Астанада Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатылды
АСТАНА. 20 тамыз. Астанада мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнатылды. Бұл туралы Malim.kz хабарлады.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бірге Тәшеновтің ұрпақтары, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.
«Жергілікті билік елемесе де, Жұмабек Тәшеновті халық қолында ұстады. Бұл ескерткіш біздің тәуелсіздіктің символы ретінде тұрады. Ол кісі қайтыс болғанда туған жерге жерлемек болғандар болыпты. Бірақ тірісінде өзі айтқан екен: «Қазақтың қай жерінен топырақ бұйырса да бақыттымын» деп. Сондықтан ол қазақтың бақытты ұлы», – деді экс-сенатор Оралбай Әбдікәрімов.
«Егер Жұмабек Тәшенов болмаса, біз осы жерде тұрмас едік. Бес облысымыздан айырылып қалатын едік. Ол кісі біздің мемлекетіміздің тұтастығын сақтаған тұлға. Ол кісіге қандай құрмет болса да, көрсетуіміз керек», – деді жазушы Сәбит Досанов.
Салтанат сәтінде Тәшеновтің ұлы Саян да сөз алды. Ол өз кезегінде: «Біздің отбасымыз үшін ерекше күн. Әкеміздің ескерткіші ашылды. Бұл ескерткіштің ашылғаны үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына рахмет. Маған кезінде «Әкеңнің еңбегін неге насихаттамайсың?» деген адамдар көп болды. Нағыз еңбек сіңірген адамды халық өзі құрметтейді. Біз әкеміздің тек жай әке ғана емес, нағыз патриот болғанына қуанамыз. Соның арқасында туған жеріне ескерткіш қойылды. Иә, туған жерінде ескерткіш тұрғаны қандай керемет. Бәріне рахмет», – деді.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Астана қаласының әкімі келген жоқ.
Айта кететін жайт, осының өзі оңайлықпен бола салмады. Оның ашылу мерзімі сан рет созылып барып, енді әрең жетті. Толымды тұлғаның қола мүсіні қондырылар жердің мекені де бірден табыла қоймады. Ескерткіш ұзақ уақыт қараңғы қоймада жатты. Демек, билік басында оның атының асқақтай түсуіне оншалықты мүдделі емес, мұны көре алмайтын іші тар қайраткерлер әлі отыр.
Дегенмен, әділдік ақыры салтанат құрды. Халқы барда Жұмабек Тәшенов қазақтың XX ғасырдағы нөмірі бірінші тұлғасы, ең құрметті қайраткері болып қала беретіні хақ.