«Аралда кальцийлі сода зауыты салынуына қарсымыз!»
Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевқа Ашық хат
Сайт редакциясына «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінен кезекті хат келіп түсті. Ол тағы да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа арналып отыр. Біз осы хатты сол қалпында жариялағанды жөн көрдік.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Біздің елімізде мемлекет тәуелсіздігін сақтап қалу үшін құқықтық қатынас, заң талаптарының қатаң сақталуы аса маңызды екені, оған сіздің атқарып отырған қызметтің кепіл екені Конституциямен бекітілген.
Ата Заңның 91-бабы 2-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама қабылданды.
Тұжырымдаманың «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі пайымында бұған дейін қабылданған «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» (бұдан әрі – Стратегия -2050) елдің «жасыл» даму жолына көшуіне негізделген экономиканың орнықты әрі тиімді моделін құрудың нақты бағдарын белгілеп берді деп жазылған.
Елбасы іргесін қалаған республика қызметінің түбегейлі принциптерінің бірегейі «Қазақстан-2050 стратегиясы» және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама.
Бүгінгі таңда Арал қаласында Қытай химигі Хоу әдістемесімен (аммиак және аммоний тұздарын алу. Аммиак селитрасы жарылысынан Ливандағы Бейрут қаласында 137-дей адам өлген(әлемтор)) кальцийлендірілген сода зауытын салу жасыл экономика қағидаттарына қайшы келетіні артық сөзді қажет етпейді. Өйткені, жасыл экономика тұжырымдамасының өзінде «Қоршаған ортаның ластануы адамдардың денсаулығына айтарлықтай келеңсіз әсерін тигізеді. Халықаралық зерттеулерге сәйкес қорғасынның шамадан тыс әсер етуінің нәтижесінде 10 жасқа толмаған 40 000-ға жуық бала тұрақты неврологиялық ауруларға шалдыққан. Орталық және Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдерінің арасында қоршаған ортаның органикалық заттармен ластануының жалпы көлемі бойынша Қазақстан екінші орында» деп тайға таңба басқандай жазылған.
Демек, Арал қаласында жылына 6 150 000 тонна кальцийлендірілген соданың аммиак араласқан химиялық қалдығы «шлам» теңіз табаны Сарышығанаққа төгілуі және су тапшы 160 000-ға жақын халық тұратын елде жылына 12 млн м3 жер асты суын «шламды» жабу үшін пайдалану өндірісінің салынуы Конституцияның 91-бабы 2-тармағы талаптарын өрескел бұзады, Елбасы мәртебесін қорғайтын норманың құнын «көк тиынға татымайтын» деңгейге түсіреді.
Бұл жағдай Заң сыйламаушылық тіпті Конституциямен белгіленген талапты да көрінеу бұзушылық деп санаймыз. Сондықтан Конституциялық кепіл болу құзырыңыз негізінде экологиялық апат аймағында химиялық сода зауытын салуды тоқтатуыңызды, Конституция мен халқыңызды «жабайы бизнестен» арашалап алуыңызды сұраймыз.
Өзіңізге белгілі, Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021 жылғы 18 мамырда Арал өңірін «Экологиялық инновациялық технология аймағы» деп жариялады.
Демек, халықаралық нормалар да Арал өңірінде экологиялық таза шараларды қолдайды. Қазақстан бұл норманың орындалуын да қамтамасыз етуге міндетті.
Құрметті Президент! Сіздің үстіміздегі жылғы тапсырмаңызда Қызылорда өңірінің экономикалық дамуының қосымша көздерін айқындау жария етілген.
Осы ретте «Тұран ойпаты – Арал теңізі» ҚБ Арал өңірінде «еркін экономикалық аймақ құру» идеясын нақты бағыттарын көрсете отырып, облыс әкімдігіне ұсынған болатын, алайда оған ондай ауқымды ұсынысқа жауап беругі құзыры жетпейтін, аудан әкімі орынбасарының дәрменсіз жауабын ғана алдық.
Енді БҰҰ Арал өңірін «Экологиялық инновациялық технология аймағы» деп жариялап отырғанда, мемлекет тарапынан Қазақстандағы Арал өңірін «еркін экономикалық аймақ» деп жариялап, жергілікті жердің хал-ахуалын көтеруге, Солтүстік теңізді сақтап, Сырдария суын көтеруге, алты бірдей су қоймасын салдырмауға, Аралды құтқару қоры орталығын еркін экономикалық аймақ орталығын Арал қаласына орналастыруға пәрмен береді деген үміттеміз.
БҰҰ жариялаған «Экологиялық инновациялық технология аймағы» Қазақстандағы Солтүстік Арал жағасында инновациялық технология орталығы болатын жаңарған Арал қаласының алғашқы кірпішін қалауыңыздан басталсын деп тілейміз.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі