«Қырғызстанға қарсы әскери агрессия қайталанбауға тиіс»
Түркия президенті Реджеп Ердоған Тәжікстанға қатқыл ескерту жасады
АНКАРА. 3 мамыр. Түркия президенті Тайип Реджеп Ердоған Тәжікстан басшылығына Қырғызстанға қарсы әскери басқыншылықтың қайталанбауы тиіс екенін қатқыл түрде ескертті. Бұл туралы K-News.kg хабарлады.
Түркия президенті мұны Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілдерін шақырып алып, Тәжікстан тарапына Қырғызстанға соқтығысудың ақыры олар үшін жақсылыққа апарып соқтырмайтынын ескертуді өтіну арқылы жасаған. Осы кездесудің жай-жапсарын әлеуметтік желіде Ассоль Молдокматова жариялады.
«Маған қазір ғана Түркияның қоғам қайраткері Омер Ердоған хабарласып, менің Түркия президентіне жазған ашық хатымның оған қатты әсер еткенін, соның нәтижесінде Реджеп Ердоған мырзаның тез шешім қабылдап, батыл әрекет жасағанын жеткізді», – деп жазды ол.
Ал Омер Ердоғанның айтуына қарағанда, Түркия президенті осы хатты алған бойда дереу Ресей Федерациясы сыртқы істер министрлігінің Анадолы жеріндегі өкілдерін жинап алып, оларға Тәжікстан басшылығына өзінің әлгіндегідей қатаң ескертуін жеткізуді өтінген.
Айта кету керек, қырғыз-тәжік шекарасында орын алған қақтығыстан кейін көптеген адам түрік әлемінің лидері ретінде Реджеп Ердоғанға бұл мәселеге араласуды сұрап, хат жазған екен.
Қазір қырғыз-тәжік шекарасында салыстырмалы тыныштық орнап тұр. Қырғызстан шекара әскерлері шекараны күшейтілген режимде күзетуге көшті.