Қызылорда өңіріндегі ауылдарда 13,9 шақырым жол жөнделеді
ҚЫЗЫЛОРДА: 21 қаңтар. Қызылорда облысында жолдың сапасын жақсартудың кешенді бағдарламалары арқылы ауылдарда көшелер жөнделеді. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Қолға алынғалы жатқан бағдарламалардың бірі «Кіші қалаларды дамыту» деп аталады. Осы бағдарлама бойынша биыл бірнеше ауылдың көшелерін қайта жаңарту үшін бюджеттен 1 350,9 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға 13,9 шақырым жол жөнделмек. Мәселен, Арал қаласында 5 ірі көше қайта жаңартылады. Атап айтқанда, Арал қаласындағы С.Сәдібеков, Т.Палуан, Қ.Дәрібаев, О.Жандосов көшесі, О.Жандосов тұйық көшесі және Ж.Саин көшелерінің автомобиль жолдары қайта жаңартылады. Сондай-ақ, Арал қаласындағы Әйтеке би көшесінің автомобиль жолын салу жұмыстары жүргізіледі. Мұнан бөлек, Қазалы қаласындағы көшелердің автомобиль жолдарын қайта жаңарту жұмыстары басталады.
Өңірде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы қайта жалғасады. Өткен жылы 8 елді мекенде 60 инвестициялық жоба қабылданып, ауыл-ауылдарда жол жөнделген. Нәтижесінде 3 278 тұрғын үйге сервистік су желісі жүргізіліп, 23,2 шақырым ауылішілік көшелер жарық орнатылып, 68,6 шақырым көше жөндеуден өткен. Ал биылғы жылы республикалық бюджеттен 9 жобаға қаржы бөлініп, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш аудандарының елді мекендегі көшелер жөндеуден өтеді.