Тоқаев спорттағы жемқорлық тамырына балта шабылатынын ескертті
АСТАНА. 27 тамыз. Мемлекет басшысы Қазақстан спортын жан-жақты жемқорлық шарлап алғанына алаңдаушылық білдіріп, оның жолы кесілетінін қадап тұрып айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиялық ойындар жүлдегерлерімен кездесуі кезінде сөйлеген сөзінде спорт саласын жайлап алған жемқорлық жайына бірнеше рет тоқталып өтті.
«Елімізде 500-ден астам балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар. Бірақ олардың қызметінде түйткілді мәселелер аз емес. Осындай мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі «желге ұшады», – деді Президент.
Мемлекет ең жоғары деңгейдегі спортшыларды дайындауға жеткілікті мөлшерде қаржы бөлетінін сөз еткен Қасым-Жомарт Кемелұлы бұдан әрі спортта әділ бәсекелестік рухы салтанат құруы қажет екеніне назар аудара келіп, саладағы жемқорлықпен табанды түрде күресіп, жоғары нәтижеге қол жеткізуге кедергі келтіретін тамыр-таныстық секілді факторлардан іргені аулақ салуға шақырды.
«Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды!» – деді келесі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев.