Қордайдағы жағдайды арандатушылар ушықтырып жіберген
АСТАНА. 8 ақпан. Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Дәурен Абаев бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізіп, Қордайда орын алған оқиға жөнінде өзінің пікірін білдірді. Бұл туралы Zakon.kz хабарлады.
«Қайғылы оқиға орын алды, адам өлімі болды. Өкінішке қарай. Бұл тұрмыстық мәселелерді ұлт аралық қақтығысқа айналдырып жіберген арандатушылардың арқасында мүмкін болды. Қазір жағдайды қалыпқа келтіру шаралары жасалып жатыр. Жағдай мемлекет басшысының бақылауында тұр. Осыған байланысты арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Оны вице-премьер Бердібек Сапарбаев басқарады. Комиссия мүшелері қазір Жамбыл облысына сапар шегіп кетті», – деді ол өз сөзінде.
Абаев бұл оқиғаға байланысты ақпараттардың жедел беріліп тұратынына уәде етті. Ол вице-премьердің түсіндірмесі бүгін жеткізілетінін айтты.
«Бүкіл елдің азаматтарына, журналистерге, блогерлерге, әртүрлі арналардың редакторларына тағы да баса айтқым келеді – қазір біздің бәріміз өзімізге түсіп отырған жауапкершіліктің салмағын түсіне білуіміз керек. БАҚ-тарда тараған кез келген ақпар басты өлшем – шындыққа құралуы керек. Барлық шынайы ақпарды біз өзіміз беріп отырамыз», – деді министр.