«Сұрқылтайдың» соңғы сапары
Биылғы жылғы наурыз айының басында Қазақ жері мен елінің қоғамдық-әлеуметтік өміріне елеулі өзгерістер әкелудің басы болған тың жерлерді игеру науқанының қолға алынғанына тура 65 жыл уақыт толды. Біз бүгін нақты ол туралы емес, сол науқанды волютаристік жолмен бастап кеткен, сөйтіп, бүгінгі қазақ қасіретіне бір себепкерлік еткен сұрқылтай Никита Хрущевтың Қазақстанға соңғы сапары жайлы әңгімемелекпіз. Сол жылдары СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы және КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымын қоса ұстаған оның 1964 жылдың тамыз айында жасалған бұл саяхаты Кеңес Одағының аумағын соңғы рет аралап шығуы болды.
Содан бері де 55 жыл уақыт өткен екен.
Қазақтың «сұрқылтай» деген сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Оның біріншісі ханның кеңесшісін, ақылшысын меңзесе, екіншісі екіжүзді, опасыз, қаскүнем адамға қарата айтылады. Біздің кейіпкеріміз осы екінші тұрпатты тұлға болатын. Зымияндығы мен аярлығында шек жоқ бұл адам енді тағы бірқатар уақыт тізгін ұстап қала бергенде, Қазақстан мен қазақтың келешегі қандай болары белгісіз-тін.
Қазақстан мен қазақ халқына барынша жаулық көзқараста болып, соның шегіне жетуге ұмтылған Хрущёв біз сөз етіп отырған соңғы сапары 1964 жылдың 13 тамызы күнге тура келеді. Тойшыл да думаншыл Никита Сергеевич ел ішін аралай жүргенде, барлық жерлерде халықтың көңілі көтеріңкі болып, мерекелік көрініс көрсетіп тұруын, жұрттың өзін барлық құрмет-қошеметпен қарсы алударын қатты талап етті. Ол, әсіресе, алдынан белгілі кісілердің нан-тұз алып шығуларына ерекше мән берді.
Бұл жолы ол бұл сейілін 5 тамызда Волгоград облысынан бастады. Келесі күні Ростов облысына барып, 11-інде Солтүстік Осетияның 40 жылдық мерекелік салтанатына қатысты. Содан ары, 11 тамыз күні Башқұртстанға аялдап, 12-сінде Қостанай облысының жеріне аяқ басты. Ал 13-і күні Целиноград қаласына келіп, республиканың ауыл шаруашылығы озаттары қатысқан үлкен митинг өткізді.
Бірінші хатшы жиында өзін көпшіл, демократ басшы етіп көрсетуге тырысты. Соның ыңғайында ол баяндама жасап тұрып: «Мен залдан өзімнің жылқышы досым Самайбаевты көріп тұрмын, – деді екі езуі екі жағына жайылып. – Ол мүмкін «Хрущёв жылқы туралы айта ма екен, айтпас па екен» деп ойланып отырған шығар. Маған осы Самайбаев жолдас бірде: «Жылқысыз қиын, себебі, қыста қой қар астынан шөп теріп жей алмайды, оны тек жылқы ғана тұяғымен теуіп шығара алады, сосын бұл азықты оның өзі ғана жеп қоя салмайды, қойдың да жеуіне мүмкіндік береді» деген еді. «Иә, жылқының еті де дәмді» деп еді ол… Ал жылқының қазысы ше, керемет емес пе!». Бұған, әлбетте, зал толы жұрт қуана қол соқты.
Осыдан кейін бірінші хатшы Целиноград облысының шаруашылықтарын аралап, кезекті жиын өткізіп, Мәскеуге қайта оралды. Бұл шынында Никита Хрущёвтің Одақтың республикалары мен аймақтарын аралаған ең соңғы сапары болды. Ол бізден кеткеннен кейін ешқайда барған жоқ. Бір жарым айдай уақыт Кремльді қалада болып, қазан айының бас жағында Пицундаға демалуға аттанды. Бірақ ұзақ жата алған жоқ, қазанның 12-сінде оған Орталық Комитеттің кезектен тыс пленумы өтетіні жөнінде Мәскеуден шақыру келді. Қазанның 14-інде өткен сол пленумда Хрущёв бірінші хатшының лауазымынан түсірілді. Арада бір күн өткеннен кейін ол Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінен де босап қалды. Сөйтіп, ел билеген оншақты жылының ішінде бәрін ала тайдай бүлдірген ақылсыз басшы біржола тақтан кетірілді.
Бірақ соған дейін халық оның шолақ ойлылығы мен дарақылығынан көп зарлап шекті. Жұрт енді болмағанда, «қоңыз теріп» кететіндей күнге жақындап қалған еді. Қулығы мен арамдығына найза бойламайтын Никита Хрущёв Одақ билігінің ең жоғарғы басына да өзінің сондай сұрқиялығы мен сұрқылтайлығы арқасында жетті. Ол бұл жолдағы күресін 1953 жылғы 5 наурызда 74 жастағы Иосиф Сталин кенеттен қайтыс болғаннан кейін бастап кетті. Тартыс үш кезеңнен тұрды. Оның 1953 жылғы наурыздан маусымға дейін созылған бірінші кезеңінде елдің билігі Министрлер Кеңесінің төрағасы Георгий Маленков пен қайтадан біріккен ішкі істер министрін басқаруды қолға алған Лаврентий Берияның құзырында болды. Сол жылғы жаздан 1955 жылдың ақпанына дейінгі аралықты қамтыған екінші кезеңнің соңында биліктің биік шыңына Маленков пен Хрущёв жайғасты. 1953 жылдың қыркүйегінде СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Никита бған дейін бірде-бір мемлекеттік қызмет ала қоймаған еді. Бірақ осы екінші кезеңнің соңынан бастап оның биліктегі ықпалы күшейе түсті де, Маленков біртіндеп әлсірей берді. Ал 1955 жылғы ақпаннан 1958 жылғы наурызға дейінгі мезгілді жалғастырған үшінші кезеңде бірінші хатшы Маленков, Молотов, Каганович және басқалар тұлғасындағы «біріккен оппозицияны» біржола талқандап шығып, биліктің ұшар басында бір өзі қалды. Ол 1957 жылғы пленумда әлгі үшеуді «антипартиялық топ» деп айыптап, барлық қызметтерінен алып тастады.
Осылайша күшейіп алған Хрущёв бұдан әрі елді жеке-дара билеуге кірісті. Бірақ елдің тағдырын шешетін істерге белсене араласып, өзін халыққа кеңінен танытуды бұдан бұрын бастап кетті. Ол 1953 жылғы қыркүйекте өткен Орталық Комитеттің пленумында ауыл шаруашылығы апатты жағдайда тұрғанын баяндап, өзін шындықты көзге айтатын ер етіп көрсетті. Бұл мәлімдеме Никита Сергеевичті халыққа ауыл шаруашылығының жай-күйін жақсы білетін басты маман, оны өзгерте алатын реформатор ретінде танытты. Ол колхоздар мен совхоздарды қайта құрумен тек Маленков қана емес, өзі де айналыса алатынын білдіргісі де келді.
Астықтың гектарына орта есеппен 10-11 центнерден жинап алынып тұрған сол кезеңінде Хрущёв келесі, 1954 жылдан бастап жаңа жерлердің кемінде 70 пұттан қосымша өнім бере алатынын сөз етті. Ол тың жерлерді игеретін адамдарды қайдан алуға болатынын да алдын ала есептеп қойды. Бұл үшін патриотық науқан жариялап, жастарды көзсіз еңбек ерлігіне шақыру керек еді. Мұнда көптеген жас жігіттер мен қыздардың бұрын трактор руліне отырған-отырмағандары маңызды емес. Оларды тез үйретіп шығуға болар еді. Сөйтіп, 1954 жылғы ақпанның соңында өткен пленумда жасаған баяндамасында Хрущёв: «Ондаған мың жас патриот өздерін жаңа жерлерді игеруге жіберуді өтініп отыр» деп мәлімдеп жіберді.
Артынша осының деңгейінде республикаға, одан облыстар мен аудандарға жоғарыдан «орасан зор» жоспарлар берілді. Ол астықтың көлемін әлденеше есеге арттыруға негізделді. Осыған байланысты 1954 жылдың ақпанында Алматыда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің VII съезі өтіп, ол тың жерлерді игеру жөніндегі бастаманы қызу қолдады. Бірақ бұл жұмыстарды енді Қазақстан басшылығы өзі жүргізуге тиіс болды. Ал республикадағылар қолдан келгенінше науқанды кейінге қалдыра тұруға әрекет етті. Соның орайында Қазақстанның бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметов бір жолы Хрущёвті: «Қазақстан – егіншіліктің емес, мал шаруашылығының жері. Сондықтан мұнда тың көтерудің керегі жоқ» деген өзі тұжырымына иландыруға күш салып бақты. Осы үшін ол кейін қызметінен де айрылды. Оның орнына орталықтан Пономаренко жіберілді, ал екінші хатшылыққа Брежнев бекітілді.
Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бірінші хатшысы, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Никита Хрущёв біздің республикаға алғаш рет 1956 жылдың тамыз айында келді. Кейін, 1964 жылғы 13 тамызда Целиноградта өткізген митингісінде сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей, мұның бәрінде ол әр жолы республикаға келуге айрықша құштар болған. «Мен сіздердің тың жерлеріңізге 1956 жылы келдім, ол кезде еліміз тыңның мол астығын жинап алуға құмбыл кірісіп жатыр еді, – деді ол. – Сол сияқты 1958, 1961 жылдары да тыңда болдым. Енді, міне, бұл жолда көптеген қиындықтарға кезіккен, бірақ бәрін абыроймен жеңіп шыққан тыңгерлер, сіздердің орталарыңызға тағы да келіп тұрмын».
Хрущёв 1956 жылы Алматыда да болып, сол кездердегі баспасөздің жазуынша, «қала шаруашылығының, әсіресе, тұрғын үй қорының, оқушылар мен медициналық мекемелердің жағдайын талқылап, бұйрық іспеттес кеңестер мен нұсқаулар беріп, қала шаруашылығының бұдан әрі жетіліп, өсуіне белсене көмектескен». Осының нәтижесінде қала тұрғындары үшін қолжетімді тұрғынжайлар мекені – жаңа шағын аудандар жоғары қарқынмен салына бастады.
Ал 1961 жылы Никита Сергеевич Алматыға тіпті екі рет аялдады. Алдымен наурыз айында мұнда ауыл шаруашылығы озаттарының жиынын өткізсе, маусымда республиканың 40 жылдығына арналған мерекелік салтанатқа қатысты. Барған жерлерін думанға айналдырып жүретін әпербақан басшының бұл сапарларының қандай аламан-тасыр дүрмекке айналып өткенін сол кездерде жарыққа шыққан газеттердің мақалалары мен арнайы құжаттар толық айғақтап береді. Соңғы тойда ол ең бағалы қонақ ретінде аспанға көтеріліп, қошеметтің теңізіне шомылып жүрді. Сол тұстағы бір мәнбе мұны әдепкі реңкін былай рәуіштеді: «Алматы әуежайына мыңдаған адам жиналды. Күннің шұғыласымен Кеңес Одағының, Қазақ КСР-нің, одақтас республикалардың мемлекеттік тулары алаулап тұр. Сол кезде ИЛ-18 лайнері әуеден аэровокзалға қарай бет алды. Жиналғандар ұшақтан түскен Н. С. Хрущевті қол шапалақтап, сәлем бере қарсы алды… Шексіз шаттанып тұрған халық қазақ және орыс тілдерінде оған: «Қош келдіңіз, қымбатты Никита Сергеевич!» – «Добро пожаловать, родной Никита Сергеевич!» жарыса үн қатты. Бірақ оған деген әмісе бүкілхалықтық сүйіспеншіліктің шыңының салтанаты келесі күні Хрущёв республика басшылығымен бірге бұл жылдары алматылықтардың Медеуден гөрі де көбірек баратын демалыс орны – Есік көліне барған кезде көрініс тапты. Жұрттың шынайы сезімдерінің тереңдігін Біріншіге көрсету үшін кортеж жолай әрбір бірнеше шақырымнан кейін тоқтап тұрды».
Көл басына барған жерінде колхозшылар М. К. Заика мен Л. А. Рябич Хрущёвке нан мен тұз ұсынып бәйек болса, ардагер шопан С. Кеңсебаев үстіне шапан жауып, басына жылтыр малақай кигізді, ал алтыншы сынып оқушысы Люба Скрипникова халықтар достығы туралы әңгімелесе, Галя Шебалдина жүгері өсірудің пайдасын айтып шықты. «Тау басындағы жайлауда малшылар Никита Сергеичті қонақ етіп күтті, зейнеткерлер оған тау гүлдерін тарту етті, ал пионерлер барабан қағып, сол кезде өздері ұстап алған кірпінің баласын сыйлады, – деп жазды газет бұдан әрі. – Бұл жерде Хрущёвтің – Қазақстанға, қазақстандықтардың Хрущёвке деген барынша өзара сүйіспеншіліктері айқын көрінді». Біз бұдан арғы жолдардан: «СОКП Орталық Комитеті бірінші хатшысының, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.С. Хрущёвтің Алматыға келген сапары жұмысшылардың, колхозшылар мен зиялы қауымның естерінде ұзақ уақыт сақталып қалады. Халық Никита Сергеевичті ғажайып Алматының үлкен қамқор досы деп атайды» деген сөйлемдерді оқимыз.
Бәлки, сол оқиғаларды өз көздерімен көрген көнекөздер мұны бұл өмірде ұмыта да қоймайтын шығар. Бірақ Хрущёвтің халық арасында, соның ішінде Алматы тұрғындары арасында жақсы атымен қалмағаны айдай анық. Жұрт арада небәрі үш жылдан сәл астам уақыт өткеннен кейін бұл кездесулерді өз өмірлеріндегі ерекше бір көріністер ретінде айтуды да доғарды.
Бірақ Одақ басшысына өздерінің наразылықтарын білдіріп үлгерген жекелеген адамдар да әрдайым болып тұрған. Алматыдан Мәскеуге теміржолмен кетіп бара жатқан бір сапары барысында Қызылорда стансасында халықпен жүздесу үшін перронға шыққан кезінде оған жергілікті тұрғындардың калош лақтырғаны туралы да дерек бар. Содан кейін Хрущёв шұғыл ішке қайтып кіріп, ары қарай жүріп кеткен. Бірінші хатшының Есік көліне барғанында да тап осыған ұқсас оқиға тіркелген. Ол туралы жазушы Юрий Добрышкин өзінің өмірбаяндық кітабында атап көрсетеді. Хрущёв мінген көлік көл жағасына келіп тоқтағанда, бір адам қоршаудан ішке қарай өтіп кетіп, бірінші хатшының жанына жеуге мүлде келмейтін, неден жапқаны да белгісіз бір бөлке нанды тастай салады. Осыған байланысты ол жігіт дереу қамауға алынады. Дегенмен, ішкі істер органдары көп ұзамай оны босатып жіберуге мәжбүр болады.
Кітапта автор Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Іс басқармасында қызмет ететін әкесінің 60-шы жылдардың басында Үкіметте өткен отырыста Алматы қаласын одан әрі дамытудың мәселесі жан-жақты қаралғанын айтқанын сөз етеді. Сол кезде Үкімет басшысы Дінмұхаммед Қонаев, оның бірінші орынбасары, кейін зейнетке шыққанша Министрлер Кабинетін басқаратын Мәсімхан Бейсебаев болған. Басқосуда көптеген шенеуніктер, сонымен қатар архитекторлар сөз алып, шаһардың батыс бағытқа дамуы керектігі жөнінде мәмілеге келеді. Ал жиын аяқталғаннан кейін М. Бейсебаев: «Даму жоспары өте керемет жасалды. Оны кейінгі ұрпақ мақтаныш етеді. Бірақ, сонымен бірге, сол ұрпақ бізді қарғайтын да болады», дегенді айтады. Сол кезде «Неге?» деген сұрақ та қойылады. Бұған Мәсімхан аға: «Себебі, біз қаланы мына бағытпен дамыта отырып, оның керемет құнарлы жерлерін қоса құртамыз. Жұрт сосын қайдан азық алады? Демек, кез келген ақымақ қаланы батыс бағытқа қарай жылжыта алады, ал сіздер мықты болсаңыз, оны солтүстік бағытқа қарай салып көріңіз. Міне, бастаманың ұлылығы сол кезде көрінеді!», – деп жауап береді.
Әлбетте, елдегі барлық жағдай расында соншалықты жақсы емес еді. Керісінше, ол жылдан жылға нашарлап бара жатты.
Никита Хрущёв өз билігінің кемеліне келген шағында ел ішін аралап, сапар шегіп тұруды үлкен дәстүрге айналдырып, оны барынша дүркіретіп өткізуге қатты құштар болды. Ол теміржолмен жүретін Үкіметтік эшелонға өзіне барған жерлерінде керек болатын барлық нәрселерді салдырды, кейін тәбеті өске түскен кезінде пойызға тіпті үкіметтік лимузиндерді де артып алып жүруге айналды. СОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қалалар мен далаларды аралай жүріп, өзіне разы халықпен жүздесіп тұруды айрықша жақсы көрді. Бірақ сол кездесулерге тек жақсы сөздерді естуді мұрат тұтып баратын ол сол халықтың көрген күндері барған сайын нашарлап келе жатқанын аңғармауға тырысты. Осы сапарларының жиынтығында Никита-көсем сауаты шамалы, күйгелек, тынымсыз, мылжың, кекшіл, өзгенің пікіріне құлақ аса қоймайтын өзімшіл, жағымпаздыққа жаны құмар екенін танытып үлгерді.
Хрущёв 1964 жылдың 10-11 тамызы күндері Қазақстанға келе жатқан жолында Башқұртстан жеріне аялдады. Бірінші күні ол Туймазы және Октябрь аудандарында болып, келесі күнгі уақытын Уфа қаласында өткізеді.
Хрущёвтің терең ойластырылмаған және бір-біріне қарама-қарсы реформаларының зардаптары 1964 жылы экономика мен ауыл шаруашылығын қатты құлдырауға алып келді. Бұған дейін орасан зор шығындармен көтерілген тың эпопеясы қанша жерден көпе-көрнеу мақталып келгенімен, кейінгі жылдары күткен өнімді бермеуге айналды. Мұның ақыры осы жылы елде нан өндіру ісі күрт құлдырап, оның тапшылығы орын ала бастады. Жұрт бидайдың орнына арпа мен жүгеріден істелген нан өнімдерін жейтін халге жетті. Тың және тыңайған жерлерді сауатсыз және асығыс игеру салдарынан Қазақстанның көптеген аудандарындағы құнарлы жерлердің шаңы аспанға көтеріліп, тозаңды дауылдар жиі соғып тұратын болды. Жайылымдық жерлердің кемдігінен 1964 жылдың бірінші жарты жылдығында тың жерлердегі совхоздар миллиондаға бас малдарынан айырылды.
«Жазға қарай Уфаның дүкендерінен азық-түлік өнімдері түгел дерлік көзден бұл-бұл ұшты, – дейді қала тұрғыны Виктор Смолин. – Ашық саудада тек арақ, селёдка, қара нан мен жүгерінің наны, шағын кәдесый қорапшасына салынған, бағасы удай, 8 сом тұратын, трубкамен тартатын қымбат темекі ғана қалды. Қарапайым адам үшін бұл ақылға сыйымсыз баға еді. Сол кезде жұмысшылар арасында қорабы 12 тиын тұратын «Прибой» мен, 14 тиындық «Север» өтімді болатын. Бәрі құрып кетті. Жұрт аялдамалардан темекі тұқылдарын теріп жүретін. Бірақ олардың өзі оңайлықпен табылмаушы еді. Егер әлдеқандай жерде ақ нан немесе қант сатыла қалса, заматында ұзын шұбақ кезек пайда бола қалатын. Сауда орындарында бір қолға 4-6 сайка наны немесе 1-2 кило қант қана берілетін».
Сол жылдары шағын қалалардағы жағдай бұдан да ауыр еді. 80-ші жылдары коммунизмнің есігінен сығалап қарауды арман еткен Хрущёв азаматтардың қайтадан кулак болып кетуінен қорқып, олардың мал ұстауларын шектеу жөнінде барып тұрған ақымақ тыйым шығарды. Соның салдарынан ауылдық жерлердегі ахуал күрт нашарлап сала берді. Салық агенттері үйме-үй жағалап, олардың қанша жері, малы бар екенін ұдайы тексеріп тұрды. Шаруалардың есік алды жерлеріне дейін кесіп тасталды. Сырттан огород егуге тыйым салынды. Кейін осы бос қалған жерлердің бәрін қурай мен ақбас сияқты мал да жемейтін арамшөптер басып қалып, атырап сортаңданып кетті. Әр шаңырақтың ұстайтын төрт түлігі саны да барынша шектелді. Айталық, Қазақстандағы әрбір үй тек 1 ірі қара малы мен 5 қой, сондай-ақ 10 тауық қана асырауға құқылы болды. Ал 1963 жылдың 6 мамырында дүкеннен сатып алынған азық-түліктерді малға беруге тыйым салатын келесі бір ақымақ шешім қабылданды. Оны бұзғандар заматында қылмыстық іске тартылып жатты.
Жағдайдың осыншалықты қиын екенін жасыруға бағытталған қитұрқы саясаттың әсері болуы керек, Хрущёв билігінің соңғы жағында қол жеткізілген көрсеткіштерді қосып жазушылық пен көзбояушылық өзінің шарықтау шегіне жетті. Мысалы, Башқұртстан баспасөзі сол жылдары Туймазы ауданындағы 20 жасар бақташы Рамзия Гайфуллинаның фантастикалық табыстарын жарыса жазуға кірісті. Небәрі жеті сыныптық білімі бар бұл бойжеткен өз табынындағы әр мегежіннен 45 торайдан алған. Башқұрт газеттерінің жазуынша, бұған бақташы қыз өзінің бірнеше жылдық тәжірибесі арқылы біртіндеп жеткен. Рамзия осы жетістігі үшін Еңбек Ері атанады. Оны тіпті республика басшылары 1964 жылғы 10 тамызда Туймазы вокзалында Хрущёвке таныстырады. Бірінші хатшы мұны өз еңбегінің бір жемісі көріп, барынша мақтанады.
«Принципінле мұндайдың болуы тіпті мүмкін емес, – дейді биология ғылымдарының докторы, Башқұрт мемлекеттік аграрлық университеті ауыл шаруашылығы малдарын өсіру кафедрасының профессоры Ирина Долматова. – Әлі ешкім алып тастай қоймаған биологияның заңдары бойынша, бір мегежін жылына орта есеппен – 24, ары кеткенде 25 торай туа алады. Егер мұндай рекордтық туыттар орын алып жатса, бірінші кезекте ол маман ғалымдарға белгілі болып, алдымен ғылыми әдебиеттерге кіргізілген болар еді». Бірақ Хрущёвтің сол кездегі заңдары табиғаттың кез келген заңдарынан жоғары шығып жатты. Ол атышулы бірінші хатшы орнынан түсірілгеннен кейін біртіндеп келмеске кете берді.
Ресейдің «Литературная Россия» деген белгілі газетінің биылғы 12 қазандағы нөмірінде жазушы Вячеслав Потёмкиннің «Русский подлец Никита Хрущёв» деген мақаласы жарық көрді. Сонда автор жексұрындығы мен оңбағандығы күштілігі сондай, бұдан күшті аямайтыны сондай, өзімен араласқан адамдарды өзінің айтқанына көндіріп, оларды да оңбаған етіп жіберетін тұлғалар болатынын айта келіп, кеңес елін билегендер арасында сол қатарға жататындардың бірі – Никита Хрущёв болса, екіншісі Михаил Горбачёв екенін атап көрсетеді. «Соның ішінде айрықша шімірікпес мерезі Хрущёв болды» дейді ол.
Біздің бұған қосып-аларымыз жоқ.
Серік ПІРНАЗАР