АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Сыр еліне белгілі азамат, қоғам белсендісі Көлбай Данабай қайтыс болды

АЛМАТЫ. 20 сәуір. Бүгін Сыр бойының белгілі азаматтарының бірі, қоғам белсендісі Көлбай Данабай ұзаққа созылған науқастан кейін өмірден өтті. Бұл туралы өз мәнбесіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

Сыр бойынан қаралы хабар жетті: елге белгілі азамат, КСРО спорт шебері, бұрынғы мемлекеттік қызметкер, кейінгі жылдарғы қоғам белсендісі Көлбай Данабай бақилыққа аттаныпты. Ол денсаулық жағдайына байланысты бір жылдан астам уақыттан бері Алматы қаласы маңында тұрып жатыр еді. Жүрек науқасынан ем алып жүрді.

Көлбай Соңғыбайұлы Данабай 1954 жылы Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты «Қарақұм» совхозында туған. Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітірді. Студент кезінде  қазақша күрестен Қазақстанның чемпионы болды, КСРО спорт шебері атағына қол жеткізді.

Институтты бітіргеннен кейін туған жеріне оралып, педагогтық қызметін бастады. Бірқатар жылдардан соң аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқарды, сол мектептің директоры болды. Содан кейінгі барлық саналы өмірі аудандық партия комитетінде, аудан әкімдігінде жауапты қызметтер атқаруға арналды.

Зейнетке шыққаннан кейін көптеген қоғамдық жұмыстарға араласты, қоғам белсендісі болды.

Көлбай Соңғыбайұлы шыншылдықты, туралықты, әділдікті сүйетін, өз ісіне барынша адал және жауапкершілігі мол азамат еді. Сол адалдығынан шығар, ол мемлекеттік қызметте жүрген кезінің өзінде аудан өңірінде жұмыс жасаған «Азат» қозғалысына ұдайы қолдау білдіріп отырды. Сол адалдығы оны ақырында қоғамдық жұмыстарға жетелеп әкелді. Бұл салада да ол өзгелерге үнемі үлгі бола білді.

Тағы бір ерекше айта кететін жайт, Көлбай өмірден ертерек кеткен талантты жазушы, дарынды ақын, қарымды журналист Қази Данабаевтың өзінен кейінгі тете інісі еді.  Тіршіліктерінде екеуі өте жақсы сырлас, сыйлас-тын. Інісі еркін күреске де ағасына еліктегендіктен барған болатын.

Біз Көлекеңмен осыдан алты күн ғана бұрын телефон арқылы сөйлескенбіз. Сонда өзі қатты науқастанып жүрсе де, көңіл күйі көтеріңкі еді. Алайда ақыры мынадай болып шықты.

Енді Алла алдынан жарылқасын!

Көлеке, бақұл бол! Жатқан жерің пейіштің төрі болсын.

 

Бақұл бол, абзал азамат, аяулы аға!

Көлбай Соңғыбайұлы Данабай ағамыз, бүгін 20.04.2024 ж. күні дүниеден өтті.

Көлбай ағамыздың жүріп өткен жарқын жолы нағыз ерге, ойлы, зиялы, қанды қазаққа лайық жол болды.

«Ереуіл атқа ер салмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бітер ме?» деген екен батыр ақын Махамбет.

Көлбай ағамыздың тегі айтулы Жалаңтөс батыр мен Әйтеке бидің ізінен болса да, өзі руын айтып, атқарған қызметін жариялап отыруды аса жақтармайтын жан еді.

Арал ауданы «Қарақұм» совхозында дүниеге келгеннен соң, сол жерде мектеп бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсіп, оны бітірген соң, өмірінің аяғына дейін Арал ауданында қызмет жасап, Арал аудандық мәслихатының хатшысы қызметінен зейнеткерлікке шықты.

Көлбай ағамыз ауданымыздан шыққан қазақша күрестен алғашқы Қаз КСР -нің, чемпионы,  спорт шебері болды. Бапкерлік жұмыста жүріп талай жастарды спортқа баулыды.

Тағдырдың таңдауы болар аудандағы қызметі Арал теңізінің тартылуы, Қазақ елінің тәуелсіздік алуы дегендей аумалы-төкпелі заманға сәйкес келді.

Көлекеңнің білімділік пен біліктілік деңгейі, біртуар қайраткерлігі, шыншылдығы, әділдігі, мейірімділік, тура мінезділігі осы кезеңде айқын көрінді.

Экологиялық апат аймағы туралы заң қабылдануы, аудандағы 90 жылдардағы тұрмыстық ауыртпалықтар, заводтар мен комбинат, фабрика жабылғаннан кейінгі жұмыссыз жұрт тағдырына қызмет аудан ағасына оңай жүк болған жоқ.

Көлбай ағамыз мемлекеттік қызметте жүріп, демократиялық бастамалар, мемлекет тұрақтылығының іргетасы болып саналатын конституциялық қағидаттардың сақталуы т.б. тың бастамалар мен идеялардың жақтаушысы да бастаушысы да болды.

Сонау тоқсаныншы жылдары өзінің үлкен аға досы Өтеген Бүркітбаевпен бірге жүріп халықаралық экологиялық партиялармен бірігіп, Байқоңыр тағдырына қатысты қоғамдық ұйым құрса, кейіннен аудандағы «Тамшы» , «Азат» ұйымдарының қызметіне үлкен үлесін қосты. Ел тағдырына қатысты басқа да қандай шаралар болса да бұғып қалған емес.

Тіпті кешегі «Қаңтар оқиғасында» да ел алдына шығып, митингілеріне қатысып жөн сөзін айтқан ел ағасы еді.

2020 жылдың сәуір айында құрылған «Тұран ойпаты – Арал теңізі « ҚБ -нің қазығы болып, төрағалық етіп, Арал қаласына химзауыт салуға қарсылық, жұтта төтенше жағдай жариялау, «Аралға су келе ме?» атты экомарафон өткізу, жұмыссыздыққа қарсы Арал Еркін Аймақ болсын деген 2023 жылғы экономикалық форумдарда басшылығын жасаған, елім, туған жерім деген ерен ер еді. Барша халқымыздың сүйікті ағасы еді.

Ағайын, бауырлар, барша қазақ халқы! Көлбай Соңғыбайұлы Данабайдың жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады, артының қайырын берсін, иманы жолдас болсын!

Құрметпен, «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі атынан:

інісі, оқушысы Нұртуған ТҰРЖАНОВ

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button