ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев өмірден өтті

АСТАНА. 10 маусым. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев жасы 71-ге қараған шағында кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

«Сыр елінде дүниеге келіп, қазақтың кең даласына адал еңбегімен танылған мемлекетшіл,  елжанды тұлға, ерекше құрмет тұтатын ағамыз, өмірлік ұстазымыз – Бердібек Машбекұлы Сапарбаев қайтыс болыпты. Алла алдынан жарылқасын! Иманы жолдасы болсын!», – деп жазды Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов бүгін таңертең өзінің Facebook-тағы парақшасында.

Бердібек Сапарбаев – еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында лауазым сатысымен Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне дейін өскен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет атқарған, республиканың бес бірдей облысын басқарған көрнекті тұлға.

Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының «Бесарық» ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономика факультетін бітірген. 1995-1999 жылдары – Қызылорда облысының, 1999-2002 жылдары – Оңтүстік Қазақстан облысының, 2009-2014 жылдары – Шығыс Қазақстан облысының, 2015- 2019 жылдары – Ақтөбе облысының, ал 2020-2022 жылдары Жамбыл облысының әкімі болды. Ол қайда қандай қызмет атқарса да, өзінің айшықты қолтаңбасын қалдыра білді, халықпен етене араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту жолында аянбай еңбек етті, көп жағдайда жұмыстары ақсап жатқан аймақтарға арнайы жіберіліп отырды.

Бердібек Сапарбаев 2002-2004 жылдары Кедендік бақылау агенттігін басқарды, 2007-2009 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, 2011-2014 жылдары Үкімет басшысының орынбасары болып қызмет атқарды. Осы жылдарда Отан алдындағы адал қалтқысыз қызметі үшін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталды.

Біздің арамыздан елін шексіз сүйген осындай есіл ер, атпал азамат, толымды тұлға кетіп бара жатыр.

Қош бол, Беке! Алла алдыңыздан жарылқасын.

Rast.kz желілік басылымы редакциясының ұжымы марқұмның отбасына, әулетіне, туған-туыстарына, барша тілеулестері мен жерлестеріне қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button