Кісі ақысы
Ертеректе әкеміз Убайдулла жарықтық: «Балам, ешуақытта кісіге қиянат жасама, кісі ақысын жеме. Кісі ақысын жегенді Құдайдың өзі қош көрмейді», – деп отырушы еді. Анамыз Қамария марқұм да: «Біреудің ақысын жеме, оның қарғысы жаман болады», – деуден жаңылмайтын-ды. Біз ол кезде, әрине, кісі ақысы дегеннің не екенін де білген жоқпыз, ондай күннің туатынын де сезген жоқпыз, бірақ біреудің тиесілі ақы-пұлын бермей қоюдың, қасақана жеп кетудің, егеленіп кетудің жақсы нәрсе емес екенін, оның түптің түбінде бір қатты сұрауы болатынын іштей пайымдап өстік. Аллаға шүкір, әлі күнге дейін сол салтымыздан жығылған емеспіз, ешуақытта ешкімнің несібесіне қол сұқпаппыз, ешкімнің ақысын жеп кетпеппіз. .
Қызметіміздің ыңғайы сондай болғанынан шығар, облыс аумағында әртүрлі жастағы, әртүрлі дәрежедегі, әртүрлі ойдағы жамағатпен жиі ұшырасып тұрамыз. Қайсыбір жолы маған сондай бір жас жігіт жолықты. Өзін жыға танымасам да, арнайы бұрылып, амандық-саулық сұрасқасын, қайырылып тоқтадым. Өзі амандасып тұрғасын, жөн сұрасасың ғой, мен де сол ыңғаймен одан жағдайын сұрай қалып едім, ол бірден ағытылып кетті.
«Жағдай онша емес, аға», – деді жігіт суырып алғандай. Мына жауапқа менің өзім ыңғайсызданып қалдым. Осыған құдды өзім кінәлі секілді сезіндім. «Не боп қалды?», – дедім сосын сасқанымнан. «Менің он қолымнан өнерім тамған жігіт екенімді білесіз ғой. Қолымнан келмейтіні жоқ. Бұдан алты ай бұрын қаладағы бір жекеменшік кәсіпорынға ұста болып жұмысқа кіріп едім, содан бері бір тиын жалақы алған жоқпын. Алғашқы екі айға дейін үндемей жүрдім. Кейін ақымды сұрап барсам, бастығымыз әрдеңені бір сылтау етіп, сырғыта береді. Әлі сырғытып жүр. Қазір кетіп қалайын десем, ақым сол күйі алынбай қалып қоятын түрі бар», – деп күрсінді сосын әңгімешім. «Енді не істейсің?». «Сотқа берем». «Жоқ, сен әуелі арызыңды айтып, еңбек бас басқармасына бар. Егер сол жерден мәселең шешілмесе ғана барып, сотқа бересің». Менің берген бар ақылым осы болды.
Байқаймын, жігітім менің мекеме басшысына барып, өз жағдайына араласқанымды қалап тұр. Бірақ айтып отырған адамын танымайды екенмін. «Танымасын – сыйламас» деген бар. Барғаныммен, құр тауаным қайтып жатса не болады? Сондықтан мұның менің қолымнан келе бермейтінін айтып, әлгі жігіттен кешірім сұрап құтылуға тура келді.
Былай шыққаннан кейін ойланайын. Тіпті көпке дейін бұл жағдай санамнан шықпай қойды. Қайта-қайта ойыма орала берді. Соған кәдімгідей мазам қашты. Негізі, мұндай деректер жалқы-жарым емес қой. Мұндайлар жетерлік. Сонда біз кім болып барамыз? Кісі ақысын жегеннен адамның байып та, қарық та болып кетпейтінін неге ұқпаймыз? Оның салқыны, жаман әсері өзімізге, болмаса бала-шағамызға тиетінін, солардың жолын байлап тастайтынымызды неге ескермейміз?
Біздің бала күнімізде әкемнің бір айтып отыратын әңгімесі болушы еді. Бір жолы ол кісі жұма намазын оқуға Ташкенттегі бас мешітке барады. Намаз оқылып біткен бойда екі кісі имамға келіп жабыса кетеді. Олардың арзаларын тыңдап алғаннан кейін имам енді тарай бастаған жұртты тоқтатып: «Уа, жамағат! Мына екі кісі бірінің үстінен бірі шағым айтып келіпті-дүр. Бір-бірлерімен көрші болып келетін екі міскіннің бірі екіншісіне қарыз ақша бергенін, соны әлі ала алмай жүргенін айтады, екіншісі оны содан бір күн бұрын өз қолымен апарып бергенін дәлелдеп, бет бақтырмайды. Енді соны сіздердің алдарыңызда талқыға салып шешкім келеді», – дейді. Сонымен, жұрт түгел кідіріп қалады.
Имам тамам халықтың көзінше қарыз берген адамнан: «Мына кісіге қарызға ақша бергеніңіз рас па?» деп сұрайды. Ол растығын айтады. Сосын алған адамнан: «Мына кісінің сізге қарыз ақша бергені рас па?», – деп сұрайды. Ол да растығын айтады. Бұдан кейін қарыз берушіден: «Мына кісі қарызыңызды қайтарды ма?» – деп сұрайды. «Жоқ, әлі ала алмай жүрмін», – дейді ол. Келесі кезекте қарыз алушыдан: «Неге алған қарызыңызды уақтылы қайтармай жүрсіз?», – деп сұрайды. Бұған анау: «Мен қарызды қайтаратын күннен бір күн бұрын апарып бергенмін, бұл кісі соны тән алмай отыр», – деп жауап қайтарады.
Осылай үш қайтара сұралады. Соның бәрінде екі кісі де Құран ұстап тұрып, ант беруге дайын екендерін айтып, қасам ішеді. Сөйтіп, екі жақ та өзінің кінәсін мойындамай, қасарысып тұрып алады. Бұлайша шындықты ашу мүмкін емес екеніне көзі жеткен имам ақырында ашынып тұрып: «Мен онда сіздерді Жаратқан иемізге тапсырдым. Кімде-кім жалғаншы болса, келесі жұма намазына дейін жетпесін», – деп, соңын бата қылып жібереді. Шынында аптаға жетпей, әлгі екі көршінің үйінен де мәйіт шығады. Бұл нені білдіреді? Бұл олардың екеуінің де толық шындықты айтып тұрмағандарын, сөйтіп, біріне бірі қиянат жасап, бірі бірінің ақысы жеп жүргендерін білдіреді.
Баяғы бір заманда Мысыр елінде мынадай ғибратты оқиға орын алыпты. Бір мүмін кісі келесі бір мүміннен он сотық жер телімін сатып алады. Сатып алушы артынан жерін өлшеп көрсе, бір сотығы кем екен. Бұған қапа болған ол дереу сатушыға барып: «Сатқан жеріңіздің бір сотығы кем шықты, оны не қайтып алыңыз, не сол бір сотық жердің ақшасын беріңіз, ал бермесеңіз, мен сол ақымды қияметте аламын», – дейді. Бірақ сатқан адам бұған бас қатырып жатпай, қолын сілтей салады. Алайда, ол дәл сол түні бір ақиқи түс көреді. Түсінде зәулім бір сарай тұрады. Біреу оған: «Мынау – саған арналып салынған үй, бірақ сенің оған кіруіңнің бір кедергісі бар. Сен жалған дүниеде біреуге бір сотық жерді кем сатып, ақысын жеп қойған екенсің, егер соны қайтара алсаң, үй сенікі болады», – дейді. Сосын ол азанда төсегінен тұра сала әлгі кісінің үйіне қарай желе жөнеледі. Бара сала жерді сатып алушы кісінің аяғына жығылып, кешірім сұрайды. Бірақ барған кісісі кешірім бермейді. «Әлгі бір сотық жердің ақшасын берейін, тіпті сол жердің бәрін тегін берейін» дейді әрбірден соң сатушы оған. Ал сатып алушы бәрібір көнбейді. Мұның орнына ол: «Егер мен адам баласымен келісімге отырған болсам, сізбен бірден келісер едім. Бірақ мен Алла тағаламен, жерді қияметте алатынымды айтып келісіп қойдым ғой. Оны қалай бұзамын, бұл келісімімді бұза алмаймын»,– деп жауап қатады. Сонымен, сатып алушы салы суға кетіп үйіне қайтады. Бірақ бұл сатып алушының ақысы еді. Бұдан тек жерін алдап сатқан адам ұтылды. Сондықтан кісі ақысына келгенде, барынша мұқият болған абзал.
Бұдан бір жылдан астам уақыт бұрын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қатысуымен желісі түзілген мына бір оқиға маған қатты ұнады. Бір күні оның алдында «Элхон-Строй» компаниясының бұрынғы жұмысшыларының атынан келіп түскен арыз қаралады. Бұған компанияның экс-бригадирі Дархан Меңдуалиев шақырылады. Ол жұмыс берушінің бригада жұмысшылары алдында өтелмеген еңбекақы берешегі бар екенін растайды. Айтуынша, ол өз бригадасымен бірге Шемонайха қаласында салынған 60 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына қатысқан. Артынша бас мердігер келісімшартта атқарылатын жұмыстардың сомасы көрсетілмей кеткенін пайдаланып, Меңдуалиевтің бригадасына төленуі тиіс соманың бір бөлігін ғана берген. Кейін бригадир қанша талпынса да, әділдікке қол жеткізе алмай қойған. Сосын облыс әкіміне жүгінген.
«Кісі ақысын жеу деген осы болар. Бас мердігер қол астындағылардың еңбегін пайдаланып алып, жалақы төлеуге келгенде, сараңдыққа бой алдырған. Былайша айтқанда, «Элхон-Строй» компаниясының басшылығы құрылыс саласына жаңадан келіп, әлі оңы мен солын танып үлгермеген жас бригадаға әлімжеттік жасап отыр. Мұндайға еш уақытта жол беруге болмайды. Құрылысшыларға адал маңдай терімен тапқан табысы толық мөлшерде берілуі тиіс», – деген облыс басшысы сол бойда мәселені жылдам шешуді тиісті құзырлы органдарға тапсырады. Осылайша бригада құрылысшылары теңдік алады.
Біздің дана бабаларымыз ұрпаққа қалдырған өсиеттерінде кісі ақысына өте-мөте қатты мән берген екен. Біз мұның бір мысалын әйгілі Бұқар жыраудың: «Кісі ақысын көп жеген арам емей немене?» деп келетін толғауынан анық көреміз. Ақын бұл тірліктің шариғат шартындағы үкімі «арам» екенін ашып айтады. Ал Шәкәрім ақын біреудің ақысын жеп күн көріп жүргендерге қатысты:
«Арамды адал десе, кім болады?
Қазақтың сөзі қашан шын болады?
Алдау үшін қаруы – құдай аты,
Япыр-ау, осы қайтіп дін болады?
Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.
Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың
Малы түгіл арының бәрін жейді», – деп аяусыз түйрейді.
Кісі ақысын жегенді ислам дінінің де қош көрмейтінін жоғарыда санамалап айтып өттік. Ислам дінінде кісі ақысын жеу кешірілмейтін күнәлардың қатарына жатқызылған. Себебі, адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі құлды Алланың да кешірмейді екен. Сол үшін халқымыз ұрпақ тәрбиесінде осыған мән беріп, ешкімнің ала жібін аттамауды балаларының құлағына құя берген. Кісі ақысының өте үлкен күнә екенін Пайғамбарымыз (саллаллаһу ғаләйһи-с-сәләм): «Кім бір қарыс топырақты зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі», «Кімде-кім бір мұсылманның ақысын жесе, Алла оған тозақты уәжіп, пейішті харам етеді» немесе «Мұсылман бауырыңыздың ақысын жеу халал емес», − деп ескерткен көрінеді.
Осы орайда менің есіме қазақтың жалынды жыршыларының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Бір адамға» деген атақты өлеңі оралып отыр. «Бір үйде жиюлы екен қазына-мал, Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал» деп басталатын сол ғибратты ғазалдың түйіні «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп?» деп аяқталушы еді. Осында қаншама оралымды ой мен мағыналы астар жатыр. Тегінде, бізге де әрдайым ұстанған, тұтынған әрбір затымызда ешкімнің нақақ көзінің жасы, кісі ақысы бар-жоғына ой жүгіртіп алып тұрғанның артықтығы жоқ қой. Бұл біздің өзіміз үшін керек.
Ержан УӘЙІС,
журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері