Таным

Нәжімәдин Мұсабаев: «Өткен күнге өкпем жоқ»

Сұхбатты Серік Пірназар жүргізеді

КЕТКЕН КҮНГЕ, ӨТКЕН ӨМІРГЕ ӨКПЕМ ЖОҚ

Өмірдің мәні – көптің жүрген жағына қарай ұмтыла беруде емес, табиғаттың өзі сенде қалыптастырған ішкі үйлесіммен тіршілік етуде.

Марк Аврелий

 

ҮШ ЖҰРТЫНАН ДА ҮЗІЛІП ШЫҚҚАН

Серік Пірназар: Нәжімәдин Түрікпенұлы, сөз басында бір нәрсеге ымыраласып алайық. Әңгімені мүмкіндігінше ашық айтамыз. Сіз барлық сұраққа бүкпесіз жауап бересіз. Осыған келісесіз бе?

Нәжімәдин Мұсабаев: Келісем, әрине. Мен қандай да бір сұрақтарға жауап беріп, емін-еркін әңгіме жүргізуге дайынмын.

С.П.: Онда бастайық. Ата-бабаларыңыз кім болған? Әкеңіздің есімі неліктен «Түрікпен»? Әлде түрікмендермен бір байланыстарыңыз бар ма?

Н.М.: Түрікменмен тікелей байланыс болмаған. Ал менің әкемнің бұлайша аталуында өзіндік сыр бар. Бұл ата-бабаларымның тарихына тікелей қатысты. Әкем Түрікпен болса, оның әкесі Мұсабай, оның әкесі Нұржан, оның әкесі Құламан, оның әкесі Құтпанай дін жолын өте берік ұстапты. Осы жерде жеті атамды түгелдей кетсем, Құтпанайдың әкесі Барлыбай, оның әкесі Көнтек, оның әкесі Тілеуімбет – барлығы да тап сондай діндар әрі бай кісілер кісілер болған. Мысал үшін айта кетейін, заманында «екі рет қызыр көрген» жетінші атам – Тілеуімбет 1822-1824 жылдары қазақ халқының азаттығы үшін күрескен Кенесарының қосынына тікелей қолдау көрсеткен. Оның асқан бай болғаны соншалық, бір жылы Сырдың бойына келіп құлап, Арал мен Қазалының аралығын қыстап шыққан хан Кененің қосынын ас-ауқатпен қамтамасыз етіп тұрыпты. Әскерге бірінші қонақасыға кілең бір түсті құла тайларды сойып беріпті. Ал сарбаздардың қайтар кездерінде олардың болдырып, жүріске жарамай қалған аттарын алып қалып, мініс көліктерін түгел жаңалап аттандырыпты.

Осындай бабаларының өнегесінен терең тәлім терген менің әкем Түрікпен де кеңес өкіметі дәуірінің кезіне дейін молдадан білім алып, мұсылманша хат таныған. Одан кейін әкесі Мұсабайдың тәрбиесімен ілімін біраз жетілдірген. Жарықтық арабша өте жүйрік еді, білгір еді. Кейін зейнетке шыққаннан кейін ауыл ішінде аздаған молдашылық құрып, ел-жұртты имандылыққа баулыды.

Енді әкемнің есімі жайына келсем, оның мынадай тарихы бар. Ол кез Мұсабайдың әкесі Нұржан бай дүрілдеп тұрған. Қазалы уезінің Қызылқұм беткейінде малдың ізінде көшіп-қонып жүрген. Нұржан бір жағы болыс атанып, ағайындарына билік жүргізген. Аса діндарлығы тағы бар. Сол бабам түрікменнің өзімен теңдес бір байымен достық қатынаста жүріпті. Соның айғағы ретінде түрікмен досы Нұржанға ахалтеке тұқымдас атын да сыйға тартыпты. Сол шамада Нұржанның Мұсабайдан туған немересі дүниеге келеді. Жұрт «Нұржан болыс немерелі болды» деп сүйінші сұрасып, шуылдасып жатқанда, ауылдарына әлгі түрікмен досы келе қалады. Содан бабам досын құрмет тұтудың бір белгісі есебінде өзінің тұңғыш немересіне «Түрікпенбай» деп ат қояды. Бұл – 1912 жылғы оқиға. Әкем жарықтық осыған байланысты өзін «қазақтың біртуар перзенті Дінмұхаммед Қонаевпен түйдей құрдаспын» деп марқайып отырушы еді. Бірақ кейін кеңес өкіметі орнап, елде жаңа тәртіп жүре бастаған тұста әкем туу туралы құжат аларда есіміндегі «бай» деген жұрнақты алып тастап, жай «Түрікпен» деп жазғызады. Бұған жеті атасынан бері бай болып келген өздерінің тегін кеңес билігінің өкілдеріне ашық білдіруден тайсақтауы себеп болса керек.

Тағы бір айтатыным, әкемнің өзінен кейін өмір есігін ашқан інісіне «Өзбекбай» деген ат қойылады. Мұнысы олардың Түрікпенбаймен үйлестірген түрлері сияқты. Алайда, бұл ағамыз балалар үйінде жүрген жас күнінде қайтыс болып кетіпті. Әкем осылайша отбасында ер баладан жалғыз қалыпты. Өзінен кейін үш қарындасы еріпті. Олардың үлкені әкем Ұлы Отан соғысында жүргенде, қалғандары елге оралған кезінде тұрмыс құрыпты.

С.П.: Ал сіздің ныспыңызды неге «Нәжімәдин» деп қойған?

Н. М.: Бұл да жайдан-жай қойыла салмаған. Өзіңізге белгілі, қазақ барлық кезде ат қоюға, перзентіне есім беруге үлкен жауапкершілікпен қараған. Ал менің ныспымның неге бұлай аталғанын айтпас бұрын әңгімені әкем мен анамның қосылу тарихынан бастайын. Ұлы Отан соғысына 1941 жылдың жазында 29 жасында аттанған Түрікпен оның алғашқы күндерінен ұрыс қимылдарына қатысқан. Бірақ 1942 жылдың басында майдан даласында екі көзінен бірдей жарақат алып, елге екінші топтағы мүгедек қайтады. Оны арнайы медицина қызметкері жетектеп әкелген екен. Кейін біртіндеп бір көзі қалпына келіпті де, екіншісі дұрыс көрмейтін күйінде қалыпты. Елге оралғасын көп ұзамай менің шешем Зибамен бас қосыпты. 1922 жылы туған анам одан тура 10 жас кіші екен.

Әке-шешем екеуі отау тіккеннен кейін көпке дейін перзент сүйе алмайды. Арада біраз жыл өтіп кетеді. Содан анам байғұс әулие-әнбие жағалап, Алладан бір шарана сұрап жүреді. Ал ағайындары сол уақта әкеме келіп: «Сен Мұсабайдың жалғыз ұлысың. Үйленгеніңе біраз болды, әлі бала жоқ, тұқымсыз өтесің бе, әлде басқа әйел аласың ба?» деп жағадан ала бастайды. Сөйтіп жүргенде, ата-анамның Құдайдан сұрағандары қабыл болып, шешемнің екінші мүшел – 25-ке келген кезінде, 1947 жылы қараша айында әпкем Мейрамкүлді босанады. Одан екі жылдан сәл артық уақыт өткесін, 1950 жылдың ақпанында мен туыппын. Мен өмірге келіп жатқанда, біраз жыл балаға зар болып қалған әкем кітап ашып отырып, «Нәжімәдин» деп қойыпты. Өзіңіз білесіз, Құранда «Нәжім» деген сүре бар. Әкем сол сүре атауына «дин» деген жалғауды қосып, толық есімімді шығарыпты.

Менің мамандығы автомобильші Сансызбай Құттыбаев деген ежелден бері келе жатқан досым ептеп өлең жазатын. Кейін, әсіресе, зейнетке шыққалы үдетті. Сол жараным менің 60 жылдық тойыма өлең жазып әкеліп, жұрт алдында оқып берген еді. Онда:

Нәжім – жұлдыз аударғанда арабтан,

Жан-жағына шуақ сезім таратқан,

Сірә, сені туған кезде «тәубә» деп,

Жұлдыздарға маңдайыңды жалатқан, – деп келетін жолдар бар-тын.

Расында да, арабшадан аударғанда, «нәжім» сөзі «жұлдыз» деген мағынаны береді. Сансызбай мұны жақсы білетін болып шықты. Әкем мені осылайша «жұлдызы жансын», «жұлдызы жоғары болсын» десе керек.

Атымның тарихы осындай. Әкем алғашқы перзенттерін көп зарығып көргесін, менен кейін туған балаларының бәрінің аттарын маған ұқсатып, соңына ылғи «дин» деген жалғауды қосып отырыпты. Сол кезде шешеміз жыл сайын бала көтеріп, дүниеге кілең ұлдар әкелген екен. Олардың бірінің аты Сайфаддин, бірі Шарафатдин, тағы бірі Сражаддин болыпты. Бірақ ешбірі тұрмай, арасы бір жыл, бір жарым жылда шетінеп кете беріпті.

Менің шешемнің шешесі Кәліш әжем өмір бойы бізбен бірге тұрды. Анамның алдында екі әпкесі болған екен. Бірақ «балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» кетіп жатқан заманда әжем олардан бір өлідей, бір тірілей көз жазып қалыпты. Біз бала жасымыздан осы әжеміздің тәрбиесін көріп өстік. Менен кейін туған балалар шетіней бергесін, бір күні әжем түс көреді. Түсіне бір әулие кісі кіріп, ұлдар тұрулары үшін олардың аттарының соңына қосылатын «дин» жалғауын алып тастауға аян береді. Әулие сонда: «Қызың ұл туса да, қыз туса да, баланың кіндігі тасқа салынып, балтамен кесіліп, есімдері не балтаға, не тасқа қатысты етіп қойылуы керек» дейді. Ол уақыттары ауылдарда перзентхана деген жоқ, әйелдер үйде босанады. Сол кезде менің шешем екіқабат екен. Соның артынша дүниеге ұл бала келеді. Менен 9 жыл кейін туған осы күнгі полковник інім Тастайбектің аты осындай себеппен қойылған. Ол қаз тұрып жүріп кеткенше, әке-шешем қызша киіндіріп, өзін ырыммен «Балтагүл» деп атап жүрді. Мұның бәрі «көз тимесін» деген ниеттен шыққан. Інім өз бетінше жүргесін барып, айдары кесіліп, өзінің азан шақырып қойылған атымен атала бастады. Тастайбектен кейін соңынан тағы бір қарындасым мен інім ерді.

С.П.: Нәке, «нәжім» деген лексеманың бір мағынасы «жұлдыз» болса, екінші бір нұсқасы «жұлдызнама», «жұлдыз-жорамал» деген екен. Сіз әкеңіз қойған сол аттың үдесінен шыға алдым деп ойлайсыз ба? Үмітін ақтай алдыңыз ба?

Н.М.: Бұған нақты жауап беру қиын. Гәптің бәрі бұл мәселеге қалай және қай қырынан ой тастағанда ғой. Адам болғаннан кейін пенденің дегенінің бәрі бірдей бола бермейді. Осы тұрғыдан келгенде, кей кездері өзімнің ғана кейбір істеріме көңілім ептеп толмауы мүмкін. Ал кең ауқымда алып қарастырғанда, толық үдесінен шыға алдым деп айта аламын. Олай дейтінім, әкемнің мен дүниеге келген кезіндегі басты арман-мұраты менің амандығым, азамат болып өсуім еді. Сосын «жұлдыз» дегенді де әрқалай түсінуге болады. Аллаға шүкір, әкеміз қынжылатындай бір жаманат іс көрсеткен жоқпыз, заманымызға сай қызмет жасап, сол қызметтің сатысында жазмыштың берген мүмкіндігі дәрежесінде өстік. Керісінше әкеміздің ұдайы алғысын алдық. Ол өмірден өткенше ризашылығын білдіріп кетті. Осының өзі әкемнің үмітін ақтағаным деп білемін. Сосын өмірде өз қатарымның, ауылдастарымның, мектептестерімнің, сыныптастарымның көбі жетпеген биіктерден көріндім. Жұлдызы жоғары болу деген сол емес пе?!

Әкем: «Жазмыштан озмыш жоқ, балам. Әркім өзінің пешенесіне жазылғанын көреді» деп отырушы еді. Сол айтқандай, біз де өзіміздің маңдайымызға жазылғанды көрдік. Қайда қандай қызмет атқарсақ та, хәл-қадерімізше, қолымыздан келгенінше, мүмкіндіктің болғанынша қалтқысыз қызмет еттік. Аянып қалған, тартынып қалған жеріміз болмады. Қызметімізге барынша адал болуға тырыстық. Әкеміздің бізге үйреткені де сол еді. Оның ақыл-кеңестері мен өсиетін бұлжытпай орындадық. Сондықтан кеткен күнге, өткен өміріме ешбір өкпем жоқ. Осының бәріне «тәубә» деймін.

С.П.: «Жігіттің жақсы болмағы – нағашыдан» деген сөз бар. Сіздің өз жұртыңыздың өте мықты екенін көріп отырмыз. Ал нағашыларыңыз жөнінде не айта аласыз?

Н.М.: Менің нағашыларым – Шөменнің Шөмекей жұртынан. Соның Бозғұлынан тарайтын Келдібайдың Үсейінінен шығатын Қошқаралы, одан әрі өрілетін Мамырдың Сансызбайы. Заманында Сансызбай бабамыз өте бай болған кісі екен. Сондықтан ел аузында «Сансызбай Шөмендегі қошқаралы, Жалғанда ортаймаған тостағаны» деген жыр қалған. Сол кездегі кісілер «Сансызбай жылқыларын әкеліп, суарғанда дарияның табанында су қалмайды» дейді екен. Жылқысы соншалықты көп болғанын халық осылай бейнелі түрде суреттеп берген көрінеді. Осы Сансызбайдан тарайтын менің нағашы атам Махан мен әжем Кәліштің Зияда, Зеріп және Зиба деген үш қызы болған. Атамды жұрт «Махан сопы» деп те атаған. Бұлардың ең кенжесі – менің шешем Зиба өле-өлгенше әжемізді өз қолына алып, бағып өтті. Оны әлгінде айттым. Бұлай болатыны, алдыңғы екі апасының бірі осында қайтыс болып, бірі тағдырдың талайымен елден ерте кетіп қалыпты. Себебі, олардың күйеулері совет өкіметіне қарсы көтеріліске шыққан. Атап айтқанда, қыздардың үлкені Зияда «Ақмырза көтерілісінің» басшысы Ақмырза ахунның бір әйелі болған. Ал ортаншы қызы Зеріп болса, Ақмырзаның жақын туысы әрі бас сардары Ескебек деген кісіге күйеуге тиген. Сөйтіп, Ақмырза мен Ескебек бір-бірімен ағайын әрі туған бажа болып келсе, арада он жылдан аса уақыт өткен кезде менің әкем екеуінің қатарына қосылған.

С.П.: Енді осы көтеріліс туралы тарқатыңқырап айтып өтсеңіз.

Н.М.: Тарихта «Қызылқұм көтерілісі» немесе «Ақмырза көтерілісі» деген атпен қалған бұл бас көтеру өткен ғасырдың 1930 жылы Қазалы уезінде совет өкіметінің әміршіл-өктем жүйесіне қарсы наразылық ретінде орын алған. Осы шамада Қазалы ауданында «Асандар көтерілісі», Арал аумағында «Қарақұм көтерілісі», Созақ атырабында «Созақ көтерілісі» бір мезгілде бұрқ ете түскен. Мұның өзі тектен-тек емес еді, бұған совет өкіметінің берген уәдесін орындамай, озбырлық көрсеткені, дінге тыйым салып, мал-мүлікті тәркілеуге түсіргені, жұртты күштеп колхоздастырмақ болғаны тікелей әсер еткен. Қызылқұмдағы көтерілісті бастаған Ақмырза ишан бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында Ыстамбұлға барып, білім алған өте сауатты кісі болған. Қазан төңкерісінен кейін елге оралған ишан мұндағы заңсыздықтарға шыдамай, бірнеше жылдан кейін өзінің маңына топтасқан адамдардан ұйым құрып, көтеріліске дайындалады. Серіктерімен бірге Сыр бойынан көтерілген ол Қуаңдария алабындағы «Шортан мешіті» (қазір «Ақмырза мешіті») деп аталатын жерге барып, өздеріндей наразы адамдарды қатарына қосып алады.

Сөйтіп, 30-шы жылғы наурыз айында Ақмырза Қармақшының қазіргі «Қуаңдария» ауылының тұсындағы «Қарақ тауы» деген жерде соғыс жүргізіп жатқанда, уезд орталығы – Қазалыдан чекистердің 250 адамдық отряды келіп, көтерілісшілермен келіссөз жүргізеді. Ол кезде Қармақшы, Арал және Қазалы бір уезге қарайды. Келіссөз барысында Ақмырза ұрысты тоқтату үшін бір шарт қояды. «Менің сіздердің өкіметтеріңізге қарсылығым жоқ, бірақ дінді құртам дегендеріңізбен келіспеймін. Егер дінге тиіспесеңіздер, бетімізден қайтамыз», дейді. Бірінші жолы мәселе шешілмейді. Келіссөз негізі екі рет өткізілгенге ұқсайды. Келесі жолы екі чекист келіп: «Сіз алған бетіңізден қайтыңыз, ана жақта әскер дайындалып жатыр, халық босқа қырылмасын», деп ашығын айтады. Сол кезде: «Сендер нағыз жансыздар екенсіңдер» тұра ұмтылған Ақмырза оларды байлап, қаматып тастайды. Сол күні өздері кетіп бара жатып, оларды күзетуді туған қайын атасы, менің нағашы атам Маханға тапсырады. Ол ертеңіне келіп, чекистерді халық сотына салатынын айтып кетеді.

Махан атам соны естіп, Кәліш әжеме: «Бәйбіше, күйеу бала маған екі азаматты күзеттіріп кетті. Екеуі де мұсылман баласы, қазақ екен. Ертең келіп, оларды аттырып тастайды. Мен олардың қанын жүктегім келмейді. Егер кінәсі болса өздерінен. Сондықтан бұл екеуін қашырып жіберейін деп отырмын», дейді. Содан қамаудағы екі жігітке келіп: «Ертең халық соты болса, сендерді атып тастаулары мүмкін. Екеуің де мұсылман, қазақ екенсіңдер. Сендер мұнда өкіметтің саясатымен келіп отырсыңдар ғой. Мен қазір төбенің астына екі ат апарып қоямын. Сендер мені байлаңдар да, мына есікті өздерің ашқан болып, қашып кетіңдер» дейді. Осылайша екі чекист қашып кетеді. Бұлар келесі келген кезде біраз әскер әкеліп, екі жақты атыс болады. Қызылдар жағы пулеметпен, басқа да қару-жарақпен қаруланып келеді. Сол соғыста біраз адам қырылады. Ақмырзаның өзі де қаза табады. Әлі күнге дейін оның өлген жері нақты айтылмайды. «Құдықтың қасында» дейді біреулер. Бірақ ол да белгісіз. Қанды қырғында тірі қалған екінші бажасы Ескебек отбасын алып, суыт қашады. Ол әжем Кәлішті «ана» деп атайды екен. Сол кетіп бара жатып, енесіне: «Ана, мен қашып барам. Мына өкімет бізді тірі қоймайды. Сіздерді алып кету үшін мұнда бір он-он бес күнде қайта оралам. Қазір негізгі адамдарды алып бара жатырмын», депті. Алайда, Әмудариядан өткеннен кейін, жол жабылып қала ма, жоқ басқалай себебі болды ма, оған бері қайыра өтудің реті келмейді. Сөйтіп, Ауғанстанға асып кетеді.

Бұл кезде менің 7-8 жастағы шешем анасымен екеуі ғана қалады. Содан енді ел ішінде көтеріліске қатысқан жұрт тегіс тексеруге алынады. Ақмырзаның руы Сарыбай-Торыбайдан шығатын жолай екен, бұдан әрі оның туысқандары өз руларын айтудан қорқатын болады. Шиелідегі баяғы Мұстафа Шоқайдың туыстары сияқты ғой. Ақыр соңында атқанын атып, жер аударғанын жер аударып, дүниенің астаң-кестеңін шығарған үлкен репрессия басталады. Қазалыдан чекистер келіп, кімнің көтеріліске қатысқаны, кімнің кімге туыс екені түгел анықталып жатқанда, ана жолғы екі жігіттің арқасында менің нағашы әжем мен шешем аман қалады. Олар тексере бастағанда, біреулер әжемді сыртынан көрсетіп: «Мынау – Ақмырза мен оның бас сардары Ескебектің енесі» дейді. Сол кезде бұларға баяғы екі чекист келіп: «Кімсіз?» деп сұрайды. – «Маханның кемпірімін». – «Ол кісінің өзі қайда?» – «Қайтыс болған». Нағашы атам сол көтерілістің алдында қайтыс болып, Қарақ тауында жерленген екен. Сол-ақ екен, әлгі екеуі арнайы куәлік жазып, мөр басып, әжемнің қолына береді. Онда Ақмырзаның енесі болғанымен, бұл кісінің ол көтеріліске қарсы болғаны, сондықтан Кәліш пен оның қызы Зибаға тимеу керектігі, қайта қамқорлық көрсетілуі тиіс екені жазылыпты. Соның арқасында әжем мен шешеме ешкім соқтықпайды. Шешем кейін сауат ашу мектебінде оқиды, үлкейе келе комсомолға кіреді.

Бірақ әкем көпке дейін Ауғанстандағы бажасымен қатысуға құлықты болған жоқ. Ол бұл байланыстың зияны балаларына тиіп кете ме, деп қорықты. Бұлай болатыны, Ескебектен қағаз келген кезде әкем онымен байланысқысы келмейтінін ашық білдіреді. Ол бала-шағасын алып, елге оралмақшы ниетте екен. Әкеміз Ақмырза ахунмен туған бажа болғанын да жасырып жүрді. Кейін, қызықты қараңыз, жаңағы ауғанға көшкен Ескебек бажасы Ауғанстанның Мазари-Шариф деген қаласының мешітінде бас имам болыпты. Ол содан ары Түркияға өтеді. Сол жақта қайтыс болады. Менің одан туған бөлелерім, Дүние жүзі қазақтарының 1991 жылы Алматыда өткен құрылтайынан кейін Түркиядан қайтқан қазақтармен бірге елге оралды. Олар қазір Шымкентте тұрады. Сөйтіп, біз арада қаншама жылдар өтіп кеткеннен кейін қайта табыстық. Бірақ бұл уақта шешемнің әпкесі Зеріп те қайтыс болып кетіпті. Мен қазір әкеміз бен анамыз, нағашы жұртымыз бен өз ата-бабаларымыз көзі ашық, көкірегі ояу, имандылығы мол адамдар болғасын біз осындай дәрежеге жеттік пе деп ойлаймын.

С.П.: Сіздің «үшінші жұртыңыз» да осал емес көрінеді…

Н.М.: Ол рас. Менің қайын жұртым – атақты Әйтеке бидің тікелей ұрпақтары. Жалпы, менің үш жұртым да Қазалы жерінен шыққан. Қайын жұртым да өзім сияқты Әлімнің ішіндегі Төртқарасы. Ал Төртқараның шын аты Қарамашақ болғаны белгілі. Одан Оразгелді, Ораз, Жаншоқыр, Қараш тарайды. Олар төртеу болғандықтан, кейін «төртқара» атанып кеткен. Қайын жұртым да, біз де Ораздан шығамыз. Меккеге үш рет барып-қайтқан Ораз қажы заманында дүниені дүр сілкіндірген әмір Ақсақ Темірге қырық жыл бас уәзір болған адам. Ұлы қолбасшы оны қатты сыйлап, құрмет тұтқан. Сондықтан кезекті жорыққа аттанар алдында бабамыздан бата алмай, жолға шықпайды екен. Қажы қайтыс болғаннан кейін Әмір Темір Көреген оның жылдық асына орай Үндістаннан көктас алдырып, зираты басына қойдырыпты. Сол Ораз бабамыздан Ақпан, Тоқпан туады. Тоқпаннан Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл тарайды. Мен осының Шобан аталығынан болам. Шобаннан Бөкем, ал Бөкемнен манағы жетінші атам Тілеуімбет туады. Қайын жұртым болса, Тоқпанның кіші ұлы Сейітқұлдан өрбиді. Сейітқұлдың Сары атты бәйбішесінен үш ұл туса, солардың бірі Ақша еді. Ақша ханнан – Байбек, Байбектен Әйтеке өнеді. Сол сияқты Сейітқұлдың екінші әйелі Қаракемпірден туған жеті ұлдың бірі Жалаң, яғни Жалаңтөс болатын. Менің қайын атам Ақжап Өтемұратов «сегіз жүйелі сейітқұлдың» байбек руынан өреді. Ол Сейітқұлдың – оныншы, Әйтекенің жетінші ұрпағы болып келеді. Атам менің әкеммен түйдей құрдас, 1912 жылы туған азамат еді. Өзінің бүкіл саналы ғұмырын Қазалы ауданындағы асыл тұқымды арқар-меринос қойын өсіретін «Қазалы» совхозында басшы қызметтерде өткізді. Ол шаруашылықтағы үш ферманы кезек басқарып, совхозды алға сүйреген майталман мамандардың бірі болды. Атамның өз кіндігінен тараған 1 ұл, 1 қызы бар. Менің өзіммен құрдас жұбайым Лида – оның сол жалғыз қызы. Ал 1939 жылы туған қайнағамның аты Жолтай.

Сол сияқты менің қайын енем ­– атам Ақжаптың кемпірі, жұбайым Лиданың шешесі Күли анамыздың шыққан жері де өте-мөте қасиет қонған әулет болып табылады. Ол – «жеті өлікке жан берген», үш жүздің пірі болып сайланған атақты Мүсірәлі Әзиз қожаның ұлы Қосым қожадан тарайды. Сыр елінің халқы, әсіресе, дарияның төменгі ағысы бойын мекен ететін жұрт бұл кісілердің кімдер екенін өте жақсы біледі. Атам да, енем де құдайдан сұраған, өзімнің ата-анам сияқты біреудің ала жібінен аттап көрмеген, барынша адал, жандары таза, пиғылдары түзу, өзіне емес, «елге болсын» деп жүретін қайырымды да бауырмал, өте-мөте жақсы адамдар еді, рухтары пейіштің төрінде шалқысын.

С.П.: Айтатыны жоқ, үш жұртыңыз да үзірлі елдің үздігі болып келетін, төрт құбылаңыз түгел тектілерден құралған толымды тұлға екенсіз, Нәке!

Н.М.: Рахмет. Байқаған болсаңыз, біздің балаларымыздың, мысалы, Әділбектің бұл тұрғыдағы мәртебесі, нағашы жұрты жағынан тікелей желі болып жететін Әйтеке бабасы мен нағашы әжесі жағынан Мүсірәлі Әзизді қосқанда, менен де асып түседі.

С.П.: Сіздің соңғы жылдары Жалаңтөстің атын асқақтату ісіне белсене араласып жүргеніңіз бекер болмай шықты ғой.

Н.М.: Шынын айтқанда, заманынан асып туған Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы тек Төртқара руына, Әлім аталығына, тіпті күллі исі қазаққа ғана ортақ тұлға емес, оны бүкіл Орта Азияның барша халқы өз перзентіндей көреді. Дегенмен, менің бабам екені рас. Бірақ бабаның рухына қызмет етуді біз бүткіл қазақ халқының атынан жасадық деп ойлаймын. Өзіңізге белгілі, совет заманында Жалаңтөс баһадүрдің бабамыз екенін былай қойғанда, тіпті қазақ екенін де ашып айта алмадық. Сол кездері оның Самарқандтағы «Тіллә Кәри» және «Шер-Дор» кесенелерінің қабырғасында «Бұл құрылысты салған Алшын Жалаңтөс» деген жазу тұратын. Тәуелсіздік алғаннан кейін өзбектер оған қазақтардың көбірек иелік ете бастағанын көргесін «алшын» деген анықтаманы алып тастады. Ал Алшын – қазақтың бүкіл Кіші жүз тармағының ортақ атауы. Егемендікке қол жеткеннен кейін Жалаңтөстің тарихта алатын орнын атап көрсетуге мол мүмкіндік туды. Оның Орбұлақта 50 мың қолды жоңғарлармен шайқасып жатқан 600 сарбазды Салқам Жәңгірдің қосынына 20 мың әскермен келіп, көмектескені, сөйтіп, жауды тас-талқан етіп жеңіп бергені туралы дерек қалың жұртқа соңғы 30 жылдың шамасында ғана аян болды.

Совет заманында Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған Ыдырыс Қалиев ағамыз Жалаңтөс баһадүрдің осындай ерен ерліктерін, ғибратты ғұмырын халыққа таныта беру мақсатында қор құрып, оны республикалық деңгейге дейін көтерді. Қор алға қойған мақсатын жүзеге асыру бағытында орасан зор жұмыстар істеді. Оның жұмысы Жалаңтөсті насихаттаумен ғана шектелген жоқ. Ол Сейітқұл, Жалаңтөс, Әйтеке би үшеуін бірге зерттеуге ден қойды.

Осы орайда қордың алдында бірінші ­– Әйтекенің жатқан жерін табу, екінші оның шын жасын анықтау міндеті тұрды. Бұл жұмыстардың бәрі облысқа 2007 жылы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жан-жақты терең білімнің иесі, мемлекетшіл азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед әкім болып келгеннен кейін айтарлықтай жанданды. Ол кезінде өзінің кандидаттық диссертациясын Жалаңтөс баһадүрден қорғаған екен. Келе мәселеге қызу кіріскен Мұхаң «Әйтеке би бұрын Самарқандқа бағынған, қазір Навои облысына қарайтын Нұрата деген жерде жатқан Сейітқұл бабасының жанында болуы мүмкін» деген болжам айтты. Мұнысы кейін расқа айналды. Ал Әйтекеге байланысты жан-жақты ізденіс керектігі туралы алғаш ой қозғаған белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев еді. Есіңізде ме, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Егемен Қазақстан» газетінде «Газет ішіндегі кітап» деген айдармен қазақтың үш биі туралы материалдар беріле бастады. Сонда Әбіш ағамыз Әйтеке жайлы ой толғай келіп, «Әйтекенің туған жылы белгісіз, өлген жылы белгісіз, жерленген жері белгісіз. Соған қарағанда, бұрын жазылып келгендей емес, ол Төле биден де, Қазыбек биден де үлкен болуы керек», деп жазды. Оның жасы кіші саналып келуі Кіші жүздің биі болуына байланысты сөз сайысында кезегін ең соңынан алатындығынан ғана еді. Ал Төле бидің Ташкенттің қақ ортасында жатқаны, Қазыбек бидің Түркістанда жерленгені аян болғанда, Әйтеке бидің қайда дамыл тапқаны беймәлім күйде қалуы оның қазақтың басына нәубәт туып, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» орын алған кезге дейін-ақ бақилық болып кеткенін білдірсе керек. Себебі, осы дүрбелеңнен кейін оны білетін адам қалмай, халық жадынан ұмытылып кеткен сияқты. Осындай пайымды Әбіш аға бірінші болып тарқатты. Міне, осыдан соң Әйтеке жөніндегі дүдәмал деректерді анықтау жолындағы күрес басталып кетті. Шынында зерттей келгенде, өзбек пен қарақалпақ арасында «Синесоп әулие» (Парсы тілінен аударғанда, бұл «күнәдан пәк» деген ұғымды білдіреді екен) атанған Сейітқұлдың жатқан жерінде оның баласы Ақша да, Ақшаның немересі Әйтеке де бар болып шықты.

Осыдан кейін Әйтеке бидің ықтимал қабірін қазуға шардаралық Жұмабек Мұқанов деген азамат алғаш бастама көтеріп, сол жақтан адамдар шығарды. Сол кезде мен Аралда әкім болып жүрген едім, Мұхтар Құл-Мұхаммед шақырып алып: «Нәке, мен кандидаттық диссертациямды Жалаңтөс баһадүрден қорғадым. Архивте отырып, оның Самарқандтан 15 километр жердегі Дағбед деген қышлақта жерленгеніне көзім жетті. Сонда баһадүрдің екі аты болғанын, оның біріншісі Әбдікәрім Байқажы деп аталғанын білдім. Байқажы есімі берілетіні Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл шынында әрі бай, әрі қажы болған кісі екен. Сол Сейітқұл Сыр бойынан ауа көшіп, Нұратаның маңын паналағанда, Жалаңтөс бес жастағы бала болыпты. Мұнда келгесін олардың жағдайы күрт жақсарады. Заманында қазақтың арасында «Нұратадағы әр шұңқырда Сейітқұлдың мың жылқысы бар» деген сөз қалған», деді. Міне, Сейітқұл бабамыз бір жағынан бай болса, бір жағынан әулие, тағы бір жағынан өте діндар адам болған екен. Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің кандидаттық диссертациясын қорғауы барысында «Әбдікәрім Байқажы» атанған Жалаңтөстің бейітін тауып берген. «Егер біз енді Әйтеке бидің басын қарайтатын болсақ, жеке адамдардың көмегіне сүйенбей-ақ, оны Қызылорда облысындағы мұнай компанияларынан түсетін, бюджеттен тыс қаржыдан жиналатын қорымыз арқылы жасауға мүмкіндігіміз бар», – деді Мұхтар Абрарұлы. Осы істің жоралғысы ретінде Мұхаң өзінің жеке қаржысымен академик Карл Байпақов бастаған бірнеше ғалымды Нұратаға іссапарға жіберіп, зерттеу жұмыстарын тез арада бастап кетті. Соның нәтижесінде бидің сүйегі қазып алынып, Мәскеудегі Герасимов атындағы лабораторияға жіберілген кезде Әйтекенің, бұған дейін суреттерде көрсетіліп жүргендей, қауға сақалды үлкен қария емес, небәрі 56 жасында өмірден өткен атпал азамат болғаны айғақталды. Осы бассүйек арқылы жасалған антропологиялық зерттеуден кейін алғаш рет Әйтекенің шынайы суреті салынды. Ол «Ана тілі» газетінде жарияланды. Осылайша әйгілі бабамыздың шын бейнесі де, оның 1644 жылы туып, 1700 жылы қайтыс болғаны да белгілі болды. Тарихи шындық осылай қалпына келтіріліп, Әйтеке бидің Төле биден де, Қазыбек биден де үлкен екені анықталды. Енді осыны барлық тарихи кітаптар мен оқулықтарға енгізетін уақыт жетті ғой деп ойлаймын.

Бұдан кейін Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастамашылдығымен Әйтекенің Нұрата жеріндегі бейіті басында үлкен кесене салу ісі қолға алынды. Осыған байланысты Мұхаңның алғауымен сол жақтағы қазақ диаспорасының басшылары өздері қаржы жинап, 2 гектар жер сатып алды. Көп ұзамай қатарға қосылған кесененің басына «Сейітқұл әулие – Жалаңтөс баһадүр – Әйтеке би» деп жазып қойылды. Демек, ол тек Әйтекеге ғана емес, сонымен бірге осы үш көрнекті тұлғаға бірдей арналды. Ал мазаратта Сейітқұл мен Әйтекеден бөлек, Ақша хан да, оның баласы Байбек те жатыр. Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысының әкімі болып тұрған кезде сол жақтан бизнесмендер келіп, кесене жанынан мешіт көтерді. Бұдан соң Батыс Қазақстан облысының іскерлер тобы өкілдері музей салды. Осының артынша кесене қасында мінәжат ететін үй пайда болды. Ал Ұлы жүздің өкілдері болып табылатын бір бизнесмендер ұңғыма қазып, атырапты суландыру ісіне, көгалдандыруға үлкен көмек көрсетті. Бұдан әрі кесене басына тәу етіп келгендер жататын мейманхана, ас-су ішетін асхана салынды. Мен Аралда әкім болып жүрген кезімде аудан тұрғындары да баба мазараты маңында бірқатар жұмыстар атқарып, ортақ іске айтулы үлес қосты. Сөйтіп, екі жылға жуық уақыт салынып, үлкен комплекске айналған кесене 2009 жылдың 31 шілдесі күні салтанатты жағдайда ашылды. Оның ашылу рәсімінде Әбіш Кекілбаев ағамыз «Қазақ халқы қайтыс болғанына 309 жыл болған кезінде Әйтеке би бабамыздың басына шырақ жақты» деген тарихи сөз айтты. Бұл шынында да солай екен.

С.П.: Сөйтіп жүргенде, сіз Жалаңтөс баһадүр атындағы республикалық қордың басқару тізгінін қолға алдыңыз.

Н.М.: Иә, осы жұмыстардың қабатында жүрген кезімде маған баба атындағы қорға егелік ететін кез келіп туды. Бұл кезде мен зейнет жасына іліккен едім. Қоғамдық ұйымды өз қолымен құрып, оны ұзақ жылдар басқарған Ыдырыс Қалиев ағамыз Әйтеке бидің тікелей ұрпағы болатын, сол кісі жасы 90-нан асқаннан кейін үлкендік жасап, бұл жұмысын қойып, құрылтайшы ретінде орнын маған ұсынды. Соның салдарымен қордың төрағасы болып сайландым. Тізгінді қолға алған күннен ағамыз бастап кеткен жолды лайықты жалғастыруға күш салдым. Содан бері де бірқатар іргелі істер атқарылды. Сол шараларға орай, менің Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына, Әйтеке бидің туғанына 375 жыл толуына орай «Егемен Қазақстан» газетінде 2-3 мақалам шықты. Ендігі кезекте қазақ ұлтының жойылып кетпеуіне ұшан-теңіз үлес қосқан Жалаңтөс бабамыздың атын бұдан әрі асқақтатып, келер күнге, келешек ұрпаққа жеткізе беру негізгі міндетіміз бола береді. Осы мақсатта бұдан біраз жыл бұрын Қызылорданың «Ақмешіт» мешіті алдына Жалаңтөс баһадүрдің Қазақстандағы ең үлкен ескерткіші қойылды. Өткен жылы сондай ескерткіш Түркістан облысының Қазығұрт ауданында бой көтеріп, онда Орбұлақ шайқасының ерлері Жалаңтөс баһадүр мен Салқам Жәңгір қатар бейнеленді. Енді мұндай алып ескерткіштерді еліміздің бас қалалары – Астана мен Алматыда қойса да әбден жарасар еді.

Кейінгі кездері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастар жақсарып келеді. Былтыр Қазақстанда Өзбекстанның күндері өтті, ал биыл Қазақстанның Өзбекстандағы күндері өтіп жатыр. Біз қордың жұмысын соның аясында жүргізіп келеміз. Сол есеппен өзі қырық жыл басқарған Самарқандта Жалаңтөстің алып ескерткішін ашу жөнінде ұсынып білдіріп, Өзбекстан басшылығына хат жаздық. Қордың тағы бір міндеті қазақ пен өзбек мемлекеттері арасындағы достық қатынасты нығайтуға күш салу болмақ. Осының сыңайында бабамыздың атын екі жақта да ұлықтауға атсалыса беретін боламыз.

 

ТҰЛПАРДЫ ТАЙ КҮНІНДЕ ТАНЫҒАН

С.П.: Нәке, енді балалық шаққа қайта оралайық. Сіз мектепте қалай оқыдыңыз? Ол кездегі арман-мұратыңыз не еді?

Н.М.: Жақсы оқыдым. Мен туғанда әке-шешем Қазалы ауданының «Байтуған» деген шағын ауылында тұратын еді. Кейін әпкем екеуіміз мектепке баратын кез жақындағанда, әкем біздің оқуымыздың жайын алдын-ала ойлап, Майлыбас станциясына көшіп барып, үй салып алды. Сол жерде «тілі жаттыға берсін» деген оймен әкем мені 6 жасымда мектепке берді. Бірақ мен сол бойы оқып кеттім. Осының нәтижесінде мектепке өзімнің қатарларымнан бір жыл бұрын барып, 1966 жылы жүзеге асқан реформа негізінде оны 11 жылда емес, 10 жылда бітіріп шықтым. Сөйтіп, бірі – 11-ші, екіншісі 10-шы сыныптарды қатар аяқтаған 1948-1949 жылдары және 1950 жылы туған түлектер бір мезгілде кәмелеттік аттестат алдық. Тарихта мұндай жағдай бізден бұрын да, кейін де қайталанған жоқ. Сөйтіп, мен 16 жасымда өзімнен 2-3 жас үлкен балалармен бірге мектеп бітірдім.

Оқып жүрген кезімде әдебиетке біршама құмар едім. Соның арқасында қабырға газетінің редакторы болдым. Шамалап өлең жазуға да талпынысым бар-тын. «Келешек журналист болам, ақын болам» деп жүргенімде, әкемнің бір ауыз сөзі арман-мұратымды күрт өзгертіп жіберді. Марқұм сөзді бір-ақ рет кесіп айтатын еді. Сол кісі қандай оқуға барғалы жатқанымды білгесін: «Балам, талантың тас жарып бара жатса, ақындық деген ешқайда қашпайды, өзі тауып келеді. Өлеңді арнайы оқымай-ақ жаза бересің, одан да қазіргі халық шаруашылығы үшін қажетті мамандық ал» деді. Өзі кітапты көп оқушы еді, ол менің мамандық алуыма қатысты сөзін аты сол кезде-ақ Одаққа танылып тұрған ақын Олжас Сүлейменовтің мамандығы геолог екенін, мұнысы оның жақсы өлең жазуына кедергі болмағанын айтып түйіндеді. Ең соңында маған халық шаруашылығына қажетті не зоотехниктік, не құрылыс мамандығына бар, деген ұсыныс жасады. Әкемнің сол нұсқауымен Шымкентке жол тартып, жаңадан ашылған Қазақ химия-технология институтына құрылысшы-технолог мамандығы бойынша оқуға түстім. Бұл оқу орнына бір қызыққаным, ол кезде «химия» деген анықтамасы мұндай оқу орны Одақта екеу ғана болса, бірі осы институт еді. Ал біріншісі Мәскеудегі Менделеев атындағы атақты химия институты болатын. Оның үстіне, мұны бітіргендер Кеңес Одағының кез келген нүктесіне жіберіле береді екен. Бұл да мені қызықтырды.

С.П.: Студенттік жылдар несімен есте қалды?

Н.М.: Есте қалған нәрселер өте көп қой. Оның үстіне, 16 жасында студент атанған жас жігіт әсершіл келеді екен. Бұған дейін ауылдан ұзап шықпағанымыз тағы бар. Бұған қоса, Шымкент өзінің атына сай көгерішті, көрікті, көркем қала ғой. Біздің жақтай емес шымды шаһардың қысы да жылы. Ақпан айының өзінде қардың астынан көк шөп бұрқырап шығып, көгеріп жатады. Қысы жылы болғасын аса бір қымтанып киінбейсің. Біз секілді студентке мұның өзі қарасқандық сияқты. Студенттік өмірдің дуылы да өзінше қызық. Арғы жағында Ташкент те тиіп тұр. Ара-тұра онда қыдырып барып тұрудың да орайы келіп қалады. Сөйтіп жүріп, білімнен де шеткері қалған жоқпыз. Жанымызды салып оқыдық. Сол әдемі әсермен жақсы білім алуға тырыстық. Ең басты жетістігіміз, біздің осы алған біліміміз болды.

Дүниеде өзі студенттен бай адам болмайды ғой. Біз өзіміздің тапқан-таянғанымыз арқылы бай едік. Нағыз жартыны жарып, бүтінді бөліп жейтін күндерді бірге өткіздік. Біз екінші курстан бастап, пәтер жалдап тұрдық. Пәтерімізге бірге оқыған достарымыз көп келетін. Қасапханада не арзан, бас арзан. Соның бір-екеуін тиынға сатып алып келеміз де, қазанға жақсылап асамыз. Піскесін бастың етін түгел сылып алып, қолдан қамыр илеп жіберіп, кәдімгі ет асып жегендей боламыз. Соңынан сорпасын ішіп, тағы қарық боламыз. «Аштықта жеген құйқаның таңдайдан дәмі кетпес» деген рас екен, осы күні кейде сол кездегі бастың етінің иісі мұрныма келіп тұрғандай болып көрінеді. Бұл өмір бойы ұмытылмайтын нәрсе екен.

Институт қабырғасында, әлбетте, кейін өзімізге өмір бойы тілектес болатын жақсы дос-жарандар таптық. Мұны да мен өзімнің өмірдегі ең үлкен олжаларымның бірі деп есептеймін. Сол қиын кезде тапқан жан аямас достарымның арасында кейін көп жылдар республикалық, облыстық деңгейлерде түрлі басшылық қызмет атқарған белгілі тұлғалар аз болған жоқ. Қазір, өкінішке орай, өмірден өтіп кеткен достарымыз да бар. Көпшілігімен әлі күнге дейін хабарласып, араласып тұрамыз.

С.П.: Ал сіз институтты бітіргесін сол оқу орнының өзінде қызметте қалдыңыз…

Н.М.: Иә. Институтта жақсы оқып, оны 1971 жылы үздік бітірдім. Оқу орнында бізге жасы әлі 30-ға жетпеген, соның алдында ғана Киевтің политехникалық институтында кандидаттық диссертациясын қорғап келген Кеңес Кәрібаев деген оқытушы сабақ берді. Мен диплом алды практикада жүрген кезімде сол кісінің назарына іліктім, ол мені жанына тартып, шәкірт еткісі келді. Сол ұстазым бірде маған: «Мен 40 жасыма дейін докторлық қорғауым қажет, ол үшін кемінде 4-5 ғылым кандидатын шығаруым керек, сені соның бірі болады деп отырмын. Маған өзің секілді қазақтың қара баласының қорғағаны артық», деді. Осы қолдаудың арқасында институтта қалуға жол таптым. Бұл, әрине, ғылыми кеңестің тиісті шешімімен жүзеге асты. Осылайша ғылым қуу жолына бет бұрдым. Алғашында кіші ғылыми қызметкер, кейін аға ғылыми қызметкер болдым.

С.П.: Бірақ жазмыш сізге ғалым болуды жазбаған екен. Оның себебі неден?

Н.М.: Оныңыз рас. 1971 жылы институтта кіші ғылыми қызметкер болып қалған мен келесі жылы аға ғылыми қызметкер дәрежесіне өткен едім. Бұл кезге дейін кандидаттық диссертациямның тақырыбы бекіп, минимумымды тапсырып қойғам. Алғашқы ғылыми мақалаларым журналдарға шыға бастаған. Былайынша, ғылым жолындағы жұмыстарым өзіміз күткендегіден де жылдам қарқынмен жүріп жатыр еді.

Арада екі жыл артта қалған кезде ауылдағы анамнан кейін өмір жолымды кілт өзгертіп жіберетін хат алдым. Онда қайран шешем: «Соңғы кездері едәуір науқастанып жүрген сияқтымын. Соны уайымдаймын. Ауылға келіп кет», депті. Содан кейін ауылға барудың реті ойламаған жерден келе қалды. Сол кездері жетекшім Кеңес Кәрібаевпен бірге Ақтөбеге ғылыми іссапармен баратын болдық. Сосын оны жолай Қазалыға соғып кетуге көндірдім. Пойызбен жүретін уақ. Біз келгенде, «Сексеуілден оба шықты» деген дабылмен Қазалыға пойыз тоқтамай жатыр екен, сосын Төретам станциясынан түсіп қалып, сол жерде кезіккен үш аяқты мотоциклмен Майлыбастағы біздің үйге жеттік. Алдымдағы апам тұрмыс құрып кеткен, үйде менен кейінгі інім Тастайбек бар, ол әлі мектеп жасында, одан кейінгі қарындасым кішкене, ең кенже інім Тұрлыбек тіпті кішкентай. Бұлардан бөлек, жұбайым Лида Ақжапқызы екеуміздің тұңғышымыз Еркінбек те осы үйде еді. Тұрлыбектен бір жас кіші оны шешеміз қырқынан шығармастан алып қалып, бауырына басты, екеуін қатар емізді. «Бала сендерге кедергі болмасын, келін де оқуын қатар бітірсін» деді. Екі бала осылайша егіз қозыдай болып шешеміздің қойнында жетілді. Сөйтіп, Еркінбек шал мен кемпірдің, яғни атасы мен әжесінің баласы, олардың төртінші ұлы есебінде өсті. Біз әлі күнге дейін оны «Түрікпеннің баласы» деп санаймыз.

С.П.: Абай «Махаббатсыз – дүние бос» дейді. Оны сіз ерте түсінген сияқтысыз.

Н.М.: Шамасы, сұрақ менің ерте үйленгенім турасын тұспалдап отырса керек. Иә, қатарыма қарағанда, шынында ерте, 1968 жылы 18 жасымда отау тігіп, шаңырақ көтердім. Біз Лида екеуіміз 2-курста оқып жүргенде-ақ үй-жай болдық. Бұған себеп жоқ емес-тін. Мен Майлыбаста 7 сыныпты бітіріп, 8 сыныпты «Қазалы» асыл тұқымды қой совхозындағы №100 мектепте оқыдым. Өзімнің болашақ жұбайым Лида Ақжапқызы екеуміз 8-10 сыныптарда қатар оқыдық. Екеуміз де мектепте белсенді едік. Ол сонда комсомол ұйымын басқарды, мен сыныпта староста едім. Мектеп бітіргесін екеуміз Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтына бірге келіп, мен құрылыс, Лида экономика факультетіне оқуға түстік. Себебі, екеуміздің шынайы сезіміміз мектепте жүрген кезде-ақ басталған.

С.П.: Сөзіңізді бөліп жібердім-ау. Ғафу етіп, алдыңғы әңгімеңізді жалғай беріңіз.

Н.М.: Рахмет. Иә, сонымен, әкем біз үйге келгеннен кейін бір малын сойып, көрші-қолаңды шақырып, үлкендердің батасын алдырды. Қонақтар тарқағаннан кейін шешем негізгі әңгімені менің жетекшіме қарап бастады. «Айналайын, мынау Нәжімәдин – менің зарығып көрген балам. Соңғы бір айда қатты науқастанып жүрмін. Құрғақ нан жесем, өңешіме тиіп өтетін сияқты. Содан қорқамын. Бұдан кейінгілердің бәрі – шиеттей бала-шаға. Өзімнің анам қолымызда отыр. Көзі көрмейді, балалар жетектеп жүреді. Мына шал да біразға келді. Кезінде балалардың басын қосып, үлкен баланы қолыма алсам деп едім. Мен де бір келін жұмсап, ең болмаса сол қызықты көріп кеткім келеді, қанша бір өмірім қалды дейсің», – деп шешем байғұс көзінің жасын сығып алды.

Ол кезде Кеңес Кәрібаев жалындап тұрған жас, өзі мына Арыстың жігіті еді, шешемнің сөздерін мұқият тыңдап алғасын: «Ешкім әке-шешесін арқалап жүрген жоқ қой. Бірақ айтып отырғаныңыз жөн. Мына балаларыңыздың талабы бар. Мен кепіл бермеймін, әйтсе де үш жылдың көлемінде ғылым кандидаты жасаймын. Соған дейін сіздерді Шымкентке көшіріп алар, басқа жолын қарастырар, баланың талабын қайтармаңыздар», деді. Шешем үндемей қалды. Әкем айтты сонда: «Жарайды, тәуекел. Кімнің баласы ғалым болып жатыр дейсің. Талабын қайтармайық» деп. Менің 23-ке келген шағым. Шыны керек, талабым да таудай еді.

Бір мезгіл Кеңес Кәрібаев екеуміз тамақ тарқатайық деп далаға шықтық. Ұстазым былай қазақшылығы мол, бәрін тереңнен түсінетін азамат-тын. Тысқа шыққан кезімізде маған қарап ойланып тұрып: «Ай, Нәжімәдин, әке-шешенің ықылас-пейілі деген ерекше нәрсе ғой. Қазақ «Әкең – пірің, шешең – сүйенетін құдіретің» дейді. Шешең саған қатты ықылас білдіріп отыр екен. Не істейсің? Сенің елге қайтқаның дұрыс шығар. Ғылым кандидаты болмасаң да, өмірден өзіңнің лайықты орныңды табарсың», – деді. Содан мен шешеме келіп: «Мен жетекшіммен келістім, ауылға қайтатын болдым», – деп қуандырып қойдым.

С.П.: Елдегі қызметіңіздің жайы оңай шешілді ме?

Н.М.: Иә, ешқандай кідіріс, іркіліс болған жоқ. Мен Кәрібаевтың келісімін алғаннан кейін Шымкентке шұғыл қайтып кеттім. Ол жақта жұмыстан шыға салып, ауылға тез оралдым. Бұл уақытта Қазалы ауданындағы Басықара су торабының құрылысы бітіп, соның жанынан жылжымалы мехколонна құрылып жатыр екен. Бірден «Қазалы» асыл тұқымды қой совхозында ферма басқарушысы болып істейтін қайын атам Ақжапқа барып, ақыл сұрадым. «Шешем науқастандым деп жүр, менің Қазалыға келгім келеді», дедім. Ол кісі менің талабымды қуана қоштады. Өзі Қазалы аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Жақып Ахметов деген кісіні жақсы танитын болып шықты. Мені бірден соған ертіп әкелді де: «Мынау – менің жалғыз қызымның жолдасы, күйеу балам, оқу бітіріп, екі-үш жыл институтта жүріп қалды, енді ғылымын тастап, елге келгісі келіп жүр», – деді төтесінен. Сосын менің мамандығым сұралды. «Мамандығы – құрылысшы». Мұны естіген Ахметов: «Онда Басықарада ПМК құрылайын деп жатыр, соған барсын», – деп алды да, біздің көзімізше соның бастығына телефон соқты. «Менің алдыма бір маман келіп отыр. Институтты қызыл дипломмен бітірген. Институтта қалып, болашақ ғылым жолын қуып жүр екен, сол жартылай кандидаттығын тастап, елге келіп отыр. Соған бір қызмет бер. Сенен үлкен қызмет сұрамайды», – деді.

Жылжымалы мехколоннаның бастығы Қуаныш Төлебаев деген кісі екен. Кейін ол Орал облысына ауысып, «Облводхоздың» бастығы, облыстық партия комитеті құрылыс бөлімінің меңгерушісі, қалалық атқару комитетінің төрағасы, орталығы Ақсай қаласына орналасқан Бөрлі ауданының әкімі секілді қызметтер атқарды. Мен кірісімен ол мәселемді бірден шешіп берді. «Сен сауатты шығарсың, бірақ бұрын өндірісте істемегенсің, сондықтан қатардағы инженерден бастайсың» деп, мені құрылыс инженері етіп бекітті де, әйелімді, экономистік орын болмағандықтан, кадр бөлімінің инспекторы етіп алатын болды. Сөйтіп, екеумізге бірдей жұмыс табылып, Шымкентке барып, үйімді әкеліп, әке-шешемді Басықара кентіне көшіріп алдым. Сол жерде әкем малдарын пұл етіп, кенттен бір үй сатып алды.

Мұны айтып отырған себебім, адамның өзі ойындағының бәрі бірдей бола бермейді екен. Басында журналист болсам деп едім, сосын ғалым болғым келді, бірақ ол арманның бәрі әдіра қалып, аяғында жұмысты шаруашылықта жалғастырдым. Әке-шешемнің пейілі шығар, елге келгесін қызмет жағынан бірден жылдам сатылап тез өсе бастадым. ПМК-да қатардағы инженер, техника бөлімінің бастығы, Қазалы аудандық партия комитеті ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің нұсқаушысына дейінгі жолдан өттім. Сосын 27 жасымда Жаңақазалы, қазіргі Әйтеке би кентіндегі шаруашылық есептегі коммуналдық құрылыс учаскесінің бастығы болдым. Содан кейін өзім істеген ПМК-ға басшы болып ауыстым. Сөйтем дегенше, бізбен бірге тағы 2-3 жыл өмір сүрген шешем қайтыс болды. Өңеш обыры деген науқасқа шалдыққан екен, біраз жерге апарып қаратқанымызбен болмады, ақыры елуден аса берген шағында өмірден өтті. Мұның артынша аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып бекідім. Содан соң аудандық партия комитетіне қайта барып, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болдым. Кейінірек ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігіне ауыстым.

С.П.: Осы жерде сөзіңізді бөлейін. Ұмытпасақ, сіз бұдан кейін облыста баламалы негізде сайланған алғашқы хатшы болдыңыз ғой деймін…

Н.М.: Тап солай. СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Михаил Горбачевтің баламалы негізде партия комитеттерінің хатшыларын сайлауды бастандырып жатқан кезі. Бұл 1988 жылдың қыркүйек айында өтті. Қазалы ауданының тарихында тұңғыш рет өткізілген бұл сайлауда аудандық партия комитетінің пленум мүшелері жасырын дауыс берді. Соның қорытындысында  аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайландым. Бір жылдан аса бере, 1989 жылдың желтоқсан айында аудандық кеңестің сессиясында тағы да баламалы негізде, – бұл да өзінше үлкен тарих, – аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Менімен бірге Қасқырбай Әлімбаев деген ауданға белгілі азамат дауысқа түсті. Ол сосын менің орныма аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды.

С.П.: Кезінде мемлекет және қоғам қайраткері Исатай Әбдікәрімов сізді содан кейін облысқа әкелуіне байланысты Сейілбек Шаухамановқа «Тұлпарды тайында таныған екен» деген баға беріпті. Сіз Сәкеңе қандай қасиетіңізбен ұнадым деп ойлайсыз?

Н.М.: Мен бұл әңгімені сәл әріден бастайын. Әкем марқұм айтып отырушы еді, «Адам өзінің пешенесіне жазылған нәрседен ешқайда қашып кете алмайды» деп. Жаңа айттым ғой, елге келгесін, қысқа уақыттың ішінде жылжымалы мехколоннаның бастығы дәрежесіне дейін көтерілдім. Ол кезде Қазалы аудандық партия комитетін Елеу Көшербаев басқаратын. Қызылорда облысын басқарып кеткен Қырымбек Көшербаевтың әкесі. Ол облыстағы тәжірибелі бірінші хатшылардың бірі болды. Сол кісінің тұсында мен аудандық партия комитетінің екі бөлімінің меңгерушісі, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудандық партия комитетінің баламалы негіздегі екінші хатшысы, аудандық кеңестің баламалы негіздегі төрағасы секілді қызметтерді атқардым. Аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына Сыр елін Еркін Әуелбеков сынды белгілі қайраткер басқарып тұрған кезде сайландым. Ол кезде кадр таңдауға өте қатты мән берілетін. Рас, Еркін Нұржанұлының кадр таңдау саясатын қолдаушылар да, керісінше қолдамайтындар да табылады. Бірақ бір нәрсе айқын: Ерекең кадр мәселесінде мейлінше әділеттілік болуына айрықша көңіл бөлді. Бірақ, сөз жоқ, ол кісі де пенде, сондықтан қателік те болар, оның бізге келу қарсаңына Торғай облысы таратылып, оның кадрларын басқа облыстарға бөліп орналастыру жөнінде тапсырма берілді. Міне, осы желеумен бізге Торғайдан артығырақ кадрлар келіп қалыпты. Тіпті обкомның нұсқаушысына дейін Торғайдан келген фактілер орын алды.

Сол уақытта Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Болат Қарғабаев облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасының басшысы болып кетіп, оның босаған орнына эксперимент ретінде баламалы негізде сайлау өткізу керек деген тапсырма келді. Соған сол кезде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып жүрген мен де түсетін болдым. Ал жаныма «Главводпастбища» деген шаруашылық есептегі учаскесінің бастығы қосылды. Пленумда мен екінші хатшы болып сайландым. Сөйтіп, екінші хатшы болып жүрген кезімде Еркін Әуелбеков Мәскеуге қызметке ауысып, орнына Сейілбек Шаухаманов бірінші хатшы болып келді. Сәкең бірден аудандарға шыға бастады. Ол кісі аймақты аралағанда, халықтың жағдайы, сауда, тұрмыстық қызмет көрсету мәселелеріне көбірек мән беретін. Соның төңірегінде семинарлар өткізетін. Бір жолы Қазалы ауданына келгенінде біз аудандық тұтынушылар одағының базасында сондай семинар ұйымдастырдық. Тұтынушылар одағы соған орай бір жабық базардың ашылуын көрсетті. Сәкең сол базардың жанынан гүл сататын магазиндер ашу керек деген ұсыныс қойды. Оған бұрандалы баспалдақпен көтерілетін болды. Мен атқару комитетінің төрағасы ретінде қолыма рупор алып, келушілерге ненің не екенін түсіндіріп тұрдым. Сол кезде: «Қазір бұрандалы баспалдақпен жаңадан ашылатын гүл дүкенін көресіздер» дедім. Сосын базардағы бір дүкеннің төбесін алып тастап, оның орнына жазда отырып, сусын ішетін кафе ашқыздық. Оның атын не қоямызды деп отырғанда, Елекең екеуміз ақылдаса келіп, «Көңілашар» деп қойғанбыз. Семинарды қорытындылаған кезде Сәкең маған: «Жаңа сен не деп айттың?» деп сұрады. Мен: «Бұрандалы баспалдақпен гүл дүкеніне шығамыз» дедім» деп жауап бердім. «Мамандығың не?» деді ол. Мен: «Мамандығым – құрылысшы» дедім. «Бірақ сөз саптауың дұрыс екен» деп, Сәкең арқамнан қағып қойды. Шамасы, сол жолы ұнап қалған болуым керек, ол көп ұзамай мені облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне шақырды. Әлі есімде, 1991 жылғы 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында болды бұл оқиға.

Сөйтіп, Сейілбек Шаухаманұлының командасына келдік. Одан кейін, өзіңізге де белгілі, партия тарады, облысты басқарудың жаңа құрылымы құрылды. Сәкең сол кезде облыстың негізгі басшылығы жүктелген облыстық кеңестің төрағасы қызметіне ауысты. Мұның артынан облыстық кеңес атқару комитеті де тарап, әкімшілік институты құрылды. Тіпті оқиғаның қауырт қарқын алып, биліктің реформаны жүргізуге асыққаны сондай, ол жаңадан пайда болған басшылық ұйым мен лауазым аттарын қазақшалауды ұмытып кетіп, «Глава администрации» деуге дейін барды. Облыс басшысы қызметіне, өзіміз күткендей, Сейілбек Шаухаманов тағайындалды. Содан сәл кейін менің бастығым Виталий Брынкин Ленинск қаласының главасы болып кетті де, сол кісінің орнына Сәкеңе бірінші орынбасар болып бекітілдім. Егер кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары кездерімді қоса есептегенде, бес жылдан астам уақыт Сәкеңнің төңірегінде жұмыс істеп, көп тәжірибе жинақтадым. Бұл кісі кішкентайынан еңбекпен қайнап өскен, басшы лауазымының біраз сатысынан өткен, екі облысты басқарған, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәжірибесі жеткілікті, қазақшылығы да мол, кез келген аудиторияда тоқтамай сөйлей алатын шешен кісі еді. Мен бес жыл оның жанында жүргенімді мақтан тұтамын, одан үйренген нәрселерім өте көп.

С.П.: Сіздің бұл айтып жатқан әңгімелеріңіздің бәрі біздің тәуелсіздігіміздің әдепкі кезеңіндегі оқиғалар ғой. Сіз өзіңіз еліміздің егемендігін қалай қарсы алдыңыз?

Н.М.: Тәуелсіздік деген біздің ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсап өткен ұлы арманының орындалған сәті. Мен ол кезде облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары едім. Кешке қалып, кабинетте жұмыс жасаймыз. Сондай күндердің бірі күні түнде Мәскеуде «Тамыз бүлігі» болып жатыр деген хабарды радиодан тыңдап отырдым. Бір жақсысы, мұның ғұмыры ұзаққа бармады. Бүлікті ұйымдастырғандар түгел ұсталды. Бұдан әрі дамыған оқиғалардың баршасы Одақ атты алып альянстың тарауына алып бара жатты. Сөйтіп, желтоқсан айының ортасында біздің республикамыз да тәуелсіздікке қол жеткізді.

Сол күндердегі асып-тасқан қуаныштың лебі мен әсерін қазір бірер сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал тәуелсіздіктің келген кезінде басшылық басында жүрген біздің қуанышымыз тіпті бөлек болды. Бізде егемен еліміздің ірге көтеруіне үлес қосып жүрмін деген ерекше бір мақтаныш сезімі, жігер, қажыр-қайрат пайда болды. Біздің күндіз-түні ойымызда болған нәрсе тәуелсіздікті тұрақтандырып, қалыптастыруға барып сайды. Бірер жылдан кейін қазақтың өз валютасы – теңге өмірге келгенде тәуелсіздік нышандарының тағы біріне қол жеткізгенімізге қуандық. Сол уақыттары елдің әнұраны, елтаңбасы, туы қатарға қосылды.

Қазір есіме түсіп отыр, теңге келген кезде мен облыс әкімінің бірінші орынбасары едім, сол теңгені айналымға өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы болғанмын. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ, КНБ арқылы келетін шифр-телеграмма деген бар, сол қауіпсіздік комитетінің бастығы менің кабинетімді сыртынан мөрлеп жауып, тек қана телефонмен байланысатын етіп қойды. Ал КНБ-ға келетін шифр-телеграмманы солар курьер арқылы маған жеткізіп отырды. Сол күні түнде кабинетімде түнедім. Әлі есімде, кешке облыста өзіндік із қалдырған Тәкей Есетовтің 70 жасқа толған тойы өтіп жатты, мен бара алмадым. Ертеңіне тәуелсіз Қазақстан теңгелерінің бір-бір данасын алып, Тәкеңе барып қайттым. Сонда ол кісі көзінен жас алып отырып, қатты толқыған еді.

Рас, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел басқарған азаматтарға бір жағынан қиын да болды, екінші жағынан бізде еліміздің ертеңіне деген сенім де жоғары болды. Осы кез біздің мемлекет, халық алдындағы жауапкершілігіміз бұрынғыдан екі есе артып кетті ғой деп ойлаймын. Сондай өтпелі кезеңде жұмыс істеп, Қазақстанның қаз тұрып кетуіне өз үлесімізді қосуымыз бізде мақтаныш сезімін ұялатты. Сондай сезім әлі де бар.

С.П.: Осы жылдардағы тағы бір адамның көңіл күйін көтеріп, мерейін тасытқан оқиға шет елдерде жүрген қандастарымыздың ата жұртқа қадам басып келулері болған жоқ па? Оның қайнаған ортасында алғашқы сәттен өзіңіз де жүрдіңіз…

Н.М.: Өзіңіз білесіз, Елбасымыздың жарлығымен ұйымдастырылған, шетте жүрген, тарыдай шашырап кеткен қазақтардың басын қосуға бағытталған алғашқы құрылтай Алматыда ВДНХ-ның базасында 1992 жылғы 28 қыркүйек пен 4 қазан күндері өткізілді. Әр облыстан делегация келіп, үйлер тігіліп, қонақтарды қарсы алуға дайындалды. Ленин атындағы сарайда өткен конференцияда Нұрсұлтан Назарбаев «Құшағымыз бауырларға айқара ашық» деген тақырыпта баяндама жасады. Құрылтай аясында шақырылған ғылыми конференция «Қазақтар: кеше, бүгін және ертең» деп аталды. Осы жерде құрылтайдың алғашқы құжаттары қабылданды.

Біз ВДНХ-ның өзімізге белгіленіп берілген аумағына үш киіз үй тіктік. Облыс делегациясын Сейілбек Шаухаманов бастап барса, мен оның бірінші орынбасары ретінде жұмыс комиссиясын басқардым. Біздің қосымызға Елбасы да бас сұқты. Қазір есіме түсіп отыр, сол уақытта елге Финляндияның президенті Мауно Койвисто мемлекеттік сапармен келіп жатқан. Президент оны қасына ерткен нөкерлерімен Қызылорда облысының павильонына алып келді. «Кіреді де шығады» деген меймандар біздің дастархан басында үш сағаттан артық уақыт отырып, өткен-кеткенді айтып, Сыр бойы өнерпаздарының өнерлерін тамашалады.

Міне, содан кейін шетелдегі қазақтар келе бастады. Біз, Қызылорда облысы да біраз қазақты қабылдадық. Келушілерді Жаңақорғаннан бастап, Қазалыға дейінгі аудандарға бөліп орналастырдық. Сол кезде арнайы ұшақпен Түркиядан көшіп келген қазақтардың жерге аяқтары тиген бойда топырақты сүйгені, бәрінің жылап-еңіреп мәре-сәре болып отырғаны әлі көз алдымда. Біздің көзімізден сол мезет ыршып бір түйір жас шығып кетті. Бұл бір тасыған шаттық пен қуаныштың сәттері еді.

С.П.: Айтылып отырған уақыттары бұрын болмаған оқиға – республикалық ат бәйгесі өткізіле бастады. Осы алғашқы аламанда Қызылорда облысының мерейі үстем шықты…

Н.М.: Айтып отырғаныңыз Абайдың туғанына 150 жыл толуына арналған тойдың барысында ұйымдастырылған бәйге ғой. Ол тойға Сәкең бастаған делегация аттанды да, мен облыста қалдым. Мерекеге Татарстанның президенті Минтимер Шаймиев қатысты. Ол аламанның бас бәйгесіне өз республикасында шығарылған жаңа маркалы «КамАЗ» автокөлігін ала келді. Сол бәйгені Шиелінің Орынбай Ахметов деген тұрғынының «Ызғар» атты сәйгүлігі жеңіп алды. Бұл Қызылорда облысына үлкен рух берді. Облыстың аты Семей жерінде, Абай тойында бірінші орын алуы бәрімізге зор қуаныш әкелді.

 

АРАЛ ТАҒДЫРЫ – АДАМ ТАҒДЫРЫ

С.П.: Сол жылдары Арал проблемасы бірінші рет халықаралық деңгейде көтерілді. Қызылордада Аралды құтқару жөніндегі халықаралық конференция өтті. Сіз сол қым-қуыт шаруаның қалың ортасында жүрдіңіз.

Н.М.: Арал теңізінің проблемасы ­– тек Қазақстанның ғана емес, күллі Орта Азияның ортақ проблемасы. Бұл ­– Кремльден басталған жоспарлы экономиканың зиянды салдары. Әрине, экономиканы өркендету керек болған шығар, егіннің көлемін көбейту керек болған шығар. Бірақ Арал теңізі еміп отырған екі өзен – Сырдария мен Әмударияның арнасына түрлі құрылғылар салып, жолдан бөгеп, бірнеше су қоймасын жасаудың ақыры алапат апатқа алып келді. Соның салдарынан бір ұрпақтың көз алдында бір ұлы теңіз біртіндеп жойыла бастады. Оны біз бала кезімізден азамат болғанға дейін көріп келдік.

Арал проблемасы жөніндегі ең алғашқы халықаралық конференция 1991 жылғы қараша айында Қызылорда қаласында өтті. Сол кезде конференцияны ұйымдастыру жөніндегі комиссияны басқару облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде маған тапсырылды. Дайындық барысында Ленинградқа арнайы адам жіберіп, сондағы ғалымдар сызған Арал теңізінің экология ахуалын көрсететін картаны алдырдық. Жиында бес республиканың президенті бас қосты. Бірақ Ресей президенті Борис Ельцин келе алмады, шараға оның орнына Ресей Федерациясы үкіметі басшысының орынбасары Георгий Хижа қатысты. Бұған қоса, конференция соңында жер жүзінің барлық елдерінің президенттері мен корольдеріне хат жолданып, онда Арал теңізі проблемасының бұдан былайғы жерде барша адамзаттың проблемасы екені, Аралды құтқару адамзатты құтқару болып табылатыны айтылды. Жиын қорытындысында Орталық Азияның бес мемлекеті басшыларының қол қоюымен Арал теңізі мен Арал маңы проблемаларын шешудің бірлескен іс-әрекетінің келісімі дүниеге келді, Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор құрылды. Ұйымның іс-әрекеті шеңберінде теңіз бассейнінің экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі екі нақты бағдарламасы жасалып, жүзеге асыру қолға алынды.

Қордың атқарушы дирекциясы әр жылда өзінің мекенін ауыстырып, Орталық Азияның бес мемлекетіне көшіп жүретін болып шешілді. Сол жылы қордың президенті кім болса, атқарушы комитет сол елде орналасатын болды. Осы қордың арқасында өте көп жұмыс жүргізілді. Мысалы, Арал және Қазалы аудандарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, Арал теңізінің экологиялық ахуалына ғылыми тұжырымдамалар жасауға қол жеткізілді. Осылардың негізінде САРАТС деген, яғни «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» деп аталатын жоба өмірге келді. Тағдырдың жазуына қараңыз, Арал теңізінің проблемасы алғаш көтерілген конференцияның ұйымдастыру комитетін басқарған мен кейін Арал ауданына басшы болып келіп, сол мәслихаттан кейін пайда болған кең көлемді бағдарламаны тіршілікке енгізуге тікелей кірісіп кеттім. Оның бірінші кезеңі Дүниежүзілік банктің қаржыландыруы арқасында жүзеге асты. Сөйтіп, 86 миллион долларға 13,5 шақырымдық Көкарал бөгеті мен сегіз көзді шлюз салынды. Осы арқылы Арал теңізі екіге бөлінді, оның терістігіндегі кіші бөлігі Қазақстанда қалса, көлемі көптеу ұлы теңізі Өзбекстанға тиесілі еді. Өзіңіз сияқты журналистер Көкарал бөгетін сол бойда «Ғасыр жобасы» деп бағалады. Міне, сол ғасыр жобасы адамзат тарихындағы бір теңізді екіге бөліп алудың бірінші оқиғасы болды. Соның арқасында тез аралықта Кіші теңіздің акваториясы суға толды. Мамандардың болжамы бойынша, бұл аумақ үш жылда толуға тиісті-тін, бірақ ол небәрі бір жарым жылдың ішінде шалқып шыға келді. Бұған Ақлақ тоспасының да қосқан әсері аз болған жоқ. Бөгетке Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов бірнеше рет келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2005 жылдың 27 сәуірінде Аралға аялдап, Көкарал бөгетінің басында болды. «Толағай» су кені орнынан тартылған судың Арал және Қазалы аудандарына келгенін көрді. Бұл Кувейт қорының қаржыландыруы арқылы өмірге келді. Сол кезде теңізде бұрын болған балықтың 32 түрі жойылып кеткен екен. Соның орнын толтыру мақсатында мен Аралда әкім болып жүрген кезде Даниядан камбала атты балық әкеліп, Кіші Аралға жерсіндіргеніміз де бар. Кейін «Қамбаш» көлінде бекіре тұқымдас балықтарды өсіру өріс алды.

С.П.: Бұл шаралардың ең басты жеңістерінің бірі экологиялық апат зардабын шегіп отырған Арал маңы халқына әлеуметтік көмек көрсету мәселесінің оң шешілуі болған жоқ па?

Н.М.: Дұрыс айтасыз. Ал адалына келсек, жоғарыдағы бірінші конференция өтіп болғаннан кейін тұңғыш Президентіміз елдегі экономикалық жағдайдың күрделілігіне қарамай, Арал өңіріндегі экологиялық апаттан зардап шеккен тұрғындарды әлеуметтік қорғау деген заңның дүниеге келуіне тікелей мұрындық болды. Мұны айтпай кетуге болмайды. Алдымен Қызылорда облысының әкімшілігінде осы заңның жобасын Үкімет пен Парламентке дайындау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оны басқару маған жүктелді. Біз осылайша аталмыш мизам тармақтарын әзірлеу үшін Қазақстан Ғылым Академиясы, бірқатар тиісті министрліктер қызметкерлерімен қоян-қолтық жұмыс жасастық. Осы жұмыстың жайымен айлап Алматыда жүрдік. Ең соңында өзіміз әзірлеген сол заң нобайын академияда өткен кеңейтілген отырыста қорғайтын болдық. Біз Қызылорда облысын Арал проблемасының зардаптарына қатысты үш аймаққа бөліп қарастырдық. Оларды «қасірет аймағы», «дағдарыс аймағы» және «дағдарыс ахуалы алдындағы аймақ» деп атадық. Орысшасы тиісінше «зона трагедии», «зона кризиса», «зона предкризисного состояния» деп алынды.

Жиын өтерден шамалы уақыт бұрын академик Сайым Балмұханов менен: «Сен баяндаманы қандай бағытта жасағалы жатырсың?» деп сұрады. Мен жоғарыдағы ойымды іркілмей айтып бердім. Сол кезде Сәкең: «Айналайын, – деді, – ертең Парламентте тек Қызылорда облысының халқын ғана Арал апатының зардабын шеккен етіп көрсетсең, оныңды депутаттар да, басқалар да қолдай қоймайды. Айталық, сен бір шынашағыңның ауыратынын айтсаң, хирург сол саусағыңды кесіп тастайды да, қалған төрт саусақпен күн көреді деп есептеп, жібере салады, ал бір қолыңның тұтас ауыратынын жеткізсең, соны түгел емдеуге шешім қабылдайды. Бұл да сол сияқты. Сол себепті Арал апатының алған ауқымын барынша көбейтіп көрсет. Сондықтан «қасірет аймағына» – Қызылорда облысының апат кіндігінде отырған Арал, Қазалы аудандарымен бірге, Ақтөбе облысының іргелес тұрған Шалқар ауданын қоссаң, «дағдарыс аймағына» – Қызылорда облысының қалған аудандарын, ал «дағдарыс алдындағы аймаққа» Ақтөбе облысының Ырғыз, Жезқазған облысының Жезді, Шымкент облысының Қызылқұм және Шардара аудандарын жатқызсаң, мәселең оң шешіледі. Сенің ұсынысыңды Қызылорда облысынан сайланған депутаттар ғана емес, сонымен бірге жоғарыда аталған басқа облыстардың халық қалаулылары да қолдайтын болады», – деді. Академиктің айтқаны айдай келді, біз дайындаған заң жобасы Парламент талқылауында көп дәккі көрмей, бірден өтіп кетті. Осылайша 1992 жылдың 30 маусымы күні Парламентте «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» деп аталатын заң қабылданды. Ал сол заңның ойдағыдай болып өмірге келуіне елеулі үлес қосқан топырағың торқа болғыр асыл азамат, медицина ғылымының докторы, профессор, академик, Қазақстандағы рентген-радиология және радио биология ғылымдарының негізін салушы Сайым Балмұханов 2014 жылғы 19 ақпанда 92 жасында дүние салды.

С.П.: Иә, расында да бұл заңның кезінде аталған облыстар тұрғындары үшін әкелген әлеуметтік көмегі елеулі болды. Халық оның шарапатын әлі күнге дейін көріп келеді.

Н.М.: Расын айтқанда, бастапқы кезде оның шарапаты қазіргіден де көп болатын. Заңда әдепкі жылдары тіпті «Арал өңірінде тұратын екіқабат әйелдер Көкшетау секілді еліміздің әлеуметтік жағынан ерекше сауыққан өңірлеріне барып босанып, баласы қырқынан шыққанға дейін сол жақтарда болады. Оның барып-келу, жатын жайы мен тамақтану шығындарын мемлекет көтереді» делінген бап та жұмыс жасады. Бұдан бөлек, Арал өңірінде тұратын тұрғындардың тістерін салып беру, қоғамдық көліктерде тегін жүру, тегін көмір беру деген баптар да болды. Кейін нарықтық қатынастардың өмірге келуіне байланысты бұлар алынып тасталды. Бірақ заңның үш негізгі бабы әлі күшінде тұр. Олар – Арал және Қазалы аудандары тұрғындарының айлық жалақыларына қосылатын 50 пайыздық, қалған аудандар үшін 30 пайыздық коэффициенттері; Арал және Қазалы аудандарында тұратын еңбек адамдарына қосылатын 21 күндік, қалған аудандар үшін 14 күндік қосымша демалыс күндері; еңбек демалысына шыққан кездері берілетін бір айлық жалақы көлеміндегі сауықтыру қаржысы. Осы үш тармақ үшін республикалық бюджеттен жыл сайын миллиардтаған теңге ақша бөлініп отырады.

­С.П.: Бірақ қазір САРАТС бағдарламасының аяғы сиырқұйымшақтанып бара жатыр ғой. Бұған не себеп?

Н.М.: САРАТС жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы аяқталды. Көкаралдың басында Президент мамандардан теңіз суының Арал қаласына дейін қашан жетуі үшін не істеу керек екенін сұрады. Сонда олар жобаның бірінші фазасы біткен бойда оның екінші кезеңін бастап кету керек екенін айтты. Олар қазіргі жағдайда судың Арал қаласына 17-20 шақырымдай жетпей тұратынын мәлімдеді. Елбасы сол жерде тұрып: «Олай болса, біз мына бірінші фаза толық аяқталып біткеннен кейін екінші фазаны дереу қолға алуымыз керек. Егер Дүниежүзілік банк қаржы беруді кешеуілдетіп жатса, оны Қазақстанның өзінің қаржыландыра алатын мүмкіндігі бар. Дереу іске кірісіңдер» деген еді. Міне, сол сөздің айтылғанына да 15 жылға жуықтады, бірақ екінші фазаның іске қосылуы әртүрлі сылтаулармен кешеуілдетіліп, жылдан жылға кейінге созылумен келе жатыр. Мен мұны кешірілмейтін тарихи күнә деп есептеймін. Сол кезде жобаның екінші бөлігі жүзеге асқанда, Кіші теңіздегі судың көлемі бүгінде екі есеге артқан болар еді, төменге қарай су да, балық та кетпес еді, теңіздің табаны Арал қаласына дейін барып қалар еді. Осы арқылы бұл маңдағы экология жақсарады, ауа тазарады, сосын балық аулаудың көлемі екі есеге ұлғаяды.

Жобаның бірінші фазасы жұмыстарының қорытындысымен Кіші теңіз тез арада суға толды. Жоспар бойынша оның шлюздері тек айдын суға толған кезде ғана ашылып, Ұлы теңізге қарай су жіберілуі керек еді. Ал бізде салғаннан олай болған жоқ, бөгеттің тоспалары жыл он екі ай бойына тоқтаусыз ашық тұрды. Соның салдарынан Кіші теңіздегі балықтардың басым бөлігі арғы жағына түсіп, суы ащы, тіршілік ету мүмкін емес Ұлы теңізде өліп жатыр. Мұнда кетіп жатқан судан да, балықтан да бізге келер пайда жоқ. Бұлай болмас үшін бірден екінші фазаны бастап кетіп, «Үш шоқы» деген жерден тағы бір бөгет көтерілуі керек-тін. Сол кезде Кіші теңіздің деңгейі 46 метрлік белгіге көтеріліп, судың жиегі Арал қаласының шетіне жететін. Осылайша екі деңгейдегі теңіз салынуы керек болатын. Ал Ағлақ су тоспасына терістікке қарай тартылатын канал Сарышығанақ иініне дейін барып, ол «Үш шоқыда» салынатын дамбаның арғы жағын суға толтыратын-ды. Сонда Кіші теңіздегі су, бөгетке қауіп төндіретін әлдеқандай жағдай туғанда болмаса, қалған уақыттың бәрінде өзінде сақталпы, балықтар төменге жіберілмес еді.

Менің байқағаным, гидротехникалық құрылыстан хабары жоқ жай бақылаушы деңгейіндегі адамдар қазір бұған қарап: «Мына сулар бостан-босқа төменге ағып, өзімен бірге балықтарды да әкетіп жатыр» деп, сырттан келген басшылар алдында дабыл қағады екен. Олар: «Мына дамбы дұрыс салынбаған, осыны 46-шы белгіге дейін көтеріп салған кезде, су баяғыда толып, бүгінде Арал қаласына дейін жеткен болар еді» деп сайрайды. Негізінен екінші фазаның жеделдетіліп қолға алынбауына осындай адамдардың байбалам салулары себеп болды. Олар облыстың әкімі алмасқан бойда осы проблеманы көтере қояды. Бірақ «Үш шоқыдан» екінші бөгет салмай, Кіші теңіз деңгейі ешқашан 46 метрлік белгіге жете алмайтыны, мына жағдайда судың деңгейін көтере беру тек Көкарал бөгетін бұзып кетуге алып баратыны ешкімнің қаперіне келер емес. Міне, дилетанттар осылай кедергі келтіріп жүр. Мысалы, 2013 жылы ол басталғалы тұрған еді, бірақ жаңа келген әкім әлгілердің сөздерінен кейін істі бастап кетуге батылы жетпей тоқтатып, келесі жылға қалдырды, сол кейінге жылжыту әлі созылып келе жатыр. Қазақта «Су өзінің ағар арнасын іздейді» деген сөз бар. Енді 14 жылдан бері Көкарал бөгетінде қамалып тұрған судың тап солай өзінің арнасын іздеп, дамбыны бұзып кететініндей қауіпті жағдайда тұрмыз қазір.

С.П.: Нәке, сіздің ерекше зор азаматтық позицияңыз елімізде 1996-1997 жылдары жүргізілген ауыл шаруашылығын реформалау саясаты тұсында көрінді. Ол колхоз-совхоздарды таратып, тиесілі жер үлестерін шаруа қауымға бөліп беруге арналды. Сіз сол науқанға облыста жалғыз қарсы шықтыңыз. Сол текетіреске не үшін бардыңыз?

Н.М.: Өзі совет дәуірі жетпіс жыл қалыптастырған жүйені табан астында бұза салу оңай емес. Бұл, әсіресе, бүкіл тыныс-тіршілігі суармалы егіншілікке тәуелді болып отырған Қызылорда облысының жағдайында тіпті қиын еді. Жекешелендіру жүру барысында облыстың осыған байланысты туындайтын ерекшеліктері мүлдем ескерілмеді. Мен бұған әкімдер арасынан бірінші болып қарсы шықтым. Бұл науқан облысқа Бердібек Сапарбаев әкім болып келгеннен кейін менің облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымынан түсіп, Қазалы ауданына әкім болып барған кезімде басталды. Сол кезде жекешелендіру дегенді желеу етіп, біздің суармалы егіс танабы жағдайында екенімізді ескермей, тәлімі егісті Арқа жақтың тәртібін енгіздіргісі келген мамандар болды. Бұл Сыр бойындағы егін шаруашылығын апатқа алып баратын бұрыс бағыт еді. Менің бұл тірліктерге бірден қарсы шыққаным, кезінде егін шаруашылығы жерлерін тегістеп беретін ПМК-ның бастығы болғандықтан, маған бұл саладағы тәртіптің барлық ұңғыл-шұңғылы түгел таныс еді, олардың жасалу технологиясын жақсы білетінмін. Сондықтан мына дүмбілез тірліктен ауыл шаруашылығының бірден құлдырап кететінін тез пайымдай бастадым. Бұдан бөлек, кезінде Қазалы аудандық партия комитетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі секілді лауазымдарды атқарып, бұл саланың жай-күйіне өте жақсы қанығып қалғанмын. Соның ішінде ауыспалы егіс танабы, оның каналы, коллекторлардың жұмысы, шлюзі, олардың қалай салынатыны маған белгілі-тін. Біздің Қызылорда облысында 8 танапты ауыспалы егіс жүйесі өмірге енгізілген. Біз мұның жартысына күріш егіп, жартысына мал азығындық дақылдар егіп, жерді тыңайтып, алқаптарды кезегімен ауыстырып отыратынбыз. Сол технология сақталмаса, ол жер көп ұзамай азады, тозады, құриды. Бұл – бір. Екіншіден, оның ауыспалы егіс танаптарының каналы бір, су қашыртқылары бір, шлюздері бір, коллекторы бір болғандықтан, жерді жекешелендіріп алғандардың барлығы осыларға тәуелді болып қала береді, бұл құрылымдарды пайдалануда олардың әрбіріне зор қиындықтар тап келеді. Олардың барлығы да ортақ каналға, ортақ шлюзге, ортақ коллекторға, ортақ қашыртқыға тәуелді болады. Сол себепті күріш егетін шаруашылықтар бригада көлемінде ғана жекешеленетін болуы керек. Рас, әркімге өзіне тиесілі жер үлесін, мүлік үлесін беруіміз керек, бірақ баяғы колхоздар сияқты бір мықты ұйымдастырушы адамға жұрт пайларын сеніп тапсыратын болуы керек. Біз осылайша бірікпесек, жерден айырыламыз.

Мен осы туралы тіпті бір актив жиынында сөз алып, өзімнің осыған қатысты барша ойларымды ортаға да салғанмын. Бұл кезде әлі «Жер кодексі» қабылданған жоқ еді. Соған орай бұған «ауыспалы егіс танаптары жекешелендіруге жатпайды» деген тармақ қосылуын талап еттім. Алайда, бұл қарсылықтарым үшін мен кінәланып, керек болатын болса, тіпті Қазалы ауданының әкімі деген лауазымымды босатып бердім. Бірақ кейін Жаңақорған ауданына әкім болып барған кезімде «Жер кодексіне» байланысты айтқаным дұрыс шығып, оған Қызылорда облысының егіншілік жағдайына сәйкес «Суармалы жердегі егіс танабы бөлшектеуге жатпайды» деген тармақ қосылды. Сөйтіп, бұл таласқа осындай жуан нүкте қойылды. Мен Жаңақорғанға барғанымда, 8 ауыспалы егістіктің бір танабына біреу сәбіз, бір танабына біреу жуа, бір танабына біреу капуста егіп жатыр екен. Ауыспалы егіс танабының ережесін быт-шыт қылып бұзған. Сондықтан ауданда жұмыс істеген 4 жылымның ішінде жер үлесі бар тұрғындардың құқықтарын сақтай отырып, оларға бар жағдайды түсіндіре жүріп, ауыспалы егіс танабы тәртібін сақтамаса болмайтынын айта келіп, жердің ұрпақтан ұрпаққа баратын қазынамыз екенін алға тартып, қайтадан ірілендірілген шаруашылықтар құрылуына себепкер болдым. Осының арқасында ауданда қазір күріштен де, жоңышқадан да жақсы өнім алынып жатыр.

Жекешелендіру кезінде бұдан да басқа сорақылықтарға жол берілді. Мысалы, колхоз-совхоздарда «үлесіңді ал» деген желеумен бәрін талан-таражға түсіріп, ту-талақай етіп кеткен күлкілі жағдайлар орын алды. Ірі қара фермасының терезесін біреу, есігін біреу бұзып алып, быт-шытын шығарып кеткен оқиғалар кездесті. Сол сияқты К-700 алып тракторы «жекешелендіруге жатады» деген пайыммен оның кабинасын біреу, дөңгелегін біреу, моторын біреу алып кеткен күлкілі фактілер болды. Ауыл шаруашылығында, әсіресе, Қызылорда облысында жекешелендіруді жүзеге асыру барысында кейін түзетіп алуға келмейтін көптеген өрескел кемшіліктер кетті. Көрші Өзбекстан мен Белоруссия колхоз-совхоздарды бүйтіп таратқан жоқ. Соның нәтижесінде бізде ауыл шаруашылығына инвесторлар іздестіріп, бөлініп кеткен шаруашылықтарды қайта біріктірудің амалдары жүргізіле бастады. Осылайша баяғы колхоздарды құрған кезеңге енді ғана қайта оралып жатырмыз. Бірақ бұрынғы дәрежеге келем дегенше әлі қаншама уақыт керек. Мұның бәрі ауыл шаруашылығындағы реформаның дұрыс жүргізілмегенін көрсетіп берді. Бұл аралықта ешкім жеке иелік ете алмаған каналдардың табандары толды, шлюздер мен коллекторлар тозды. Егер алғашқы кезде біз шаруа адамдарына жер мен мүлік үлестерін ғана бөліп беріп, жалпы шаруашылықтарды ту-талақай етіп бөліп жібермегенде, қазір соншалықты күйзеліске түсіп отырмаған болар едік. Енді қираған, кетеуі қашқан шаруашылықтарды, олардағы қаптаған сооружениелерді, яғни құрылыс нысандарын қалпына келтіру үшін миллиардтаған теңге қаржы керек. Біз, әрине, жер үлесін бөліп беруге қарсы емес едік. Бірақ жұртқа пай үлестерін алғаннан кейін қайта бірігу керек екенін дұрыс түсіндіріп бере алмадық. Бұдан тартқан залал-шығындарымыз ұшан-теңіз.

­­С.П.: Сіз жаңа айтып өткен коллекторлар жайы Қызылорда облысы үшін кеңес кезеңінде де үлкен өзекті мәселе еді. Одан бері бұларды тазалап, жөндеу бағытында ештеңе жасалған жоқ. Ал сол құрылғылар қазір қандай күйде?

­Н.М.: Дұрыс айтасыз, біздің егіншілік саласында коллекторлар мәселесі бұрыннан өткір қойылып келген. Оларды жөндеу үшін керекті қыруар қаржы совет үкіметі кезінде де табылған жоқ. Содан бері коллектордың түбі, яғни табаны бұрынғыдан бетер жоғарылап кеткен, ұлтанын басқан топырақ деңгейі биіктеген, сондықтан күріштен шыққан суды қашыртқылап тұруға шамасы келмей қалған. Соның салдарынан көптеген аудандарда жер айтарлықтай сорланып кеткен. Енді оны Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік деңгейде қолға алып, үлкен бір бағдарлама аясында жөндеп шықпаса, облыс аудандары мен шаруашылықтарының бұл тірлікті ояға келтіруге шамалары жетпейді. Жеке шаруа азын-аулақ ақшасымен коллекторларды жөндеп шыға алмайды. Егер бұл жасалмаса, біздегі егіншіліктің, соның ішінде күріштің жағдайы жыл санап нашарлай береді. Сол сияқты каналдарды тазалау, шлюздерді қайта салу оңай шаруа болмайды. Бұдан бөлек, күріштен ұдайы мол өнім алып тұру үшін жерді жыл сайын тегістеп, инженерлік жүйеге келтіріп отыру керек. Жердің құнарын сақтау үшін ауыспалы егіс танабы тәртібін сақтап отырған жөн. Осы тәртіпке сай, екі жыл күріш егілген жерге үшінші жылы міндетті түрде жоңышқа себілуі тиіс. Бірақ бұл талап көбіне сақтала бермейді. Мұндай жөнсіздіктердің жолын жер инспекциясы секілді құзырлы мекемелер қиып тастап отыруы қажет.

С.П.: Арал ауданындағы Ақбай алабын қайта игеру сіздің тұсыңызда жүргізілді. Бұл жұмысты қайта қолға алуға не себеп болды?

Н.М.: Негізі, Ақбай массивін игеру алғаш рет мен бұрынырақта Қазалы ауданында жүрген кезде, совет дәуірінде басталған. Ауданның сол кездегі бірінші хатшысы Әубәкір Тыныбаев көрші Арал ауданындағы әріптесіне шығып, олардың «Ақбай» ауылы танабына өздерінің күріш еккілері келетінін айтады. Келісім алғаннан кейін Қазалыдан апарған техникасы күшімен жерді тегістеуден өткізеді. Осылайша бұрын құлазып жатқан бұл жерді жоспарға енгізіп, ауыспалы егіс танабын жасап, күріш, содан кейін «Приаралье» совхозы үшін мал азығындық дақылдар екті. Кейін бұрынғы XXII Партсъезд атындағы, қазіргі Ақтан батыр атындағы шаруашылықтың Әбуша Дінисламов, Раманқұл Қабақбаев деген диқандары күріштің әр гектарынан 100 және 100-ден де жоғары центнерден өнім алып, еңбек ерлігін жасады. Сол «Ақбайдың» арқасында Әбуша Дінисламов Социалистік Еңбек Ері атанса, Раманқұл Қабақбаев Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталды.

Кейін заман өзгеріп, бұрын негізінен мал шаруашылығымен айналысып келген Арал ауданының халқы ауыспалы егіс танабы тәртібін сақтай отырып, мұнда жоңышқа, жүгері сынды мал азығындық дақылдар еге бастады. Бірақ мен барған кезде бұл массивке егін егу тоқтап қалған екен, сондықтан баяғы үрдісті қайта жаңғыртуға тура келді. Сөйтіп, бұл бағытта біраз жұмыстар жасап, екі жыл қатарынан күріш еккіздім. Сорланған жерлер қалпына келтірілді. Егін еккеннен кейін қаласаң да, қаламасаң да, оның шлюзін жөндеп, каналдардың кейбір тұстары табандарын тазартасың. Бұл жұмыстардан кейін «Ақбайдың» халқы біраз көтеріліп қалды. Ауылдағы халықтың 50-60 пайыздайы қауын, қарбыз, пияз, картоп егіп сатып, нәпахаларын таба бастады. Сол кезде ауыл жанындағы үлкен трасса бойында типті үлкен базар салынды. Бүгінде «Ақбайдың» экологиялық жағынан таза, еш тыңайтқыш қосылмаған, пестициді жоқ, гербицидтен аман қауыны мен қарбызы Аралда да, Қызылордада да үлкен сұранысқа ие. Себебі, бұл жерде гербицид себілетін күріш жоқ. Қазір бүтін бір ауыл егін шаруашылығын дамытудың арқасында өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып алып отыр. Біз өз кезегімізде халықты тұрақтандыра түсу үшін бұл ауылда аудандағы ең алғашқы үш қабатты орта мектеп үйін салдық. Бұдан бөлек, жаңа медпункт, жаңа клуб, жаңа балабақша тұрғызып бердік. Қазір «Ақбайдың» халқы бір жағынан егінін салып, бір жағынан малын бағып, ауданда алдыңғы қатарда өмір сүріп отыр.

­­С.П.: Осы «Ақбайдың» тұсында, сәл әріректе Арыстан бабтың мазараты да тұр. Мұндай мазараттың Түркістандағы Отырар түбінде де бар екенін белгілі. Сонда Аралдағы қорым қалай пайда болған?

­Н.М.: Халық арасында бізге жеткен аңыз бойынша, мұсылман дінін қазақ даласына әкелген үлкен тұлғалардың бірі Арыстан баб болып табылады. Бабаларымыз кезінде «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» дегенді бекер айтпаған. Жұрт осындай асқақ әулие саналған абыз адамның жүрген, қонған, аялдаған жерлерінің бәріне тәу ете берсе керек. Сондықтан «аса зор ғұлама кісінің денесі тоғыз жерде жерленген» деген де сөз бар. Соның бірі – өзіңіз айтып отырған, «Ақбайдың» түстік бетіндегі Ақирек тауының бөктерін көмкеріп жатқан мазарат. Аталған таудың басындағы бұлақ әлі күнге дейін тұр. Төменде орналасқан құдығы да сол қалпында. Біздің аумақта, соның ішінде Арал ауданында сол мүйісте Арыстан бабтың бейіті бар екені жөнінде баяғыдан бері бір ұғым қалыптасқан.

Осы жерде бір айта кететін жайт, «Батыс Еуропа ­– Батыс Қытай» трассасы бойында Арыстан бабқа аялдап, тағзым етіп өтетін жер бар. Халық арасында «мұны жасамаған адам апатқа не әлдеқандай бір жағдайға ұшырайды» деген сенім кеңінен тараған. Осыған орай бұдан хабары бар жүргізушілер Арыстан баб мазараты тұсынан өтіп бара жатқанда, міндетті түрде тоқтап кетеді. Мен ауданға барғаннан кейін жергілікті жұрттың сол пікірі мен иланымына сай екі ауданның шекарасына арнайы аялдама салғызып, оған «Арыстан баб» деп жазғызып, әулиенің жатқан тұсын көрсететін нұсқағыш орнаттырып қойдым. Қазір бабаға келушілер қатары көп. Кезінде біз мазарат басына дейін жол салып, онда электр жарығын апаратын жоспар жасап едік, бірақ үлгере алмадық. Дегенмен, алдағы уақыттарда бұған да кезек келетін шығар деген ойдамын.

Бір нәрсе анық, Түркістан түбіндегі мазарат пен Ақирек тауының етегінде тұрған қорым бір Арыстан бабқа арналған. Бірақ ғұламаның мәйіті бұлардың нақты қайсысында жатқанын дөп басу қиын. Ал бабамыздың Ақирек тауының баурайында болғаны рас. Ол еш күмән туғызбайды. Осыған орай жергілікті халық оның басына барып тәу етіп, тілек тілейді, зиярат жасап, сыйынады. Бейіттің басында тілеухана бар, келген жұрт сонда түнеп шығады. Мазараттың айналасы Маңғыстаудың Оғланды тауында орналасқан Бекет атаға арналған қорымға біршама ұқсас. Тек мұндағы тау оншалықты биік емес.

С.П.: Кезінде республикада Көксарай су реттегішін салуға қатысты екі ұдай пікір қайшылығы қалыптасты. Оған Қызылорда облысының басшылығы мен мамандары үзілді-кесілді қарсылық көрсетсе, Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері керісінше құрылысқа ерекше ынтық болды. Мұнда қызылордалықтардың дәлелдері негізді еді. Шындық та солардың жағында жатқандай болып көрінетін. Бірақ сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өктем шешімімен бір-ақ күнде Көксарай су реттегішін салуға пәрмен беріп жіберді. Кейін мұның бекер болғанын уақыттың өзі көрсете бастады. Ол жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?

Н.М.: Мен де сондай көзқарастамын. Қызылорда облысының сол кездегі әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастауымен облыстағы су шаруашылығы мамандары осы бағытты ұстанды. Арал ауданының әкімі ретінде бұл мәселеге қатысты менде ойымды білдірдім. Облыстық телерадиокомпания осы төңіректе «дөңгелек үстел» басындағы әңгіме ұйымдастырды. Онда Көксарай құрылысын тоқтату, оған кеткен қаржының есебінен Сырдария өзенінің арнасын реттеу шараларын қолға алу мәселесі көтерілді. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Қожахмет Баймаханов бастаған бір топ қайраткерлер Алматыға барып, «дөңгелек үстел» өткізіп, ­онда да құрылысқа қарсылық танытты.

Негізінде жобаға сәйкес, су қоймасы Қызылорда облысын тасқыннан сақтап қалуға бағытталған болатын. Сондықтан басында Көксарайдың су қоймасы ретінде салынатыны айтылған. Кейін ол су реттегіш болып кетті. Біз сонда су қоймасы салынатын болса, Қызылорда облысының аумағынан орын алуы керектігін алға тарттық. Себебі, Кіші Арал теңізі Қызылорда облысының территориясында орналасқан. Қойманың айдынын көктемгі су тасқыны кезінде суға толтырып, жазға қарай суын тек Кіші Аралға су айдауға тиіс деген ұсыныс айтылған. Тіпті басқа мүмкіндіктер болмаған жағдайда Қызылорда су торабының жоғарғы жағынан, Шиелі ауданындағы «Телікөл» көл жүйесін, Қызылорадан төмен қарай Қармақшының тұсындағы «Қараөзек» көл жүйесін суға толтыруды ұсындық. Оны бір жағынан су қоймасы, екінші жағынан реттегіш есебінде пайдаланғанда, Қызылорда облысының экологиясы жақсарып, балық аулау көлемі артатын еді. Сол кезде қазір халық балық аулап, нәпахасын тауып отырған Кіші Аралдың жағдайы қазіргіден әлдеқайда жақсарған болар еді. Өкінішке орай, олай істелмеді. Өзіңіз айтып отырғандай, мәселе республикалық деңгейде шұғыл түрде шешілді, Төтенше жағдайлар министрлігіне қаржы бөлініп, Көксарай су қоймасы салынды. Сөйтіп, біздің облыстың тұжырымдары далада қалды.

Алайда, су реттегіштің мұны да қамтамасыз ете алмайтыны көп ұзамай айғақтала бастады. Оның ең терең деген жерінің өзі 3 метрден аспайды, айдыны өте үлкен. Мамандардың айтуынша, мұндай акваторияда келіп түскен су мен бу болып ұшып кететін судың мөлшері бір-біріне тым жақын келеді екен. Бұған қоса, су қоймасы шыбын-шіркейдің мекеніне айналды. Ал табаны тұнған батпақ. Жазды күндері бұл маңда тұратын тұрғындар шыбын-шіркей мен масадан көз аша алмай қалатын болды. Мұның орнына, осы қоймаға жұмсалған ақшаны САРАТС жобасының екі кезеңінің жұмыстары үшін жұмсағанда, бұдан Қызылорда облысына келетін пайда әлдеқайда көп болған болар еді. Мен Көксарайды оншалықты бір ақылмен шешілген шешім болды деп айта алмаймын.

 

ҚЫЗМЕТ ҚОЛДЫҢ КІРІ ЕМЕС

С.П.: Нәжімәдин Түрікпенұлы, әлгінде «Бес жылдан аса уақыт Сейілбек ағаның қол астында, онымен қоян-қолтық жұмыс істеген кезімде ол кісіден көп нәрсені үйрендім» деп жатырсыз. Дұрыс қой. Санап тұрсақ, тәуелсіздік жылдарынан бері облысты жалпы саны 8 әкім басқарған екен. Сегізіншісі – қазіргі әкім. Бұлардың әрқайсысы өзінің кезінде облыс экономикасының өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік жағдайы жақсаруына, елді мекендердің көркейіп-көріктенуіне жеке үлестерін қосты. Сіз солардың барлығымен дерлік қызметтес болдыңыз. Дегенмен, жоғарыда айтылған Сәкеңнен басқа тағы қандай әкімді ерекше айта аласыз?

Н.М.: Біз жетпіске келіп қалдық. Осы өмірімізде, қызметке араласқан елу жылға жуық уақыттың көлемінде облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары мен әкімдерді қосқанда, оннан астам басшыны көрген екенмін. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облысты Сейілбек Шаухаманов сынды Сыр өңірінің барлық аудандарының жағдайын жақсы білетін, ел мен жерге жаны ашитын азаматтың басқаруы біздің бағымыз болды. Ол елдің жағдайын ғана емес, кадрларын да жақсы білді. Ел әкімдер қызметіндегі нені ерекше есте сақтап қалады, бұл – оның кадр таңдаудағы әрекеттері. Қалған жұмыс жүріп жатады, ал кадр мәселесіне байланысты жайттар ешқашан ұмытылмайды. Егер бір қолайсыз кадр таңдаса, жұрт соны кейін де ұдайы айтып жүреді. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Сәкең солардың ішіндегі қатені барынша аз жіберген әкім ретінде халықтың жадында қалды. Неге? Себебі, бұл кісінің бір қасиеті, облыстың әр аймағының тепе-теңдігін сақтап отыруға ерекше мән берді. Жеті жыл облыстың басшысы болған кезінде ол осы қағиданы қолынан келгенше ұстап тұрды. Мысалы, Қазалының қара баласы – мен келдім облыстық атқару комитетінің төрағасына орынбасар болып, Шиеліден Бибіжан Жәукебаева келді облыс әкімінің орынбасары болып, Әбдіржан Қалыбаев Қызылорда қаласының бірінші әкімі болды, содан кейін бұл орынға Жарылқасын Шәріпов келді, түбі шиелілік Қорғанбек Қайруллаев облыстық кеңестің төрағасы болды, жаңақорғандық Қалхазбек Әжібеков облыс әкімінің орынбасары болды, сырдариялық Әбдіғаппар Әмірғалиев әкімнің тағы бір орынбасарлығына тағайындалды. Сөйтіп, облыс әкімінің алты орынбасары алты аймақтан алынды. Бұдан бөлек, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылығына, облыс әкімінің аппаратына кадрлар жинақтаған кезде Сәкең соның бәріне мұқият қарап отыратын. Мәселен, біз ұсынып отырған кадрдың сондай басқа кадрдан білімі мен білігі жоғары болғанымен, кейінгісінің өңірінен алынғандар аз болса, басымдық соған берілуші еді. «Мына ауданнан алынғандар кемдеу екен, сондықтан осы кадрға тоқталайық», дейтін Сәкең. Осылайша кадр балансын сақтауды қатты қадағалап отырды. Бұдан ұтылған жоқ, қайта елдің алғысын алды.

Қазақтың кейде біреуді жұбату үшін айтатынындай, «Қызмет – қолдың кірі» емес. Бұл – тағдырдың адамға берген сыйы, бұл – адамға берілген мүмкіндік. Міне, аттың арқасына мінген әрбір азамат осыны ұмытпаса екен деп ойлаймын. Мен мұны өзімнің бүкіл өмірімнің барысында анық сезініп жүрдім. Шаухаманов кеткеннен кейін мен тағы бес әкіммен қызмет жасастым. Жаңақорған ауданына 2000 жылы Серікбай Нұрғисаевтың кезінде бардым. Арал ауданына 2004 жылы Икрам Адырбековтің кезінде бардым. Ал Қазалы ауданын 1995-1997 жылдары Бердібек Сапарбаевтың кезінде басқардым. Үш ауданның әкімі болдым. Өкінішке қарай, Сәкеңнің кезіндегі осы дара кадр саясатындағы тепе-теңдік кейіннен көпе-көрнеу бұзыла бастады. Халық оны көріп отыр. Бірақ осы әкімдердің ішінде ең бір әділ, таза жұмыс жасағаны үшін Икрам Адырбеков менің есімде жақсы қырымен сақталып қалды. Қызметтің қолдың кірі емес, оның өзіне халыққа адал қызмет ету үшін берілген мүмкіндік екенін жақсы сезінген лауазымды тұлғаның бірі осы Икрам Адырбекұлы деп ойлаймын. Мүмкін, біздің облысқа келем дегенше, өзінің барлық жағдайын жақсартып та алған шығар, басына сөз келетіндей бірде-бір әрекетке барған жоқ. Ол кадр таңдауда да қолынан келгенінше қателеспеуге тырысты. Бір ғана мысал. Мен Жаңақорған ауданында әкім болып жүрген кезімде Аралдан бастап барлық аудандарды аралады. Бізге келгенінде: «Жаңақорған ауданында бес жыл істеген екенсіз. Жұмысыңызға менің аса қатты қоятын кінәм жоқ. Бірақ жаңа команда жасақтайын деп жатырмын. Сондықтан сізді Арал ауданына жібергім келіп отыр. Қалай қарайсыз?» деді. Менің 50-ден енді асқан кезім. Зейнетке дейін әлі он жыл жұмыс істеуім керек. Сол себепті: «Икрам Адырбекұлы, мен сіздің командаңызда қайда болса істей беруге әзірмін», дедім күліп. Ол сонда: «Зейнетке дейін сіздің де он жылыңыз бар екен, соған дейін бірге істейміз», деді әзілдеп. Негізі, екеуміз құрдас едік, соны тұспалдап айтып тұрғаны еді бұл. «Сіз Жаңақорғанда істей берсеңіз, бұрынғы әкімнің командасы болып қала бересіз, ал Аралға барсаңыз, менің командама кіресіз», деді ол тағы әзілге шаптырып. Облыс әкімі кетерінде облыстағы жеті ауданның бес ауданының әкімдерінің жұмысқа облыс орталығынан қатынап жұмыс істеп келгендерін айтып, мұнымен келіспейтінін білдірді, менің Аралға көшіп баруым керек екенін тапсырды. Мен мұны ауданға барған соң бір аптаның ішінде орындадым, қызмет атқарған жылдардың бәрінде отбасым жанымда болды. Ал Икрам Адырбекұлының аузы дуалы екен, сол барғаннан Арал ауданында он жыл әкім болып қызмет атқардым. Олай болатыны, барғаннан кейін бес жылдан соң баламалы негізде дауысқа түсіп, мерзімімді тағы бес жылға созып алдым. Содан соң 2013 жылы Қырымбек Көшербаевтың тұсында зейнетке шықтым.

Аралдағы жұмысым басталғасын бір аптадан соң мен облыс орталығына келіп, әкімнің қабылдауында болып, тапсырмасының жүз пайыз орындалғанын баяндадым. Сосын: «Икрам Адырбекұлы, әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Біздің мақтанатын жеріміз – облыстағы ең сапалы шұбат Аралда өндіріледі. Күніге демегенмен, аптасына, айына бір рет шұбат жіберіп тұрсам, қалай болады?», дедім. Сонда оның: «Нәке, соған әуре болып неғыласыз? Үйде әйелім екеуміз ғана тұрамыз. Бала-шаға сыртта. Менің жүргізушім күнде қаланың сыртынан өзі әкеледі. Сонау Аралдан шұбат тасып не керегі бар?» дегені әлі есімде. Өзінің өте таза кісі екенін осылай көрсетті. Ол әділдігімен де елдің есінде қалды деп ойлаймын. Енді қалған әкімдер де қал-қадірінше, білім дәрежесіне, қарым-қабілетіне, болмыс-бітіміне, ұйымдастырушылық іскерлігіне байланысты жұмыс істеді.

С.П.: Сіз облыс әкімінің бірінші орынбасары болып жүрген кезіңізде жұрттың көбі Сәкең басқа қызметке ауысып кете қойған жағдайда оның орнын өзіңіз басады деген ойда жүрді…

Н.М.: Иә, мен Сәкеңнің жанында бес жыл бірінші орынбасары болып жүрдім, қойын-қолтық жұмыс жасадық, үлкен тәжірибе мектебінен өттім. Рас, Сәкең сенатор болып кеткеннен кейін бұл төңіректе түрлі пікірлер болды. Бірақ пенденің қай дегені бола берсін. Бұл да – тағдыр. Ал менің мақсатым міндетті түрде облыс әкімі не министр болу емес еді. Маңдайымызға қандай тағдыр жазылды, соның ығытында жүрдік. Бұдан кейін мен екі рет Парламентке депутаттыққа түсіп, өте алмай қалдым. Біріншісінде – Сенатқа, екіншісінде Мәжіліске депутат болуға талап еттім. Алғашқысында жеке дауысқа түсіп ұтылсам, келесісінде партиялық тізімге кіріп тұрғаныммен, депутат болудың реті келмеді.

Бұйрық болмаған шығар. Оған өкінбеймін. Бірақ облысты басқарған әкімдердің де деңгейлерін көрдік. Олардың да озық және қалық жерлерін жақсы білеміз. Егер сенім артылып, мүмкіндік беріліп жатқанда, солардан кем жұмыс жасай қоймайтынымыз анық еді. Дегенмен, мұның орайы келмегеніне ренжіп керегі жоқ. Өзі болмайтын нәрсе қайда да болмайды ғой.

С.П.: Сіз бағана, өзіңіз айтып өткендей, облыста үш ауданда әкім болдыңыз. Үшеуі де баяғыдан басқаларға қарағанда күрделілеу аудандар еді. Басқасын айтпағанда, бұлар сонау кеңес кезеңінен бері облыстағы арыз ең көп жазылатын аудандар еді. Бұл жағынан Арал бірінші тұрса, одан кейінге Жаңақорған шығатын, ал үштікті Қазалы аяқтайтын. Сол дәстүр әлі жалғасып келеді. Бұл сізге қосымша қиындықтар туғызған жоқ па?

Н.М.: Айтып отырғаныңыз дұрыс, мен тағдыр жазып, облысымыздың шығысында Оңтүстік Қазақстан облысымен шекараласатын Жаңақорған ауданы мен батысында Ақтөбе облысымен шектесетін Арал ауданында жалпы жиынтығы 15 жыл әкім болып жұмыс істедім. Екеуінде де мен қолымнан келгенінше аудандарға көмек көрсетіп, өзімнің білімім мен тәжірибемді, білім-білігімді сол аудандардың әл-ауқаты мен экономикасын көтеруге сарқа жұмсадым деп айта аламын. Мана ғана «сегізінші облыс әкімі» деп өзіңіз айттыңыз, ал мен Жаңақорғанға бесінші әкім болып бардым. Қазір аудандағы әкім саны он алтыншы не он жетінші санға жетіп отыр. Бірақ бұлардың бірде-бірі мен істеген бес жылдық мерзім биігіне жете алған жоқ, кім келсе де бір жарым жыл, екі жылдан аса алар емес. Аралда да солай. Онда тура он жыл әкім болып істедім. Мен ауданда Тәкей Есетовтен кейін ең көп жыл бірінші басшы болдым. Менен кейін 4-5 әкім ауысты, бірақ 10 жыл істеген ешқайсысы жоқ. Мұның бәрі, біріншіден, адамның тағдыры болуы керек, екінші, елмен етене жұмыс істей білудің арқасы деп білемін.

Енді арыз жөніне келейік. Жалпы, арыздың өзі неден туады? Рас, кейбір жерлерде жатып алып арыз жазбаса, ұйқысы шала болатын адамдар кездеседі. Бұған қатысты біздің Қазалы ауданында анекдотқа пара-пар әзіл бар. Онда бір ағамыз туралы «Күнде кешке бір арыз жазып, оны конвертке салып қоймай, ұйықтай алмайды» делінетін. Мұндай да кісілер болады. Ел болғасын, бәрі кездеседі. Бірақ көпшілік жағдайда арыз тудыратын не, біз ең алдымен осы мәселеге назар аударуымыз керек. Соның түп-тамырын зерттеуіміз керек. Сол кезде жаппай арыз жазушылық бәсеңсиді. Біз Жаңақорғанда да, Аралда да осылай істедік. Содан кейін арыздың топырлап жазылу фактілері күрт кеміді.

С.П.: Ал арыздарды тудыратын негізгі факторлар қандай?

Н.М.: Біріншіден, халық әкімнің кадр саясатына риза болмайды, екіншіден, оның жұмыс стилін ұната қоймайды, үшіншіден, жүріс-тұрысына наразылық білдіреді, төртіншіден, халықпен қарым-қатынасына көңілі толмайды, – міне, осының бәрі, айналып келгенде, арыз жазуға себеп болады.

Мен екі ауданға барған күннен осы факторларды жадымда берік ұстадым. Соның нәтижесінде екі ауданда да ұзақ отырдым. Мысалы, Жаңақорғанда бес жыл жұмыс істегенімде, ауданға я Қызылорда облысынан, я өзім туған Қазалы ауданынан ізіме ертіп бір кадр апарған жоқпын. Бүкіл халық біледі. Мен үш орынбасарды қалай қабылдадым, кетерімде оларды сол қалыптарында қалдырдым. Аудандағы мекемелерге де сырттан адам әкелмедім. Аралға барғанымда, облыстан, Қазалыдан аппаратқа, – басшы емес, жай маман есебінде – келгісі келгендер көп болды, солардың өзіне мүмкіндік берген жоқпын. Себебі, жергілікті кадрлардың өсуіне жол ашуым керек болды.

С.П.: Тәуелсіздік жылдарында жағдайымыз жақсарғанына қарамастан, демографиялық ахуал құлдырап кетті. Бұған не себеп? Сіз бұл жөнінде қандай пікірдесіз?

Н.М.: Шынында да кешегі 70-ші жылдарға дейін елдің жағдайы айтарлықтай қиындау болып келді. Бірақ ол кезде халықтың ертеңге деген үміті өте зор еді. Мұның да бұған әсері болуы мүмкін. Содан кейін совет өкіметінің үлкен саясаты барлық халықты тепе-тең жағдайда ұстауға қатты мән берді, демографияға бұл да әсер етті. Мысалы, мен студент кезімде-ақ, тіпті төменгі курста оқып жүргенімде үйленіп алдым. Әйелім екеуміз оқып жүргеніміз үшін стипендия алсақ, мен түнде қарауыл болып істеп, қосымша тағы ақша таптым. Осылайша оншалықты тарыға қойған жоқпыз. Совет өкіметінің тағы бір артықшылығы, кез келген адамды жұмыспен қамтушы еді ғой. Тіпті студент болсаң да жұмыс тауып бере беретін. Қайта жұмыс істемейтіндерді «тунеядец» деп, соттап жіберетін. Айталық, әскер қатарынан келгендер екі айдың ішінде жұмысқа тұрмаса, оларды жауапқа тартып, үстінен іс қозғайтын. Сол кездің өзінде, мысалы, қарауылдыққа адамдар жетпейді, сондықтан біз секілді студенттердің барып жұмыс істеулеріне қарсы болмады.

Бала туу жайына келсек, ол кезде халық бұл жағынан барынша батыл еді. Мысалы, менің анам кейін 5-і ғана тірі қалғанымен, жалпы саны 13 құрсақ көтерген. Мұндай факт барлық дерлік отбасыларында кездесті. Сосын райком мен райисполкомның жауапты қызметкерлері, совхоз директорлары халықтан бөлініп киім киіп, тұрмысын жақсартуға әуес болған жоқ. Қазір бай мен кедейдің арасы кәдімгідей ашылды. Нарықтық экономика халықтың психологиясына қатты әсер етіп тұр. Совет өкіметі, әсіресе, жұмысшыға, колхозшыға, қарапайым еңбек адамына қатты қамқорлық жасады. Оның жағдайын жақсартуға, мүмкіндігі болса, отбасын демалдыруына, түрлі санаторияларға баруына, жалақысының дұрыс болып, мезгілінде берілуіне ұдайы көңіл бөліп отырды. Ол кезде жұрттың санасында «Ертең қалай күн көрем, тамағым аш болып қалмай ма?» деген уайым болған жоқ. Бала тууды шектеу, әсіресе, ауылдық жерлерде мүлде болмады. Балалар бірінің киімін бірі киіп, мектепке бара беретін. Ал бүгінде талғам солай ма, әлде басқаша себебі бар ма, бай мен жарлының арасы көре көзге ашылды, сосын тоғышарлық пейіл пайда бола бастады ғой деймін. Өйткені, баланы қалай киіндіріп, қалай тойғызуды ойлана ма, – бұған қоса, медицина да ақылы, – шынында да туу азайып, біздің бұл жөніндегі көрсеткіші күрт түсіп кетті. Мұның бәрі – адамды ойландыратын жағдай.

Марқұм әкем айтып отыратын, «адам өмірге келгеннен кейін соңында кемі үш бала қалдыруы керек» деп. Сонда ғана соңында із қалатынын айтатын. Екі бала әке мен шешенің орындарын жабады. Үш баладан бастап, ата-ананың соңында ұрпақ қалады. «Із қалдыру» деген осы. Қазір осы идеология жетіспейді-ау деймін.

С.П: Әкеңіздің балаларына арнаған ең басты өсиеті қандай еді? Ол кісі қандай мәселеге айрықша ден қойды?

Н.М.: Әкемнің мұсылманша өте білімді болғанын айттым ғой. Қари болмағанмен, Құран сүрелерін түгелге жуық жатқа оқитын. Одан кейін колхоз құрылысына араласты, ферма басқарушысы болды, колхоздың бас бухгалтері дәрежесіне дейін жұмыс жасады. Өзі Ұлы Отан соғысындағы қанды қырғынды көріп, мүгедек болып оралғасын осының өзіне тәубешілік жасап отыратын әкем біреудің ала жібін аттамау, адал болу, арлы болу жайлы жиі айтатын. Ол кісі ер адамға керекті ең қымбат нәрсе ретінде арды айтатын. «Адам алдымен жүрген жерінің бәрінде таза болуы керек» дейтін. Әкем 30-шы жылдардың басында бай баласы деген сылтаумен, сосын молдалығы бар, – бәрі үшін сотталып, шамалы уақыт Сыр сүлейі Тұрмағамбетпен бірге түрмеде отырған, кейін Маленковтың шешімімен ақталған. Ол Тұрмағамбеттің өлеңдерін жатқа айтатын. Кейін зейнетке шыққаннан бір ауылдың үлкен ақсақалы болды, жұрт көп мәселеде «Төкең не дейді екен?» деп әкеме келіп, ақылдасып отыратын. Ел ішінде ыылғи ағайынның торқалы тойы, топырақты өлімінің, құда-жекжат күтуінің басы-қасында жүретін. Жұртқа аса сыйлы болды.

Мен кейін Арал ауданында он жыл жұмыс істегенімде, 2011 жылы әкемнің туғанына 100 жыл толғаны мен анамның 90 жылдығына арнап, төрт ұлы – Нәжімәдин, Тастайбек, Тұрлыбек, Еркінбек – бәріміз бірігіп, ас бердік. Сонымен бірге, әкем мен шешемнің тұрған ауылы – Басықара деген жерде мешіт салдық. Бірақ әкеміздің атын берген жоқпыз, бұрын «Басықара әулие» деген мешіт болған, соның атымен атадық. Қазір жыл сайын 9 мамырда осы ауылға, өзіміз салған мешітке барып, әке-шешемізге дұға арнап қайтамыз, ораза кезінде балалары кезектесіп барып, ауызашар жасап тұрамыз. Бұл біздің ата-ана алдындағы парызымызды өтегеніміз болып есептеледі. Олар Басықара өңірінде, Майлыбаста жатыр.

Сосын мешітке әкеміздің атын беруді соншалықты міндет санамадық. Былайынша, жеті атасынан бері дін ұстаған, өзі де молда болған оның атымен атауға болар еді. Бірақ жергілікті жердің жағдайына қарадық. Қазір шынында мешіт сала салып, оны ислам дініне тікелей қатысы жоқ ата-бабаларының атымен атаушылық үрдіске айналып барады. Мен мұны дұрыс емес деп есептеймін. Біз тек мешіттің кіреберісіне «Осы мешіттің салынуына Түрікпен Мұсабаевтың балалары демеушілік жасады» деп жазып, іліп қойдық. Сол жерге қысқаша шежіреміз жазылған тақта орнаттық.

С.П.: Нәке, жігіттің жақсы болмағына, оның көп нәрсеге алаңдамай, қоғамдық жұмысты еш алаңдамай атқаруына, қызмет сатысымен өсуіне жұбайының қосатын үлесі аз емес қой…

Н.М.: Әлбетте. Оған ешқандай күмән жоқ. Мен мұны өз басымдағы тәжірибемнен де жақсы білемін. Бұл реттер біздің сүйіспеншілігіміздің тамыры тереңде жатыр. Мектепте басталған бір-бірімізге деген сезім өмір бойы сақталып келді. Бұл ретте ұстазым Сейілбек Шаухамановтың «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деп айтатыны бар еді. Шынында да бір-бірімізді сүйіп қосылғаннан кейін өмірге ұрпақтар келді, жаңа айтып отырмын ғой, екінші курста біздің тұңғыш перзентіміз – «шалдың кенже баласы» дейміз, – Еркінбек дүниеге келді. Одан кейін Айгүл қызымыз, сосын Әділбек деген ұлымыз туды. Айгүл – тарих ғылымдарының кандидаты, ал Әділбек – саяси ғылымддар кандидаты, екеуі де ғалым.

Қазақтың тағы бір сөзі бар, «Еркек – үйдің тұтқасы, әйел – береке құтбасы» деген. Расында да біздің отанымыздың береке-бірлігіне менің жұбайым Лида Ақжапқызы үлкен үлес қосты. Тағы да айтам, жаңағы менің шешем жылап-еңіреп бізді елге әкелген кезде қалған балалардың бәрі жас еді, үйдің үлкені болғаннан кейін тағдыр бізге сол семьяны ұстап тұруды, көтеруді жазды, анам келіні есебінде тек Лиданы, немерелері ретінде Еркін мен Айгүлді көре алды. Ал қалған балаларды үй-жай ету – Тастайбекті үйлендіру, Бағдагүлді ұзату, Тұрлыбекті үйлендіру – секілді шаруа түгелдей біздің мойнымызға түсті. Солардың бәрінде әкесін, шешесін жоқтатпай, бүкіл отанның бірлігін қамтамасыз етуге жұбайымның зор еңбегі сіңді. Әсіресе, қазір ғылым докторы болып отырған Тұрлыбек шешемнен тым жас қалып еді, соған қатты қамқорлық жасады. Қазір кейде Лида оған: «Мен сенің жеңгең емеспін, бір жағынан – шешеңмін» деп әзілдеп отыратын. Оны айтатыны, біз Еркінбекті қырқынан шығармай шешеме қалдырып кеттік қой, кетіп бара жатқанымызда Лиданың омырауы сыздап, Еркінмен қоса, оны да емізіп жіберетін. Міне, осы әулеттің бірлігіне біздің жұбайымыз барынша ұйытқы болды. Ағайынның қуанышы болады, реніші болады, солардың барлығына бас-көз өзі, мен көбіне жұмыстан шыға алмаймын. Мен бұлардың орнын қазір зейнетке шыққаннан кейін ғана толтырып жүрмін.

С.П.: Осы іні-қарындастарыңыз бар, өзіңізден өрген балаларыңыз бар, барлығы да бұл күнде аяқтанған, демек, құда-құдағиларыңыз жетеді. Қазақтың бір қызығы – құдалармен қарым-қатынас. Оны жақсы білесіз. Енді осы құдаларыңыз жөнінде не айтар едіңіз?

Н.М.: Иә, дұрыс айтасыз. Алдымен алдымдағы апам Мейрамкүлдің қазалылық  Шахар Теліков деген азаматқа тұрмысқа шыққанын айта кетейін. Жездеміз көп жылдар бойы ауданның «Қызылту», «Құмжиек» совхоздарында бас агроном, директордың орынбасары болып істеді, ең соңынан Құмжиек ауылдық кеңесінің төрағасы қызметінен зейнетке шықты. Бүгінде қайтыс болып кетті. Апамыз қазір Жалғас атты жалғыз ұлының қолында сол «Құмжиек» ауылында тұрып жатыр. Мұнан кейін ізіме ерген Тастайбек інім биыл алпысқа толды. Ол Қазалы ауданында жүрген кезінде, мен Басықарада тұрған уақытта үйленді. Тастайбектің келініміз Бақыткүлмен шаңырақ көтеруі арқасында Шәгіл және Темірбике атты құда-құдағилармен табыстық. Шәкең бір кездері мектепте мұғалім болып, бізге сабақ берген. Одан кейінгі қарындасым Бағдагүл де бізді қазалылықтармен құда етті. Ол Әлімовтер әулетіне барды. Өкінішке орай, құда мен құдағи бүгінде өмірде жоқ. Ал Тұрлыбек өзінің теңін Шиелі ауданының қызынан тапты. Найман ағайынмен құда болдық. Құдамыз Әшім көп жылдар аудандық тұтынушылар одағында бухгалтер болып қызмет істеген кісі еді. Ал құдағиымыздың аты – Бегай. Ұлдың үлкені – шалдың кенжесі Еркінбектің қайын атасы мен қайын енесі елге белгілі кісілер болып кезікті. Ол біз Қызылордаға келгесін үйленді. Қайын атасы – Ақмұрат Мадияров «Домостроительный комбинаттың» директоры еді, қазір пенсияда, енесі – Дариха Ақмағамбетова, қаланың партия-кеңес органдарында көп жыл басшы болып жұмыс жасады, Жалағаш ауданында екінші хатшы, Қызылордада қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, партия тарағаннан кейін қала әкімінің орынбасары, соңында «Қабілет» мектебінің директоры болды, біраз уақыт қоғамдық негізде әйелдер кеңесін басқарды, қазір ол да зейнетте. Бұлардың бәрі – үлкен құдаларымыз. Енді біздің Айгүл қызымыздың барған жері – осындағы жаппас ағайындар. Ол менің Қазалыда райисполком төрағасы болып жүрген кезімде тұрмыс құрды. Құдамыз Сейітхан Орынбаев пен құдағимыз Мырзакүл – педагогтар, Қызылорда пединститутын бітірген. Сәкең кейін ДОСААФ-ты, сосын оның автомектебін басқарды. Бұдан бірер жыл бұрын қайтыс болды. Бұлар да өскен-өнген әулет. Құдағи ыстының қызы. Кіші ұлым Әділбектің атасы Кәрімбаевтар әулеті, Шиеліден шыққан, үлкен аталары Смайыл сонда 30 жылдай аудандық аурухананың бас дәрігері, мықты хирург болған, мен ол кісіні көре алмадым, ал келінімнің әкесі – облысқа есімі белгілі Мұхитжан Кәрімбаев деген азамат болса, анасы – Гүлнәр, Шиелі кентінің тумасы. Қазір анық байқап жүргенім, тіршілікте бұрын қызметтес болғандардан кейін көбірек араласатын кісілерің осы құда-жекжаттар екен. Солардың қуаныш-реніштерін бірге бөлісесің. Бұл адамның екінші өмірі екен. Балалар өсіп, құда-жекжат болғаннан кейін олармен қатысу деген өз алдына бір бөлек мәртебе.

С.П.: Мектепте мұғалімдеріңіздің арасында сіздің өміріңізге ерекше әсер еткен, білім нәрін беруде есіңізде жақсы жағынан сақталып қалған оқытушыларыңыз бар ма?

Н.М.: Бар ғой, әрине. Неге болмасын! Бағана айтып кеттім, соңғы үш оқу жылын 1964-1966 жылдары «Қазалы» совхозындағы №100 мектепте оқыдық. Оның сол кездегі директоры әлі бар, Жиеней Кемалов деген ұстазымыз. Соған дейін Қазалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болған, бізге тарих пәнінен сабақ берді. Оның үйіндегі апайымыз да мектепте мұғалім болды. Ағай өте бір тазайын, өте бір әділ, тәртіпті қатты қадағалайтын кісі еді. Мен Жаңақорғанда әкім болып жүрген кезімде Қызылордаға көшіп келді, бір жолы бір ұлы үйленетін болып, маған арнайы соқты. «Нәжімәдин айналайын, сен – менің шәкіртімсің. Балам үйленейін деп жатыр еді, соған тойға шақыра келдім», – деді. Бұл кезде Жиеней ағай зейнетте, ал апайымыз қайтыс болып кеткен. Мен бірден: «Онда, ағай, біз шынында сіздің шәкіртіңізбіз, балаңыз үйленіп жатса, мен де сіздің бір балаңыз есебінде сол тойды өткізіп берейін», – дедім. Ол кезде қалада «Алшын» деген ресторан бар, иесі – Құтманбетов, соған айтып, баласын үйлендіріп бергенмін.

Бұл жерде мен істеген ісімді көрсеткелі тұрған жоқпын, айтпағым: сонау мектепте оқып жүрген кезімізде бізге сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздарымызбен әлі де байланыс бар. Ол кісі қазір сексеннен асып бара жатыр, қарым-қатынас бұрынғысынша жалғасып келеді. Бұл – бір. Екінші, сол жылы Қызыолорда педагогикалық институтының химия-биология факультетін бітірген Әмірхан Өтепбергенов деген кісі мектепте біздің класс жетекшіміз болды. Бізге химия пәнінен сабақ берді. Институтты өте жақсы бітіріп келген, бізден 5-6 жастай ғана үлкен еді. Ол мектеп бітіргелі тұрған бізді өзімен тең ұстап, санамызда жақсы із қалдырған кісі. Кейін Қазалы ауданына барып, партия-совет қызметін істеген кезімде ол жаңағы Жиеней ағай басқарған мектепке директор болды. Кейін қайтыс болып кетті. Кейін онымен де жақсы қарым-қатынаста жүрдік. Тағы Есқұл Оразов деген жақсы мұғаліміміз бар-тын. Сондай-ақ Жармағамбет, Пірімжар деген мұғалімдеріміз есте қалды. Қазір ғой енді мұғалімдердің бағасы түсіп кеткені. Ал сол кезде олардың бәрі біз үшін үлкен беделдің иелері болатын. Ауылда баласы мұғалім болса, ата-аналары соны зор мақтан тұтатын, жұрт бұларды үлкен дәрежеге жеткен деп есептейтін. Балалар қолға су құйған кезде үлкендер оған: «Мұғалім бол» деп бата беретін. Осының өзі мұғалімдердің беделі қандай жоғары болғанын көрсетеді. Қазір президенттен бастап айтып жүргендей, мұғалімдердің мәртебесін көтеру керек. Сол кезде барып, мектеп қабырғасынан пиғылы дұрыс, елін, жерін сүйетін нағыз білімді патриоттар шығады. Бәрі мұғалімге байланысты. Ал біз ұстаздарымыздың алдынан кесіп өтпейтінтінбіз. Не деген тәртіп! Сол мұғалімді сыйлау, қадірлеу, құрметтеу өте жоғары еді. Соның нақты айғағы, күннің қақап тұрған суық кезінде де мұғаліммен бетпе-бет кездесіп қалсақ, бас киімімізді алып, сәлем беріп, ол өтіп кеткенше жолын кеспей қалт тұра қалатынбыз. Оған да мұғалімдер: «Айналайын, бақытты бол, жүре бер» деп, өзінің ықыласын білдіріп жататын. Біз сөйтіп тәрбиеленген ұрпақпыз.

С.П.: Нәке, сіздердің замандарыңызда кез келген қызметке қоюдың өзіндік реті, тәртібі деген болушы еді, кім-кім болса да басшылық лауазымға сол сатының бойымен өсіп келіп жайғасатын еді. Тәуелсіздік жылдарында әкімдік институт пайда болғалы солардың бәрі әдіра қалды. Қазір ешқандай өсу жолынан өтпей-ақ бірден дерлік әкім болып отыра салып жатқандар аз емес. Енді бірқатар жылдардан бері соған жол бермеу үшін меритократия дегенді ойлап тауып, жүзеге асыру қолға алынған сияқты еді. Бірақ қайтадан үйреншікті әдетке жол беру қалмай келеді. Бұл жөнінде не ойлайсыз?

Н.М.: Менің білетінім: совет өкіметінің барлық саясатын бірдей жоққа шығара беруге болмайды. Ол кездегі кадр даярлау, номенклатураға кіргізу деген өте керекті жүйе еді. Бір ғана мысал. Біздің кезімізде райкомның бірінші хатшысы болуың үшін міндетті түрде райисполкомның председателі немесе райкомның екінші хатшысы болуың керек-тін. Бұл лауазымға көтерілмеген адам ешқашан бірінші хатшы боламын деп армандамайтын, тіпті бұл оның ойына да келмейтін. Ауданның бірінші басшысы болуың үшін алдымен екінші хатшы дәрежесіне дейін сатылап өсіп, аудандық совет атқару комитетінің председателіне дейін жетуің керек. Бірінші хатшы тек осы екі қызметкердің арасынан ғана іздестірілетін. Негізі, бірінші хатшы райисполком председательдері арасынан таңдалатын, сиректеу бір жағдайларда ғана екінші хатшыдан қойылып кететін. Кімде-кім аудандық партия комитетінің бірінші секретары қызметіне осы сатылардан өтіп келгеннен кейін ғана үміт арта алатын. Біз соның бәрін көрген адамбыз.

Ал қазір мына әкімдік институты құрылғаннан кейін кез келген адамды, – оның білімі дәрежесі жете ме, ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті ме, ой-өрісі соған лайық па, сатылап өсті ме, бұл жағы тексеріліп жатпастан, – аудан басшысы етіп қоя салу үйреншікті нәрсе болып кетті, кім көрінгенді қоя салатын заман болды. Бұл – өте-мөте зиянды нәрсе. Мұндай тірлік, айналып келіп, елге залал әкеледі. Себебі, қойған әкімнің тәжірибесі, білім-білігі жетпегесін, оны кім көрінген билеп кетеді, кім көрінгеннің шылауында жүреді, халықпен дұрыс сөйлесе де білмейді. Қазір ауданды басқару деген оңай емес. Соған дейін үш адамды, он адамды, не жүз адамды басқарып көрмеген адам не біледі? Жарайды, қазір бұрынғыдай ұжымдар жоқ. Бірақ ұжым болмаса да, бизнестік құрылымдар бар ғой. Басқару деген семьяңды басқару емес, меніңше, бұл қателік. Сондай сатылардан өтпеген адамдарды басқару жүйесіне әкелу дұрыс емес деп ойлаймын. Қазір «А» корпусы, басқа дегенде бар. Ол тестіден өту қорытындысымен жасалып жүр. Бірақ кітаптан көріп, заңды білгенімен, өмір тәжірибесі жоқ, коллектив басқармаған адамға бәрібір қиын болады. Сондықтан кадр саясатында жүйелілік, белгілі бір тәртіп керек деп ойлаймын. Білімнің керек екені рас. Алайда, сол білімнің өзі тәжірибесіз іске аспайды. Кейбір аудандарда жұмыстың жүрмей жатуына не кінәлі? Бәріне тәжірибесіздік кінәлі.

С.П.: Қазір қалада да, ауылдық жерлерде де билікке наразылар көп. Бұған басты себеп жер-жерді жайлап жатқан жемқорлық пен парақорлық-ау деймін. Қазір бұған қатысты әрекеттер қатты кетіп қалды. Жұрттың басым бөлігі парасыз, таныссыз жұмысқа тұра алмайтындарына сенімді. Бұдан бөлек, тендер мен мемлекеттік сатып алу факторларының қалай жүретінін біразымыз біліп қалдық. Осы жүйені қалай жөндеуге болады?

Н.М.: Қоғамдағы ең қиын нәрсе мынау: бюджет қаржысының игерілуінің дұрыс кілтін таба алмай жатырмыз. Мемлекеттік сатып алу заңына қаншама өзгерістер енгізілгенімен, жаңа өзіңіз айтқандай, бәрібір шенеуніктердің оны өз пайдаларына шешіп алуларына мүмкіндік беретін амал бар. Мұның үстіне, бюджеттің қаржысы смета жасаудан бастап, оның тендерін өткізу, сосын ұтып алған жұмысты сапалы атқарып шығу жағы ұмытылып бара жатыр. Осы тендерлерге қатысатын құрылыс мекемелері басшыларының тіпті, керек десеңіз, құрылысқа қатысты мамандығы да жоқ. Сондайлар құрылысты сосын сапасыз етіп салып шығады.

Өзіңіз айтқандай, пара мәселесі де жұртты қатты наразы етіп келеді. Егер республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі кез келген басшының пара алмайтынын қарауындағылар сезінсе, оның қол астындағылар да аяғын тартар еді. Мен осы жерде бір ғана мысал келтірейін. Қызылорда облысының әкімі болған Икрам Адырбеков туралы былтыр бір кітап шықты. Соған жазған естелігімде мен оның қолы да, жолы да, ары да таза болғанын атап көрсеттім. Оның ешқандай пара алмайтынын бүкіл облыс халқы өте жақсы білді. Ал кеңес дәуірінде облыстың бірінші хатшысы болған Еркін Әуелбеков жөнінде де осындай жылы пікір айта аламыз. Олардың тұсында қарамағындағылар да өздерін таза етіп ұстауға бағыт ұстады. Иә, бұл ретте көп нәрсе бірінші басшыға байланысты, мейлі ол Премьер-министрдің орынбасары болсын, мейлі министр болсын, мейлі әкім болсын, – таза жұмыс істесе, оның төңірегіне де өзі сияқты қызметкерлер топтасады.

С.П.: «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» дегендей, қазір бұған кадр таңдау мәселесінің бетімен кеткені де әсер етіп жатқан жоқ па?

Н.М.: Еткенде қандай! Орыстар мұны «Из грязи – в князи» деп жатады ғой. Мұның бәрі бұрыннан бар тәртіптің бұзылуынан. Қазір мемлекеттік қызметке кадр іріктеуде де көп кемістіктер бар. Бұрын 70 жыл совет өкіметін құдіреті күшті партия басқарса, ол кезде партия-совет қызметіне кадр таңдаудың да өз жүйесі болатын. Аспаннан салбырап түскендей болып қызметке тұра салу қиын еді. Мысалы, райкомдағы ең төменгі қызмет – нұсқаушылыққа кіру үшін ол адам алдымен партия мүшесі болуы керек-тін, бұдан кейін өзінің жұмысымен көрінуі тиіс, содан кейін барып, аппаратқа қызметке алынатын. Бұл маманның сауаттылығына да қатты мән берілетін. Райисполком аппаратына алынатын адамға да осындай талап қойылатын. Комсомолға да. Оған жас, белсенді, өз қатарының алды болып жүрген қыз-жігіттер таңдалатын. Міне, өсетін адам негізінен осы звено бойынша қызмет жолымен жүріп өтіп барып, райкомға қызметке келе алатын. Сол уақытта, біздің кезімізде жең ұшынан жалғасу деген ілеуде біреу кезікпесе, жалпы, өте аз болды. Осының көрінісі шығар, тіпті аудандық партия комитеті аппаратының қызметінде жүргендер бір-бірлерінің руларының кім екенін білмейтін. Партия кадрларды сөйтіп тәрбиеледі.

Қазір сол тәртіп пен жүйенің бәрі бұзылды. Енді өзінің руласын, жерлесін, қызметтесін, құда-жекжатын, танысын, дос-жаранын жұмысқа тарту кең етек алып кетті. Халық мұны көріп отыр. Бұл бір болса, екінші, әрине, мемлекеттік қызметке кадр іріктеу тәртібінің бір қалыпқа, бір жүйеге түспегені жауапты жұмыс орнына кадрдың дұрыс таңдалуына кедергі келтіреді. Кезінде Заманбек Нұрқаділовтің осыған байланысты бір мақаласын оқыған едім. Онда белгілі мемлекет және қоғам қайраткері «Қазір өмірбаянын білмей, көшеден кез келген адамды ұстап әкеп, әкім етіп қойып жатыр, оған таңғалудан қалдық» дейді. «Мен, – деп өзін айтады, – облисполком председателінің орынбасары, председателі, Алматы горисполкомының председателі дәрежесіне көтерілем дегенше, қатардағы инженерден бастап, қаншама қызмет сатысынан өтіп келдім. Қазір тіпті өмір тәжірибесі жоқ, әкім болуға қарым-қабілеті жоқ адамдарды ұстап әкеліп, қоя салады». Мен бұған толық қосыламын. Міне, біздегі кадр таңдаудағы үлкен кемшілік осы. Бұл – бір. Екінші бір мәселе, Президент айтып жүргендей, командалық тәсіл дегенді қоймай болмайды. Не бәлесі бар екенін қайдам, егер облыс әкімі өзгерсе, біршама уақыттан кейін міндетті түрде аудандар әкімдері де өзгереді. Бұл қажет пе, қажетсіз нәрсе ме, – оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Мұны жақсы білетінім, мен кезінде облыстың бес әкімімен жұмыс істестім. Сонда әр жолы орнын сақтап қалған жалғыз мен болдым, ал қалған аудандар әкімдері кейін түгел өзгеріп отырды. Айталық, Шаухаманов әкімдіктен кетіп, орнына Сапарбаев келген кезде алты ай уақыт өткенде, бұрынғы командадан мен ғана қалдым. Мұндай жағдай кейінгі әкімдердің кезінде де қайталанып тұрды. Бұл дұрыс емес енді. Кей әкімдер бір жыл немесе екі жыл істеп, кетіп қалып жатты. Мен өзіңнің ойыңдағы белгілі бір жобаларды дайындап, іске қосу үшін кемі бес жыл уақыт керек болады деп есептеймін. Мысалы, аудан үшін маңызды бір нысанның құрылысын салу үшін бес жыл керек. Себебі, оны жобалық-сметалық құжатнамасын дайындап, өткізу үшін бір жыл уақыт керек, оның қаржысын шешіп алу үшін тағы бір жыл керек, салу үшін кемінде бір жыл, екі жыл уақыт тағы керек. Сонда ойыңдағы бір нысанды тезірек қатарға қосу үшін де кемінде бес жыл уақыт жұмсайсың. Ал екі жыл, үш жыл отырған әкім не істеп үлгере қояды?

С.П.: Сіздің ойыңызша, басшыға керекті ең басты қасиеттер қандай?

Н.М.: Меніңше, басшыға керекті бірінші қасиет – ашықтық, ол кез келген адаммен, – мейлі үлкен адам болсын, жас болсын, зиялы болсын, қарапайым кісі болсын, – берімен де томаға тұйық болмай, ашық сөйлесуі керек, екінші – әділдік, бұл, әсіресе, кадр таңдауда барынша көрінуі керек, сонда халық арасында да беделің бірден өседі, үшінші нәрсе – жерге, жүзге, руға бөлінбей, қызмет жасау керек, бұл да басшының беделін өсіреді деп ойлаймын.

 

«БЕС НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ»

 С.П.: Нәке, өтірік-өсекке қалай қарайсыз? Өмірде өсектен, жала жабудан күйінген кездеріңіз бар ма?

­Н.М.: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз», дейді ғой Абай. Сол қашық жүретін бесеудің екеуі ғой бұлар. Бірақ өмір болғасын, оның үстіне, ат арқасына мінгесін, мұның бәрін де көреді екенсің. Менің әкем марқұм айтып отыратын, «Атқа міндің – ажалға міндің» деп. Иә, атқа мінгеннен кейін, қай дәрежедегі басшылық қызметте болмасын, әртүрлі алып-қашты сөз, әңгімелердің жүретіні рас. Бұл әңгімелердің кейде ретсіз шығып, жүрегіңді ауыртатын, жүйкеңе салмақ түсіретін кездері болады. Бірақ мен олардың бәріне шыдамдылықпен қарап, сабыр сақтауға тырыстым. Сондықтан өтірік сөз таратқан адамның өзінің соңына шам алып түсіп, қудалаған емеспін. Менің бір білетінім, аудандық, облыстық деңгейдегі басшыларға жан-жақтан келіп тұратын ақпарлар жеткілікті болады. Оларға әңгіме айтып келетіндер көп. Міне, көп басшыда осы әңгімелерді безбенге салып, сараптай білушілік жете бермейді. Мен бірінші келген адамның сөзіне сеніп, басқа жазықсыз екінші біреудің ізіне түсіп алған ұшпа ойлы басшыларды да білемін. Негізі, бірінші айтып келген, екінші айтып келген, ең соңынан оныншы айтып келген адамдардың бәрінің сөздерін тыңдап, саралап алып барып, бір тұжырымға ұйыған дұрыс болады. Ақылды басшы өзіне қажетті түйінді солай түйіндеуі керек. Ол жел сөзге ермеуі тиіс. Сонда ешкімге алабөтен қиянат жасамайды.

Бір мысал келтірейін. Мен Қазалыға әкім болып барғаннан кейін аудан орталығы – Жаңақазалы кентінің атын «Әйтеке би» деп атау жөнінде мәселе көтердім. Сол кезде бұл әрекетімді көре алмай, оны өзіме қарсы қару етіп пайдаланған арызқойлар табылды. Олар «Әкім өз бабасының атын елді мекенге бермекші болып отыр» деген сыңайда жазылған көптеген арыздарын жоғары жақтарға жолдап жатты. Шынына келсем, Әйтеке мен менің арам пәленбай атаға созылып кетеді, оның үстіне, Әйтеке – жалғыз төртқараның емес, әлімнің емес, Кіші жүздің ғана емес, бүкіл қазақтың маңдайға басар ардақтысы. Ал егер сондай тұлғаның атын асқақтата берем десем, оның атын тарихта қалдыра берем десем, онда қандай рушылдық бар? Бірақ мен осы талабыма байланысты көп ақырет көрдім, қиянат көрдім, үстімнен көптеген арыздар түсті, бірақ «Ақтың отын ақымақ өшірмейді» деген, ақыры Жаңақазалы кентіне Әйтеке бидің аты берілді, ол тарихта қалды. Бізден кейін Ақтөбе облысында Қарабұтақ ауданы Әйтекенің есімімен атала бастады.

С.П.: Сіз қазір әулеттің үлкені болып отырсыз. Бұған дейін де бауырларыңызға өзіңіз қамқор болып өсірдіңіз. Бүгінгі таңда олардың өмірден тапқан орындарына көңіліңіз тола ма?

Н.М.: Бір әке, бір шешеден кімдердің өріп шыққанын бағана айтып өттім. Өзіміздің қалай өмірге келгенімізді де әңгімелеп бердім. Анам марқұм менің әйелімнің келін болып түскені мен өзі бауырына салып асыраған Еркінбек атты ұлымыздың өмірге келгенін ғана көріп кетті. Әкеміз болса, Тастайбектің шаңырақ көтергенін көре алды. Ал қалғандарын – Бағдагүлді ұзату, Тұрлыбек пен Еркінбекті үйлендіру секілді шаруалар әулеттің үлкені ретінде біздің мойынымызда болды. Әулеттің үлкені болу деген үлкен жауапкершілікті жүктейді. Біз ізімізге ерген інілеріміз бен қарындасымызға әкесінің орнын, анасын орнын жоқтатпай, жоғары білім алуларына, өмірден өз орындарын табуларына қолымыздан келгенінше қамқорлық жасадық. Бірақ өздерінің талаптары да жоғары болды. Сондықтан, бәрі де өмірде біреуден ілгері, біреуден кейін өз орындарын тапты. Жақында Тастайбек інімнің алпысқа толғанын тойладық. Әдепкіде құрылыста шебер болып еңбек жолын бастаған ол кейін ішкі істер бөлімінің аппаратына қызметке ауысты, қылмысты іздестіру бөлімінің жедел уәкілінен, қатардағы лейтенанттан бастап полковник дәрежесіне дейін өсіп, отставкаға шықты. Содан кейін Қызылорданың төңірегіндегі екі ірі ауылдық округтің әкімі болды, алдымен Талдысу ауылдық округінің тізгінін ұстаса, қазір Белкөл ауылдық округін басқарып жүр. Екі қыз, екі ұлы бар. Бәрі де жоғары білім алған, құдайға шүкір, әулетіміздің жақсы дәстүрлерін жалғастырып келе жатыр. Бағдагүл қарындасым – Қазалыда мектеп директоры, оның бір ұл, бір қызы бар, ұлын үйлендіріп, қызын ұзатты. Тұрлыбек Санкт-Петербургте кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады. Қазір ғылым докторы, профессор. Оны Петербургте жүрген кезінде Гумилев атындағы Еуразия университетінің сол кездегі ректоры Мырзатай Жолдасбеков жас ғалым есебінде арнайы шақыртып, өзі басқарған университеттің баяғы Целиноград инженерлер институтының базасында құрылған құрылыс институтына директор етіп қойды. Қазір республикалық жер кадастры департаментін басқарып отыр. Оның бір ұл, екі қызы бар. Бір баласы жақында институт бітіреді. Апамыз Мейрамкүл де жоғары білімді, көп жыл совхозда бас экономист болып қызмет етіп, зейнетке шықты.

С.П.: Хәкім Абайдың «Адамның бір қызығы бала деген» дейтін де сөзі бар ғой. Сол балаларыңыз өмірден қалай орындарын тапты? Немерелеріңізден не күтесіз?

Н.М.: Шалдың кенжесі есепті Еркінбегіміз қаржыгер мамандығын меңгерді, қазір «ФортеБанкті» басқарады. Одан Айбота, Ернар атты немере сүйіп отырмыз. Қызымыз Айгүл – Қызылордадағы №140 орта мектепте директор. Ғылым кандидаты екенін айттым. Ал оның жолдасы Ерсін Орынбаев монополияға қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары. Бұлардан Олжас, Бибінұр, Айхан атты жиен немерелеріміз бар. Күні кеше ғана Олжастың келіншегі дүниеге перзент әкеліп, біз бірінші рет шөберелі болдық. Кіші ұлымыз Әділбек пен келініміз Айгерімнен Айғаным, Мәриям және Айқаракөз атты немерелеріміз бар.

Біз заманның қиын кезінде оқып, білім алып едік, ал немерелеріміз қазір ғылымның дамуы арқасында компьютерді терең меңгере бастады. Цифрлық технология деген өмірге келіп жатыр. Бір қуанатыным, немерелер осы заман талабына қарай тез бейімделіп келеді. Біз олардың барлығынан да зор үміт күтеміз. Себебі, талаптары зор, қатарынан қалмай алға ұмтылуда. Еркінбектің ұлы Ернар жақында Қызылордадағы Назарбаев зияткерлік мектебін үздік бітіріп, Қазақ-Британ университетіне түсті. Жастайынан спортпен шұғылданды, жан-жақты жігіт болып өсіп келеді. Алла жазса, жаман азамат болмайды ғой деп ойлаймын. Сол сияқты Айгүлден туған Бибінұр деген немерем бүгінде Еуразия университетінде оқиды, студент алмасу тәртібімен бір жыл Варшаваға барып оқып келді, оның да талабы жақсы. Ең кенже немереміз Айхан – өте талантты, өлең жазуға бейімділігі бар, әдебиетпен және тарихпен беріле айналысады, ол биыл 6-сыныпты бітіргеннен кейін конкурс жолымен сынақтан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сыныбына барды. Ал Әділбектің балалары әлі жас, балабақша тәрбиесінде, бірақ қазірдің өзінде ән айтып, би билеп, бәрімізді қуандырып жүр. Аллаға шүкір, немерелеріміз осылай көз қуанышы болып өсіп келеді.

С.П.: Достарыңыз көп пе? Олардың арасында ерекше атап өтетіндеріңіз кімдер?

Н.М.:  Өмірге келгелі мектептес дос, институттас дос, қызметтес дос деген жолдас-жоралар болды. Құдайға шүкір, дос көп, бірақ соның ішінде тонның ішкі бауындай етене жақындарың болады екен. Солардың арасында мен үшін студенттік кезден бері жалғасып келе жатқан Серікжан Сейітжановпен достығымның жөні мүлде бөлек. Ол биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтті. Мен осы оқиғаға байланысты құрастырылған кітапқа Серік туралы «Студенттік кезден үзілмеген достық» деген естелігімді жарияладым. Мен одан бұрын үйлендім де, Шымкентте «Фабричная, 114» деген мекенжайдағы бір орыстың есігі алдындағы екі бөлмелі сарайын жалдап тұрдым. Серікжан күн сайын кешке дерлік біздің пәтерге келіп, менімен бірге Лиданың шәйін ішіп алады, сосын екеуміз кезекті күнгі сабаққа бірлесіп дайындаламыз. Түннің бір уағына дейін отырып, конспекті жазамыз, сызу сызамыз, өтілген сабақтарды пысықтаймыз.

Біз бірге оқып жүргенде Серіктің туған ауылы ­– «Көне Шілікті» дариядан тасыған су басып, олардың үйлері құлап қалды. Бұл кезде он бала тәрбиелеп өсірген, ауылдағы мектепті басқарған әкесі бақилық болып кеткен. Сондықтан біздің курстың жігіттері, Сәкеңнен бізден екі курс жоғары оқитын ағасы Керімжанның достары жаз шыға сенбі, жексенбі күндері автобуспен Шымкенттен «Шілікке» қатынап, аналарына үй тұрғызуға жәрдем бердік. Оңтүстікте жайды соқта әдісімен соғады екен. Біз де соқта жасап, кесек құйып, оның тез салынуына үлес қостық. Сөйтіп, тамыз айының соңында үйді де бітірдік.

Үйге келіп жүрген күндерінің бірінде Серік маған: «Нәке, қалада ведомостводан тыс күзет» деген мекеме бар екен, олар түнде жұмыс істейтін адамдарға ылғи зәру болып жүреді. Соған барып жұмысқа тұрып, қосымша ақша табайық» деген ұсыныс айтты. Мен бұған қуана келістім. Осылайша Серіктің еті тірілігі арқасында курстың біраз жігіттері көп кешікпей, әр жерге түнгі күзетші болып жұмысқа тұрып алдық. Бұл шынында жақсы тірлік болып шықты. Түнде күзетте отырып, сабақтарымызды дайындаймыз. Айдың соңында осы еңбегіміз үшін 75 сом айлық аламыз. Бұдан бөлек, 35 сом стипендиямыз тағы бар. Екеуін қосқанда, 110 сом шығады. Бұл ­– әжептәуір ақша. Соның арқасында ас-ауқаттан, пәтер ақысын төлеуден артылған қаражатқа ептеп киінетін болдық. Ал Серік осылайша жинаған ақшасына институт бітірер кезде үйленіп алды. Ол болашақ келіншегі Қаншайымды алдымен бізге әкеліп таныстырды. Біздің Лиданың факультетінде, одан екі курс төмен оқитын қыз екен. Артынан Серікжан мен Қаншайым үйленген тойларын өткізгенде, Лида ­– қыз жолдас, мен күйеу жолдас болдық. Той институттың «Раушан» деген кафесінде өтті. Әлі есімде, тойда студенттер жағына мен асаба болсам, қызметтегі адамдар жағын Шымкенттегі бір автобазада директор болып істейтін Сәкеңнің рулас ағасы басқарды. Осылайша той, сол кездегі деңгеймен есептегенде, өте жақсы болып өтті.

Қазақта «Қарға тапқанын басып жейді, сұңқар тапқанын шашып жейді» деген нақыл бар. Сол айтқандай, кейін республикаға танымал бизнесмен атанған Серікжан досым «Жаңа Шілікте» орта мектеп үйін тұрғызып, оған ауылдағы білім ордасын ұзақ жылдар басқарған әкесі Сейітжан Құртаевтың есімін бергізді, балабақша ғимараты мен жолдар салды. Бұдан бөлек, Шымкентте цемент зауытын пайдалануға беріп, Қызылордада мұнай өндіретін «Саут Ойл» компаниясын ашты, Таразда да біраз нысандарды қатарға қосты. Менің Аралда әкім болып жүргенімде бір ауыз сөзімді жерге тастамай, Қамбаш көлінің жағасынан «Қамбаш» деп аталатын пансионат соқты. Онда жаз мезгілінде мектеп оқушылары тынықса, жылдың қалған уағында олимпиялық резервтің балалары тестілеуге дайындалады. Сөйтіп, жыл он екі ай бойына жұмыс істеп тұрады. Ал пансионат керемет болып шықты. Ол сырттан келген қандайда бір жоғары лауазымды құрметті қонақтарды ұялмай ертіп апарып, көрсетуге тұрады. Құрылысын «Саут Ойл» компаниясы жүргізді. Айтқандай, оның жобасын Сәкеңмен екеуміз ақылдасып отырып жасадық. Сырт қараған кезде пансионат келбеті ұшып бара жатқан шағалаға ұқсайды. Нысанның ортасында суы көгілдір болып көрінетін бассейн бар. Ғимараттың ішіндегі нөмірлер 2-3 орындық қана болып келеді. Серік бұдан бөлек, Қызылорда қаласының өзінде қаншама нысанды салып берді. Бір сөзбен айтқанда, ол елдің игілігі жолында өзінің қызметі мен қаржысын аяп жүрген жоқ. Мен жас кезімнен бері етене жақын болып келе жатқан осындай досымның барлығын әрдайым мақтан тұтамын.

­С.П.: Басшылық қызметтерде жүргенде көптеген азаматтармен жұмыс істестіңіз. Солардың арасынан кімдерді бөліп айта аласыз?

­Н.М.: Менің ең көбірек жұмыс жасаған ауданым Арал болды. Кезінде Арал проблемасына байланысты да көптеген кісілермен кездесіп жүрдік. Мысалы, Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі болған Ұзақбай Қараманов екі рет біздің өңірімізден Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Өнер тарландары арасынан Асанәлі Әшімовпен бұрыннан жақсы таныс едік, кейін ол кісі Арал теңізінің жағасында фильм түсірген кезде одан бетер етене бола түстік. Ол мен Сенатқа депутаттыққа түскенде, кандидатурамды қолдап, облыстық «Сыр бойы» газетіне мақала жариялады. Көзі тірісінде Роза Бағланова апамыз келіп тұрды. Аралдың тумасы, Қазақстанның халық әртісі Құдайберген Сұлтанбаев марқұммен де жақсы сыйластық. Сол сияқты Аралдан самғап ұшқан фантаст жазушы Абдул-Хамид Мархабаев марқұммен де сондай байланыс орнады, оған «Арал ауданының құрметі азаматы» атағын бергіздім. Қазіргі көзі тірі ақындардан Шөмішбай Сариевпен жақсы сыйластық орнаған. Балық шаруашылығы министрі болып қызмет істеген Құдайберген Саржановпен де сондай жылы рәуішті ықылас қалыптасты. Таразда тұратын Оңдасын Есіркепов деген азаматпен Алматы жоғары партия мектебінде бірге оқып едік, бұл үлкен достыққа ұласты. Мен Қазалыда екінші хатшы болып жүргенде, ол Жамбыл қаласының екінші хатшысы еді. Кейін облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімінің аппарат басшысы, монополияға қарсы агенттік филиалының басшысы болып, зейнетке шықты.

Аралда жүргенде, Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз, Мұғаджар аудандарының әкімдерімен жақсы қарым-қатынаста болдық. Ырғыз ауданын он жыл басқарған Рахат Сыздықовпен көңіліміз жарасып жүрді. Жақында ол Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Мұндай дос-жарандар көп қой, қайсы бірін айтайын. Қызылорда қаласының өзінде қаншама! Қазір бірін айтып, бірін ұмытып кетіп жатсам, соңыра біраз ренішке қалуым мүмкін, сондықтан санамалап шықпай-ақ қояйын.

С.П.: Өмірде көрген теперіш-қиындықтарыңыз көп пе?

­Н.М.: Өмір болғасын, бәрі де болады ғой. Мен әке-шешемнің әбден зарығып көрген ұлы болғанымды әңгіме басында айтып кеткенмін. Енді оны қайталап жатпаймын. Адамнан көп азар көрдім деп айта алмаймын. Ал тағдырдың төрт түрлі жағдайында өмірім қыл ұшына барып тірелген кездері кезігіпті. Соны қысқаша баяндап өтейін. Алғаш рет жасым жетіге келген кезінде, 1957 жылдың көктемінде, бірінші класс оқып жүрген шағымда бір рет өлімнен қалыппын. Біз ол кезде Майлыбас станциясында тұрамыз. Бір күні бала біткенді айналып өтпейтін қызылша ауруы маған да тиіпті. Бірақ менің науқасым оның «күл» деп аталатын айрықша ауыр түрі екен. Станциядағы медпунктте бар дәрі маған екі-үш рет укол салуға ғана жетіпті. Содан кейін мен сандырақтай бастаппын. Ауылдағы орыс фельдшер әйел керекті антиобиотиктің 20-25 километр жердегі «Қазалы» қой совхозының орталығындағы ауруханада ғана болуы мүмкін екенін айтыпты. Мұны естіген әкем жаяу-жалпылап сонда тартып кетіпті. Үйде мені күзетіп нағашы әжем, шешем, сосын станцияда тұратын Әбілхан деген рулас әкеміз қалыпты. Әкем сағат түнгі 12-ге таяу оралғанда, менің жағдайым тіпті мүшкіл болып кетсе керек. Дәрігер әйел дереу әкелген дәрілерді салады, бірақ мен жуық арада оңала қоймаймын. Бұған қатты қапа болған әкем сол кезде ағайын ағасына қарап: «Әбеке, мына баланы ортаға жатқыз, мен оны кемі жеті рет айналайын, бұдан кейін қалған өмірдің маған не керегі бар? Одан да осы жалғыз ұл тірі қалсын, мен өзімді соның жолында құрбан етейін» депті. Сол кезде  Әбілхан әкем оны құшақтай алып: «Айналайын, Төке, мұныңды қой, сен біреуге қарап бүкір ет, біреуге қарап шүкір ет. Сен менен қалайсың? Мен де жалғыз Баянның бетіне қарап отырған жоқпын ба?» дегенде, екеуі қосылып жылап жіберіпті. Сөйтсем, Әбілхан көкемнің өзі Баян атты жалғыз қызының тілеуін тілеп отыр екен. Ақыры дәрінің күші әсер етті ме, әлде басқашалай реті болды ма, мен таңға қарай тыншып, ұйықтап кетіппін. Сол жатқаннан қозғалмай, бір айдан соң ғана орнымнан тұрдым. Бұл – бірінші теперішім. Айтылған екі әкеме де тие берсін, жатқан жерлері жайлы болсын.

Екінші оқиға менің облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жүрген кезімде орын алды. Әлі Қызылордаға толық көшіп келмегенбіз. Үкіметтен үй алғанша деп, бір қызметтік пәтерде тұрып жатқанбыз. Сол кезде Ленинградта оқып жүрген кенже інім Тұрлыбектің үйлену тойын Қазалыда өткізетін болдық. Уақыттың қиын кезі ғой, кіші ұлым Әділбек екеуміз тойға керекті күнбағыс майынан бастап, басқа да бірқатар азық-түлік түрлерін алып, кешкі пойызға отырдық. Екеумізге соңғы вагонның екі бөлек купесі тиді. Ұйықтап кеткен екем, бір кезде таң алдында у-шудан оянып кеттім. Қарасам, біз мінген вагон өртеніп жатыр. Дәлізге шықсам, жұрттың бәрі шығар есіктің алдында кептеліп тұр. Мен жалаяқ күйімде дереу Әділбек жатқан купеге барып, оны жұлқып оятып болғанша от вагонды түгелге жуық жалмап қалды. Сосын біз Әділ екеуміз купенің терезесін аяғымызбен теуіп сындырып, сол жерден жерге секіріп түстік. Біз де түстік, купе де жалынға оранып сала берді. Сол кезде 8-9 сыныпта оқитын ұлым кедасын қолтығына ала түскен екен, мен алаңсыз жалаяқпын. Бірақ барлық құжаттарымыз өзімізбен бірге, соған қуандық. Мұнда да бізді бір құдіретті күш, ата-бабалар әруағы сақтап қалды ғой деп ойлаймын.

Үшінші жағдай менің Арал ауданында әкім болып жүрген кезіммен тұспа-тұс келді. Көктемге салым уақыт. Әдеттегідей Сырдария тасып, кемерінен асып кеткелі тұр. Сол кезде облыстың әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастаған делегация дарияның жағдайына Аралдан бастап Қызылордаға дейін жоғарыдан барлау жасап шықпақшы болып, біздің ауданға келді. Біз оларды пойыздан күтіп алдық. Сол жерден бәріміз тікұшаққа мініп, Көкарал бөгетіне қарай тартып кеттік. Мен сол жерге бір киіз үй тіккізіп, облыс әкімімен кездестіру үшін жақын маңдағы «Қаратерең» ауылының ардагерлерін жинап қойғанмын. Бірақ былай шыға ұшқыштар қалың тұман түсіп кеткендіктен, Көкаралға қона алмайтындарын жеткізді. Сосын жоспар күрт өзгеріп, біз Қазалыға ұшып келдік. Сол жерде аудан әкімі Айтбай Көшербай бастаған мамандар аймақ басшысын тасқынға қарсы дайындық барысымен таныстырды. Кетерінде менің кезінде мелиорация ПМК-сын басқарғанымды білетін Мұхтар Абрарұлы маған өздерімен бірге ұшып, жолай түйген ойларымды айтып беруімді сұрады. Құдай қайдан аузыма салғанын білмеймін, мен сонда бірден өзімді Көкаралдың басында ардагерлердің күтіп отырғанын, сөзім нанымды шығуы үшін арасында жақында облыстық әкімдіктің аппаратын басқаруға келген Бауыржан Омаровтың әкесі Жұмахан қарияның бар екенін айтып жібердім. Мұхаң сонда: «Ардагерлер күтіп отырса, қайтыңыз, ұят болып қалар, менің атымнан сәлем айтыңыз, менің неге келе алмағанымды жеткізіңіз», деді.

Мен сосын өз машинаммен Қамбаш арқылы Көкарал бөгетіне жетіп, ардагерлермен кездесіп, оларға болған жағдайды айтып, Мұхаңның сәлемін жеткізіп, соңынан бірге тамақ ішкесін, Аралға қарай қайттым. Жолай Бөгенге жеткен кезімде сол ауылдық округтің әкімі күтіп алды. Ол бірден облыс басшысы мінген ұшақтың Жалағаш кенті тұсында апатқа ұшырағанын айтты. Қазір ұшақта кімдердің болғандары тексеріліп жатыр екен. Ауыл әкімі: «Соның ішінде облыстық телеарна тілшісінің бары-жоқтығы белгісіз болып тұр дейді. Соны сізден біліп бер деп жатыр» деді. Иә, Сахитжан Бермағамбетов деген жас журналистің тікұшаққа мінгені анық. Ол кетер кезінде кейін бір айналып соғатынын айтып, менімен қоштасып кетіп еді. Мен соны айттым. Артынша марқұмның денесі жыңғылдың арасынан табылыпты. Ал егер сол тікұшаққа мен міне қалғанымда, жағдайымның не болатынын ешкім де білмейді. Мен бұл жолы да өзімді періште қақты деп есептеймін.

Төртінші жағдай Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары кезімде орын алды. Сол кезде қала әкімі Бақберген Досманбетов сенаторлыққа түсетін болып, жұмысты қойып, облыс елді мекендерін аралай бастады. Қала әкімінің міндетін атқарушы болып қалған мен Бақберген Сәрсенұлына сенімді өкіл ретінде көп жерді бірге аралап жүрдім. Бірде сайлау алдындағы жұмыстарға байланысты жеңіл көлікпен Арал ауданына қарай төрт адам болып жолға шықтық. Мен жүргізушімен қатар алдыңғы орындықта отырдым, қалған үш кісі салонның арт жағына орналасты. Кенет Қазалыға жақындап қалғанымызда көлігіміз апатқа ұшырады. Іштерінде қатты зардап шеккен мен болып шықтым. Бірден Қазалы аудандық ауруханасына жеткізіліп, аман қалдым. Сол кезде ел ішіне менің жол апатынан «қаза тапқаным» туралы қауесет тарап кетіпті. Оны кейін кездесе қалған көп кісінің маған таңырқай қарап жүргенінен де байқадым. Міне, осындай төрт түрлі тағдыр сынағынан аман өттім. Соның бәрінде әуелі Алла, сосын ата-баба әруағы қолдаған шығар.

С.П.: Дүниеде нені жақсы көресіз, нені жек көресіз?

Н.М.: Мен күлтелектемей, нені болса да бетке тура айтқанды жақсы көремін, әділдікті қалаймын. Бетке қарап былай деп, былай шыға беріп, былай деушілікті жек көремін. Екіжүзді адамдарды жақтырмаймын. Өзім көп нәрсені тура айтамын деп, кезінде талай адамға жақпай да қалғанмын. Бірақ туабітті қасиет бойдан ешқашан кетпейді екен.

С.П.: Адамның бақыты дегенді қалай бағалайсыз?

Н.М.: Бақыт дегеннің ұғымы өте кең. Оны әркім өзінің тұрмыстық салтына, өмір сүріп отырған ортасына қарай бағалайды. Сондықтан бақыттың белгілі бір өлшемі жоқ. Бірақ барлық адам баласына тән бір нәрсе – отбасыңның аман, бауырыңның бүтін, уайым-қайғыңның жоқтығы сол бақыттың басты бастауы болса керек.

С.П.: Бала кезіңізде өлең жазғаныңызды, ақын болуды армандағаныңызды біліп отырмыз. Бір кезде өлең жазған адамның оны қоя алмайтыны да бар еді. Ал қазір зейнетке шыққаннан кейін жасырын жазып жүрген жоқсыз ба?

Н.М.:  Иә, мектепте өлең жазғаным рас. Ол кезде әр кластан бөлек, бүкіл мектептің қабырғасы газеттері шығарылып тұрады. Мен солардың мектепішілік газетіне редактор болдым. Маңайымызға әдебиетке бір табан жақын балаларды топтастырдық. Өзім 9-10 кластарда оқып жүрген кезімде аудандық «Ленин туы» газетіне бірнеше өлеңімді шығарттым.  Соның бірі «Ұстазым» деп аталушы еді. Өлеңнің:

Ең алғаш мектеп есігін ашқанымда,

Бір ғажап әсер етті жас жаныма,

Білімнің теңізіне кеттім сіңіп,

Бойымда бір ғажайып басталды да, – деп келетін бір шумағы есімде мәңгі қалып қойыпты.

Кейін институтқа түсіп, мақсат өзгергесін, бәрі қалды. Одан кейін қым-қуыт тірлік – шаруашылық жұмыстарына араласып кетіп, өлең дегеннің не екенін ұмытып кеткендей болдық. Бірақ әдебиеттен, кітап оқып тұрудан ешқашан қол үзген емеспіз. Мен, әсіресе, поэзияны көбірек оқимын. Кейде жұмыстан шаршап келгенде, жатар алдында өзім сүйіп оқитын ақындардың өлең жинақтарын алып, бір қарап шығамын. Сол маған өте жақсы нәр беріп, жақсы ұйықтаймын. Бұл – менің көптен бергі дағдым. Ақындар арасынан Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңдерін ерекше жақсы көрем. Мұқағали Мақатаевтың жырларына аса қанықпын. Фариза Оңғарсынова апамыздың поэзиясын да жоғары бағалаймын. Бірақ өзім өлең жазбаймын, ол оқушы күндерімнің бір белгісі болып артта қалып кетті.

С.П.: Ақын бола алмай қалғаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

Н.М.:  Жоқ, еш уақытта болған емес. Бұған,біріншіден, мектеп бітіре салып, басқа оқуға түскенім, өмірдің иірімі өзге арнаға тартып алып кеткені, қызметке ерте араласқаным әсер еткен шығар. Оқып жүргенде де, кейін де мұндай бір өкініш болған жоқ. Біз жүрген өмір жолдары бұған ешбір мүмкіндік те бермес еді. Екіншіден, ақындық деген – адамға Алланың өзі беретін ерекше сыйы, ол екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін қасиет. Ал мен ақын болу үшін жаратылған адам емеспін. Жалпы, тумысынан ақын саналатын қазақта екі жолды ұйқастырып, өлең шығармайтын адам болмайды. Біздікі де сол әуестік деңгейіндегі нәрсе. Мұның есесіне, өмірде нағыз ақындармен көп араластық. Әлгінде ғана Шөмішбай Сариев есімді ақын жерлесімізбен жақсы қарым-қатынаста екенімізді айттым. Одан бөлек, Жарасқан Әбдірашев, Ибрагим Иса, Бегділда Алдамжаров сынды жерлес ақындармен сыйластығымыз дұрыс болды. Бір кезде жақсы араласқан ақын-жазушы Серік Байхоновпен де әлі күнге дейін қатысып тұрамыз. Елдің ішінде бүгінде марқұм болып кеткен Сейіл Боранбаев, Рүстем Жанаев секілді ақын ағаларымызбен жақын болдық. Айта берсек, көп. Мәселен, Әскербек Рахымбекұлы, Махмұтбай Әміреұлы. Сол сияқты марқұм Қомшабай Сүйенішпен, Мешітбай Құттықовпен, Асқар Кіребайұлымен дәл солай сыйласып жүрдік. Жөпелдемеде бәрін түгел атап шығу қиын, бірақ ақындар арасында өзімді көп ретте еркін сезінетінім рас.

С.П.:  Өмірден түйгеніңіз не? Өмірдің мәні неде?

Н.М.: Өмір адамға шынында бір-ақ рет беріледі екен. Оның ұзақ болмағы да, қысқа болмағы да бір Жаратқанның еркінде. Сондықтан адам өзіңе берілген өлшеулі ғұмырды ерекше бір өкініп, опынбайтындай етіп өткізуі керек. Адам өзінің бұл өмірге қонақ болып келгенін жадынан шығармауы керек. Сонда дұрыс тіршілік етуге талпынады. Ал өмірдің мәні өзіңнен кейін жақсы із қалдыруда, дұрыс ұрпақ өсіруде деп білемін. Бұл – өзі адам баласы саналы қалыпқа келгелі бері ұдайы қойылып келе жатқан философиялық сұрақ. Мен оған тұрмыстық тұрғыда ғана баға беріп отырмын. Әйтпесе, Алла тағаланың адам баласын, мына тіршілікті не үшін жаратқанын, оның мұндағы мақсаты не болғанын әлі толық шешіп бере алға бірде-бір ғұлама жоқ. Бұл сауалдың бізден кейін де мыңдаған жылдар бойы қойыла беретіні хақ.

С.П.: Соңғы жылдары «Шалқия» кен орнында басшысының кеңесшісі болып келесіз. Мұнда қалай келіп жүрсіз?

Н.М.: Мен 2011 жылы Қызылорда облысында бір ауданда ең ұзақ мерзім әкім болып қызмет істеген ардагер ретінде зейнетке шықтым. Сол кезде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ініміздің ұсынысымен «Шалқия» кенішіне директордың әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып қызметке тұрдым. Кейін еңбегім бағаланып, басқарма мүшесі болып сайландым. Қазір мұнда келгеніме алты жылға жуықтап бара жатыр. Содан бері үш басшымен қызметтес болыппын. Мені мұнда қызметке қабылдаған Рамазанов Болат Мінайдаров білікті маман еді. Одан кейін Сұлтанбеков Талғат Есенжолұлымен жұмысты жалғастырдым. Ал қазір Жәукенов Асқар Амангелдіұлымен қоян-қолтық жұмыс жасасып жатырмын. Қазір кәсіпорынның ауданға, облысқа, облыстық басқармалар мен облыс әкіміне байланысты проблемаларын шешуге араласып жүрмін. Бүгінде кеніштің жағдайы жақсы, ол Еуропалық қайта құру даму банкісінен займ алып, жылына 4 миллион тонна қорғасын-мырыш концентратын шығаратын кен байыту фабрикасын салу жұмыстарын бастамақшы. Амандық болса, биыл конкурс өтетін болса, келесі жылы фабриканың құрылысы қолға алынбақшы. Қазір кенішті соған дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Қазірдің өзінде бізде 700-гу жуық адам жұмыс істейді. Мен істеген жылдары екі водовод қатарға қосылды. «Батыс Еуропа» тас жолынан кенішке дейін 15 шақырымлық жол салынып, пайдалануға берілді. Кенішті электр жарығымен толық қамтамасыз ету үшін өте қуатты шағын станция құрылысы салуында. Сол сияқты кен орнын қайта құру, оны судан тазалау, онда 4 миллион кен өндіретін зауытты салу жүріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, кеніштің келешегі зор.

­С.П.: Нәке, сіз біздің журналымыздың ең бірінші кейіпкері болып отырсыз. Енді біздің оқырмандарымызға қандай тілек тілер едіңіз?

Н.М.: Секе, өзіңізбен көптен таныспыз. Өмірде қатар келе жатырмыз. Есіміңіз елімізге белгілі журналистсіз. Енді тың бастама көтеріп, жаңа мазмұндағы журнал жасап жатыр екенсіз. Мен осыған байланысты ұсынысыңызды бірден қабыл алдым. Идеяңыз маған да ұнады. Оның беташар нөміріне шығарып жатқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Ең алдымен журналдарыңыз жұрт қызығып оқитындай, іздеп жүретіндей басылым болсын. Оқырманның жүрегінен орын алсын. Баршаңызға творчестволық табыс тілеймін.

­С.П.: Біздің журналдың беташар нөмірінің кейіпкері болуға келісім беріп, жүрегіңізден ақ жарылып сұхбат құрғаныңызға мың да бір рахмет. Сізге де өмірде үлкен табыстар тілеймін. Қоғамға керек болғаныңыз ғой, Шалқия сияқты келешегі кемел кен орнында басшының кеңесшісі ретінде қызмет етіп жатсыз. Бұл – сүйсінетін нәрсе. Ал алдағы жылдың ақпанында, Алла жазса, 70 жасқа толғалы тұрсыз. Ендеше, бұдан да әрі жалғаса беретін өмір керуенінің келісті көші болсын. Отбасыңызбен бірге жағыңыз түскенше жамандық көрмеңіз. Амандықпен қауышып жүре берейік.

Н.М.: Жақсы тілектеріңіз үшін сізге де мың бір рахмет.

Қызылорда

1 қазан, 2019 жыл

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button