
Ертеде Биіктау мен Көгілдір өзеннің арасында Береке атты шағын ел болыпты. Бұл елде адамдар еңбекті, білімді, достықты қадірлейді екен. Сол ауылда Нұрқанат деген алғыр да арманшыл жас өмір сүріпті. Ол елін көркейтіп, ата-анасын қуантуды мақсат ететін еді.
Бір күні ауыл шетіне Бозтұман атты жұмбақ кейіпкер келіпті. Ол тәтті сөзбен, жалған уәдемен жастарды өзіне тартып: «Менімен дос болсаң, уайымсыз, бақытты боласың», – деп сыбырлайды. Кейбір жастар соған еріп, уақытша шаттыққа бөленгендей болады. Бірақ көп ұзамай олардың көзіндегі нұр өшіп, жүрегі әлсіреп, жақындарынан алыстай бастапты.
Нұрқанат бұл өзгерісті байқап, қатты алаңдайды. Ол ауылдың дана Қартас ақсақалына барып, ақыл сұрайды. Ақсақал: «Бозтұман – есірткі деген пәлекет. Ол алдымен қуаныш сыйлағандай көрінеді, ал кейін адамды арманынан, денсаулығынан, болашағынан айырады», – дейді.
Нұрқанат үнсіз қалмай, ауыл жастарын жинап, шындықты айтады. Ол спорт алаңын ашып, білім үйірмелерін ұйымдастырады. Жастар бірте-бірте Бозтұманнан алыстап, өз күшіне сенуді үйренеді. Тұман сейіліп, ауыл қайтадан нұрланады.
Сол күннен бастап Береке елінде «Шынайы бақыт – жалған ләззатта емес, адал еңбек пен таза өмірде» деген қағидат қалыптасады. Нұрқанаттың ерлігі – басқаларды емес, ең алдымен өзін дұрыс жолға бастай алғаны еді.
Асқар АМАНГЕЛДИЕВ,
№106 орта мектептің 6-сынып оқушысы
Қызылорда облысы,
Қармақшы ауданы,
«Иіркөл» ауылы






