Қазақстандық туристер Грекияның Гидра аралын өртеп жіберді (видео)
АФИНА. 23 маусым. Қазақстаннан Грекияға туристік сапармен қыдырып барған бір топ азамат Гидра деген аралда от қойып, оның соңы үлкен өртке айналып кеткен. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Қазақстаннан барған туристер гректің Гидра араларында аспанға отшашу жіберіп, орман өртінің бұрқ ете түсуіне себепші болған», – делінген порталдың Tovima таблоидына сілтеме жасаған хабарламасында.
Грек мәтбұғатының мәліметтері бойынша, 21 маусым күні кешке демалушылар өздері жалдап алған яхтада жағалауда тұрған кездерінде аспанға жаппай фейерверк атып жарысқан. Соның салдарынан жағадағы қарағайлы орманға от түсіп, ол маңай түгел өртене бастаған.
Бір кезде жағдайдың уыстан шығып бара жатқанын сезген туристер өртті өздері сөндірмек болады. Бірақ оған шамалары жетпейді. Содан кейін оқиға орнына қашып кетедіү
Өртті сөндіруге өрт сөндірушілер мен волонтерлер қатысты. Оларға тікұшақ көмекке келіп, әуеден су шашты.
Өз кезегінде Гидраның мэрі Гиоргос Кукудакис әкімшіліктің қазақстандық туристерді сотқа беретінін мәлімдеді. От жанып жатқан кезде яхтада болғандардың бәрі қазір қамауға алынды.
Қазір төтенше жағдайға қатысты тексеру жүріп жатыр
Айтқандай, Гидра аралы ауқатты туристерге арналған Грекияның негізгі туризм орталықтарының бірі саналады. Ал гректің ежелгі мифологиясында кездесетін «гидра» жыланға ұқсас келетін жануарды бейнелейді. Қазақстандық туристер енді сол «жыланды» оятып алған сияқты.