Ерлі әйелдің туыстары оның көңілдесін ұрып өлтірді
ДУШАНБЕ. 9 сәуір. Тәжіктің Пенджикент қаласында күйеуі бар келіншектің туыстары өздерінше жаза белгілеп, оның жас көңілдесін өлімші етіп сабап тастады. Бұл туралы K-News хабарлады.
Осы оқиғаның жай-жапсарынан хабары бар мәнбе келіншектің күйеуі мен баласы бар екенін айтып берді. Әйелдің туыстары оның 22 жастағы бір жас жігітпен телефон арқылы сөйлесіп тұратынын байқап қалып, осыған байланысты өздерінше сот ұйымдастырған. Олар қыздарының «көңілдесі» кім екенін біліп тауып алып, оны жабылып соққының астына алған.
Оқиға ақпан айының ақырында орын алыпты. Бұл іс бойынша әзірге бір адам ұсталып, қамауға алынған.
Пенджикентке қарасты Чорбог қишлағының тұрғыны, қайтыс болған жігіттің әкесі Садриддин Холов соңғы сәтке дейін өз ұлының күйеуі бар әйелмен байланыста болғанын білмегенін айтты. «Егер әйел күйеуімен ажырасқан болса, мен баламды онымен үйлендіруге дайын едім», – деді ол кеше «Озоди» радиосына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, ұлы Бахтиёр Холов үш күн ессіз-түссіз жатып, өз-өзіне келместен, қайтыс болып кеткен. «Маған 28 ақпан күні бір кісілер телефон шалып, өз үйлерінде жатқан ұлымды алып кетуім керек екенін жеткізді. Мен жүгіріп келсем, Бахтиёр ес-түссіз жатыр екен. Ол жерде бірнеше ер кісі мен әйелдер бар екен. Олар маған да тап бергілері келіп тұрды», – дейді Садриддин Холов.
Пенжикенттегі милиция бөлімшесі аталған қылмыс бойынша іс қозғады, бірақ тергеу осы кезге дейін созылып келе жатыр.
Аудандық милиция бөлімшесімен байланысы бар мәнбе бұл оқиға бойынша жас келіншектің әкесі ұсталғанын мәлімдеді. Оған бөгде адамға соңы өлімге апарып соқтыратын ауыр соққы жасады деген айып тағылған.
Марқұм жігіттің туыстары құқық қорғау органдарынан істі тексеруді мұқият жүргізуді сұрап отыр.
Бұған қоса тағы бір мәлім болған жағдай: 23 жастағы келіншектің күйеуі кейінгі кездері табыс табу үшін Ресейде жүрген көрінеді. Ал әйелдің өзі баласымен бірге ата-анасының қолында тұрып жатыр екен. Олар қыздарының бір жігітпен телефон арқылы сөйлесіп жүргенін біліп қалғаннан кейін әлгі жігітті үйлеріне шақырып алады. Ол келгенге дейін келіншектің ата-енесі де осында жеткізіледі. Сосын олардың бәрі жабылып, әлгі жігітті таяқтың астына алады.
Заңгерлер бұл әрекеттің заңға қайшы келетінін айтып отыр.
Ал Тәжікстан мұсылмандары қауымының басшысы алыста жүрсе де, жиі хабарласып, өзін сүйетінін айтып, жиі ақшасын салып тұрған жігіттің әйелі мұндайға бармайтынын, бұған келіншектің күйеуінің де кінәсі бар екенін алға тартты.