Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Вологдада екі жылда Сталинге төртінші ескерткіш орнатылады

ВОЛОГДА. 28 қаңтар. Ресейдің Вологда облысында соңғы екі жылдың ішінде қандыбалақ Иосиф Сталиннің төртінші ескерткіші қатарға қосылғалы тұр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Вологда облысының губернаторы Геннадий Филимонов кеңес кезеңінің қолынан қан сорғалаған көсемі Иосиф Сталин мен металлург Иван Бардинге ескерткіштің жобасына байқау жариялады. Өтініштер 31 қаңтарға дейін қабылданады. Ескерткіш Череповецте орнатылады. Филимонов бұл тұлғалардың «қаланың Ресейдің металлургиялық орталықтарының бірі ретінде дамуында шешуші рөл атқарғанын» түсіндірді. Губернатордың айтуынша, аталмыш мүсінді жасауға Череповец ардагерлер кеңесі және «Вологда облысының патриоттары» қоғамдық ұйымы бастамашы болған.

Бұл екі жыл ішінде аймақтағы төртінші Сталин ескерткіші болады. Біріншісі 2024 жылдың желтоқсанында «Вологда жер аударылу» мұражайының аумағында орнатылды. Прокуратура келісімшарт бағасының көтерілуіне және сауда-саттық процесінің болмауына байланысты ескерткішті алып тастауды талап етті. Сот талапты қанағаттандырды, бірақ аймақтық билік жағдайдан шығудың жолын тапты. Өндіруші мұражайға 10,5 миллион рубль қайтарып, ескерткіштің өзін сыйға тартты. Нәтижесінде, ол өзінің бастапқы орнында, меншік ретінде сақталып қалды.

2025 жылдың 4 мамырында Кадуй кентіндегі өлкетану мұражайының жанында Сталиннің қола бюсті ашылды. Оған РФ Коммунистік партиясының Вологда облыстық филиалы бастамашылық жасады. «Мұртты көсемнің» тағы бір тас мүсіні сол жылы 30 маусымда Никольскіде қатарға қосылды. Шойын ескерткіш Жеңістің 50 жылдығы саябағынан орын алды. Қала басшысы Дмитрий Мишенев бұл идеяның «аға буын өкілдеріне» тиесілі екенін айтты.

Вологда губернаторы мұндай ескерткіштерді орнатуды «өткенге байсалды, теңгерімді көзқарасқа қарай жасалған қадам» деп атады. Филимоновтың қабылдау бөлмесінде Сталиннің, Лениннің, КСРО Ішкі істер халық комиссары Лаврентий Берияның және Бүкілресейлік төтенше комиссияның (ВЧК) негізін қалаушы Феликс Дзержинскийдің портреттері ілулі тұрғаны белгілі. Сондай-ақ, аймақ басшысының Сталинмен қол алысып тұрғаны бейнеленген суреті де осында ілулі тұр.

Ресейдің 26 уәлаятында Сталиннің 110-нан астам ескерткіш бар. Олардың көпшілігі Владимир Путиннің билігі кезінде және соның тікелей ықпалымен орнатылған.

«Мемориал» адам құқықтары ұйымының бағалауы бойынша, КСРО-ның кем дегенде 12,5 миллион тұрғыны Сталин дәуіріндегі қуғын-сүргіннен зардап шеккен.

Кеңес дәуірінде Вологда облысында ГУЛАГ жүйесіне кіретін аса қуатты Волголаг лагері мен НКВД-ның арнайы жобаларға тартылған лагері жұмыс істеп тұрды. Оның тұтқындары ағаш кесу, жол салу жұмыстары мен өнеркәсіптік жобаларға пайдаланылды.1935 жылғы 15 қыркүйекте Үкімет шешімімен ашылған Волголагта 1944 жылы 1 қаңтарда  22 584 адам отырды. Олардың арасында 58-баппен сотталған саяси қайраткерлер аз болған жоқ. Тұтқындардың 4843-і, яғни 21,44 пайызы бұл жерден тірі шыға алмады.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button