Никитенко «Тараздың» бас жаттықтырушысы болды
ТАРАЗ. 16 қаңтар. Қазақстандық футбол жаттықтырушысы Владимир Никитенко «Тараз» командасына бас жаттықтырушысы болып тағайындалды. Бұл туралы Тараздан жеткен ақпарға сүйенген rast.kz хабарлайды.
Владимир Никитенко – бұрынғы белгілі футболшы, жартылай қорғаушы, КСРО спорт шебері, жаттықтырушы ретінде командасын 2 мәрте чемпиондыққа жеткізді, 4 рет Кубок жеңіп алды.
Владимир Андреевич Никитенко 1957 жылы 8 қаңтарда Ресейдің Кабардин-Балқар автономиялы республикасының Терек қаласында туған. Оның 8 жасында ата-анасы Түрікменстанның астанасы – Ашхабад қаласына көшіп келген.
Владимир футболшы роліндегі мансабын 1974 жылы 17 жасында КСРО чемпионатының бірінші лигасында ойнайтын Ашхабадтың «Строитель» командасынан бастады. Команда 1976 жылы «Колхозчи» атанды. Сол жылы Владимир командаласы Құрбан Бердыевпен тандем құрып ойнады. Олардың бұл табысты ойындарын «Қайраттың» сол кездегі жаттықтырушылары Станислав Каминский мен Тимур Сегізбаев байқап қалып, 1978 жылы өз клубтарын алып келді.
Міне, содан бері Владимир Никитенко Қазақстанда тұрып келеді. Ол 1978-1987 жылдары «Қайратта», 1988-1989 жылдары Павлодардың «Тракторында», 1990-1991 жылдары Жамбылдың «Химигінде» ойнады. «Қайрат» сапында ең көп алаңға шыққан футболшылардың бірі болды (296 ойын). Ол Одақтағы алаң жиегінде тұрып, допты айып алаңында дейін лақтырып жеткізе алатын санаулы ойыншылардың бірі еді.
Жаттықтырушылық кезеңін бұған дейін «Атырау», «Ақтөбе», «Қайсар», «Елімай», «Достық», «Ордабасы», «Жетісу», «Қайрат», «Тобыл» командаларында өткізді. 2017 жылы 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасына жетекшілік жасады. 2003-2007 жылдары Ваит Талғаевпен бірге Грозныйдың «Терегін» жаттықтырып қайтты.