Тәліптер дәмсіз тамақ пісірген келіншекті өртеп жіберді
КАБУЛ. 22 тамыз. Ауғанстанда «Талибан» содырлары «ауқатты дұрыс істей алмады» деген желеумен бір жас келіншекті тірілей отқа жағып жіберді. Бұл туралы The New York Post хабарлады.
Оқиға Ауғанстанның солтүстік аймағында орын алған. Оның жайын құқық қорғаушы, бұрынғы судья Наджла Аюби жұртқа таратты.
Аюбидің айтуынша, лаңкестер алдымен жас келіншекке күштеп тамақ істетеді. Соңынан оны жасаған тамағын дәмсіз деп қабылдаған олар әйелдің үстіне от қоя салады.
АҚШ-қа қашып барған құқық қорғаушы тәліптердің сонымен қатар әйелдерді аяусыз ұрғандары, дүре соққандары және зорлағандары туралы айтпақшы болып отыр. Заңгер сондай-қ тәліптердің әйелдерді көрші елдерге секс-құлдыққа сататынын, оларды табытқа салып жіберетінін біліп қойыпты.
Бұрын Ауғанстанда «Талибан» жихадшыларының командирлері жауынгерлеріне күштеп күйеуге беру үшін өздері басып алған аудандардың ақсақалдарынан күйеуге тимеген қыздар мен бастары бос әйелдердің тізімін жасауды талап ететін болған. Сол кезде бұл қатарға 15-тен 45-ке дейінгі күйеуге тимеген қыздар кіруші еді, қазір мұндай құлдыққа 12-ге толған бүлдіршіндер де кіре береді екен.
Тамыздың 15-інде «Талибан» Ауғанстанды толық бақылауында ұстап тұрғандарын жариялаған болатын. Бұл олардың Кабулды басып алғанынан кейін айтылды. Сол күні елдің президенті Ашраф Гани Ахмадзай сыртқа қашып кетті. Ол қазіргі күндері Біріккен Араб әмірлігінде тұрып жатқан көрінеді. Ал оның туған інісі Хашмат Гани содырларды қолдайтынын білдіріп отыр. Оның «Ауғанстан Ислам әмірлігіне» барып қосылғаны 21 тамыз күні мәлімделді.