Қоғам

Тоқаев Дариғаны тамызда отставкаға жібере ме?

Жанар Төлендинова

Қазақстандық танымал саясаткер, «Кто есть кто в Казахстане» өмірбаяндық энциклопедиясының бас редакторы Данияр Әшімбаевпен жақында жүргізілген кадрлық өзгерістер туралы мынадай сұхбат жасалды.

Өткен жолғы сұхбатта атап өтілген Талғат Қалиев бастаған команданың Президент әкімшілігі құрылымына келуінен, Аида Балаева Президенттің көмекшісі және өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалунан бөлек, тағы бірқатар тағайындаулар болды: Тимур Сүлейменов Президент көмекшісінің орынтағын Президент әкімшілігі басшысының орынбасарлығына алмастырды, Сатыбалды Бұршақов пен Айдын Құлсейітов жаңадан құрылған сыртқы саясат және халықаралық байланыстар, стратегиялық жоспарлау деген екі бөлімнің меңгерушісі болды. Жаңа бөлімшелердің санына қарағанда, Президент әкімшілігінің құрылымы айтарлықтай реформаланған екен.

– Шынында, қанша талқыласақ та, Президент Әкімшілігінің жаңа құрылымының бекітілгені рас – бұған сәйкес жарлық жария етілген жоқ, бірақ мұны кадрлық ротациялар ретінде қабылдауымыз керек шығар.

Бұған дейін президенттің көмекшісі болып келген Тимур Сүлейменов Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды. Бұл жерде көмекші мен басшының орынбасары лауазымдарының шамалас қызметтер екенін айта кетуіміз керек. Президент әкімшілігі экономикалық блогының кураторлары әр кезеңде әртүрлі статустар алды – біреулер көмекші, біреулер әкімшілік басшысының орынбасары болды. Бұл лауазымдардағы айырмашылық оншалықты маңызды емес.

Президент кеңсесінің бөлімшелері мен жалпы бөлімнің базасында өтініштерді қарауды бақылайтын жаңа бөлім құрылды. Бұдан бөлек, Президент әкімшілігінің құрамында әрекет етіп келген үш орталық қайта құрылуға ұшырады. Біріншіден, Ержан Бабақұмаров басқаратын талдау және болжау орталығы ішкі саясат бөліміне бірікті, қазіргі таңда оның меңгерушісінің орны бос тұр. Екіншіден, бұрын Сатыбалды Бұршақов басқарған сыртқы саясат орталығы сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімі болып қайта құрылды. Ақырында, стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы қайта құрылып, стратегиялық жоспарлау бөлімі болды, мұнда Құлсейітов те Бұршаков сияқты өз позициясын сақтап қалды. Осылайша, Президент әкімшілігінің құрамында бүгінгі таңда 12 бөлім жұмыс істеп келеді.

– Демек, құрылымдық бөлімшелер саны артты ғой?

– Іс жүзінде, қазіргі деректерге қарағанда, олардың саны бұрынғысынша қалған. Тек екі орталық (сыртқы саясат және стратегиялық әзірлемелер) бөлімдерге айналып кетті, бір орталық (талдау және болжау) ішкі саясат бөлімінің құрамына қосылды және өтініштердің қаралуын бақылайтын жаңа бір бөлім құрылды. Дегенмен, нақтысын жарлықпен танысқаннан кейін ғана айтуға болады. Еске сала кетейін, Президент әкімшілігі құрылымына сондай-ақ Қазақстан халықтары ассамблеясы, Мемлекеттік хатшы, Қауіпсіздік кеңесі секілді құрылымдар да кіреді. Соңғы кездері кадрлық ауыс-түйістер ПӘ-нің түрлі құрылымдық бөлімшелерін қамтып өтті. Осылайша өткен аптада Бейбіт Исабаев президенттің парламенттегі өкілдігінің жаңа жетекшісі болып тағайындалды.

Егер бұрын ол президенттің өкімімен тағайындалса, енді жарлықпен бекіп отыр, бұл лауазым мәртебесінің жоғарылағанын көрсетеді.

– Президент әкімшілігі басшысының жаңа орынбасары Тимур Сүлейменов Алматының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың адамы болып саналады. Жақында тағайындалған оңтүстік астана әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров та сондай. Бір жағынан Сағынтаев командасының адамдары Президент әкімшілігінен кетіп жатса, екінші жағынан оған өсіп келіп жатқаны байқалады.

– Бабақұмаров шынында да Президент әкімшілігінде Сағынтаевпен жұмыс істесті, сосын  онымен бірге Алматыға да кетті. Оның құрылымы, – талдау және болжау орталығын айтам, – ішкі саясат бөлімімен қатарлас деңгейде болды. Сонымен қатар, әкімшіліктің идеологиялық блогын біріздендіру жүріп жатыр – ПӘ-нің жаңа басшысы Қырымбек Көшербаевтың да кадр құрамы мен құрылымдық мәселелер туралы өз ұсыныстары бар екені анық. Сонымен қатар Президент әкімшілігінде негізгі шешімдерді оның басшысы емес, президенттің өзі қабылдайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар жаңа тұлғаларды негізгі позицияларға қойды, бұлар, мысалы, жоғарыда аталған президенттің парламенттегі өкілдігінің басшысы Бейбіт Исабаев, – Тоқаевтың премьер кезінде, 2000-2002 жылдары, – премьер-министр кеңсесі үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі болды. Жалпы, қазір мемлекеттік аппаратта бұрын Токаевпен жұмыс істегендер қатары көбейіп келеді. Бұларға жаңа ішкі саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Сатыбалды Бұршақов пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының маусым айында тағайындалған орынбасары Дархан Жазықбаев та жатады.

Осылайша, Тоқаев қазіргі кезеңде мемлекеттік аппараттың мақсаттары мен міндеттері жайындағы өз пайымдарына сүйене отырып, оның құрылымдық және кадрлық қатынастарын қайта құрып жатыр.

Сондай-ақ, Сағынтаев премьер-министр болған кезде оның кеңсесін басқарған, Бақытжан Әбдірұлы әкімшілік басшысы болып тағайындалғаннан кейін экономика министрлігінің жауапты хатшысы болған Нұрлан Алдабергеновтің таяуда қызметінен босатылғанын да айта кетейін. Ал Сағынтаев әкімшілікте отырғанда, секретариатты басқарған, ал одан бұрын, Бақытжан Әбдірұлының премьер кезінде оның кеңсесі басшысының орынбасары болып істеген Алмас Батанов Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін алды. Осылайша біз Сағынтаев адамдарының орталық органдағы түйінді позициялардан кетіп, олардың орындарына Тоқаев командасының келіп жатқанын байқап отырмыз.

– Алайда, Тимур Сүлейменовке қатысты…

–  Сүлейменов – бұл ең алдымен экономикалық саясат мәселелеріне жетекшілік ету үшін біліктілігі жететін маман. Сондай-ақ Тимур Мұратұлының Сағынтаев командасының өкілі ретінде Асқар Маминнің үкіметіне белгілі бір дәрежеде бәсекелес позицияда болатынын түсінуіміз керек-ау, шамасы, Президент оны қазіргі Министрлер кабинетінің экономикалық саясатын сыни қабылдау үшін қалдырды.

– Данияр Рахманұлы, өткен дүйсенбіде болған кадрлар ротациясының  қорытындысы бойынша, ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің позициясы босап қалды. Сіздің ойыңызша, кім оны алуы мүмкін?

– Менің білуімше, бұл бос орын жөнінде әлі шешім қабылданған жоқ. Бұл орынға аймақтарда облыс не қала әкімінің орынбасарлығында тәжірибесі бар адамды әкелсе жаман болмас еді, олай дейтінім, бөлімде аймақтарға қатысты көптеген мәселелер қаралады, сондықтан бұл лауазымды практиктің отырғаны дұрыс.

Баршамызға белгілі, жақында президент жанынан ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды, оның жұмыс органы ең алдымен ішкі саясат бөлімі болатын сияқты. Қалай дегенде де, президенттің қысқа мерзімді демалысы аяқталғанға дейін бұл мәселе шешілмейді. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз демалысын тек тынығу үшін ғана емес, сондай-ақ, тамыздың 20-да басталатын жаңа саяси маусымға дайындық үшін де пайдаланады деп ойлаймын.

– Жаңа маусымда қандай тосынсыйлар күтіп тұр?

– Парламент сессиясының биылғы жылы ертерек басталып кетерін жоққа шығаруға болмайды. 26 тамызда Дариға Назарбаеваның президенттің «сегіздік» сенаторы ретіндегі өкілеттігі аяқталып, оның парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы ретіндегі өкілеттігі автоматты түрде тоқтатылады. Осы уақытқа дейін президент сегіз жаңа сенаторды тағайындай ма, әлде бұрынғыларды қайта тағайындай сала ма, – соны шешуге тиіс. Дариға Нұрсұлтановнаның өкілеттік мерзімі бітетіндігіне сәйкес, спикерді сайлау немесе қайта сайлау үшін сенат сессиясы өтуі тиіс. Бұл жерде болжам жасау қиын, өйткені, Дариға Назарбаеваға қатысты соңғы уақытта белгілі бір мәселелер бар.

Оны тағы бір кінәлау дүрбелеңі туып жатыр, оның негізсіз болып шығуы да әбден мүмкін. Бірақ қалай болғанда да, Дариға Нұрсұлтанқызы мәртебесін ескере келгенде, бұл инсинуацияны теріске шығару оңды болар еді деп ойлаймын. Бұл енді жеке оның ғана шаруасы емес.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button