Тәжікстанда мемлекеттік төңкеріс бола жаздады ма?
ДУШАНБЕ. 7 мамыр. Тәжікстанда кейінгі кездері халық көтерілісі бұрқ ете қалуынан қорыққан күштік құрылымдардың мемлекеттік төңкеріс жасауға дайын отырғаны жиі айтылып жүр. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Тәжікстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов (суретте) ел президенті Эмомали Рахмонның айналасындағы ең ықпалды адамдарының бірі саналады.
Елдегі оппозициялық саясаткерлері жазғандай, Ятимов келешекте Эмомали Рахмонның билігін оның ұлы Рустам Рахмонға өткізудің транзиті мәселесін бақылауда ұстайтын басты тұлға болмақ. Бірақ мұның бәрі Рахмон отбасысы мүшелерінің белгілі бір мөлшердегі қарсылығы қалқасында жүріп жатыр. Мәселен, Эмомалидің билік басында жүрген қыздарының бірі – Озода тап осы кандидатураның мұндай аса айрықша маңызды да барынша тағдыршешті тірлікті адал атқарып шығатынына оншалықты сеніңкірей қоймайды.
Ал Эмомали Рахмонның өзін мұндай түйетайлы, нәгүмән қадамға көзсіз сеніммен баруға не итермелеп отыр? Ол неге 2020 жылдың күзінде өткен президент сайлауына соған дейін құлын күнінен баптап, сары майдай сақтап келген ұлы Рустамды жібермей, ақыр соңында неге тағы өзі барды? Міне, бүгінгі күннің басты сауалдарының бірі осы.
Бұған, шамасы, сол тұста Тәжікстанда буырқанған ашулы да ызалы халықтың күрт көтеріліп кетуінен қорыққан күштік құрылымдардың бірігіп мемлекеттік төңкеріс жасағалы отырғаны жайлы қауесет нақты әсер еткен сияқты. Мұндай жағдайда іс басындағы президенттің қандай да бір тәуекелге бара алмайтыны, не болғанда да ситуацияны өзі басқаруға тиіс екені өз-өзінен белгілі. Бірақ бұл қауесеттің өзі билік маңайындағы топтардың арасындағы «кілем астындағы күресінің» әсерінен шығуы да мүмкін еді.
Сол кезде елде төңкеріс болуы мүмкін екені жөніндегі болжамның бірін platon.asia сайты таратты. Ол мұны Ауғанстанның бір сайтында жарияланған қызықты материалдан шығарып әңгімеледі. Онда Тәжікстанда Рахмонның билігін құлатып, өзін тақтан тайдыру үшін мемлекеттік төңкеріс даярланып жатқаны айтылады.
«Бұдан бірер күн бұрын ауғанның бір сайты кейбір кісілердің мемлекеттік төңкеріс жолымен Рахмон билігін құлату жөнінде жоспарлары бар екені туралы қызықты материал жариялады, – делінген platon.asia ұсынған мақалада. – Бұл, шамасы, тәжік арнаулы қызметі АҚШ-тың бүкіл аймақтағы іс-әрекетін әшкерелеу мақсатында таратып отырған жалған ақпар болса керек. Мақаладағы «америкалықтар өздерінің Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін орындауға ынталы емес, ауғанның ұлттық мүдделеріне қарсы келетін әрекеттер мен бұл аймақта… зұлым жоспарлар қабылдап отыр» деген жолдар бекер жазылмаған. Қалай дегенде де, мұндай тектес кез келген ақпар, – ол, әсіресе, Тәжікстанда президент сайлауы қарсаңында мемлекеттік төңкеріс жасалғалы жатқаны жайлы болса, – жан-жақты тексеруден өтуі тиіс».
Аталмыш материалда содан екі ай бұрын Тәжікстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Саймумин Ятимовтың Кабулде АҚШ пен НАТО әскери күштерінің қолбасшысы генерал Остин Скотт Миллермен өте құпия жағдайда кездескені айтылады. Кездесу Баграм авиабазасында өткен. Кездесу кезінде Ятимов америкалық генералдан Рахмонды тақтан тайдыру жолындағы төңкеріске қолдау көрсетуді сұрайды. Ятимов мұндай шешімнің Рахмон отбасысының шектен шыққан жемқорлығына, президенттің халық арасындағы беделінің түсіп кетуіне, оның ісіндегі ашықтықтың құрып бітуіне байланысты қабылданып отырғанын алға тартады. Басқа себептер қатарында ол аймақта экстремизмнің кеңге тарауын, Рахмон отбасында Рустам мен Озода арасында билік үшін күрестің өршіп тұрғанын атап өтеді. Жазбада: «Бірақ америкалық әскерилер мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері Вашингтонмен ақылдаса келіп, жоспарды жүзеге асыру мен билікті алудың қазіргі кезеңі оншалықты қолайлы емес деген шешімге келеді», – делінген.
Аталмыш материалдың мәліметтерін талдай келгенде, қазір Тәжікстанда мемлекеттік төңкеріс жасайтын уақыт шынымен келіп тұр ма, Рахмон бейбіт жолмен билікті ұлы Рустамға өткізіп кете ала ма, деген сұрақтардың туындайтыны анық. Бұған бірқатар сарапшылар «әскерилер бұған дейін бір рет генерал Назарзоданың басшылығымен мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп көрген болса, демек, оның екінші талпынысының да болып қалуы әбден ықтимал» деп жауап береді. Шын мәнінде, беделді басылымдар жазғандай, Назарзоданың 2015 жылдың қыркүйек айында билікке қарсы сөйлеген сөзін мемлекеттік төңкеріске жатқызу аса қиын. Сол кезде ресми БАҚ-тар Назарзода Тәжікстандағы азамат соғысы кезінде оппозиция жағында соғысты деген тұспал да келтіріп еді. Бірақ соңынан бұл ойдан шығарылған аңыз екені анықталды, себебі, Назарзода «өзінің әскери өмірінің басым бөлігін Тәжікстаннан тыс жерлерде» өткізген болып шықты.
Рахмонға Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы қылмыскерлер әлемі қарсы көтерілуі мүмкін деген де болжам бар. Алайда, іс жүзінде олардың бәрі қазір бейтараптандырылған, «Бадахшанның формалды емес үш лидері терроризмге байланысты қара тізімге енгізіліп қойылған».
«Біз қазіргі таңда Тәджікстандағы барлық ірі күштік құрылымдар өздеерінің экономикалық және саяси активтерін жоғалтып алмас үшін осы статус-квоны сақтап қалуға мүдделі деп есептейміз, – делінген сайтта бұдан әрі. – Өйткені, олар Рахмон кланымен келісімге келе отырып, өздерінің бүгінгі істеріне, соның ішінде Таулы Бадахшандағы есірткі соқпағы төңірегіндегі келісімдерге қол жеткізе алды. Демек, олардың бәрі Рустамның қолына биліктің бишігі тиюімен бірге Рахмон әулетінің пайда болуы барынша мүдделілік танытпақ. Бұдан бірнеше жыл бұрын жүргізілген саяси саланы тазартулардан кейін елдегі билікте Рахмонның бірде-бір қарсыласы қалған жоқ».
«Соған қарамастан, қарапайым халық арасында Рахмон билігіне көңілі толмайтындар қатары барған сайын көбейіп келеді. Халық жаппай кедейлене бастады. Ресей мен басқа елдерге кететін мигранттардың салдарынан елде жұмыс істейтін жастар да қалмай барады. Ал Рахмон әулеті күнделікті жемқорлықтан бөлек, COVID-19 індетімен күресу үшін шетелдерден тегін келетін халықаралық гуманитарлық көмек ретіндегі дәрі-дәрмек пен азық-түлік тауарларын сатудың есебінен де айтарлықтай қомақты ақша алып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, олар халықтың қайғысы мен азабы үстінен байыған үстіне байып жатыр. Рахмон режимінің дағдарыстан шығу жөніндегі әлеуметтік-экономикалық шаралары жаппай жемқорлықтың, жең ұшынан жалғасушылықтың салдарынан дұрыс жүрмей тұр.
Шыны керек, тәжік халқы Рахмон мен оның кланын өлердей жек көреді. Сондықтан Рахмонға қарсы көтерілудің қолайлы сәтін күтіп отыр», – деп жазады сайт бұдан әрі.
«Мама Азия» телеграм-арнасы Қырғызстанға басып кіргенге дейін Тәжікстанның қырғыз шекарасындағы күштік құрылымдары генералдармен – «қаршығалармен» күшейтілгенін атап өтеді.
«Диктатор Эмомали Рахмон өзінің қырғыз халқына қарсы саясаты мен агрессиялық әрекеттерін 2020 жылғы қаңтарда Қырғызстанның Баткен облысымен шектесетін шектесетін мүйістегі даулы жерлерді Соғды облысының аудандарында тұратындарға таратып беріп, позициясын күшейтуден, ең бастысы, Ворухқа тәуелсіз дәліз ашып алудан бастады», – делінген сайтта тағы.