Президент легионер спортшыларды тарту практикасын доғаруды талап етті
АСТАНА. 27 тамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Олимпиялық ойындар жүлдегерлерімен кездесуі кезінде шетелдік спортшыларды әкелуді тоқтатуды тапсырды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, Қазақстанг атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екеніне арнайы тоқталып өтті.
Бұл мәселе біздің әлеуметтік желілерде де көптен бері сөз етіліп, жан-жақты сынға ұшырап келе жатқан болатын. Шетелден натурализация жолымен алына салған спортшылардың бәрібір қалай дегенде де, қазақ спортына жаны аши қоймайтынын, аламан бәйгелерде ел намысын қорғауға оншалықты ықыласты бола бермейтінін Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер, санаулы сағаттар қалған шақта байырғы ресейлік теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның оған қатыстудан үзілді-кесілді бас тартқандары тағы бір мәрте көрсетіп берді. Мұның расында солай екенін өздерінің «ауырып қалғандарын» алға тартып, жарыс жолына қосылмай қалған аталған спортшылардың Ойындар жүріп жатқан күндері ірі халықаралық турнирлерге қатысқандары айқын айғақтап шықты.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев сырттан алдырылған спортшылардың өзіміздің өсіп келе жатқан таланттарымыздың жолдарын байлайтындарын ашып айтты.
«Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн»,– деді Мемлекет басшысы осы орайда.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау керек екенін айта тұрып, өзіміздің көптеген талантты жаттықтырушылардың мұнда орындарын таппай, шекара асып кетіп жататынына алаңдаушылық білдірді.
«Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.