Суоми ресейліктердің елден жылжымайтын мүлік сатып алуына қарсы

ХЕЛЬСИНКИ. 15 ақпан. Финляндия ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін ресейліктердің қатысуымен жүргізілетін жылжымайтын мүлік мәмілелерін тоқтата бастайды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Финляндия билігі елдегі жылжымайтын мүлікке ресейліктердің иелігі ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп мәлімдегеннен кейін үш ай өткен соң, Қорғаныс министрлігі Суоми еліндегі белгілі бір тұлғалар үшін тұрғын үй мәмілелерін қайта қарау шараларын жариялады. Бұл тұлғалардың қатарында ресейліктерді қоса алғанда, ЕО немесе Еуропалық экономикалық аймақ (ЕЭА) елдерінің паспоорттары жоқ азаматтар бар. Оның жайын, Yle басылымының хабарлауынша, қорғаныс министрі Антти Хякканен мәлімдеген.
Министрдің айтуынша, Хельсинки бұл тұлғалардың жылжымайтын мүлік мәмілелеріне кері араласу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Мұндай шаралар соңғы екі онжылдықта жасалған жылжымайтын мүліктің барлық түрлері мен мәмілелеріне қатысты қолданылуы мүмкін. Бастаманың мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елдегі тұрғын үй мәмілелерін тиімдірек бақылау. «Соңғы 20 жылда Финляндия жылжымайтын мүлікті бақылауға тым аңғал қарады», – деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, мәселе жылжымайтын мүлік санының соншалықты өскендігінде, егер қауіпсіздік жағдайы нашарласа, мұндай көп пәтерлер мен үйлерді тез бақылауға алу өте қиынға түседі.
Өткен шілдеде Финляндияда бірнеше елдің азаматтары үшін жылжымайтын мүлікпен мәміле жасауға тыйым салатын заң күшіне енді. Ол сәуір айында қабылданды және «агрессивті соғыс жүргізіп, Финляндияның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін» елдер азаматтарының, соның ішінде ресейліктер мен беларусьтардың елде жылжымайтын мүлік сатып алу мүмкіндігін шектеді.
Қараша айында Хяккайнен Финляндияның ұлттық қауіпсіздігіне жылжымайтын мүлікке ие Ресей азаматтары қауіп төндіретінін және билік ресейліктердің пәтер сатып алуымен байланысты тәуекелдерді зерттей бастағанын мәлімдеді. Бұған финнің Yle медиа тобының тергеуі себеп болды, онда мыңдаған фин пәтерлері ресейлік веб-сайттарда сатылып жатқаны және ресейліктер, ең алдымен, астана аймағында үйлерді белсенді түрде сатып алуды жалғастырып жатқаны анықталды.






