяғы Алаша Байтоқ ақын сияқты сарайдың дүлдүл жыршысы болуым керек қой. Мен халықтың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көрмеуім керек, олардың арасында жүрмеуім керек.

Мұндай саппас сарай ақындары бұрын да болған, қазір де бар. Түрікменстандағы Амангөзел Шагулыева сияқты қаламының сиясын биліктің бодауына жұмсауға тәуліктің кез келген кезіне дайын етіп қоятын «тарланбоз таланттар» бізде де жеткілікті. Олар атақ-даңқтардың бәрін алып қойған. Мемлекеттік сыйлықты да қалған ағайын солардан артылғаннан кейін алады. Бірақ қанша күлшелі болса да, менің мұндай «аса құрметті ортадан» көрінгім келмейді.

– Осындай жағдайда менің бір қуанатыным: қазақта азаматтық поэзия қалыптасып келе жатыр екен. Соның басында кезінде жұмысшы тақырыбын қозғауда бізде өзіндік із қалдырған Темірхан Медетбек бастаған арқалы ақындар тұр. Бірақ Темкең бұрынғы жолынан ауытқып кеткен сияқты…

– Жоқ, Темірхан ағам бұрынғы стилінен ауытқыған жоқ, өз шығармашылығына қазіргі заманға сай ептеп өзгерістер енгізді. Ол тек тактикасы мен тәсілін ауыстырды. Бірақ дәсәуілгі іздің сояудай соқпақтары әлі сайрап жатыр. Оның индустрия тақырыбында кернеу тартуы біздің әдебиетіміз үшін құбылыс болды. Ойлы образдары, сөзбен салған суреттері қандай! Бір сөзбен айтқанда, ол – қазақ әдебиетіндегі үлкен тұлғалардың, қазақ поэзиясы дамуына үлес қосқан классиктердің бірі. Темірхан ағамның қазіргі поэзиясындағы мана өзіміз айтқан ұзандардың, Ноғайлы дәуірі ақындарының стилімен жазылған, тіпті сонау замандағы түркі жұртының жыршы-көсемі Тоныкөктің әуенімен тербетілген жасын жырлары біздің қоғамға да керек болды. Оның жіптіктей тартылған шумақтары мен жібектей есілген жолдары, кіреукедей үйлесе қалатын ұйқастары бұл жерде де бұрқырап көрініп, баяғы әдемі әуендерінің әспеті жоғалып кетпегенін айқын аңғартып жүр. Темкең өзінің жүрегіне запыран болып жиналған қадау қисындар мен ормандай ойларды байырғы Көктүріктердің әуеніне салып жеткізді, мұны ел қабылдайтындай етіп жазды. Егер сондағы мағынаға етене үңілсең, оның философиялық астарының тереңде жатқанын пайымдауға болады.

Темірхан ағамның азаматтық өлеңдері осылай өріледі. Оның шындықты шыңғырта тұрып айтқан жырлары да бар. Ал мұндай өлеңдер осы күнгі өзін осы елдің ұланымын деп санап жүрген ақындардың көбінде кездеседі. Ондай толғаныстар Ұлықбекте де, Есенғалида да жетеді. Ондай өлең менде де бар. Жаңаөзен оқиғасына мен де өлең арнадым. Алайда, кезі келгенде шығар деп, топтап қоя салдық. Ал Ұлықбек өйткен жоқ, бірден «Дат» газетіне бұрқ еткізді. Оның ішінде билікке қарсы бір ауыз да сөз жоқ-тын. Ақын тек болған оқиғаны ғана суреттеді, халықтың қырылғанын сөз етті. Бірақ оның сол бір азаматтық үнін, Отанға деген ерекше сүйіспеншілігін басқа қырынан, дұшпандық тұрғысынан пайдаланған аяр адамдар болды. Ұлықбек Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының тағына үміткер болған кезде олар ақынның бір кездері Отанға арналған, Жаңаөзенге бағышталған өлеңдерін теріп алып: «Сіздер ертең кімді қолдайын деп отырсыздар, мынадай адам қалай жазушыларды басқарады?» деген сыңайда жоғары жаққа арыз жазған. Соны естігенімде, мен шарасыз хәлде жағамды ұстадым. Мені қазір өнер мен шығармашылық адамдарының ішінде өріс алып бара жатқан сатқындық, екіжүзділік қатты толғандырады.

Осы кезде есіме түсіп отыр, 1980 жылдың басында қазақтың қабырғалы қаламгері Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы КСРО Лениндік сыйлығына ұсынылды. Оған бәсекелес ретінде Грузиядан Нодар Думбадзенің «Закон вечности» деген романы сапқа тұрды. Нәтижесінде грузин жазушысының бағы жанып кетті. Жалпы, Думбадзенің туындысы жаман емес-тін. Бірақ тұтас бір дәуірді қамтып отырған Ілияс Есенберлин трилогиясының салмағы бәрібір артық болатын. Соған қарамастан, ол сыйлықтан қағылды. Кейін комиссияның бір мүшесі біздің Одақ басшыларына: «Кешіріңіздер, Қазақстаннан трилогияның лайықты емес екенін білдірген вагон-вагон арыз келді, ал Грузиядан состав-состав шарап келді» деген ғой. Бұл қалжың ретінде айтылған әңгіме болғанымен, осының астарында шындық жатыр. Ал шын мәнінде Есенберлиннің шығармасы секілді дүниелер кеңес әдебиетінің өзінде тым көп болған жоқ. Оның сыйлық алатын реті бар еді. Бірақ бірінің аяғынан бірі шалып, өзінен басқа кім алса да, риза болатын қазақ бұл жерде де өзін көрсетіп қойды.

 «АҚИҚАТТЫ АЙТАМЫН ДЕП ЖЫР ҚЫЛЫП»

– «Қазір әдебиетте сын жоқ» дегенді жиі естиміз. Меніңше, мұның астарында шындық жатыр. Бүгінде баяғыдай әдебиет жылын қорытындылау деген болмайды. Соның да әсері бар ма, «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген принциптің пәті қайтқан. Сын қауқарсыз. Көбіне ол мақтауға арналады. Мұндай проблеманың бар екенін мойындайсың ба?

– Мен әңгімені былай тарқатайын. Біздің көбіміз «сын» дегенді біреудің туындысын тас-талқан етіп сынап, түкке алғысыз етіп шығару деп түсінеміз. Баяғыдан солай. Бұл олай емес. Сын дегеніміз – бір автордың шығармашылығын не шығармасын талдау. Ал талдау барысында алдымен нысанаға алынып отырған еңбектің жақсы, үздік, үлгілі жақтары тізіп айтылады, соңына қарай жіберілген кемшіліктері атап көрсетіліп, оларды жөндеудің нақты нұсқалары ұсынылады. Ол осылай ниеттестік, тілектестік сипатында жазылады. Сонымен бірге, сын деген әдетте ғылыми еңбек болып табылады.

Мен бір нәрсе айтайын, өлең, сурет, музыка – мұның бәрі ғылыми жұмыстардың нысандары. Сондықтан да Абайдан қаншама адам кандидаттық, докторлық қорғады. Бұл тақырып сондай ғылым жолын қуғандарға нан болып келеді. Демек, кез келген автордың шығармашылығы не шығармасы – ғылыми еңбек, оны игеру керек. Біз оны бұл тұрғыдан қарай бермейміз, бас жағын сыдыртып өтеміз де, не бас салып жамандаймыз, не жер-көкке жеткізбей мақтаймыз. Бірақ сол шығарманың әдебиетке, ұлтқа қалай қызмет етіп тұрғанын айтпай кетеміз. Мұндай талдамалы сын әрбірден соң оқырманның сауатын ашады. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл – комментарий, түсіндірме. Осының өзі бір жағы басқа жазушыларға сабақ болар еді. Сол тенденция орыс әдебиетінде әлі бар, олардың сыни мақалалары тап осылай талдамалы-түсіндірме мазмұнында жазылады.

Тағы бір жайт, біз «сыншы» дейміз, орыстар «критик» дейді. Негізі, осы екі атаудың өзі оңып тұрған жоқ. Мына анықтамамен біз бұл саладағы қаламгерді «сынайтын маман» деген ұғыммен бейнелеп, оны алдын ала «бөжек» етіп көрсетеміз. Сыншы, демек, ол тек сынауы керек. Бірақ оның миссиясы шын мәнінде, әлгінде айтқанымдай, тек сынау ғана емес қой. Сондықтан біз «сыншы» дегенді «әдебиет зерттеушісі», «әдебиетті талдаушы» деп түсінгеніміз жөн. Мен қазір әдеби сындарды да оқып жүрмін. Бірақ бізде қазір ақынның жан-дүниесін ашып, поэзиясын теориялық тұрғыдан талдау, өлеңдерінің анатомиялық құрылымын зерттеу, географиялық және биографиялық аспектілерін талдау жоқ. Бізде сондай-ақ тіл бұзылды. Калька көбейді. Бұған қоса, бір сөзді қайталай беретін тавтология көп, бір сөйлемнің ішінде кейде, мысалы, «сен» деген сөз төрт рет айтылады. Сол секілді «келеді» деген етістік бір беттің ішінде 25 рет қайталанады. Ал қазақтың қай сөзінде де синоним деген жетеді. Солардың орындарын алмастырып, пайдаланып отырса, мұндай жағдай болмас еді. Мұны жасамауға әбден болады. Жаңағы «келеді» деген сөздің орнына оның басқа синонимін қолдану керек. Болмаса, сөйлемді сәл басқаша құрсаң, бір сөзді қайталау сырқатынан құтылып кетесің. Себебі, сен сөз жасаушысың, өзің солай түрлендіріп отырсаң, жаңа тіркестер шығуы мүмкін.

Тіл ғылымында «сөзжасам» деген бар, орысша «словообразование» дейді. Кезінде біздің лингвист-ғалымдар бұл тарапта біраз сәтті жұмыстар жасап, тілімізге керемет сөздер енгізіп кетті. Мәселен, Ісләм Жарылғапов өмірге келтірген «балмұздақ» деген лексеманы алайық. Қандай тамаша берілген. Орыстың «мороженное» деген сөзінен шығарылып тұрса да, бұл терминнің мағынасы түпнұсқадан асып түскен. Сол сияқты «аялдама» деген сөзді алайық. Оны да Ісләм көкеміз жасаған. Бұл да өзінің мағынасын айна-қатесіз дәл беріп тұр.

Мен соңғы кездері тағы мынадай жайттарды байқап жүрмін. Бірқатар ақындарымыз өлең жолдары қатарларының соңғы сөздерін «тұрад», «жатад», «келед» деп алатын болып жүр. Олардың мұны ұйқас үшін қолданатынын да білемін. Бірақ мұндай үрдіс бұрын біздің жазба әдебиетіміз түгілі, фольклорымызда да болған жоқ. Кейбір ептеп ұяттылары «тұрад» деп қояды да, жақшаның ішіне «ы» деп жазады. Тағы біреулер «баратыр», «баратып» деп те соғады. Мен мұның не нәрсе екенін түсінбеймін. Тек мұның қарабайырлық екені еш күмән туғызбайды. Мұның бәрі бізде «қазаннан – қақпақ, сөзден ұят кеткенін» байқататын тірлік деп білемін. Оны бақылап, бағасын беріп отырған тіл мамандары тағы жоқ.

Қазақстан Жазушылар одағы басшылығының ауысқанына да біршама уақыт өтті. Жаңа құрамның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде не білесің?

– Одақтың жаңа басшылығы қазір үлкен жұмыстар жасап жатыр. Олар «бұл – қоғамдық ұйым» деп қарап отырған жоқ. Азаматтық қоғамда мұндай қоғамдық ұйымдар да билікпен бірлесіп жұмыс істейді ғой. «Азаматтық қоғам» деген сол. Азаматтық қоғам дегеніміз – қоғамдық бірлестіктердің тұтас интеграциясы арқылы билікпен тең деңгейде, әріптес ретінде бірлесе жұмыс істеуі. Тіпті сол жасалып жатқан әрекеттердің өзі, барлық тақырыптардың өзі билікті имиджіне жақсы әсер ететінін сезіндіретін болуы тиіс. Негізі, идеология деген биліктің өзінен емес, азаматтық қоғамнан шығуы керек. Азаматтық қоғамда призмалардың түйіскен тұсы билік болып шығады. Геометриялық тұрғыдан қарар болсақ, сондай баға беруіміз керек. Ал Ұлықбек Есдәулет бастаған Жазушылар одағы үлкен жұмыстар істеп жатқанын ашып айтқанымыз абзал. Биліктің мүмкіндіктерін пайдаланып қалып жатыр. Билікке өзін танытып үлгерді. Сондықтан биліктің өзі онымен ымыраға келіп жұмыс жасасуға өте-мөте қайыл болып отыр. Соның бірі де бірегейі биыл қыркүйек айында Астанада Азия елдері қаламгерлерінің бірінші форумының өтуі болды.

– Осы форумның өтуі жөнінде қоғам екіге жарылды. Бір жағы оны қолдаса, екінші жағы «босқа ақша шашу» деп күстәналады. Бұған не дейсің?

– Не дері бар, форумның үлкен іргелі іс болғанын бірден айтып отырған жоқпын ба! Бізде мұндай миллиардтар жылына пәленбай рет жәйдан-жәй ысырап болып, ауаға ұшып кетіп жатыр. Басқасын айтпағанда, бүкіл Қазақстанды торлап алған, айдалаға қойылып жатқан сан мың бильбордтардың өзі-ақ сондай миллиардтарды қарап тұрып «жеп» қояды. Сол сияқты бір сәттік қана құны бар, артынша ешкімнің есінде қалмайтын шимай-шатпақ шаралар үшін де соншама қыруар ақша жұмсалып жүр. Жыл сайын жаңа жыл қарсаңында республиканың әр қаласында бірер айдан кейін еріп кететін «мұзды қалашық» салу үшін де тап осындай әлденеше миллиардтар жаратылып жатады. Ал Астанада салынатын сондай «қалашыққа» кететін қаржыға кемінде үш мұқтаж адамға пәтер сатып алып беруге болады. Сол кезде бұл отбасылар мүшелері Қазақстанды, оның басшыларын өмір бойы сүйіп, дұға арнап өтер еді. Біз әдетте еліміздің патриоттарын қалыптастыруға келгенде, аяқ астынан ақша санап, сараң бола саламыз. Біздің қоғам көп жағдайда осылай «байдың асын байғұс қызғанадының» керін келтіріп, тарылатын жерде тарылмай, тарылмайтын жерде елден ерек осылай «патриоттығы» ұстай қалады.

Мен өз басым Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумының Астанада өткенін өте зор іс болды деп есептеймін. Біріншіден, ол құрлықтың 38 мемлекетінен 280-нен астам жазушы қатысқан үлкен жиын түрінде өтті. Екіншіден, жиынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп ашып, басынан аяғына дейін түгел қазақ тілінде сөйледі. Форумның қазақ тілінде өтуі де оның ерекшелігі болды. Әр елден келген делегаттар өз тілдерінде ой білдіріп, ол қазақ және ағылшын тілдеріне қолма-қол аударылып тұрды. Ал жүргізілу тәртібі ағылшынша жалғасты. Бүкіл форум бойына орыс тілі бір-ақ рет естілді, оны Ведерников деген бір қаламгер шығарды. Біз моңғол ақыны Аюрбектің өз тілінде сөйлеген сөзін іле жасалып тұрған ілеспе аударма арқылы ұғындық, түріктің ақындарын да сөйтіп түсіндік. Жалғыз бұлар емес, басқа елдерден келген қаламгерлер сөздерін де синхронды аударманың көмегімен тыңдадық.

Форумда көтерілген ең өзекті мәселе Азия елдері жазушыларының қауымдастығын құру жайы болды. Сосын дәрежесі әлемдегі атақты Нобель сыйлығына пара-пар, түркі тектес халықтар қаламгерлеріне арналған «Азия алыбы» атты сыйлық тағайындау туралы әңгіме болды. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Амандық болса, алдағы уақыттары мұндай сыйлықтың шынымен өмірге келгенін де білетін боламыз. Қанша дегенмен, біздің Президентіміз рухани әлемнен шыққан адам ғой, әкесі Ұлы Отан соғысына қатысып келген нағыз жауынгер азамат, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрын қалыптастырған жазушы, сондай кісінің тәлімін алып, тәрбиесін көрген тұлғаның сөзін жерге тастамай, бастаманы ақырына дейін апаратынына сенемін. Маған тағы бір ұнағаны, Президентіміз жас күнінде «журналист болсам, қаламгер болсам» деп армандаған екен. Тегінде, бір кездері қаламгер болуды армандаған кісінің бойында өмір бойы жақсы қасиеттер сақталып қалады. Себебі, ол ізгілікке жақын тұрады. Сөзге сенген адам иманға да ұйиды.

Бір сөзбен айтқанда, Азия жазушыларының бұл форумы құрлық қаламгерлерінің өміріндегі ірі тарихи оқиға болды. Ол екі жылда бір рет өткізіліп тұратын болып шешілді. Мұның өтуіне Қазақстан Жазушылар одағы орасан зор еңбек сіңірді. Сосынғы бір жағдай, жиын қарсаңында «Қазақтың інжу-маржандары» деген сериямен қазақтың Абай бастаған 13 жазушысының кітаптары баспа жүзінен шықты.

– Бұдан бірқатар жылдар бұрын өмірге келген «Машбюрода» деген өлеңіңде:

«Шамшыраққа» ойлы очерк керек деп,

Редактор қысып алса сені ептеп,

Қолжазбаңның сиясын да сорғытпай,

Машбюроға жүгіресің дедектеп», – деп өткен жылдарыңды толғана еске аласың. Бұл – сол заманда бәріміздің басымыздан өткен жағдай. Ал Алматыдан келіп, журналистік жолыңды бастаған «Коммунизм шамшырағы» газетіндегі жылдарың саған не берді?

– «Коммунизм шамшырағына» 1981 жылы келдім. Ол бұрыннан өзіндік дәстүрі бар, кейін елге кеңінен танылған көптеген ақын-жазушыларға ұя болған қара шаңырақ еді. Мұнда Бұхара өңірінің Тамды елінен шыққан, талантын Мұқағали да мойындаған, Төлеген Айбергеновпен үзеңгілес жүрген, өмірден ерте өтіп кеткен ғаламат ақын Өмірзақ Қожамұратов, қазақтың белгілі ақын қызы Мағираш Сарикова апамыз, қазақтың тағы бір танымал қаламгері Шәкизада Құттаяқов жұмыс істеген. Кейін «Социалистік Қазақстан» мен «Ленин жолы» («Сыр бойы») газеттерінде қызмет ететін тағы бір дарынды журналист Шәкізат Дәрмағамбетов ағамыз да бір кездері осы басылымның жалауын желбіреткен. Сондай-ақ кейін көп жылдар бойы ҚазТАГ-тың облыстағы меншікті тілшісі болатын Әбілхан Айдаров деген ағамыз да осы газеттен қанаттанып шыққан.

Мен барған кезде де редакцияның құрамы осал болған жоқ. Алақандай ғана газетте қазақтың елге танымал үш ақыны бір мезгілде жұмыс істедік. Олар – Толыбай Абылаев, Алтай Үсенов және мен. Сол кездері өзің істеген Шиелінің «Өскен өңірі» облыстағы үздік аудандық басылымдардың бірі еді. Жиі марапат алып тұратын. Сол замандары журналист болам деген талапкерлер үшін аудандық газеттер үлкен мектеп еді. Оның қабырғасынан шыққан журналист кейін кез келген тақырыпта іркілмей қалам сілтеп кете беретін бесаспап болып шығады. Олар еш күй талғамай, аттың жалында, түйенің қомында жүріп жаза беруге дағдыланады. Мұның үстіне, жылдам жазуға үйретеді. Бұған қарағанда, шығармашылық жолын үлкен газеттерде бастаған журналистер белгілі бір тақырыптарда кібіртіктеп қалып жатады. Олар сосын баяулау жазады. Мәселені жан-жақты зерттеймін деп толғатып жүріп алады.

Сәке, біз қандай тақырыпта болса да, солай көсілте сілтеп жазып кете беретін едік қой. Кейде редактор Әзілхан Аманов аға райкомға барады да, «Нөмірге мынадай очерк беру керек» деп келеді. Біз содан отыра қалып жазып, машбюрода диктовка жасап, бірер сағатта әлгі очеркті дайын етіп, сол күні басылғалы тұрған нөмірге салдырып жіберетінбіз. Осылайша нағыз «ылдидан салса, төске озған, ертеден салса, кешке озған» біз болдық. Рас, аптасына үш шығатын аудандық газетті толтыру оңайға соқпайды. Оның күнделікті қауырт, қарбалас жұмысы таусылмайды. Өзі кішкентай болғанымен, адамды «жеп» қояды. Сондықтан шығармашылық адамына келтіретін зияны аз емес. Көп жағдайда өлең орнына мақаланы ойлап жүресің. Дегенмен, әлгінде айтқанымдай, оның жазудың қалыптасуына көрсететін көмегі орасан зор. Жасыратыны жоқ, мен өзімді тек ақын ғана емес, журналистпін деп те есептеймін. Кейін Байқоңырда істегенімде де, «Дала дидары» газетінде істегенімде де, «Қоғам ТВ» телеарнасын құрғанымда да оның бастауында «Коммунизм шамшырағы» тұрды ғой деп ойлаймын. Амандық болса, биылғы жылы үлкен бір публицистикалық кітабым шығайын деп жатыр. Қазақ журналистикасына қосқан үлесім елеусіз қалған жоқ. Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты атандым, «Ақпарат саласының үздігімін». Бұдан бөлек, тағы «Қазақстанның құрметті журналисі» деген атағым бар. Байқоңырдағы еңбегім де атаусыз қалмады, «Байқоңыр ғарыш кешенін игерудің 25 жылдығы» медалімен наградталдым.

Қармақшы аудандық газетінен кейін Байқоңыр телекомпаниясында істедім. Онда барған кезімде компаниядағылардың 80 пайызын орыстар, 20 пайызын қазақтар құрайды екен. Біздің техникалық базамыз Мәскеуге қарады да, студия Қазақстанға бағынды. Біз Қазақстанда ең бірінші болып шетелдік, венгерлік диктафонды пайдаландық, алғаш рет БТК-мен мен жұмыс істедім. Мұндай техникалар ол кезде «Қазақстан» теледидарында да болған жоқ. Өйткені, бізді Мәскеу қамтамасыз етіп тұрды. Мәскеулік журналистер космодромнан репортаж жүргізуге келгенде, өздерімен бірге ештеңе әкелмейтін, барлық техникаларды бізден алатын, тікелей репортаждарды сол жерден жүргізетін. Өзің де жақсы білесің, кейін мен әскерилермен жағаласа, жоғарыдағы басшылықпен келісе жүріп, өзімнің инициативаммен Байқоңырдағы жылжымалы тележазба станциясының екі-үшеуін Қызылордаға алып келгенмін.

– Шәке, сен Байқоңырда жүргенде мен Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетіне бас редактордың орынбасары болып бардым. Кейін сол газетте бір ақынның шығармашылығына арналатын «Поэзия» деген бет ашып, оның бірінші кезегін сенің өлеңдеріңе бердім. Келесі кезекті жаңа өзің сөз етіп отырған Толыбай ағаңа ұсындым. Бұл кезде ол Аралға кетіп қалған екен, әзер тауып алдым. Сол кезде сенің: «Қызылорда облысында қаншама жыл жүріп, бірінші рет облыстық газетке топтамам шықты» дегеніңді де ұмытқан жоқпын.

– Ол рас. Сол кездері шыққан жоқ едім. Менің облыстық газетке ең алғашқы топтама өлеңдерім 10-сынып оқып жүрген кезімде, 1973 жылдың мамыр айында шыққан еді. Соның алдында төрт-бес ай бұрын Қызылорда пединститутында оқитын Қази Данабаев ағамның газеттің тұтас бір бетін алып, суретімен бірге жарық көрген өлеңдерін қарап: «Апырма-ай, «Ленин жолына» осылай өлеңдерім шықса, ақын болып кетер едім» деп армандағам. Сол кезде көп ұзамай өзімнің де өлеңдерім жарық көретінін білмеген екенмін. Сол сияқты Ұлықбек Есдәулетовтің 1972 жылы «Жалын» альманағына берілген топтамасын көріп тұрып: «Шіркін-ай, осылай менің де өлеңдерім шықса, әлемдегі ең бақытты адам болар едім» деп ойлағам. Онда да бір жылдан кейін сол арманымның орындалатынын сезгенім жоқ.

Бұл бір жақсы уақыт еді. Ол кезде өлең өте жақсы оқылатын. Бір басылымға жақсы өлеңің шыға қалса, сол күні-ақ бүкіл елге дерлік сүйікті болып шыға келетінсің. Сосын оны жұрт, – мейлі ол Зайсанда тұрсын, Шетте болсын, Шемонайхыны мекен етсін, бәрібір, – сол заматында жатқа соғып отыратын. Мен бір қызық айтайын, қатты ұнаса керек, «Жалынға» менімен бірге шыққан моңғолиялық қазақ ақыны Кәкей Жанжұнұлының топтамасындағы «Ана» деген өлеңін бір оқығанда жаттап алдым. Сол жолдар әлі күнге дейін жадымда:

«Тұлпарының тұяғында ай таға,

Ұлым менің бұл сапардан қайта ма?

Құмалақшы жасады бір жорамал,

«Жас арыстан мол олжамен оралар».

Ұлы бірақ сол сапардан қайтпады,

Құмалақ та не болғанын айтпады.

Ит үміт-ай арты қысқа, алды ұзын,

Көз жұмды ана ойлап жатып жалғызын.

Жол шетіне қойыңдаршы мүрдесін,

Ұлы қайтса, көрмей қалып жүрмесін».

Керемет, ә? Жүректің қылын қалай шертеді. Түсінген адамға алапат сыр жатыр. Бір балладаға жүк болатын желіні ақын бір өлеңге арқау етіп шығарыпты. Міне, 10-сынып оқып жүргенде жаттап алған сол жыр әлі санамда жаңғырып тұр, одан кейін қайталап оқымасам да, есімде қалып қойыпты. Поэзияның сиқыры деген осы емес пе?!

Енді «Сыр бойына» қайта оралсақ, сол алғашқы топтамам шыққаннан кейін бұл газетпен көп жылдар бойы байланыс болмай қалды. Мен, негізі, мана айтқанымдай, жақсы өлең түбінде жерде қалмайды деген қағидатпен жазғандарымды еш жерге ұсынбай, жинап қоя беретінмін. Сенен хабар жеткенде, расы керек, бір жағы шын қуандым. Кешіктірмей бір бетке толатын өлеңдерімді жібердім. Ұмытқам жоқ ешқайсысын.

– 1996 жылдың қыркүйек айында 40 жасқа толғаныңды сол Байқоңырдағы үйіңде тойлағанымыз да есімде.

– Білем ғой бәрін. Сен ол кезде облыстық телерадиокомпанияның төрағасы едің, ұжым мүшелерін бір автобус етіп алып келгенсің. Сол отырысқа Байқоңырдағы өзім араласып жүрген сорпа бетіне шығарлардың бәрін шақырдым. Орыс тақылеттес бұл қалада жұрт сенің ақын екеніңе де пәлендей мән бере қоймайды. Өздерің келіп, кезектесіп сөйлеп, менің бағамды беріп жатқан, «Қазақстан» телерадикорпорациясының басшысы Ерлан Сатыбалдиевтің мадақтау грамотасын тапсырып тұрған кездеріңде аналардың бәрі таң қалғаннан ауыздарын ашып отырып қалыпты. «Шәке, арамызда сен секілді талантты ақын жүргенін біз қалай білмегенбіз, сенімен қатардағы қарапайым адам сияқты сөйлесіп жүре беріппіз ғой», – десті олар сонда бір ауыздан. Дегенмен, олар поэзияның ауылынан қашық жүрген, техникалық бағыттағы адамдар ғой, сосын оларға бір кінәрат тағуға да болмайтын еді.

– Бірақ сол жолы байқоңырлықтар арасында беделіңнің жоғары екенін біз де біліп қайттық.

– Жасыратыны жоқ, Байқоңыр тақырыбын бір адамдай білемін. Менің диплом жұмысым «Ақпарат құралдарындағы Байқоңыр тақырыбы» болды. Оны Шерхан Мұртаза да, Темірбек Қожекеев те жоғары бағалады. Ақыр соңында Бауыржан Омаров пен Амантай Шәріп інім айтты, «Аға, осы тақырыпта кандидаттық қорғасаңызшы» деп. Мен де біраз желпініп, «қорғасам қорғай салайын» дедім. Осы мәселемен декан Намазәлі Омашевқа барғанымда, ол: «Шаһизада, сен не жазсаң да қорғатамын» деді. Сөйтіп жүргенімде, екі-үш ай өтіп кетіп, Қызылорда қалалық телевидениесіне басшы болып келдім де, бәрі қалып қойды. Мұнда келгесін қырғын жұмыстың астында қалдық, компанияны құрып, табанынан тік тұрғызу үшін үйді ұмытып, осында түнеп жүрдік. Диссертация туралы ойланып жатуға мұрша болмады.

– Негізі, қорғап алуың керек еді…

– Осы күні мен де кейде солай ойлап қоям. Бірақ оған, біріншіден, мүлде қол тимеді. Екіншіден, оны өзім де соншалықты маңызды деп ойламадым. Қатты ықылас болса, бұдан да шығуға болатын еді. Дегенмен, мұның бәрі бүгінгі күннің байламы. Ал кандидаттықты қорғағанда мен бір мұны атақ керек болғасын істегім келген жоқ, тек өзім жақсы білетін тақырыпты игеріп, оны тарихта қалдыруды мақсат тұттым. Оның есесіне, қазір Байқоңыр туралы 30 баспа табақ «Жер кіндігі» деген кітабым дайын, көп ұзамай баспадан шығады. Онда бәрі қамтылып жазылған. Мен Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын да осы Байқоңыр тақырыбын қазақ журналистері арасында бірінші болып игергенім үшін алдым.

Байқоңырдағы жылдарымнан алғаным да көп. Мен онда жас кезімнен барғандықтан, әңгімені тура айтуды, көзге айтуды, өзімді еркін ұстауды, көпшілік жерде қалай сөйлеуді, орыстармен жүрген кезде өзімді қалай ұстауды, сосын ұжым басқарудың көп тетіктері мен тәсілдерін үйрендім. Мысалы, біз лездеменің кезінде жұмыс барысында, хабар дайындауда жіберген кемшіліктерімізді айтып, бір-бірімізді бетің бар, жүзің бар демей, сойып салатынбыз. Бірақ лездемеден шыққан бойы түк болмағандай бір-бірімізбен сөйлесіп кете беретінбіз. Жаңа ғана сілкілесіп шыққан Геннадий Лагутин екеуміз бір-бірімізден темекі сұрап шегіп тұрамыз. Нағыз демократияны сол Байқоңырда көрдік. Онда ғарыш айлағының екінші-үшінші тұлғалы басшылары, генералдар мен полковниктердің көшеде велосипед теуіп кетіп бара жатқанын талай көрдік.

Міне, осыны Қызылордада, Астанада өткізіп, ондағы қым-қиғаш пікірталасқа шыдас беріп отыра алар ма едің?! Біздегі әріптестер мынадай тартыстан кейін бір-бірімен темекі шегісіп тұра берер еді деп әсте айта алмаймын. Біз бір-бірімізбен жау болып кетер едік. Ақыр соңында алдында сынап жібергенің үшін ақтала бастайсың. Ортақ жұмыс үшін айтып жатқаныңды алға саласың. Бірақ бұлайша жұмыс істеу кім-кімге де қиын ғой. Қашанғы ақталып жүресің. Ал ғарыш айлағында бәрі басқаша еді. Бір сөзбен айтқанда, Байқоңыр менің бойыма демократиялық леп берді.

– Иә, 1997 жылдың басында Қызылордада қалалық телеарна ашылған кезде осында шұғыл шақырылдың. Соған себепші болғандардың бірі мен едім десем, мұны өзіңнің алдыңда ұпай жинау үшін айтып отыр деп ойлап қалмассың. Саған бұл жайында бұрын тіс жарып көрмеппін. Енді айтсам, бірде қала әкімінің орынбасары болып қызмет істейтін Бауыржан Омаровтың кабинетіне барғанымда, ол Қызылорда арнайы экономикалық аймағының өз газеті мен телеарнасы ашылғалы жатқанын, газетке редактор табылғанын, ал телевидениеге лайықты ешкім болмай тұрғанын айтты. Мен сонда: «Байқоңырда Шаһизада бар емес пе, неге соны алдырмайсың?» дегем. Сонда Баука: «О, Шәкең бар екен ғой, қалай ұмытып кеткем? Болды. Әкімге айтам», деп қуанып кетті. Бұдан арғысын өзің де білесің.

– Білем мұны. Кезінде Бауыржанның өзі де шет жағасын айтқан. Қапелімде қаперіне келмей отырған. Сен ойына түсірдің, бұл оның ойын дөп басты. Бауыржан содан кейін қала әкімі Бақберген Досманбетовке менің кандидатурамды айтып барған. Сол кезде Бәкең: «Мен ол жігітті жүзбе-жүз танымаймын, бірақ талантты ақын екенін білемін. Өзі еркінсіп кетеді деп естимін», депті. «Оның еркінсуді қойғанына біраз жыл болды» деп жауап қайтарыпты Бауыржан сонда. «Онда шақыр» депті сосын Бақберген ағам. Осылайша күтпеген жерден келіп қалдық. Бұл екі кісінің маған жасаған тағы бір жақсылығы, жұмысты өз бетімше еркін атқаруыма, Байқоңырда дәмін татып қалған демократиямның үзіліп қалмауына, соның инверциясы сақталуына мүмкіндік берді. Әлгінде айтқанымдай, ғарыш айлағында біздің кез келген қалада жоқ демократия ұшқындары бар еді ғой.

Бақберген ағамның өзі демократ екен. Қызметті жаңа бастап жатқанда сол кісі айтты: «Шаһизада, жұмысты қалай жүргізесің, оны өзің білесің. Менен қандай қолдау керек, тек соны жасап беріп отырам» деп. Бауыржан да осыны айтты, «Шәке, мен телевидениені білмеймін, сондықтан өзіңіз жүргізе беріңіз», деді. Бәкеңнің тағы мынадай бір айтқаны бар, «Мен машина айдауды жаңа үйреніп жүрген кезімде, трассада келе жатқанымда алдыма ешкімді салмайтынмын, басып озғандар болса, олардан да алға түсіп кететінмін» деді. Мен: «Аға, түсіндім» дедім. Сосын айтты: «Бір ғана өтінішім бар, Президент, облыс әкімі, сосын мен туралы теріс әңгіме айтылмауы керек. Қалғандарында шаруам жоқ». Премьер-Министрді де айтқан жоқ. Ол кезде демократияның бір ұшқындары бар еді ғой. Содан бастадық, сынайтын жерді сынадық, мінейтін жерді мінедік. Қала өмірінен ұдайы проблема тауып алып, көтеріп жүрдік, ашынғанға ара түстік, қиналғанға қамқор болдық. Сондықтан қалалық ТВ тұрғындар арасында тез бедел ала бастады. Сол батылдықтарымыздың арқасында жұрт бізді «Қызылорданың КТК-сы» деп жүрді.

Бәкең кейін қаттырақ кетіп қалған жерімізде шақырып алып: «Ана бір жерді бекер сынап жібердің-ау, мен саған ескертуді ұмытып кетіппін, қаланың бюджетіне сол жақтан қаржы алуым керек еді, сол үшін күресіп жатыр едім, сен оның быт-шытын шығарыпсың, енді қиындау болады-ау» деп қоятын болды. Осылай жұмыс жүріп жатты. Жұрт бір нәрсе болса, «әкімге барам» деп емес, «Қала ТВ»-ға барам» деп қорқытып жүрді. Мұның бәріне бірінші біздің қала басшылығы берген еркіншілігіміз әсер етсе, екінші шығармашылық жақсы команда жасақтап алғанымыздың арқасында кәсіби жағынан талап деңгейінен табыла білдік.

Жасыратыны жоқ, мен сол кездері кадр таңдауда әңгімені еркін айта алатын, батыл журналистерге көбірек тоқталдым. Компанияның шығармашылық құрамына өзіндік ойы бар Әділ Ботпановты алдым, содан бұрын өзін тележурналист ретінде жақсы қырынан көрсетіп үлгерген Баян Құлтанова келді, сосын журналистиканың өзінде көп тәжірибесі жоқ, бірақ айналаға сын көзімен қарай алатын Жеткерген Жүсіповті жұмысқа қабылдадым. Бұлар кейін біздің теледидардың келбетін танытып берді. Мысалы, Жеткерген бәрін келе меңгерді, кейін өзінің тақырыбын тауып алды. Бірақ шығармашылығының кең диапазоны болуы арқасында компаниядан өзінің орнын тапты. Оның ойлау жүйесі стандартты емес еді. Кейін мықты тележурналист болып кетті. Ал Баян жөнінде әңгіме бөлек, ол бұған дейін де дайын тележурналист-тін, бізге келгесін шығармашылық ортаның лидері болды, компанияның беделін көтеру жолында өте көп еңбек сіңірді. Сондай-ақ, білікті инженер, атқарушы директор Бақытжан Шөкенов пен қаржы директоры Гүлмира Ерманованың, бас инженер Мұрат Шалабаевтың «Қоғам ТВ»-ға сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Тағы бір айтатын жайт, «Қоғам ТВ» тілшілері сол кездері «Қазақстан», «Хабар», КТК, НТК секілді телеарналарға хабар беріп тұрды. Кейін біздің мектептен өткен жас журналистер облыстық, республикалық телекомпанияларға өсіп кетіп жатты. Мысалы, Ғалымжан Бәйімбет бірнеше жылдан кейін облыстық телекомпания төрағасының орынбасары деңгейіне дейін барды, ал Аида Жабағиева деген қызымыз қазір Шығыс Қазақстан облыстық телекомпаниясын басқарып отыр. Сол сияқты Нұрлан Соңғыбайұлы Маңғыстау облыстық телекомпаниясы бастығының орынбасары болды. Бұлардың бәрі де бізге келгенге дейін телевидение дегеннің не екенін білмеуші еді. Қазір бірнеше операторым «Қазақстан» телеарнасында жүр. Бұлардың бәрі кезінде «Қоғам ТВ»-ға еңбектерін сіңірді. Мен де оларды қолымнан келгенінше қолдадым ғой деп ойлаймын. Айналып келгенде, мұның баршасы біздің потенциалымызды байқатса керек.

– Содан кейін арнайы экономикалық аймақ тарады, сонымен бірге телевидение де жабылатын болды. Алайда, Бақберген Сәрсенұлы үлкен азаматтық жасап, оны сенің жекешелендіріп алуыңа мүмкіндік жасады.

– Иә, ондай жағдай болды. Бір күні Бәкең шақырып алып, телевидениенің тарайтынын айтты. Оны өзім де сезіп жүргем. Сондықтан мен бірден: «Аға, мұны біреу сатып алсын, мен төраға болып басқара берейін» деген ұсыныс айттым. Бұдан кейін бір күні тағы шақырды. «Теледидарды өзің ал» деді ол. «Ой, аға, көк тиын ақшам жоқ, қайтіп аламын? Күнімді зорға көріп отырмын» деймін мен. Сосын оны жекешелендіру жолдарын көрсетіп бердім. Сол кезде Бақберген ағам айтты: «Сен теледидар тарағанша жұмыс істей бер, мен сені өзім қолдайын» деп. Осыдан кейін ол бірнеше ірі құрылымдарға шығып, телевидениені алып қалуға қаржылай көмек көрсетуді сұрады. Бұл бір ақша табыла қоймайтын қиын кезең еді. Сонда мен жүгіріп жүріп, 4,5 миллион теңге ақша жинадым. Шынын айтқанда, кредит алдым. Сол кезде Тұрсын айтты: «Не істеп жүрсің? Бала-шағаңды қарызға қалдырып, кетіп қалсаң қайтесің? Өмірлерінің соңына дейін соны қайтарумен бола ма?» деп. Дұрыс қой оныкі. Әйел адам болғаннан кейін, ана болғаннан кейін ол бұл жағын да ойлайды. Ал ондай қауіп жоқ емес. Мен айттым сонда: «Жұрттың бәрінің істеп отырған нәрсесі ғой. Тәуекел. Көрейік» деп. Былайынша айтқанда, менікі көзсіз тәуекелдік еді. Осындай тәуекелге барғаным үшін мен өзімнің бойымдағы шығармашылық талантым мен түйсігіме де қарыздармын ғой деп ойлаймын. Баяғыда бір Қази ағамның айтқаны бар-тұғын: «Егер өнер адамдары, ақындар мен жазушылар коммерциямен айналысатын болса, олар бәрін шығармашылық тұрғыдан жасап, күшті болып кетеді» деп. Бұлай дейтіні, оның өзі де кезінде ептеп бизнеспен айналысқан. Содан шет жағасын байқаған екен. Мен сонда: «Неге?» деймін ғой. «Коммерсанттар алдын-ала барлық жүрістерін ойластырып алады, сосын әр қадамын есептеп қарап, «бола ма екен, болмай ма екен» деп ойланады, сөйтіп жүргенде уақыт өтіп кетеді, кейде солай біраз нәрсені жоғалтып алады. Ал мына шығармашылық адамдары, біріншіден, тәуекелге барады, екіншіден, баратын жерін көріп тұрады, сосын келетін жерді көреді, сол екі ортада кездесетін қиындықтарды көп елей қоймайды» деді. Ағамның осы сөздері есіме түсті де, тәуекелге бастым, мен де түпкі нәтижені көріп тұрғандай болдым. Бұл да өлең жазғанымдай болып шықты. Өлең жазып отырғанда да, тақырыбың белгілі, айтатын ойың белгілі, түйіні белгілі, сосын оның қалай шығатынын сезесің, бірақ оны жазу барысында ортаңғы шумақтарды жазарда кібіртіктеп қалатыныңды ойламайсың.

 «СӨЗІМНІҢ ТАТАУЫ ЖОҚ, ТАТЫМЫ КӨП»

– Шәке, «Парасатты поэзия» атты ұйым құрыпсың. Оның дүрілдеген жыр кештерінің өткенін де білеміз. Сол ұйымның мақсаты туралы да өзің тарқатып айтып бергенің дұрыс болар еді.

– Бұл бұрыннан ойластырып жүрген жобам еді. Алпыс жылдықтың қарсаңында соны қолға алуға тәуекел еттім. Өзің де білесің, баяғыда, кешегі кеңес үкіметі кезінде шығармашылық өкілдері облыстарды, аудандарды аралап, ақындар мен жазушылар өз шығармаларын оқып тұратын, сосын тек өлеңдерін оқып қоя салмайтын, қоғамда болып жатқан өзгерістер, жаңалықтар жайлы әңгімелер айтатын. Сол кездесулерде олар өздерінің интеллектуалдық деңгейлерін білдіретін нәрселер жөнінде сыр тарқатып, шығармашылық қоржындарында жатқан дүниелерді шығаратын. Оқырман қауым да оларды сондықтан жылы қабылдайтын, қаламгерлердің төл туындыларын ала келіп, соларға қолтаңба жаздырып алып жататын. Қазір соның бәрі жоқ болып кетті. Мұның орнына біз бірыңғай айтыс өнеріне мән беріп кеттік. Мен айтысты шет көрмеймін. Ол – қазақтың ғасырлардан бері келе жатқан ұлы өнері. Бірақ жазба ақындық өнер соның тасасында қалып қойды. Бар тапқанымыз республикада, облыстарда, аудандарда мүшәйра өткізу болды. Ал ол белгілі бір тұлғаларды, әкімдерді мақтап-мадақтауға арналып кетті. Егер оларды қошеметтейтін өлеңің жоқ болса, поэзияң қанша жерден мықты шығып тұрса да, сен ешқандай жүлде ала алмайсың. Сарай ақындарын дайындайтын мұндай жерлерден парасатты поэзия іздеудің өзі ақымақтық болар еді.

Осылардың бәрін көріп жүріп, мен бұлайша кете беруге болмайды деген шешімге келдім. Баяғыда Қазақстан Жазушылар одағының жанында әдебиетті насихаттау бюросы деген болды. Мен «Парасатты поэзия» деген жобаны соның ізімен құруды қолға алдым. Қорды аштым. Сөйтіп, бұл туралы облыстың сол кездегі әкімі Қырымек Көшербаевқа айттым. Әкім менің идеямды, бастамамды қолдады, мұның билікке де, елге де, жалпы, өнерге де үлкен пайда әкелетінін түсінді. Содан бері екі рет – былтыр және биыл ұйымның кешін өткізіп үлгердік. Оған Қазақстанның барлық түкпірінен ақындар шақырдық. Биылғы жылы бұдан бөлек тағы төрт мемлекеттен өкілдер келді. Әкімдіктен қаржы бөлінді. Сосын баяғы үрдіспен аудандардың бәрін аралаттық. Тағы бір артықшылығымыз, ақындарға орын белгілеген жоқпыз, бізде үздіктердің бәрі бірдей «лауреат» атанды. Бұдан басқа, форумға қатысып, өлең оқыған ақындарға қаламақы төлейтін болып шештік. Оның көлемін де ашып айтайын, фестивальге келген ақындардың барлығына 250 мың теңгеден қаржы берілді. Былайынша, күшті ақша ғой. Кеше мен Түркияға барғанда ондағылар «Біз ондай ақша төлей алмаймыз» деді. Біздің қаламақымыздың доллармен қанша болатынын сұрады. Мен 800 доллар шамасы екенін айттым. Олар сонда мұнша қаржы бере алмайтындарын мойындады. Мен сосын келушілердің жол кіресі де, жатын орны да төленетінін жеткіздім, ас-ауқаты онсыз да бізден. Шыны керек, қазір бұлайша шарасының бар шығынын өзі көтеретін әкімдікті табу қиын. Мен осы арқылы баяғы Жазушылар одағындағы бюроның осы заманғы нұсқасын жасағым келді. Шүкір, жұмыс жүріп жатыр. Оны ілгеріде де жалғастыра, жандандыра беретін боламыз.

– Танымал журналист, жақсы азамат Шәкизада Құттаяқов ағамызды еске түсіруге арналған кеш өткізіп, көп адамның алғысын алдың. Бұл идея қайдан туып жүр?

– Кейде мұндай нәрселер кездейсоқ туындап жатады. Және сондай күтпеген жерден туындаған нәрсе алдын ала жоспарлап отырған дүниеңнен де асып түседі. Мұның өзі керек десең, заңдылық. Оны жазмыш солай етіп тұр. Бұл өмірдің біз біле бермейтін қағидаларына сәйкес шығып жатады.

Сөз жоқ, Шәкизада Құттаяқов – қазақ журналистикасы корифейлерінің бірі. Бұған ешбір дау жоқ. Студент кезінде-ақ «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұрған ағамыз кейін Орталық партия комитетінде, Президенттің баспасөз қызметінде жауапты жұмыстар істеді. Соңында өшпес із қалдырды. Оның бер жағында ол біздің бір ауданнан шыққан жанашыр ағамыз еді. Мінезге де аса бай кісі болатын. Біз – інілік, ол ағалық жолынан ешқашан жаңылған емеспіз. Талай жерлес ағаны көрдік, солардың арасында өзімізге туралап зиянын тигізгенін де көрдік, қолтығымызға су бүркіп, биікке өрмелеткенін де көрдік. Шәки ағам бұлардың екеуіне де жатпайтын еді. Ол бізді өзінше жақсы көрді, жақсы сыйлады. Ол бізге ұдайы тілекші болып, әрбір сәтті қадамымызға сүйсініп, сыртымыздан жебеуші болып жүрді. Кейін өзіміз де белгілі тұлға бола бастаған кезде: «Біз адасып, аңғалақтап жүрген кезде неге ұрыспадыңыз, неге жолға салмадыңыз?» деп сұраймыз ғой. Сол кезде Шәки ағам маған нағыз әулиенің сөзін айтты: «Шаһизада, сол кезде мен сендерге бірдеңе десем, бәрібір мені түсінбеген болар едіңдер, қайта өзімді қайтарып тастап, араларымыз ашылып кетер еді. Бірақ мен сендерді ұдайы сырттай бақылап жүрдім, түбі бір жерді тесіп шығатындарыңа сенімді болдым» деп. Мен өз басым Шәкеңді өмір бойы құрметтеп өттім.

Тағы бір қызықты айтайын, 1974 жылы оқуға түскеннен кейін №364-аудиторияда оқытушылармен танысу жүрді. Маған кезек келген кезде өзімнің аты-жөнімді, Қармақшы ауданынан келгенімді айттым. Сол кезде профессор Тауман Амандосов ағай алтын тістерін көрсетіп, ақсия күліп тұрып: «Қармақшының бір Шәкизадасынан құтыла алмай жүргенде, екіншісі келді ме?» – деді. Бұл кезде Шәкең бесінші курста оқитын еді. Тауман ағайдың әлгіндегі сөзді қалжың ретінде, тіпті қуана айтқанын түсініп тұрдым. Көп ұзамай жерлес ағаммен етене араласа бастадым. Адамға аса бір жанашырлықпен қарайтынын сол кезде-ақ байқағам. Сосын тағы бір ерекшелігі, еш уақытта адамды сыртынан жамандамайтын еді. Біреудің бір қылығын ұнатпай қалса да, ана адамның көңіліне тимейтіндей етіп жеткізетін.

Ал Шәкизада ағамның рухына қызмет етудің ишарасы былай басталды. Осында бір құдаларымыздың ұлы үйленетін болып, Тұрсын екеуміз Алматыға бардық. Сол тойға құдаларымызбен бұрыннан құда Заманбек Әбдешев деген белгілі журналист, аудармашы кісі қатысты. Зәкең – Шәкизада Құттаяқов ағамыздың студенттік кездерден бергі жан аяспас досы. Олар кезінде «Жеті дәруіш» атанған жеті жігіттің сапынан еді. Бұл топта Шәкең мен осы Зәкеңнен бөлек, Сауытбек Абдрахманов, Ағайдар Ысымов, Тілеуқабыл Мыңжасаров, бүгінде бақи болып кеткен Құттыбай Сыдық пен Жолдас Сырғабаев деген курстастар бар еді.

Тойдың қызған кезінде Заманбек ағам мені оңашалап: «Шаһизада, саған бір өтініш айтсам, қалай болады?» деп сұрады. Мен: «Айтыңыз», – дедім. Сол кезде ол: «Биыл тірі болса, Шәкизада ағаң 70-ке толатын еді. Соны ауылында тұратын туған қарындасы мен күйеу баласы құда жолын жасап, атап өтпекші болып жатыр екен ресторанда. Сенің телекомпанияң бар ғой, осы датаға орай Шәкизада туралы бір фильм жасап берсейші», – деді. Мен: «Әңгіме жоқ, жасаймыз. Ой, ағамыздың да 70-ке келіп қалғаны ма, зырылдап өтіп жатқан өмір, ойпырма-ай, оны да ұмытып кете жаздаппын-ау», дедім. Содан ойланып жүрдім. Фильмді әзірлей салу қиын емес, оны екінің біріне күнде жасап жүрміз, ал Шәкең ағамды қалай ерекшелеп шығара аламын? Осы ой көкейімнен еш кетпей қойды. Сосын бір кезде Зәкеңе барып: «Шәкеңнің баяғыда публицистикалық кітаптары шығып тұратын еді. Оларды білетін шығарсыз?», – дедім. Ол кісі: «Иә, әрине, білемін, сондай 4-5 кітабы бар», – деді. «Ендеше, оларды кімнен табамыз? Сізде бар ма?» дедім сонсоң. «Үйде бір-екеуі болуы мүмкін. Бірақ күйеу баласында толық бар шығар» деді Зәкең. Сосын сол жерде тұрып, бірден Шәкеңнің елдегі күйеу баласы Бекберген ағамызға қоңырау шалдым. Ол бірден: «Иә, менде «Сәлиманың көктемінен» бастап, 5-6 кітабы бар», – деді де, аттарын түгел айтып шықты. Ішімнен: «Құп» деп қойдым. Іс алға жылжитын түрі бар.

Осымен көңілімді бір жайлап алдым. Ауылға келгесін кешікпей: «Бұл кісінің өз ағайындары бар ғой» деп ойлап, облысқа белгілі тұлға Сержан Нәметшаға хабарласып, Шәкизада ағамның туғанына 70 жыл толғалы жатқанын айттым. Содан кейін Сәкең Шәкеңнің уақыттың қиын кезінде қайтыс болғанын, өздерінің Қармақшы топырағына апарып жерлегендерін сөз етті. Сосын мен одан: «Аға, сізге бір нәрсе айтайын, мен оның кітабын баспаға дайындайын, өзім де материалдық қолдау көрсетейін, ағайындары баспаханаға кететін шығындарын көтеруге азды-көпті көмек бере ала ма?», – деп сұрадым. «Ой, Шәке, көмектесеміз», деді Сержан ағам сөзге келместен. Мұның алдында Мейрамбек Исаев ағама хабарласқанмын. Ол да қолынан келгенінше үлес қосатынын білдірген. Сосын қуанып кеттім де, Шәкеңнің күйеу баласына шығып, кітаптардың керек болып тұрғанын, солардан бір жинақ құрастырғалы жатқанымызды айттым. Ол кітаптарды, жіберетінін, оған қоса газеттерге шыққан мақалаларын да салатынын мәлімдеді.

Бекберген ағам кешіктірмей айтылған дүниелерді түгел жеткізді. Мен бұл кезде осы фильмді түсіру мақсатында, Алматы мен Астанада жүр едім. Қызылордаға жедел хабарласып, манағы кітаптардан керекті жерлерін компьютерге тере беруді тапсырдым. Біздің өзіміздің де «Қоғам» деген баспамыз бар, соның қызметкерлері мұны тап-тұйнақтай етіп орындады. Өзім Алматыда Заманбек ағамнан, Астанада Сауытбек және Ағайдар ағаларымнан сұхбат алып келдім. Келе салып, кітапты жедел басуға дайындадым. Оны «Атамұра» баспасынан тездетіп шығарттым. Сол кезде бұл баспа оқулықтар шығарып жатыр екен, соның арасында Шәкизада ағамның кітабын да басып үлгерді. Сөйтіп, кітапты да шығардық, фильмді де жасадық. Сосын аудан әкіміне барып, осындай шараның өткелі тұрғанын айтып едім, ол бірден қолдады. Мен бұл шараға Сауытбек Абдрахманов, Заманбек Әбдешов, Тілеуқабыл Мыңжасаров секілді елге белгілі қаламгерлер, қоғам қайраткерлері келе жатқанын айтып едім, аудан әкімі тіпті қуанып кетті. Негізі, онсыз да дайын тұрған дүниелер ғой, тек адам жинап берсе жететінін айттым. Сөйтіп, бұл шара өте жоғары деңгейде жасалды. Шәкизада ағамыздың 70 жылдығын осылай атап өттік.

– Қазақта «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген нақыл бар. Біз, сенің көптеген жолдастарың қосыңды тіктеп ұстап, үйдің берекесін келтіріп отырған жан- жарың Тұрсынкүл Сардарбекқызы деп есептейміз. Бұл жағынан сен бақыттысың. Дұрыс айтып тұрмын ба?

– Өте дұрыс. Мен шынында бұл жағынан бақыттымын. Өмірде жарды өте дұрыс таңдағаныма уақыт ұзаған сайын көзім жеттіі. Менің үлкен бақытым – ол әу бастан мені шығармашылық адамы деп қабылдады, соған орай мінез-құлқым болатынын да түсінді. Ел ішінде сөз жата ма, Тұрсын екеуміз сөз байласып, енді үйленетін болып жүрген кезімізде соны естіген бір ағайындары болашақ қайын атам Сардарбек пен енем Зпураға келіп: «Бұл ақын деген ауыздығымен алысып тұрған адамдар, олар анау-мынауға бас бұра қоймайды, отбасына қарамайды, әуейі болып жүреді, соған шынымен балаңыздың алды – тұңғыш қызыңызды бергелі отырсыз ба? Оның ертеңгі өмірі не болады? Өзі оқудан да шығып қалып жүрген жігіт екен» депті. Сол кезде атам Сардарбек айтыпты: «Сендердің бұған бастарың қатпай-ақ қойсын. Біріншіден, бұл – қызымның өз таңдауы, екіншіден, қаршадайынан елдің аузында жүрген бала екені рас болса, түбі жаман болмайды, ол – әруақ қолдаған адам» депті. Мені осы «қаршадайынан» деген сөз қатты толғандырып жіберді. Кейін де осы берілген бағаның бағамынан шығуға тырысып жүрдім. Сонымен, бәрінің аузына құм құйылыпты. Сөйтіп, біз Тұрсын екеуміз отбасылық өмірге қол ұстасып, қадам бастық.

Шүкір, біз шынымен жаман болған жоқпыз. Жақсы семья болып үйлесіп кеттік. Бұған тағы да Тұрсынның сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Атамыз реніш білдіретіндей тірлік істегенім жоқ. Өкінішке қарай, атам Сардарбек біз үйленгеннен кейін оншалықты көп өмір сүрген жоқ. Екі ұл, бір қыз өрбіді. Бүгінде бәрі де үйлі-жайлы. Үлкеніміз Ғани «Қоғам ТВ»-да бізбен бірге қызмет істейді. Екінші ұлым Мұхтар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде басқарма бастығының міндетін атқарушы, қызым Фариза банк саласының қызметкері. Құдайға шүкір, барлығының да бөпелері бар.

– Қазақ «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген. Соның мәніне бәріміз де енді жетіп жатырмыз. Немере деген қандай екен?

– Керемет тәтті болады екен. Өз балаларымыздың қалай өскендерін білмей қалып едік, енді немерелеріміздің асты-үстеріне түсіп отырмыз. Үлкен ұлым Ғанидан Нұрзада деген немере көріп отырмын. Биыл мектепке барды. Келінімнің атым – Ұлмекен. Дәрігер. Қаладағы №3 емханада қызмет істейді. Бақытжан деген қарағайдай құдам мен Күләш құдағайым бар. Екінші ұлым Мұхтардың үйіндегі келінімның аты – Диана. Мамандығы – қаржы саласы, бірнеше тілді меңгерген. Үлкендері Ханзада мектепке барды. Әлназар деген немерем 2 жаста. Құдам – облысымызға танымал азамат, белгілі кәсіпкер Қайрат Ерназаров болса, құдағайымның аты – Армангүл, Жетісудың тумасы. Ал бір түйір қызым Фариза өз бақытын Астанадан тапты. Фаризамыз басқа сферада еңбек жасаса да, өнер саласына жақын. Қазіргі ұлттық қол еңбегі өзінің серігіне айналған. Ол бізге Диляра, Жанзада, Әлихан деген немерелер сыйлады. Қазір бала күтімімен үйде отыр. Күйеу балам Ермек те банк қызметкері. Құдағайым Гүлжиһан, бұл кісілердің негізі көкшетаулықтар. Ұлдарымнан туған немерелерімнің бәрінің тектері – Шаһизада. Жазушы Төлен Әбдіковтің «Әке» деген повесінде баласы күреске қатысып жүргенін ұнатпаған әкенің одан «Кілемге сені кім деп шақырады?» деп сұрайтыны бар ғой. Сонда ұлы: «Сейсенов» деп, өзінің атын атағанда, шал мәз болып қалады. Сол сияқты мен де солай екі немеремнен: «Сендерді тақтаға кім деп шақырады?» деп сұраймын ғой. «Шаһизада Нұрзада» дейді сонда немерем. Біз де сол немерелеріміздің атымызды алғанына мәз болып жүрміз.

– Қайын атаң туралы өте бір жанға жайлы жылы лебіз білдіріп отырсың. Енді соны кеңейтіп айтсақ қалай болады?

– Болады. Алдымен әулеттің үлкені – атам Сардарбек туралы айтайын. Бұл кісі жастайынан елге белгілі, кезінде колхоз, ферма басқарған, бұдан басқа да үлкен-үлкен жауапты қызметтер істеген көшелі кісі болатын. Бірақ анамыз Зпура мұғалім еді, – маған ене ғой кейінірек, – аурушаң болыпты. Тұрсынның өзі сондықтан: «Мен бастықтың қызы сияқты еркетотай бола алмадым, шалқақтап жүре алмадым, көбіне ауру анамды бақтым, бауырларыма қарадым» дейді. Өкініштісі, атамыз біз үйленгенсін үш айдан кейін қайтыс болды. Дегенмен, ол кісінің елге сыйлы, жұрт қошеметіне бөленген кісі екенін тез байқадық. Тұрсын балалардың үлкені болғасын, үйдің бар шаруасы бала жасынан соның мойнына артылған екен. Оның Тұрсынбек және Жақыпбек деген екі інісі бар еді, біреуі – 37, екіншісі 39 жасында қайтыс болды. Тірі қалған інісі Нақыпбек Байқоңыр қаласында әскери қызметте. Қалған қыздар тұрмысқа шықты.

Атамыз бен енеміз кетіп, ұлдары қайтыс болғаннан кейін ауылдағы үй қаңырап қалды. Тұрсын бір күні: «Ана ауылдағы үйді не істейміз? Қаңырап бос тұр ғой», – деді. «Мешітке берейік» деді сосын. Сол кезде облыстық мәслихаттың депутаты едім. Маған: «Бұл ғимаратты неге балабақшаға айналдырып, оған атамыздың атын бермейміз?» деген ой келді. Осыны айттым. «Бұл ешқашан есігі жабылмайтын үй еді, енді бүлдіршіндердің топырлап келіп жататын мекені болсын» дедім. Сөйтіп, «Сардарбек» деген балалар бақшасын аштық. Бір жылда басқа құрылыстарын толық салып бітірдік. Оған Қайрат Ерназаров, Сабыр Сейтханов сияқты інілерім көмектесті. Биыл ол өзінің оныншы түлегін ұшырып шығарды. Жыл сайын 60 бала қабылдайды. Ауылдың деңгейімен өлшегенде, бұл аз бала емес. Ата-аналардың әр балаға төлейтін жарнасы бар болғаны 7 мың теңгеден. Балабақшаның басқа қажеттіліктерін өзіміз төлеп отырмыз. Бюджеттен «Балапан» бағдарламасы бойынша қаржы аламыз. Бірақ ол бәрібір жетпейді. Балабақша ауылдағы 21 адамға жұмыс орнын тауып беріп отыр. Қазіргі заманғы технологиямен жұмыс істейді. Сондықтан шығар, аудан басшылары облыстан, республикадан қонақтар келіп жатса, біздің балабақшаны апарып көрсетеді.

Мұны сауапты іс қой деп ойлаймын. Пайғамбарымыздың хадистерінде де «Көпір, мешіт, мектеп салған кісілерге жеңілдік беріледі» деген ғой.

– Өзің айта беретін «сары шалдан» – Өтетілеу ақсақалдан алған ең басты өнегең қандай?

– Менің әкем Өтетілеуді бүкіл ауыл құрмет тұтып, сыйлаушы еді. Иманды, көшелі кісі-тін. Анам да сондай қайырымды кісі болды. Бір түйір нанның өзін көршілермен бөлісіп отыратын. Әлі есімде, біз жыл сайын соғым соямыз. Бір жылқыны жығып жатқан кезде әкем оны өзінің бауырларына жіліктеп бөліп беретін. Ол барынша адал кісі болатын. Әкем қайтқанда, үй жақта тұратын балалар: «Бізге ақша беріп тұратын ата қайтыс болды» деп жылапты. Сөйтсем, ол әр пенсиясын алған сайын сол балаларға тиын-тебен, конфет үлестіріп жүреді екен. Өзі сондай болған әкем бізден адалдықты, тазалықты талап етті. Оның өсиетінің негізгісі де сол еді. Осы жерде өзімнің алдымдағы төрт апам туралы да айта кетейін. Олар шаңырақтағы жалғыз ұл болғасын ба, оқып жүргенімде маған қатты қарасты. Мен ол кісілердің алдында қарыздармын. Әке өсиетін, ана қасиетін бойларына сіңіріп өскен олар да өте жақсы, барынша таза, қайырымды кісілер еді.

– Саған қай әкімнің кезінде жұмыс жасау қызықты да мазмұнды болды?

– Біз Икрам Адырбеков пен Мұхтар Құл-Мұхаммедтің облыс әкімі кездерінде өте өнікті де қызықты жұмыс жасадық. Бұл екі кісі де біздің шығармашылық еркіндігімізді сыйлады. Икрам ағамен оңаша жиі сөйлесіп тұратынбыз. Ал Мұхаң өзіміз ғой. Одан көрген жақсылығымыз өте көп.

– Шаһизада, егер ақын болмағанда, кім болар еді?

– Білмеймін, бұл туралы ешқашан ойланбаппын. Мұғалім болатын шығармын. Ғалым болуым да мүмкін. Әйтеуір қайнаған өмірдің ортасында жүретінім анық.

– Шәке, осымен төрт сағатқа созылған әңгімеміз аяқталып келеді. Біздің журналымызға қатысты қандай лебіз білдіресің?

– Мен мынадай тақырыпта журнал шығып жатқанына қуанып отырмын. Біздің Қызылордада белгілі бір тұлғаларға арналған журнал болған емес. Оның үлгісін біз тек Ресейден ғана көре алсақ керек. Егер мұнда сондай кісілердің жан сырлары, ішкі толқу сезімдері, қоршаған орта мен айналаға көзқарасы, жүріп өткен жолдары туралы ой түйіндері, жақсылық пен жамандық жайындағы тұжырымдары, әртүрлі ғибратты әңгімелері, есті естеліктері айтылып, оның портреті ашылатын болса, бұл журнал көп адамның сүйікті басылымына айналады деп ойлаймын. Идея өте жақсы. Мен қазір бірінші нөмірді көріп, жан-жақты бағамдап отырмын. .

Журналдың аты да ұнады. Қазақта баяғыдан «дидарғайып – дәм ғайып» деген сөз бар. Расында адамдардың бір-бірлерімен әр кездесуі осы дидарғайып қой. Біздің сондай дидарғайып болатын кездеріміз көп болсын. Мына журнал жақсы адамдардың оқырманмен де солай дидарғайып болып тұруын қамтамасыз ете берсін. Журнал редколлегиясына мүше ретінде де мен оның жақсара беруіне үлес қосамын. Ойға келген тәуір идеяларымды айтып тұрармын. Бұған генераторлық тұрғыдан қатыссақ деймін. Журналды сен шығарып жатқанмен, ол халықтікі болып қалуы керек қой. Әзірге журналға және өзіңе сәттілік тілеймін.

– Рахмет, өзіңе де шығармашылық табыс тілеймін. Қашанда жақсы көңіл күйде кездесіп жүрейік. Әрлі де әдемі әңгімең үшін де мың алғыс!

Сұхбатты жүргізген Серік ПІРНАЗАР

Қызылорда

18 қараша, 2019 жыл