Пугачева күйеуі Галкиннің соңынан өзін де «иноагент» деп тануды сұрады
МӘСКЕУ. Ресейдің атақты әншісі Алла Пугачева РФ әділет министрлігінен күйеуі Максим Галкиннің соңынан өзін «шетелдің тыңшысы» деп тануды сұрады. Бұл туралы The Insider хабарлады.
Өнер жұлдызы өзінің бұл өтінішін Instagram-дағы парақшасына жазды.
«Мені өзімнің сүйікті елімнің «иноагенті» қатарына қосуды өтінемін, себебі, мен өзімнің күйеуім – Ресейдің нағыз және сатылмайтын патриоты, Отанына гүлденуді, бейбіт өмірді, сөз бостандығы мен елімізді жексұрын ететін және азаматтарымыз өмірлерін ауырлата түсетін қияли мақсат жолында жігіттеріміздің қырылуын тоқтатуды тілейтін адал, таза және шыншыл адамның жағындамын», – деп атап көрсетті Пугачева.
Еске сала кетейік, Ресей әділет министрлігі 16 қыркүйек күні Максим Галкинді «иноагент» деп жариялаған еді. Ведомство оған Украинаның тапсырысын орындады деген айып тақты.
Бұған әртістің өзі артынша нақты жауап қайтарды. Ол өзінің саясатпен айналыспайтынын, Украинада бұдан көп жыл бұрын концерт қойып, ақша алғаны болмаса, ол жақтан кейін ештеңе алып көрмегенін мәлімдеді.