Руханият

«Кяпаз» деген – қуаныш

Туысқан әзербайжан тілінде «кяпаз» деген сөз бар. Ол біздің ұғымымызда «қуаныш», «шаттық» деген мағынаны білдіреді.

Бүгін мұны еске алып отырған себебім, осыдан тура 39 жыл бұрын, 1978 жылдың 16 тамызы күні республикалық «Лениншіл жас» газетінде менің тап осындай, «Кяпаз» деген – қуаныш» деген заметкам жарық көрді.

Сол жылғы 13-24 тамыз күндері Алматыда алғаш және соңғы рет Бүкілодақтық «Былғары доп» футбол турнирі жүлдесінің 12-13 жастағы балалар арасындағы финалдық ойындары ойналды. Сол турнирден жоғарыда аталған басылымға күнделікті бөлім (блок) дайындап отыру маған тапсырылды. Бұл менің университеттің 4-курсын бітірген кезім. Ал суреттерді күн сайын газеттің фототілшісі Алашыбай Есмағамбетов түсіріп тұрды. Бұл кісі де баяғыда бақилық болып кетті. Айдынды Арал өңірінде туып-өскен ағамыз аңқылдаған жақсы адам еді. Арасында сатира жазатыны бар-тын. Басты кейіпкерін Өрікайдар деп алатын. Иманы саламат болсын!

Турнирге әр республикадан, сондай-ақ Мәскеу мен Ленинград (қазіргі – Санкт-Петербург) қалаларынан осы жас мөлшеріндегі 24 үздік команда келіп, 6 топқа бөлініп ойнады. Олар Алматыдағы Орталық стадионда, АДК, «Динамо», «Спартак», «Локомотив», «Восток» стадиондарында күш сынасты.

Осы күндері мен жарысқа қатысып жатқан командалардың мықтыларының біразымен етене танысып үлгердім. Кейін осы 1965-1966 жылдары туған балалар арасынан Федор Гаглоев, Юнис Гусейнов, Карамат Әлиев, Геннадий Кудей, Юрий Рыбалкин, Саркис Маркарян секілді белгілі футболшылар шықты. Соның ішінде турнирге «Спартак» (Орджоникидзе – қазіргі Владивосток) командасы сапында қатысқан Федя Гаглоев осы негізгі командада, сондай-ақ Мәскеудің «Динамосы» мен Днепропетровскінің «Днепр» командаларында бағын сынады. Тіпті 1990 жылы біздің «Актюбинец» клубында да бір жыл ойнап кетті. Ал Кировоабадтың (қазіргі – Гянджа) «Кяпазының» намысын қорғаған Юнис Гусейнов пен Карамат Әлиев өздері туған қаланың осы аттас жасағынан кейін Бакудің «Нефтчиінде» белгілі ойыншылар болды. Соның ішінде Юнис екі рет Әзербайжанның ең үздік футболшысы атанды. Белоруссиядағы Брестің «Ромашка» командасымен келген Геннадий Кудей сол қаланың «Динамосында» біраз жыл табысты ойнады. Ереванның «Масисіндегі» Саркис Маркарян біраз жыл «Араратта» өнер көрсетіп, соңыра мини-футболдың маманы болып шықты. Сол сияқты Таластың «Манасының» капитаны Юрий Рыбалкин қырғыз республикасында біраз команданың туын желбіретті. Бұлардың барлығы да кейін белгілі жаттықтырушы болып үлгерді.

Турнирдің 23 тамыз күні Орталық стадионда өткен финалдық кездесуінде Орджоникидзенің «Спартагы» мен Тбилисидің «Гантиади» командалары ұшырасты. Кездесу осетин астанасынан келген балалардың айқын басымдығымен өткенімен, негізгі уақытта есеп ашылмады. Сосын пенальтидер сериясы белгіленді. Сонда спактактықтар ұтып шықты. Ал үшінші орын жартылай финалға дейін жеткен қалған екі команда – «Кяпаз» бен «Манасқа» берілді.

Жарыстың жабылу салтанаты 24 тамыз күні өтті.

Мен осы әзербайжан балаларымен олардың Йошкар-Оланың «Пингвин» командасын 3:0 етіп ұтқанынан кейін арнайы барып сөйлесіп едім. Сонда мені қатты таң қалдырғаны Әзербайжанның Бакуден кейінгі ірі қаласы – Кировоабадтан келіп тұрған кіл қара домалақ балалардың орысшаны мүлдем «қақпайтындары» болды. Тағы бір таң қалғаным, өзінің украин екенін баса көрсеткен команда жаттықтырушысы Константин Абраменко әзербайжан тілінде «ағып» тұрды. Сондықтан менің балалармен әңгімемде шашы бурыл тартып, жасы біразға келіп қалған сол кісі тілмаш болып отырды. «Кяпаздың» орыс тілінде «радость» деген мағына беретінін де маған Константин Максимович айтты. Ол баптаған «Кяпаздың» кейінгі бір буыны «Былғары доптың» жеңімпазы да атанды. Жалпы, Абраменко шәкірттерінің арасынан әр жылдары Асиф Әлиев, Машаллах Ахмедов, Юнис Гусейнов, Карамат Әлиев, Физули Аллахвердиев, Мехман Аллахвердиев, Арзу Мирзоев, Махмуд Гурбанов сияқты белгілі футболшылар өсіп шықты. Осындай еңбектері үшін Абраменко Әзербайжанға еңбегі сіңген жаттықтырушы атанды. Қазір бірнеше жылдан бері республикада оның атындағы мемориал өтіп келеді.

Кейін білдім, сол уақытта Константин Максимовичтің жасы артық-кемі жоқ 55-те екен. Демек, 1923 жылы туған, менің әкеммен түйдей құрдас болып шықты…

Мен сонда «Кяпаздың» балаларына қарап тұрып қатты қызықтым. Кейін көпке дейін: «Шіркін-ай, біздің қалаларда тұратын, бірыңғай шүлдірлеуге көшіп кеткен қазақ балалары да бір түнде орысшаларын ұмытып қалып, бірден қазақшаға көшіп кетсе ғой», деп армандап жүрдім. Бірақ ол кезде мұндай балалардың қатары да тым көп емес еді. Себебі, қалада тұратын қазақ балаларының үлес салмағы шамалы ғана, көп болса, 10-20 пайыздай ғана-тын. Ал қазір бұл көрсеткіш ондағыдан әлдеқайда көп. Бүгінде ірі мегаполистердің өзінде орыс сыныптарындағы қазақ балаларының мөлшері 50 пайыздан әлдеқайда жоғары. Соған орай «қазақша қақпайтын» балаларымыздың қарасы да соншалықты басым.

…Қазір сол баяғы арманымды жиі-жиі ойлап қоятын болып жүрмін.

Серік ПІРНАЗАР

21 тамыз, 2017 жыл.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button