Польшада 16 жасар қазақстандықты біреулер атып кетті
ВАРШАВА. 4 қараша. Польшада оқып жатқан 16 жастағы жасөспірімді белгісіз біреулер атып кеткен. Бұл туралы «Азаттық» хабарлады.
«Қазақстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 2 қарашада Польшаның Ополе Любельское қаласында Қазақстанның 16 жастағы азаматын атып кетті. Польшаға оқуға барған ол оқиға орнында жан тапсырған», – делінген хабарламада.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, осы оқиғаға байланысты тергеу басталған. Бірақ күдікті әлі ұсталған жоқ.
Польшаның Люблинец қаласының аудандық прокуратурасы жергілікті басылымдарға берген ақпаратына сай, ол достарымен бірге саябаққа алма теруге барғанда оққа ұшқан. Марқұм халықаралық бағдарлама бойынша Ключковице-Оседле қаласындағы мектеп-интернатта оқып жүрген. Прокуратура күдіктіні ұстау мақсатында оқиғаның басқа жай-жапсарын айтпаған.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның Польшадағы елшілігі марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оның сүйегін елге жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.