Елбасы тестілері жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті
НҰР-СҰЛТАН. 24 мамыр. Бүгін елордада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспаөз қызметінен келген мәліметке сүйенген rast.kz хабарлады.
Биыл Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдастыруымен оқушылар арасында бірегей спорттық жоба – Ұлттық мектеп лигасында тұңғыш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы тестілерінен жарыс өткен еді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы өскелең ұрпақтың спорттық-шығармашылық әлеуетін дамыту тапсырмасы аясында Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған Ұлттық мектеп лигасы өтуде. Биыл тұңғыш рет Ұлттық мектеп лигасы аясында тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату және Президенттік тест сайыстары өткізіліп отыр», – делінген хабарламада.
Еліміздің 11 өңірінен 200-ге жуық жас спортшы мектепішілік, аудан/қалалық, облыстық кезеңде жеңімпаз атанып республикалық кезеңге жолдама алып келді. Сөйтіп, Азияда теңдесі жоқ спорт кешені – Қазақстан жеңіл атлетика манежінде жоғары деңгейде өткен сайыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озып шыққан оқушылар анықталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегердерді салтанатты марапаттау рәсіміне Парламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов, «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Есентаев, ҚР жеңіл атлетика бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Қуандық Елжанов қатысты.
Мемлекет басшысының Жолдауындағы өскелең ұрпақтың күш-қуатын дұрыс арнаға бағыттап, мектеп спортын дамыту, балалардың спорттық, шығармашылық әлеуетін жетілдіру туралы тапсырмасын орындау айғағында Ұлттық мектеп лигасы 9 спорт түрінен 34 жарыста келешегі кемел көшбасшылардың басын қосып, бұқаралық дене шынықтыру ісін өркендетуге бағытталып отыр.
Жеңімпаздар Білім және ғылым министрлігінің Кубок, медаль, грамоталарымен, сондай-ақ, Жеңіл атлетика федерациясы тарапынан 20 мың теңге сертификатымен марапатталды. Ұлттық мектеп лигасының құрметті қонағы – жас чемпиондарды салтанатты марапаттау рәсіміне арнайы қатысқан ҚР Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов жеңімпаздарға қаржылай жүлде тапсырды.
Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте мына білім ордалары жүлдегер атанды:
11-13 жас аралығында:
1 орын – Шымкент қаласындағы №42 Хамзин атындағы орта мектеп,
2 орын – Алматы қаласындағы №44 мектеп-гимназия,
3 орын – Солтүстік Қазақстан облысындағы Преснов орта мектебі;
14-15 жас аралығында:
1 орын – Шымкент қаласындағы №42 Хамзин атындағы орта мектеп,
2 орын – Алматы қаласындағы №44 мектеп-гимназия,
3 орын – Тараз қаласындағы №39 мектеп-гимназия;
16-17 жас аралығында:
1 орын – Алматы қаласындағы №44 мектеп-гимназия,
2 орын – Қарағанды қаласындағы №17 жалпы білім беретін мектеп,
3 орын – Тараз қаласындағы №24 гимназия.
Сонымен қатар, Президенттік деңгейді сәтті тапсырған оқушыларға жарыс хаттамасына сәйкес арнайы төсбелгі мен куәлік тапсырылады.
Лиганың мақсаты мен мәні – өскелең ұрпаққа сапалы білім беру бағытында ақыл ойы зерек, дүниетанымы кең, салауатты ұрпақ қалыптастыру. Мұнда ұрпақтар сабақтасығын сақтай отырып, Лига арқылы бұқаралық спортты дамыту қарастырылады.
Ұлттық мектеп лигасы «Алтын доп» (баскетбол), «Шұбар доп» (волейбол), «Ұшқыр доп» (гандбол), «Теңбіл доп» (футзал), «Былғары доп» (футбол), «Былғары доп – Балдаурен» (футбол), асық ату, бес асық, президенттік тест, үстел теннисі, тоғызқұмалақ жарыстарынан тұрады. Жалпы 9 спорт түрінен 34 жарыс өтеді, онда 3500-ға жуық оқушы қамтылады. Оған 5-6, 7-8, 9-11 сыныптардың оқушылары қатысады, дүбірлі дода 4 сәуірден бастап 30 маусымға дейін жалғасады.
Айта кетейік, лига аясындағы жарыстар Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Щучье, Алматы, Семей, Қызылорда, Шымкент, Талдықорған, Павлодар, Орал қалаларында өтуде.