Сенсация! Қазақстандық Елена Рыбакина «Уимблдонды» ұтып алды
ЛОНДОН. 9 шілде. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина атақты «Уимблдон» халықаралық турнирінің финалдық жекпе-жегінде жеңіске жетті. Бұл туралы «Спорт-Экспресс» хабарлады.
«Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина «Уимблдон» финалында әлем рейтингісінде екінші болып тұрған тунистік Онс Жаберді ұтып, жігерлілікпен жеңіске жетті», – делінген хабарламада.
23 жастағы Рыбакина өзінің спорттық мансабында бірінші рет «Үлкен шлем» турнирінің шешуші матчында екі сағатқа толмайтын уақытта Жаберді үш партияда ұтып, сансация жасады.
Бірінші сетте Жабер басым түсті. Қазақстандық екі рет доп берген кезінде есесін жіберіп қойып, партияны 3:6 деген жеңіліспен аяқтады.
Екінші сетте Рыбакина әлеуетті көрінді. Енді ол бәсекелесінің екі доп берген сәтінде ұпай алып, бұл кезекті 6:2 есебімен өз пайдасына шеше білді.
Соңғы, шешуші партияны Жабер қателікпен бастады. Матчтың тағдыры сеттің сегізінші геймінде шешілді. Онда тағы Елена әбжілдік танытты. Осылайша бұл сет те 6:2 есебімен қазақстандық қыздың жеңісімен тәмамдалды.
Бұған дейін бұл екі қарсылас өзара үш рет кездескен екен. Олардың қорытындысында Жабер 2:1 есебімен алда тұрыпты.
Қазақстандық Елена Рыбакина алтын тұғырға көтерілгенге дейін Вандевеге, Андрееску, Чжэн, Мартич, Томлянович деген қарсыластарын, ал жартылай финалда «Үлкен шлем» турнирлерінің екі дүркін иегері, румыниялық Симона Халепті жарыс жолынан шығарып тастады.
Айта кету керек, Елена Рыбакина – бұрынғы ресейлік, Мәскеуде туып-өскен. Ол 2018 жылдың маусым айынан бері халықаралық турнирлерге Қазақстан атынан қатыса бастады.