Армения парламенті Пашинянды премьер етіп сайламады
ЕРЕВАН. 3 мамыр. Армения парламенті үкімет басшысының міндетін атқарушы Никол Пашинянды премьер-министр лауазымына қайта сайлаған жоқ. Бұл туралы «Газета.ру» хабарлады.
Бүгін, дүйсенбі күні өткен арнайы отырыста парламентарийлердің 75-і қалыс қалса, 1 депутат оның кандидатурасын қолдап, тағы 3 депутат қарсы дауыс берді.
Осылайша Ұлттық жиналысты тарату процесі басталып кетті – бұл механизм премьер отставкаға кеткеннен кейін формальды түрде жүргізіледі. Егер депутаттар екі аптаның ішінде екі рет үкімет басшысын сайлай алмаса, парламент өзінен өзі тарқайды. Бұл үшін Пашинянның «Менің қадамым» фракциясы оны екі рет парламентке ұсынып, екі ретінде де өткізе алмауы керек.
Армения парламентінде премьер-министрді сайлаудың екінші талпынысы 10 мамыр күні болады. Осы жолы Пашинян тиісті дауыс ала алмаса, парламент тарайды.
Армян заңнамасына сәйкес, Ұлттық жиналыстың кезектен тыс сайлауы парламент тарағаннан кейін 30 күннен соң, 45 күнге дейін өтуге тиіс. Дауыс беруді өткізу үшін Пашинян отставкаға кеткен еді. Бірақ сайлау алдындағы кезеңде ол үкімет басшысының міндетін атқара береді. Ол қазір кезекті парламент сайлауын 20 маусымға белгілеп отыр.