АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Тәжікстанда өз еркімен әскерге баратын жас қалмады

ДУШАНБЕ. 2 мамыр. Тәжікстанда әскерге өз еркімен баратын жас жігіттердің қалмай бара жатуына байланысты шақырушыларды қашаған қуғандай қуалап жүріп ұстау үрдіске айналды. Бұл туралы «Озоди» радиостанциясы хабарлады.

Шын мәнінде де елде Отан алдындағы борышын өтеуге құштар, ықыласты, ынталы жас буын жоққа тән. Сондықтан жыл сайын мұнда әскерге шақырылушы жастарды қашып жүрген жерлерінде күштік құрылымдардың қатысуымен ұстап алып, еріксіз әкету нақты көрініске айналып келеді.

«Жас тәжіктер уақытты текке жоғалтпау үшін, босқа ашқұрсақ болып екі жылды өткізбеу үшін армияға баруды қаламайды. Сондықтан осылайша бас сауғалап қашып жүрген жастарды әскерилер мен ішкі істер қызметкерлері арнайы операция ұйымдастыру арқылы ұстауға кіріседі», – делінген хабарламада.

Тәжікстандағы мәнбелерден мәлім етілгендей, жақында Қырғызстанмен арада болған қақтығыс жастардың әскерге баруға деген қарсылығын одан бетер күшейтіп жіберген. Енді жас толқын сондай жанжалдардың кезінде орын алатын атыстардың нысанасына айналғылары келмейтіндерін қоса айтып жатыр.

Жастар тәжік армиясындағы жемқорлық жайынан да жақсы хабардар. «Офицерлер оқ-дәрілерді, жанар-жағар майды, азық-түлік өнімдері мен әскери киімдерді есептен шығарып тастап, сырт жақтарға сатады, ал ақшасын қалталарына басады», – дейді мәнбе және олардың бәрінің «өзеннің арғы бетіне», яки Ауғанстан асып кететінін баяндайды.

62 жастағы Махингул Халимова бұдан бірнеше күн бұрын Кулябтың кардиологиялық ауруханасына жатқызылған. Ол мұның бәріне әскерилер кінәлі деп есептейді. Әйелдің айтуынша, олар ұлын зордың күшімен әскерге әкетіп жатқанда, бәрінен қатты зардап шеккен өзі болыпты. Восе ауданындағы Эмомтарифи қишлоғының тұрғыны Худжанд мемлекеттік университетінің құқық, бизнес және саясат факультетінің үшінші курсында оқып жатқан ұлы Қурбонджон Голибовтың бұдан бірнеше күн бұрын әке-шешесін көру үшін үйіне келгенін айтады. «Сол кезде әскери комиссариат қызметкерлері ешбір рұқсатсыз үйге басып кіріп, ұлымды күштеп әкетпек болды. Оған ара түсіп жүргенімде өзім де таяқ жеп қалдым», – дейді ана.

Восе аудандық әскери комиссариатындағылар Халимованың ұлы өздері бірнеше рет жіберген шақырту қағазын мәнзүр қылмағанын жеткізді. Олар әйелді ұрғандарын жоққа шығарды.

Бірақ әскерилердің сөзі жалған екенін Халимованың көршілері бірден дәлелдеп берді. Мысалы, Сайера Расулова үйде шу шыққан кезде көршілер арасында жанжал туып кетті екен деп ойлағанын айтады. «Бірақ келіп көрген кезімде, бәрі басқаша екеніне көзімді жеткіздім. Бірнеше адам Махингул мен оның ұлын жерге жатқызып тастаған екен. Қарап тұрмай, олар үй иелерін бірнеше рет ұрып өтті, аяқтарымен тепті», – деді ол.

Куляб ауруханасындағылар Махингулдің ауыр халде жеткізілгенін айғақтап берді.

Бұл Восе ауданындағы бірінші жағдай емес екен.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button