Финляндия жастары белгісіз есірткіден жаппай өліп жатыр
ХЕЛЬСИНКИ. 3 мамыр. Финляндияның Хельсинки және Турку қалаларының тұрғындары белгісіз есірткі затынан жаппай өле бастады. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады.
Полиция Суоми елінің оңтүстік-батысындағы Турку қаласында есірткі шегуден бес жас жігіттің қайтыс болғанын анықтады. Ал Yle басылымы көз жұмғандар санының оннан асып кететінін жазып отыр. Финнің Turun Sanomat газетінің ақпарынша, Хельсинкиде белгісіз токсикалық заттан 50-ге жуық адам көз жұмған екен.
Осыған орай A-Clinic қоры қара базарда сатылып жатқан, шығу тегі белгісіз есірткі затын сатып алудан жұртты сақтандырды. Олардың адам өміріне қауіп төндіретіні еш күмән туғызбайды. Мамандар есірткі құрамында фентанил, апиынды анальгетик секілді анестезиологияда қолданылатын заттардың бар екенін анықтаған.