Рәуіші шетін Рахима шешей

Рахима шешемнің 90 жасқа келіп жатқанын естіген кезде, менің жадыма бірден сонау алыста қалған бал дәурен балалық шағым оралды. Шешеміздің ашық маңдайлы асыл бейнесі, күлімсіреген жарқын жүзі көз алдыма келе қалды.
Менің бұл кісіні «шешем» деп отырғаным, оның күйеуі Күзембай менің әкем Қожамқұлмен түйдей құрдас еді, екеуі 1933 жылы Мінәт Қалдыбаев ағай ауылда бірінші рет мектеп ашқанда, соның бірінші сыныбына бірге барған. Оның үстіне, рулық жағынан да жақындығымыз бар. Сондықтан қазақы үрдіс бойынша, Рахима апай маған да шеше болып саналады.
Сөз реті келгенде айта кетейік, енді ашылған мектептің бірінші сыныбы табалдырығынан аттағандар қатарында жоғарыда айтылып өткен әкелерімнен бөлек, апалы-сіңлілі Қалжан және Ұлман Мәміреевалар, Шаймахан Өтеев, Жағыппар Оспанов, Есен Жарылқасынов, Қалжан Қалтаев, Сәруар Қалданов, Әждар Маханов, Жүрсінбай Маханов, Әбсадық Айжанов, Көшек Зиядинов секілді аға ұрпақ өкілдері болды. Бұлардың арасында тек Көшек әкеміз ғана соғыстан оралмады.
Ауыл өзінің тарихының тамырын 1928 жылдан тартады. Сол уақыттары дария бойында тұнып тұрған алуан түрлі тоғайларды жайлаған жұрт бері қарай қоныс аударылып, қоғамдастырыла бастайды. Осы жылы алдымен «Тегісшіл» деген артель ірге қалайды. Ол бір жылдан кейін «Ортақшыл» атанады, тағы екі-үш жылдан кейін колхоз болып қайта құрылады. Оның төрағалығына ауыл белсендісі Спан Шалекеев әкеміз сайланады. Ал соғыстан кейінгі жылдары осы маңдағы «Ортақшыл», «Коммуна», «Ақтөбе» атты шағын колхоздар бір-бірімен қосылып, шаруашылыққа Сталин аты беріледі. Соның ішінде «Ақтөбенің» біраз тұрғыны бір шеттегі «Авангард» колхозына көшіріледі. Ал партияның 1956 жылғы ақпан айында Сталиннің жеке басына табынуды сынау мен оның идеологиялық мұраларынан бас тартуға арналып өткен атақты XX съезінен кейін колхоз «Ортақшыл» деген бұрынғы атын қайтып алады. Біздің балалық шағымыз осы «Ортақшылда» өтті. Ол кезде елді мекен ана шеті мен мына шеті атшаптырымдай аумақты алатындай кең еді. Оның үлкендігі сондай, сол уақытта күллі Шиелі ауданында қазақ тілінде білім беретін екі орта мектеп болса, соның біріншісі аудан орталығына қоныс тепкен Октябрьдің XIV жылдығы атындағы №45 орта мектеп, ал екіншісі біздің ауылдағы №150 «Ортақшыл» орта мектебі еді. Мұны жақсы білетінім: 1983 жылы менің әкем директор болып тұрғанда атап өтілген мектептің 50 жылдық тойына Алматыда, Қызылорда мен Шиеліде тұрып, қызмет жасап жүрген көптеген ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері осы оқу орнының түлектері ретінде келіп қатысқан. Сол түлектердің бірі – кейінгі Қазақстанның 30 жылдығы атындағы совхоздың, бұрынғы «Талаптан» колхозының (қазіргі – Балаби ауылы) тумасы, облыстық партия комитетінің бес бірдей бөлімін басқарған толымды тұлға, тарихшы Абдулла Дәулетов ағамыз кейін өзі жазып шығарған естелік кітаптарының бірінде нағашы атасының қолында тұрып оқып, осы білім ордасын 1948 жылы бітіргесін, бірден Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына барып оқуға түскенін атап өтеді.
Осыған орай ауыл орталығында 1937 жылы салынған мектеп те үлкен, сол заманға сай сән-салтанатты еді. Мен кішкентай кезімде мұғалім әке-шешеме еріп, осы мектепті талай көргенмін. Онда сол кездің өзінде-ақ химия, биология, физика секілді пәндердің өте жақсы жабдықталған кабинеттері, тіпті аң-құс өсіретін питомнигі мен есігінің алдында біршама жерде бау-бағы да бар-тын. Тағы да сөз ретінде айта кетейік, жергілікті жұрт «Төртінші ауыл» деп атап кеткен шығыс беткейдегі қоныс шоғырында дәл сондай еңселі клуб үйі болды. Онда күн сайын дерлік кино қойылып тұратын. Сол ғимаратта Нина деген неміс әйелдің кассир болып істегені де есімде сақталып қалыпты. Колхоздың кеңсесі мен медпункт те сол жерде болатын. Бұдан бөлек, қазіргі мектеп тұрған аумақта үлкен гараж бен екі магазин және олардың қоймалары, сондай-ақ жаңадан салынған диірмен де орналасқан еді.
Сол ордалы «Ортақшыл» 1958 жылдың күзінен 1959 жылдың көктеміне дейінгі аралықта дариядан нөпір болып дүркін-дүркін жөңкіп соққан тасқын судың астында қалып, бір-ақ сәтте өзінің барлық артықшылықтарынан айырылды. Топан судың бір бөлігі «Л-5» каналы арқылы келсе, екінші негізгі бөлігі ауыл тұрғындары бір ай бойы басында жата-жастана қонып салған «Мортықтың» тоғанын бұзып-жарып шығып, бермен қарай тартылған шүңет-әнаһардың терең арнасымен жұлқынып жетті. Су алғанға дейін мұнда біраз ұлттың өкілдері тұратын. Соның ішінде біз дүрбі жолдың бойындағы шешендер ауылының жанында, тағы бірнеше неміс отбасымен көрші отырдық. Дәл біздің үйдің алдында Николай деген неміс кісінің отбасы тұрды. Осы маңайда ескі диірмен мен монша ғимараттары да болды. Ал су алғаннан кейін өңге ағайынның бәрі басқа жақтарға үдере көшіп кетті. Ауылдағы қазақ нәсілінің де біразы өзге өңірлерден мекен тапты. Сөйтіп, қоңылтақсып қалған ауыл, яғни «Ортақшыл» колхозы 1960 жылы Жөлектегі «Верный путь» колхозына қосылып, жаңадан пайда болған «Сырдария» совхозының бір бөлімшесіне, №3 фермасына айналды. Біздің ауыл Жөлекке қосылғанда, онда тұратын халықтың басым бөлігі орыстар мен украиндар болатын. Соған орай, онда орыс сыныптары да болды. Олар баяғы екі жылдық туземдік мектептің жаңа замандағы жалғасы сияқты еді. Ұмытпасам, совхозды Трапезников, ал мектепті Кузнецов деген кісілер басқарды.
Біз дәл сол кезде өзара іштей қайта құрала бастаған жаңа ауылда Қамбар Әбсадықұлы әкей әулетімен алғаш рет қоңсы болып қатар отырдық, себебі, елді мекендегі үйлердің жартысынан көбі қирап қалған еді. Соған орай біздің отбасы кейін ауыз-екі тілде «Ескі школ» деп аталған аумаққа, яғни бағанағы салтанатты мектеп ғимаратының қирандысы жанындағы шағын аумаққа келіп орын тепті. Осы тұстан бастап өзімізше бір ұжым болып бір-бірімізбен етене араласа бастадық. Әр үйден өріп шығатын балалар бірге ойнап өстік. Сол кездері Күзенбай әкеміз совхозда жүргізуші болып істейтін. Айтқандай, ол осы ауылға келген ең алғашқы екі машинаның бірінің тізгінін ұстаған кәнігі шофер еді. Сонау елуінші жылдардың соңында мен оның фанерлі кабиналы «полуторка» деп аталатын машинасына әжем Айжамалмен бірге Шиеліде вокзалдың түбінде мініп ауылға келгенімді де ұмытқан емеспін. Екінші кәдуескі шофер Қалдыбай Нұрманов деген кісі-тін.
Дәл осы уақыттан бастап, Рахима шешемізді де етене тани түстік. Жөлек ауылында туып-өскен ол Сапарымбеттің Мәлік, Сағит деген ұлдарынан кейінгі Мәдина және Нағима деген қыздарының ортаншысы еді. Қашан көрсең де, жүзі жарқын болып жүретін жан ретінде жүрегімізге жылы ұялап қалды. Оның Күзенбай әкемізге 1952 жылы 16 жасында қосылғанын да білетінбіз. Жастай көрген жетімдік пен жоқшылық оны осылай ертерек тұрмысқа шығуға мәжбүрлесе керек. Бірақ жақсы жанға тап болды, жақсы әулетке келін болып түсті. Бар жерге келді. Жасыратыны жоқ, сонау Нарботадан бері тоқтығы шайқатылмай келе жатқан бұл әулет Кеңес Одағы Компартиясының бірінші хатшысы Никита Хрущевтің 60-шы жылдардың басында ел тұрғындарының шектен тыс байып, кулак болып кетуінен сақтанып, әр шаңырақтағы жан-жануар санын бір ірі қара, төрт ұсақ малдан, он тауықтан асырмайтын шектеу белгілеп берген қитұрқы заманында да мыңғыртып мал өргізіп отырды. Сол малдың да, әулеттің де егесі – Қамбар әкеміздің де, Палт шешеміздің де көзін көрдік. Қамбар әкеміз бейнеткеш, малсақ, көп сөйлемейтін біртоға кісі болса, Палт шешеміз келінге де, балаға да қатал, әр сөзі үкім секілді естілетін, биліктің бишігін қолына ұстаған келісті кейуана болатын. Рахима шешеміз сол ортаға келін болып түсті. Ол күндіз колхоздың жұмысында жүрсе, кешті осы үйдің шаруасын күйттеп, кемпір мен шалдың жағдайын жасаумен өткізетін.
Сөйтіп жүргендерінде, шамасы, 1963 жылы болуы керек, Күзенбай әкеміздің Арыс станциясында машинист болып жүрген жалғыз інісі – Төлебай ағамыз ондағы жұмысынан шығып қалып, бір күнде шиеттей бала-шағасымен әкесінің қолына келіп кірді. Осылайша қазақы қоржын тамда бір мезгілде жиырмаға жуық адамның отырған кезі де кездесті. Бірақ солардың бәрінің асыраушысы Күзенбай әкеміз бен Рахима шешеміз, сосын осы үйдің төрт түлік малы болды. Тіпті інінің бір ұлының бір қыста есік алдындағы шом қораға от қойып жіберіп, оны үлкен өрт шалғаны, лаулаған жалынды ауыл-аймақ жабылып өшіріп, үйге жеткізбей тоқтатқаны да есте. Кейін Төлебай ағаның отбасы №21 разъезге көшіп кеткенше, бәрі осылай бірге тұрды. Сол кезде соның бәрінің тауқыметін көтерген Рахима шешеміз еді. Ол арасында біздің анамыз Нәзипаға келіп, сырласып, әңгімелесіп кетіп тұрушы еді. Бұл екеуінің бір ерекшелігі, ешкімді сыртынан ғайбаттап, өсек айту деген нәрсені білмейтін. Екеуінің біреумен шапылдасып ұрсысып жатқанын көрген де, естіген де емеспіз. Екеуі де адамдармен жүздескенде ашық еді. Арасында ісмерлігі бар анамыздың абысыны балалары үшін тігін машинасымен көйлек-көншек тігіп беріп тұратыны да бар-тын.
Ауыл халқы қалың елмен бірге жылдан жыл өткен сайын тұрмыс жағдайларын түзей берді. Содан 60-шы жылдардың аяғына қарай совхоз ауылдың бұрынғы бағы мен бақшасы орналасқан аумақты тегіс бұзып, жұртқа жеке үй салу үшін жаппай бөліп берді. Сол кезде тағы да біз Есен ағай, Смайыл әкей, Ауланберген әкей, Күзембай әкей бәріміз бір көшенің бойына қатарласа жайғастық. Бұрынғы қарым-қатынас қайта жалғасты. Мұның соңы екі үйдің балаларының бір-бірлерімен араласуы күшеюіне жеткізді. Мен өзімнің құрдасым Дүйсенбекпен бір топта жүрсем, өзімнен кейінгі інім Әліқұл қайтыс болғанға дейін Раушанбекпен жанқиярлық дос болды. Олардың отбасылары әлі күнге дейін бір-бірлерімен қатысып тұрады.
Менің осының бәрі әздек әке мен аяулы ананың тағлымды тәрбиесінің өзіндік өнеге өрісі деп ойлаймын. Ал қырық жылдан астам уақыт машина рулінде отырып келген Күзенбай әкеміз жасы елуден асқан шағында совхоздан бір отар қой алып, шопан болып кетті. Сөйтіп, соңғы 5-6 жыл шаруашылықтың озат қой өсірушілері қатарынан табылып, зейнетке шықты. Оның осындай табысқа жетуінде, әлбетте, жан жарының да қосқан үлесі аз болған жоқ.
Торқалы тоқсан жас қазақ әйелінің барлық болмыс-бітімінің эталоны секілді болып көрінетін Рахима шешемізге Алланың берген бір нығметі екені анық. Бауырынан 6 ұл, 6 қыз өрбітіп шығарып, олардан 47 немере, 81 шөбере көріп, жапырағын кеңге жайып отырған ардақты жанға қазір қандай құрмет жасап, қошемет көрсетіп жатса да жарасады. Енді осы келімді кейпінде жүз жастың жетегіне еріп, ғасырдың ғұмырына жетсе деген тілек бар. Біздің әке-шешеміздің жүзін көрген, сырласы мен сыйласы болған, рәуіші шетін Рахима шешеміздің ортамызда жүре бергені біздер үшін де қуаныш!
Серік ПІРНАЗАР,
Қазақстанның мәдениет қайраткері
АЛМАТЫ



